Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нариман Исенов: Қажылық сапар - қасиетті парыз

05.08.2015 9540 0 пікір

Биыл елімізден қажылық сапарына 5000 адам аттанады. Былтыр ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы отандастарымыздың алғашқы тобын сауапты сапарға дұға-тілекпен шығарып салғанда: «Қажылық – сауапты сапар, қиындығы мол, әрбір қажыдан үлкен сабырлылық, терең төзімділікті, риясыз тақуалықты талап етер ғибадаттың түрі. Қажылық сапары сауда-саттық немесе туристік сапар емес, өзіндік ерекшелігі бар ғибадат жолы, сондықтан да әрбір мұсылманнан тиісті дайындықты, оны орындаудың өзіндік ерекшеліктері жайлы мағлұматты білуді талап ететін құлшылықтың түрі. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде кім Алла тағала ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса анасынан туылғандай пәк болып қайтады», – деген. Қажылықтың әр минутын құлшылықпен, дұға-тілекпен өткізудің сауабы мол», – деген еді.

Қажылық - Исламдағы бес парыздың бірі. Ол туралы Алла тағала былай дейді: «Қажылық және умраны Алла үшін толық орындаңдар» («Бақара»  сүресі, 196-аят).

Қасиетті Құран Кәрімде: «Ақиқатына келсек, адамдардың ғибадат етуі үшін тұңғыш салынған үй Мекке. Бүкіл әлемдегі қасиетті және тура жолға бастайтын үй сол. Ондағы қасиетті белгі Ибраһимнің орны (яғни, Ибраһим халилулланың табанының табы қалған тас). Ол үйге кірген адам еш нәрседен қатерсіз болады. Мұнда келуге мүмкіндігі болған адамның бәрі Алла үшін сол үйді қажылық етуге қарыздар…» (“Әли Имран” сүресі, 96-97-аяттар) делінген.

Сонымен бірге хазреті Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыздың «Күмәнсіз, Алла тағала сендерге қажылықты парыз етті, қажылықты орындаңыздар” және “Кісі өз үйінен үлкен немесе кіші қажылық парызын орындау үшін сапарға шықса, аяғын адымдап жүрген сайын күнәлары денесінен ағаштан түскен жапырақтар секілді төгіледі. Ал, Мадина қаласына жетіп, менімен амандасса, онымен періштелер де қолын алып амандасады…» деген хадис шәріптері бар.

 Мұсылман өзінің жан дүниесі күнәдан таза және Жаратқан Раббысының құзырына пәк болып баруды армандайды. Ал, қажылық парызын мүлтіксіз абыроймен орындаған пенденің анадан туылған сәбидей кіршіксіз таза болатындығы жайлы Алла елшісі хазреті Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыз: «Кімде-кім Алланың үйіне қажылық ғибадатын орындап, онда ешбір күнә немесе жат қылық жасамаса, ол пенде еліне қайтқанда анасынан туылғандағыдай күнәдан пәк болады» деген.

Иә, қажылық мұсылманның өз адал қаражаты және бар болмысымен орындайтын құлшылығы. Бұл ғибадатқа түйірдей атаққұмарлық немесе даңққа бөлену секілді жат ниет араластырмау қажет. Мұсылман қажылық парызын өтеу жолында барша қиыншылықтарға сабырлылық танытқаны үшін пайғамбарымыз (ﷺ): «Аллаһым, қажының күнәсін және қажы дұға еткен пенденің күнәсін кешір», – деп дұға жасаған.

Мұсылман үмметінің рухани ордасы Мекке. Сондықтан да Мекке барша мұсылман үмметі үшін аса қасиетті де қастерлі. Онда Алла тағаланың үйі – қасиетті Қағбаны тұрғызған Ибраһим (ғ.с.) мен Исмаил (ғ.с) пайғамбарлар күн кешті. Хазреті Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыз осы қалада дүниеге келді. Қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы сүрелері де осында уахи етіліп, пайғамбарлық келген. Осы үшін де Мекке әрбір мұсылман үшін аса қымбат, жүрегіне де соншалық жақын.

Меккеде Исмаил пайғамбар (ғ.с.) сәби кезінде апасы екеуі ғана қалып, шөлден көмейі кеуіп, шыр-шыр етіп жылаған кезінде Алла тағала сәбидің тобығы тиген жерден бұлақ ашады. Исмаилдың (ғ.с.) анасы Ажар ана тез арада, жан-жаққа жайылып бара жатқан бұлақ көзін қолымен жинай алмай зам-зам (тоқта, тұр) деп дауыстап жібереді. Бұлақ та бір арнаға жиылып тұрып қалады. Сол күннен бастап бұл бұлақ “зам-зам” бұлағы, “зам-зам” суы деп аталып кеткен деседі діни риуаяттар. Бұл оқиғаны әз пайғамбарымыз (ﷺ) есіне алған кезде «Алла тағала Ажар ананы рахмет етсін, егер ол кісі бұлақты зам-зам деп тоқтатпағанда Меккені су алып кетер еді» деген.

Бұл құм басқан шөлейт зам-зам бұлағы пайда болмайынша ел қоныстайтын мекен емес еді. Қажылыққа барған әрбір мұсылман осы бұлақтың суын ішер алдында Алла тағаладан тілек тілеп дұға етсе, Жаратқан пендесінің дұға-тілектерін қабыл етеді.

Қажылыққа барған мұсылмандар міндетті түрде Мадина қаласына барып, пайғамбарымыздың қабірін зиярат етеді және “Масжидун-набауи” (Пайғамбар мешіті) мешітінде намаз оқиды. Аталмыш мешітте оқылған намаздың сауабы жайлы Алла елшісінің (ﷺ): «Менің мешітімде оқылған намаз өзге мешітте оқылған мың намаздан абзал…» деген.

Қажылықты ниет еткен кісі өзі жоқта отбасын ішіп-жемнен тарықтырмайтын, табысы мен мал-мүлкінен зекет және мұқтаждарға садақа беретін, жасаған күнәлері үшін Алла тағаладан кешірім сұрап, тәубеге келген мұсылман болуы құба-құп. Сонымен бірге шариғат талаптарына сай қажылық парызын өтеуге ниет еткен мұсылманның ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, жасы кәмелетке толған және қажылық шығынын адал еңбегімен тапқан болуы шарт.

 

Қажылықтың  пайдасы

- Сөз бен амалдарымызға  ерекше мұқият болуға үйретеді;

- Бауырмалдық сезімді күшейтіп, барлығымыз  Алла Елшісінің  (ﷺ) үмметі екенімізді еске салады;

- Жүректерімізді жібітіп, күнәларымыз кешіріледі.

Қажылық – жаман әдеттерімізді тастап, көркем мінез-құлық қалыптастыруымыз үшін үлкен мүмкіншілік. Өйткені, ихрам кигеннен көптеген пендешілік әрекеттерді тоқтатуға міндеттісіз.  Тіпті, өсімдікті жұлудың, тігісті киім киюдің, иіссу жағудың да жазасы бар. Дәлірек айтқанда Алланың  әмірі мен тыйым салғандарына басқа күндерге қарағанда да ерекше ұқыптылық танытамыз.

Сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ)  былай дейді: «Жаман сөз айтпастан және үлкен күнә жасамай қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай үйіне күнәсіз оралады» (Бухари, Хаж 4).

Қажылық күндері дүниенің  әр тарапынан  түсі мен тілі, ұлты мен әдет ғұрпы,  ділі  мен талғамы әртүрлі миллиондаған мұсылмандар бір жерге жиналып, құлшылық етеді.  Мына жалғанда жалғыз емес  екеніңді сезіне түсесің.  Олардың кейбіреуімен танысып,  сұхбаттасып, түрлі тақырыптарда  пікір алмасасың.   Жамағатпен намаз оқып,  басқа да    қажылық құлшылықтарын бірге жасайсың.  Бұл  бауырмашылдық сезімдерімізді күшейтіп, бір үммет екендігімізді  еске салады.

Алла тағала былай дейді: «Шын мәнінде иман келтірген мүміндер туыс» («Хужурат» сүресі, 10-аят).

Қажылықтың ішінде тәуәп, сағи, уақфа, шайтанға тас лақтыру секілді рәміздер  бар. Бұл  сауап алуымызға бастап, әрі бізді күнәлардан арылтады.

Сүйікті Пайғамбарымыз  (ﷺ) : «Исламға кіру, көшу (хижрат жасау) және қажылық жасау өткен күнәларды кешіреді»,- деген (Мүслім, «Иман» 192).

Қажылық шамамен бірнеше күннің уақытында  жүзеге асады, әсіресе бұл рухани болмысымызды шыңдайтын құлшылық. Қажылықтағы әрбір амалымыз құлшылық. Тәуәп, намаз оқу, Құран оқу мен тыңдау, Алланы  зікір ету барлығы да сауабы шексіз ғибадаттар.

Қажылық  адам баласын рухани кемелдендіріп, тәубеге бастайды.  Сондай-ақ,  бұл үлкен тәрбие мектебі.   Ал, «Қабыл болған қажылықтың сыйы – тек ғана жәннат», –дейді Алла Елшісі (ﷺ)  өз хадисінде.

 

Қажылық кімдерге парыз?

Алла тағала Құран кәрімде былай бұйырады: « Мұнда келуге шамасы келген  адамның бәрі  Алла  үшін сол үйді (Қағбаны) қаж етуге қарыздар» ( «әл –Имран» сүресі, 97-аят).

 

-Ақыл-есі дұрыс (денсаулығы да болуы керек);

-Балиғат жасына жеткен;

 -Бас бостандығы бар;

-Жол жүру үшін тәуелсіз болған;

-Қажылық шығындары мен отбасының күнкөрісіне жетерлік қаражаты жеткілікті;

-Жол сенімділігі болған ( яғни, жол  ашық болу керек)  адамдарға  – қажылық парыз.

 

 Қажылық әдептері

1. Қажылық, не  умра жасаушы кісі Аллаға жақындауды ниет етіп, мақтангершілікке, жалған атаққа және көзбояушылыққа жол бермеуі керек.

2. Алған қарыздарын өтеп, қолында аманат заттар болса иесіне қайтарған, не сапарға шығып бара жатқанын ескерткені жөн.

3. Өткен күнәларына өкініп тәубеге келу және ондай күнәларды қайталамауға шешім қабылдау.

4. Біреулерге қатысты әділетсіздік жасаған болса, оның орнын толтырып, кешірім сұрау.

5.  Халал қаражатпен жолға шығу.

6. Барлық күнә атаулыдан бойын аулақ салу, ешкімге зиян тигізбеу, балағаттамау, сыртынан тілдемеу, дауласпау және өтірік айтпау.

7. Қажылық пен умра үкімдерін  мұқият орындауы тиіс.

8. Барлық парыздарына, оның ішінде бес уақыт намазды жамағатпен оқуға көңіл бөлу, Құран оқу, зікір ету, дұға жасау, адамдарға қарайласу, мұқтаждарға көмек қолын созу, кедей-кепшікке садақа тарату, жақсылыққа бұйырып, теріс істерден қайтару сияқты сауапты іс-амалдарды көбейту.

9. Жолсерік ретінде ізгі, салиқалы адамды жолдас ету.

10. Сабырлылық, кешірімшілдік, жайсаңдық, жұмсақтық, байсалдылық, кішіпейілділік, жомарттық, әділдік, мейірімділік, аманатшылдық, шыншылдық, ұялшақтық сияқты көркем мінезді болу.

11. Сапарға шығар алдында отбасына Аллаға бойсұнуда болуды табыстау.

12. Сүннетке  сай дұғаларды, соның қатарында сапар барысында айтылатын дұғаларды қалдырмай айтып жүру.

Сөз соңында сапарға баратын қажыларымыз елімізге амандық, жерімізге тыныштық, Елбасына, дін қамында жүрген азаматтарға есендік, дендеріне саулық тілесе абзал болады дегенді айта келе Алла тағала сапарларыңызды оңды етіп, елімізге аман-сау оралуларыңызды тілеймін!

 

Н.Исенов, ҚМДБ–ның Павлодар 

 облысы бойынша өкіл имамы 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру