Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИСЛАМДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ҮКІМІ

04.08.2015 16069 0 пікір


Қазіргі таңдағы аса күрделі мәселелердің бірі – жемқорлық. Жемқорлық мәселесі – әлемдік деңгейдегі мемлекет дамуына кері әсерін тигізіп отырған жағымсыз құбылыс. Сыбайлас жемқорлық – заңда қарастырылмаған жеке немесе дәнекерлер арқылы мүліктік игілікке және мемлекеттік функцияларды атқаратын басымды тұлғалардың және де соларға теңестірілген тұлғалардың,  лауазымдық дәрежелерін қолдана отырып және де  лауазымының мүмкіндіктерін өз мүддесіне қолдана отырып мүліктік табыс алу үшін жасалынатын қадам [1].

Жемқорлыққа қарсы күрес – Қазақстан Республикасының заңнамаларымен бекітілген. Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң – 1998 жылы шілде айының 2-ші жұлдызында ескерілген болатын. Сондай-ақ, басқа да жемқорлыққа қарсы іс шаралар жүзеге асырылуда.

Сыбайлас жемқорлыққа – қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа дәнекер болу, қызметке жақындарын тағайындау, сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иелену және ысырап ету, сарапшылардың жалған қорытындысы, жалған сөз жеткізу, қарапайым азаматтардың ақысын жеп, елдің дамуына үлес қосуға мүмкіншілік бермеу және т.б. қылмыстарды жатқызуға болады.

Әлемдік деңгейдегі көне заманнан келе жатқан мерез – жемқорлық мәселесі мұсылман елдерінде де белең алып отыр. Сондықтан да бұқара жұртышылықтың көкейлерінде «Ислам жемқорлық турасында не дейді?», «Шариғатта жемқорлық мәселесі қарастырылған ба?», «Жемқорлыққа қарсы аяттар мен хадистер бар ма?»,-деген сұрақтар туындайды.  

Ислам діні – жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жеке тұлғалық және ұжыммен бірлесе жүзеге асырған болатын. Сондай-ақ, шариғаттағы жемқорлықтың үкімі – харам. Яғни, үзілді-кесілді тыйым салынған.

Ал Ислам шариғатында кез-келген мәселенің үкімі – Құран аяттары мен хадиснама деректеріне жүгіне отырып шығарылады. Сонымен қатар   дінімізде жемқорлықтың үкімі үлкен күналар қатарына жатады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде (Мәида сүресі, 42-аят):

سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ فَإِن جَآؤُوكَ فَاحْكُم بَيْنَهُم أَوْ أَعْرِضْ عَنْهُمْ وَإِن تُعْرِضْ عَنْهُمْ فَلَن يَضُرُّوكَ شَيْئاً وَإِنْ حَكَمْتَ فَاحْكُم بَيْنَهُمْ بِالْقِسْطِ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ

«Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед Ғ.С.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүз бұр. Егер олардан жүз бұрсаң да, олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Алла турашыларды сүйеді»,-деген [3]. Аяттағы «арам жеушілер» дегені – өзгенің мал-мүлкін иемдену, ақысын жеу мағынасында келген. Ал тәпсірнама деректеріндегі   Сағид бин Жубайр: «Мұнда жемқорлық турасында айтылған»,-деген.

Енді бір аят жолында  Алла Тағала (Бақара сүресі,188-аят):

وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقاً مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ

«Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар».

Мінеки, Алла Тағала қасиетті аят жолдарында сыбайлас жемқорлыққа тыйым салып тұрғандығына бірден-бір дәйек. Тәпсір дереккөздерінде Абдулла Ибн Омар (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) пара берушіні де, пара алушыны да лағнеттеген»,-деген.

 (Ат-Тирмизи)

Демек, параны талап етіп, оны қабыл алып, сондай-ақ қолдау көрсеткен пара алушы мен беруші арасындағы тасымалдаушы дәнекердің ісі де қарғысқа ұшырағандардан болып, сыбайлас жемқорлық барысында пара беруші мен алушы арасындағы делдалдың ісіне де тыйым салынғандығы баяндалады.

Енді бір хадисте: Әбу Зарр (р.а): Мен, пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп:

-          «Мені мансапқа тағайындамайсыз ба?»,-деген едім. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с) менің иығымнан қағып:

-         «Әбу Зарр! Расында, сен әлсізсің, ал билік – сенімділік. Әрбір адамның қиямет күніндегі қорлығы мен өкініші»,-деген еді.

(Муслим)

Мұнда, лауазымдық қызметке лайық емес адамның тағайындалуына тыйым салынғандығына бірден-бір дәйек.

 

Сол сияқты парақордың тапқан табысы – арам екендігін пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына бір хадисінен анық көруге болады.

Әбу Хумайда әл-Сағидия (р.а) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с):

-         «Лауазымдық қызметтегі тұлғаға берілген сыйлық – арам жолмен табылған жалақысы»,-деген.

 

Келесі хадисте Ибн Бурайда (р.а) әкесінен жеткізгенінде пайғамбарымыз (с.ғ.с):

-         «Үш тірлі қазы болады , олардың екеуі тозақта, ал біреуі жұмақта:

1)    Өз дегенін орындаймын деп үкім шығарған – тозақта.

2)    Білімсіз бола тұра үкім шығарған да –тозақта.

3)    Әрдайым шындыққа жүгінген - жұмақта»,-деген.

 

Убаудулла Ибн Әбу Бакр – Әнәс Ибн Маликтен: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үлкен күналар жайында: (Аллаға серік қосу, адам өлтіру және ата-анаңның алдындағы борышты орындамау),-деген соң: (Сендерге ең ауыр күналардан болғанды айтайым ба?),-деді де: (Жалған мәлімдеме жасау мен жалған күәлік беру)»,-деді.

(Бухари, Муслим)

Бұрыңғы өткен бабаларымыздың дөп басып айтқан дана сөздерінде «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген болатын. Олардың әділдік пен туралықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын тарихтан жақсы білеміз.

Осы орайда ақын Шортанбай Қанайұлының (1808-1881) өз заманындағы би-болыстарды жемқорлықтан сақтандырған. Оның өлең жолдарымен жеткізген мына насихаты күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ-ты.

 

Билер, пара жемеңдер,

Жанға бейнет кезбеңдер.

Кісі халқын алмаңдар,

Аузыңа пара салмаңдар.

Дүние жинап өткен жоқ,

Біздің бұрынғы Пайғамбар.

Сөз айтайын,үлкендер,

Құдайдан ғапіл өтпеңдер.

Әлің келсе Мекке бар,

Артық дәулет біткендер! [2/30-б]

Сөзімізді қорыта келе, Ислам діні – үлкен не кішілі сыбайлас жемқорлық пен пара берудің қандай да бір түріне Құран мен сүннет дәйектеріне сай қатаң тыйым салып, тіпті, ауыр күнәлар санатына да жатқызады. Шариғат шеңберіндегі қандай да бір тыйымдарын алып қарасаңыз адам мен қоғамның дамуына негізделген. Аллаға шынайы құлшылық-ғибадат жасап, айтқандарын бұлжытпай орындауға тырысқан жанның үйінде береке атаулысы ұялайды. Ұлағатты данышпан бабаларымыз «Аз болса да берекесін берсін»,-деп босқа айтпаған. Демек, дүниеқорлыққа бой беріп, діндегі тыйымдарды ескермеуге болмайды. «Отан – отбасынан басталады»,-демекші әрбір жанұяда береке болса, қоғамда береке болады. Ал жемқорлыққа қарсы күресті – әрбір жан өз отбасынан бастап, ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабар – имандылықты ұстану қажет. Яғни, кез-келген жан сыбайлас жемқорлық сынағына ұшырағанда лезде Алланы еске алып, қиямет күніндегі халін ескеріп, отбасындағы Алланың берген берекесін ұмытпай, әрдайым шүкіршілік қылғанға Алла Тағала (Ибраһим сүресі, 7-аят):

لَئِن شَكَرْتُمْ لأَزِيدَنَّكُمْ

«Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін»,-деген [3]. Ал Хақ Тағала уәдесін орындайды. Мінеки, Алла Тағаланың бұйрығын орындап, тыйымдарынан тыйылғанның өзінде, отбасында, қоғамда, мемлекетте береке орнатар, елдің дамуына шүбәсіз орасан зор үлесінің кепілі.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1)    Сыбайлас жемқорлық дегеніміз. Мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн E-gov порталы.

2)    Е.Малғажыұлы. «Дін мен дәстүр». Алматы – 2014 ж. 192-б.

3)    Халифа Алтай. Құран Кәрим қазақша мағынасы және түсінігі. Екі Харамның қызметкері Фаһд падишаның Құран шәриф басым комбинаты. Медине Мұнаууара. 1991.604б.

4)    Хадистер жинағы.

 

 

 

 

Серік ТӘЖІБАЕВ, 

Дінтанушы, ғылыми қызметкер, сарапшы 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру