Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ұлттық спорт ойындарының діни-танымдық мәні

27.07.2015 13689 0 пікір

Бақытжан Жаңбырбайұлы,

Аламты қаласы Жетісу ауданы

«Әл-Мәдина» мешітінің Бас имамы

Ұлттық спорт ойындарының  діни-танымдық мәні


Дәстүр мен дінін қатар ұстанған асыл текті қазақ халқы ұлттық спорт ойындары жағынан өзіндік сара жолы бар, алабөтен сипатқа ие. Әрі бұл халықтығымыздың мақтанышы һәм көрінісі. Қазақтың халық ілімдерінің спорттық ойындарының қайсысы болмасын белгілі бір ізгі мақсатқа негізделген. Қарапайым асық атудағы  ойыншының жас ерекшелігін ескерсек баланы қырағылық, мергендік пен діттегеніне дөп  тигізетін ұқыптылыққа баулиды. Бұл жайында адамзаттың асылы, екі дүние сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде айтылатын күш-қуатты, біліктілікті, ептілікті шыңдайтын спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық негізге сай дамытып, ғасырлар  көшінде сүннетті берік  ұстанған. Ұлттық ойындар қатарындағы аламан бәйге, жамбы ату, аударыспақ, теңге алу, асық, білектесу (қол күрес) тағы да басқа ойындарымыз адам денсаулығын жақсартумен қатар, арадағы бауырмашылықты арттыратын қасиеттерге  ие. Әбу Һурайра жеткізген хадисте хазреті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) осы мәселеге байланысты:

 الْمُؤْمِنُ الْقَوِيُّ خَيْرٌ وَأَحَبُّ إِلَى اللَّهِ مِنْ الْمُؤْمِنِ الضَّعِيفِ وَفِي كُلٍّ خَيْرٌ ...

 «Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмін Аллаға, әлсіз мүміннен жақынырақ және сүйіктірек», – деген (Имам Мүслім).

Салауатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық рухты көтеретін осындай тартысты да қызықты ұлттық ойындардың бірі – көкпар. Бірнеше жылдардан бері елімізде көкпардан Қазақстан чемпионаты өткізіліп келеді. Ат спорты жайлы Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адам баласы атты соңғы күнге дейін тастамас, өйткені сол арқылы оның бұл дүниеде де олжасы бар, ақыретте де сыйлығы бар» (Әл-Бұхари; Имам Мүслім).  Ибн Әл-Қайим былай дейді: «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы». Әділетті халифалардан болған Омар бин Әл-Хаттаб: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деген хадисті жеткізген. Имам Мүслімнен келген бір хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) садақ ату турасында үш рет қайталап мына сөздерді айтыпты:

أَلَا إِنَّ الْقُوَّةَ الرَّمْيُ

«Расында, күш – садақ атуда».

Міне, тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, етек-жеңімізді жинағалы жоғалтқанымызды тауып жатырмыз. Соның ішінде ұлттық спорт ойындары да соңғы жылдары жаңа қарқынмен даму жолына түсіп, заманға сай жаңғыруда. Оған бір дәлел – бірнеше жылдан бері қазақша күрестен өткізіліп келе жатқан «Қазақстан барысы» турнирі. Ахмет Жүнісовтың айтуынша «Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан – балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке тағы да басқа адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған екен». Аталмыш күрес түрлеріне қатысты, аты әлемге әйгілі ғалымдарымыздың бірі Ибн Абидин былай дейді: «Күрес бидғатқа жатпайды, өйткені Пайғамбарымыз Әл-Асуад Әл-Джумаһи және Руканамен күреске түскен. Ол кезде, Рукана Алла елшісіне егер пайғамбар жеңсе, Исламды қабылдайтынын айтып шарт қойған.. Сонда Алланың пайғамбары оны үш рет қатарынан жерге жыққан».

Халқымыздың ұлттық ойындары ұлтымыздың мәдени һәм асыл мұрасы екендігі сөзсіз. Енді  осы  ойындардың кейбіріне тоқтала кетсек:

Теңге алу. Жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алу үлкен ептілікті, ат құлағында ойнайтын шабандоздық тәжірибені талап етеді. Теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі. Бұрындары қазақ жігіттері атпен шауып келе жатып қолындағы қылышымен жерде жатқан тезекті түйреп алып көкке лақтырып жіберіп, оны жалма-жан қылышымен екіге бөліп шауып түсіретін.

Аламан бәйге. Мұнда жүйрік, жарыс аттар 25-100 шақырымдық қашыққа шабады. Оның жолында айналып өтетін көл, сай-сала, бел-белестер тәрізді кедергілі жерлер болуға тиісті. Аламан бәйге үлкен тойда, үлкен аста, торқалы тойлар мен зор мерекелерде жарияланады.

Ат сайысы. Спорттық ойын. Оның түрлері: ат омырауластыру, аударыспақ, жорға жарыс, көкпар тарту, теңге алу т.б. Олар үлкен тойларда ұйымдастырылады. Сайысқа түсетін аттар алдын-ала жаратылады. Ат сайысындағы кейбір ұлттық ойындар Олимпиада ойындарының жоспарына енгізілген. 

Ұлттық ойын түрлеріне жатпайтын кейбір ойындарға Ислам шариғаты харам етіп, тыйым салынған спорттық ойындарда адам ауыр жарақаттармен қоса, миын зақымдайтын, бірін-бірі ұрып соғатын ойындар жатады. Ондайда, кейбір жағдайда екеуінің бірі өлімге ұшырауы да мүмкін.

Сол секілді ұлттық ойын түріне жатапйтын нарда ойыны ислам шариғаты бойынша харам етілген. Оған дәлел ретінде мынадай хадис бар: «Кімде-кім нарда ойнаса, ол адам қолын шошқаның еті мен қанына малғанмен тең» (Мүслім; Мәлік; Ахмад). Әбу Дауд (р.а.) жеткізген хадисте: «Кім нарда ойнаса, ол Алла мен Оның елшісін тыңдамаған болады»,– делінген. Аталған ойын харам етілген үкімнің себебі – ойыншылар сәттілікке жүгінеді, ал бұл өз кезегінде жебелермен пал ашқандай болып табылады. Алла тағала қасиетті Құранда айтады:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنْصَابُ وَالأَزْلامُ رِجْسٌ مِنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

 «Уа, иман келтірілген! Расында мас қылатын ішімдіктер, құмар ойындар, тас пұттары мен пал ашатын жебелер шайтанның лас іс-әрекеттерінен болып табылады. Одан аулақ болыңдар, мүмкін сендер құтыларсыңдар» (Мәида сүресі, 90-аят).

Қашанда қазақ халқының – діні салтына, салты дәстүріне, дәстүрі қайтып айналып дініне қызмет еткен, сонысымен сүннетке  сіңген  салт-санамыз ұдайы жаңғырып заманалар желісінде жалғасып келуі хақшыл халық екендігінің  айқын дәлелі.

Салауатты өмір  салтын ұстанған сауатты  да  қуатты  мүміндерден  болуды  Алла біздерге  нәсіп  етсін. Әмин.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру