Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Педофилдерге химиялық кастрация жазасын енгізу қажет пе?

21.07.2015 5551 0 пікір

Балаларға озбырлық, зорлық-зомбылық көрсету, ауыр физикалық және психологиялық зақым көрсету елімізде соңғы он жылдықта күрт артып кеткен. ҚР Прокуратурасының мәліметінше, 2010 жылы кәмелетке толмаған балаларды жыныстық қатынасқа итермелеуге қатысты 1885 факті тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 3623-ке жеткен екен.

 

Бұл ретте Қазақстан депутаттары мәселенің шешімін табу үшін осы уақытқа дейін нақты бір келісімге келе алмай жатыр. Бірі хирургиялық-химиялық кастрацияны ұсынса, енді бірі бұл жазаны адамшылыққа жатпайтын әрекет деп біледі. Бүгін BAQ.KZ «Қазақстанға хирургиялық не химимялық кастрацияны енгізу керек пе?» деген сауалды бірнеше маман иелеріне жолдап көрді. Жауап әрқилы.

Ботагөз Бекежан, "Искра" психологиялық орталығының директоры:

- Соңғы уақытта педофилия тақырыбы дамыған елдерде, оның ішінде Қазақстанда қызу талқыға түсіп жатыр. Осыған қатысты өлім жазасына кесу керек дегенге дейін айтылып, әр түрлі ұсыныстар түсуде.

Бала еңбегін қанау, сондай-ақ, жыныстық қысым көрсету мәселесі де сондай көне заманнан өркендедік деген бүгінге дейін орын алып келе жатқан жайттың бірі. Бұл психологиялық, рухани, физикалық, құқықтық және жыныстық ауытқушылық болып табылады.

Барлығымыз туғаннан бастап тұлғалық мінез фундаментінің алғашқы баспалдақтары қалана бастайды. Кейде ата-ана, туысқандардың дөрекі, зорлық әрекеттері, туған балаларын қаталдықпен ұрып-соғып жазалауы, ішімдік, отбасылық жанжал баланың көз алдында өтіп жататын болса, сәби өзіне деген сенімді жоғалтады. Салдарынан, бала айналасындағыларды зұлым ретінде көре бастайды. Үмітсіздік, тығырықтан шыға алмау, мәселенің шешімін таба алмау осындай ешкімге керексіз балалардың оңай олжаны дағдыға айналдырып алуынан шығады.

Мысалы Baku.WS журналында Йемендегі 8 жасар қыздың алғашқы неке түнінен соң қансырап өлгендігі туралы мақала жарияланды. Бұл елде әлі күнге дейін 8-15 жас аралығындағы кішкентай қыздарға әйел ретінде үйлену дәстүрі бар. Бұл заңдастырылған педофилия емес пе?

Бұдан өзге, «іріктелген маньяктар» атауы деформацияланған адамдарға тән атау бар. Бұлар жыныстық зорлықпен адам атаулыға қарсы, жас жігіттер мен қыздарға, балаларға өш келеді. Және айта кететін бір жайт, педофилдердің көбі жастайынан жыныстық зорлық құрбандары болғандар.

Бала зинақорлығы – бұл қалыптан тыс әрекеті бар ауру категориясына жататын негіздегі кіріс бизнесіне айналған педофилияның бір көрінісі.

Зорлыққа көбіне үлкендердің қарауынсыз қалған, ойын алаңында, үй маңында жалғыз-жарым ұзық жүріп қалған балалар ұшырап жатады. Немесе интернатта, тұрмысы төмен бейберекет отбасыларындағы қараусыз балалар да қамқорлықтың жоқтығынан жыныстық зорлық құрбандары болады.

Баланың мектептен тыс уақытта немен айналысып жүргенін, қайда және кіммен жүргенін үнемі бақылауда ұстауға тырысу керек. Ешқандай GPS-те, бейнебақылау да, қоршалған балалар алаңқайы да балаларды қауіп-қатерден толыққанды қорғай алмайды. Баланы қауіп-қатерден қорғаудың жалғыз ғана қарапайым жолы – баланы қараусыз қалдырмау.

Сондықтан да, балаларға зорлық-зомбылық көрсету ісі ешқашан жазасыз қалмауы тиіс, кез-келген қылмыс өз өтеуін алуы керек. Қорғансыз балалар зорлық-зомбылыққа ұшырағаннан соң психиатр, сексолог, психологтың қатысуымен болатын қайта емдеу ұзақ жүретін процесс. Алайда, өлім жазасы бұл өте күрделі ұғым, балаларға жыныстық қысым көрсетуді доғарта алмайды, тіпті, мұндай жаза адамилыққа қайшылық болар еді.

Педофилдің түр-түсін, әрекетін нақтылайтын жинақталған бір типаж жоқ. Олар көбіне өңді баламен тіл табысқыш болып келеді. Сондықтан, балаға бейтаныс адамдармен сөйлеспеу, бөтен адамның жетегіне ермеу туралы құлағына құю керек. Тәжірибеге сүйенсек, педофилдердің көбі жақын, баланы бұрыннан танитын туысы, досы болып шығып жатады. Ерлер ғана емес әйелдердің арасында да мұндай жағдайлар тіркелген. Кей сәттерде педофилдер баланың әке-шешесінің де сеніміне кіріп алған болып шығады. Сондықтан ата-аналар балаларын ешкімге сеніп тапсырмаулары тиіс».

Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы:

- Іс-әрекет қылмыс болып табылады, қылмыстық заңда көрсетілген заң түрімен жазалануы тиіс. Алайда, біздің заңымызда хирургиялық кастрация бабы көрсетілмеген. Германия, Чехиядағы хирургиялық кастрация жасау тәсілдеріді қолданатын болсақ, қылмыстық заңның шегінен шығып кеткендік болады. Біздің елімізде ешқашан болмаған, бұл шарамен қылмысты тоқтатып, түбегейлі тоқтау салу деген мүмкін емес, бұған басқа шаралар керек. Себептерін қарастыру арқылы болдырмауға ден қою керек. Бұл туралы баспасөз беттерінен оқығанмын. Ату жазасы деген бұл қоғамдық пікірдің көрінісі, халықтың бойын кернеген ашу-ызасы. Хирургиялық кастрация арқылы біреуді жазалармыз, кейін кінәсі жоқ болып шықса ше? Сондықтан бұл істе абай болған жоқ.

Кеңес одағы кезінде ату жазасы болды. Араға бірнеше жыл салып, өлім жазасына кесіліп атылып кеткендердің кінәсіз екендігі дәлелденіп жататын. Осы сияқты бүлдіріп алғаннан соң қалай қалпына келтіресің, біреу өтірік куә болып өзге кінәсі жоқ адамның обалына қалуымыз мүмкін. Адам өмірін заңсыз жойғанмен бірдей бұл. Бас бостандығынан айыру жазалары бар, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Оларды қоғамнан оқшаулап, еркіне жібермеуге тырысып, барынша бақылауды күшейту керек деп есептеймін.

Бақылаусыз балалар көбейіп, терезеден лақытырылып ит жеп жатыр. Қазақстанда жезөкшелікке жол беріп қойды. Неге осыны ойламайды?!

 Айгүл Соловьева, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты:

- Бұл өте күрделі тақырып, мен өз шешімімді айта алмаймын. Себебі, үлкен талқы мен зерттеуді қажет ететін жағдай. Бір білетінім хирургиялық, химиялық кастрация деген өте қымбат процедура, 3 мың АҚШ долларын құрайды. Оған салықты төлейтін азаматтар не айтады? Мен өзім бұған өте жауапкершілікпен қарау керек екендігін айтқым келеді. Әрине, жаза керек, бірақ асығыстық жасамай, алдын ала зерттеп, сараптаудан өткізіп, соңғы нүктені содан кейін барып қойған жөн.

 

 

 

 

 Бектас Бекназаров, ҚР Парламент сенатының депутаты:

- 2015 жылдың бес айында 632 бала жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен. Соған қарамастан, педофилдер жазадан оңай құтылып жатыр. Сол себепті, заңнан ондай қылмыс жасағандардың жазасын жеңілдетуге, мерзімінен бұрын босап шығуына жол беретін нормаларды алып тастау қажет. Өзге мемлекеттердің тәжірибесіне әлдеқашан бар химиялық кастрацияны енгізуді ойлап жүруге кеш. Тезірек Қылмыстық кодекс пунктерінде аталмыш жазаны енгізуді қарастыруымыз тиіс. Осы тұрғыда Үкіметке заң жобасына өзгеріс енгізіп Парламент қарауына жіберу керек деп есептеймін.

 

Серікбай қажы Ораз, «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы:

- Ғаламтордың бір пайдасы – тез мағұлмат алатын болдық. Екіншіден, мұның теріс жағы бар. Мысалы, күніге осы ғаламтордан, БАҚ-тардан адамдық қасиеттің бәрінен жұрдай болған адамның да істеген ісін көріп жүрміз. Бәлкім, мұндай нәрсе бұрын да болған шығар. Бірақ соны бүгін бажырайтып көрсете берсек, кейбір адамға үлгі болуы да мүмкін. Бұл жерде мен БАҚ-тарды кінәлап отырған жоқпын. Менің ойымша, мұндайды көрсеткенше, оған қарсы насихатты көбірек айтуымыз керек. Барлық БАҚ-тар зиялы қауым, ағартушы қауым бірлесе отырып, тұтас қоғам болып, осынау аурумен күресуіміз керек. ҚМДБ-сы педофилизмге қарсы арнайы үндеу жарияладық. Ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Біреуге жаман сөз айтсаң, ол өзіңе жамандық жасағаның» дегенді бекер айтпаған. «Біреудің қызына зұлымдық жасасаң, өзіңнің қызыңа жасап жатырмын деп ойла» деген.

 

 

 Дайындаған Ая ӨМІРТАЙ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру