Тарихқа зер салсақ, XX ғасыр басындағы қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеудің зардабы халқымыздың сан ғасырлық байлық туралы түсінігінің тас-талқанын шығарғаны белгілі. Бай атаулы қараланып, өзі туған қоғамнан аластатылды. Алды атылып, қуғын-сүргінге түсіп, тоз-тозы шықты. Осыны көзімен көрген халықтың байлық туралы қалайша жақсы ойда болуы мүмкін? Ал, оның адам өмірі үшін маңызды қажеттілік екенін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Әсіресе тәуелсіздіктен кейін бұл мәселе айқындала бастады. Дегенмен, санада бір ғасыр бойы сіңісті болған түсінік салтанат құрып тұрған секілді. Бірақ бұл ретте дәулет пен байлықтың айырмасын білудің маңызы зор.
Ислам дінінде мұсылман бай болмасын деген қағида жоқ. Керісінше, дәулетті болуды құптайтын деректер бар. Мысалы, сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Амр ибнуль-Ас деген сахабасын әскербасылыққа сайлап, жорыққа аттандырар кезде былай дейді: «Әй, Амр! Мен сені пәлен жерге жорыққа жіберейін деп отырмын. Алла саған жеңіс нәсіп етеді және мол олжаға кенелтеді. Өзіңнің де малды болғаныңды қатты қалап тұрмын». Амр бұған: «Уа, Алланың елшісі! Мен байлық үшін мұсылман болғаным жоқ. Исламды қалап, Алла елшісімен (с.ғ.с.) бірге болайын деп мұсылман болдым», - дейді. Осы тұста Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) талай ғасырларға үндеу болатындай мына сөзді айтты: «Әй, Амр! (Неге сен малдан бас тартасың?) Адал мал ізгі жанда болса қандай жақсы?!». Алла елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандар кедейленіп қалады деп қорыққан жоқ. Дүние-мүліктің ортасында жүріп, дүние үшін бір-бірімен бет жыртыспаса екен деп уайым шекті.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) көзі тірісінде тұрмыс-жағдайлары жақсы талай-талай сахабалар болған. Хадиша анамыздың өзі зор дәулет иесі болатын. Оның соңынан ерген Хасан мен Хусейн де кедей болған жоқ. Көзі тірісінде жұмақпен сүйіншіленген хазрет Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли, Абдурахман ибн Ауф, Әбу Убайда ибн Жаррах, т.б. сахабалар да өздеріне лайық дәулеті болған жандар еді. Бірақ олардың кәсіп етіп, мал табуы олардың иманына, тақуалығына, көркем мінезіне, ұятына, ар-намысына, намазы мен оразасына, жақсылық жасауға деген ниетіне, жалпы мұсылмандық талаптарына зәредей зиянын тигізбеген. Олардың сол байлықтарымен жасаған ізгі істерін көрсеңіз, «Шіркін-ай! Мен де сол кісілер сияқты бай болсам, сол кісілер секілді жақсылық жасасам» деп еріксіз армандайсыз. Олар «Сендердің біреулеріңе өлім жетіп келмей тұрып малдарыңнан (Алла жолында) сарп етіңдер, өлім келгенде «Ажалымды біраз кешіктіре тұрсаң, садақа беріп жақсылық жасаушылардан болсам» деп қалмаңдар» («Мунафиқун» сүресі, 10-аят) деген аятқа амал еткен. Мұның аты – қайырлы дәулет.
Екінші байлықтың түрі қайырсыз байлық деп аталады. Ол шариғатта «истидраж» деген ұғымды білдіреді. Ал, араб тіліндегі тілдік мағынасы – «дәреже». Бұл байлықтың түпкі мән-мағынасы арам жолмен ақша көбейту, дәлірек айтқанда, Жаратушы жаппар иеден қорықпай, таразыдан жеу, өсімге ақша беру, құмар ойындарды ойнау, күнә мен қылмыс жасау арқылы қалтаны қалыңдату.
Қасиетті Құран-кәрімде «Аяттарымызды өтірік санағандарды өздері де білмей қалатындай етіп бірте-бірте құрдымға кетіреміз» («Ағраф» сүресі, 182-аят) деп келетін аяттың астары өте терең әрі тым ауыр. Жалғанды жалпағынан басып, ойнап-күліп жүріп Алланың қаһарына қалай ұшырағанын сезбей қалу, расында да жақсылықтың нышаны емес.
Алланың елшісі (с.ғ.с.) де бір хадисінде осы жайды түсіндіріп берген: «Егер Алла Тағаланың бір құлына күнә жасап жүргеніне қарамай, дүниедегі қалаған нәрселерін беріп жатқанын көрсеңдер, оны истидраж деп біліңдер» деген. Осыны айтқан соң іле мына аятты оқыды: «Өздерінің естеріне салынғанды ұмытқанда, оларға барлық нәрсенің (мал-дүниенің) қақпаларын ашып қойдық. Ақырында, өздеріне берілгенге мәз болып, шаттыққа кенелгенде, оларды ойламаған жерден азапқа душар еттік. Сол кезде олар күдерлерін бір-ақ үзіп, абдырап қалды» («Әнғам» сүресі, 44-аят).
Осы тұста Алла Тағала азапқа душар ететін құлына не себепті мол нығмет береді деген сауал туады. Бұған ғалымдар азаптарын арттыру үшін деп жауап берген. Олар ақиқатқа ие болып жүргендері де үшін емес.
Бұрынғы өткен ата-бабамыз аталған талаптарды жақсы пайымдаған. Мысалы, Әйтеке бидің Орманбет биге айтқан мына сөзі ғасырдан-ғасырға ұрпаққа аманат болып қалуға тұрарлық сөз:
Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң,жауыңа найзаң тисін.
Егер бай болып, елге пайдаң тимесе,
Батыр болып, жауға найзаң тимесе,
Елден бөлек үйің күйсін.
Өлең-сөздің ыңғайына қарағанда, бай болсаң, халқыңа пайдаңның тиюі – керек. Олай болмаған жағдайда ондай байлықта қадір-қасиет болмайды. Шариғат бойынша Алланың разылығы үшін, халық үшін жұмсалған малдан қайырлы дүние жоқ болып есептеледі.
Міне, бұдан мұсылман адам мол ғибрат алуға тиіс. Жылтырағанның бәрі алтын емес дегендей, жағдайы жақсының бәрі бірдей бақыт құшағында шалқып жүрген жоқ. Ендеше, барлық ісімізде де, кәсібімізде де Аллаға иман, тақуалық, көркем мінезден айнымауды басты мақсат етуіміз қажет.
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ,
«Асыл сөз media» шығармашылық бірлестігінің директоры
www.maturidi.kz
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.07.2015
5522
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру