Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ: "Сырға толы саңлақ сахабалар"

26.06.2015 4907 0 пікір

Ислам тарихындағы ең ардақты да асыл жандар ол – соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) заманында иман келтіріп, бүкіл ғұмырларын ақиқат жолда өткізген ізгі сахабалар екені ақиқат. Бұл жайында Алла Елшісі (с.ғ.с.):"Адамдардың ең жақсылары менің ғасырымда өмір сүрген сахабалар, содан кейін олардан кейін келген (яғни табиғиндер), содан кейін де олардан кейін келгендер (табаға табиғиндер)», - деп сахабаларды құрметтеуге лайықты тұлғалар екенін атап кеткен.

Ал, енді бір хадисінде: "Сахабаларым көктегі жұлдыздар секілді. Қайсысына ерсеңіз де тура жолды табасыз", - десе, сондай-ақ: «Менің сахабаларымның мысалы астағы тұз тәрізді», - деп ізін басқан саңлақ жандардың орны ерекше екенін айтқан.

Алтын ғасырдың куәсі болған сахабалардың әрқайсысы шоқтығы биік тұлғалар. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзат баласына мейірімділік төгіп, көркем мінез қалыптастыру үшін жіберілген сәтте, иманды серік еткен сахабалар жаны мен малын қиып, қасынан табыла білді. Мұнымен қоса олар қолдары қалт етсе, дереу пайғамбар бойындағы асыл қасиеттерін алуға және ілім кәусарынан сусындауға ықылас қойды. Ашып-қажып жүріп, ілім алды. Дүние қуып, діннен алыстамады. Керісінше, әрдайым білімге бас қойып, сол үйренген ілімдеріне қалтқысыз амал жасай алды. Демек, осындай жандардың ғұмырынан біздің де үйренеріміз көп. Өйткені, сахабалар ғұмыры мұсылман баласын екі дүние бақытына бастары ақиқат. 

Аспандағы жарқыраған жұлдыз секілді даңғыл жол салған пайғамбар достары көптеген әдептің шыңын бағындырды. Әлгіндегі айтқанымыздай, ілім мен амалды ұштастырып, оны сондай ықыласпен орындай алды. Тіпті, амалдарының рия болуынан сақтанып, онан барынша қорқатын-ды. 

Иә, сахабалар Алланы шын сүйген құлдар еді. Олар мұны Жаратушы тарапынан болған әмірлерді шынайы ниетпен орындау арқылы көрсетті. Соның бір мысалы харамнан жан-тәнін ұзақ ұстауы болып табылатын-ды. Жаратқан харам қылған әрбір жексұрын һәм күнәлі істерге Алла үшін ашуланды. Яғни, жақсылықты Алла үшін жақсы көргені секілді, жаманшылыққа келгенде де оған еш бой алдырмады.

Пайғамбар тәлімінен нәр алған сахабалардың біз білмейтін беймәлім сырлары көп-ақ. Әйтсе де біршамасына тоқталғанымыз жөн болар. Олар өзара кешірімшіл болып, көңілдерімен кеңдік танытты. Тіпті, өздеріне зұлымдық көрсетіп, езгі көрсеткен жандарды да, сондай-ақ, сыртынан сөз тасып, малы мен жанына қиянат көрсеткен пенделерді де иманның аясында кешіре білді. Алла жолында қасық қаны таусылғанша жан аянбай соғысса да, өзгемен өз нәпсісі үшін еш жаға жыртыспады. Мына жағдай соған бірден-бір дәлел.

Бір соғыс барысында хазіреті Әли (р.а.) өзінің дұшпанын астына басып, тамағына қылыш тақаған сәтте әлгі өлім аузындағы адам амалсыздан бетіне түкіріп жібереді. Әрине, дұшпанның бұл қылығы үшін оның басын жұлып алуға болар еді. Әйткенмен, хазіреті Әли (р.а.) олай жасамады. «Нәпсінің тілін алып ашуланып қаламын ба?» деген оймен тоқтай қалып, қолындағы қылышын жерге қойды. Сөйтті де оны еркіне қоя берді. Не үшін босатып жібергенін сұрағанда хазіреті Әли (р.а.): «Алғашында өлтіргенімде Алла жолында өлтірген болар едім, дегенмен, бетіме түкіргеннен кейін өлтіргенімде, өзімнің нәпсім үшін өлтергенім боп қалар еді», - деп айтқан екен. 

Сахабалар күллі мұсылмандардың тілеуін тілеп, баршаны дұғасынан тастамады. Мұсылманның мұсылманға шынайы бауыр екенін ескеріп, мұны атқарылуы тиіс ең маңызды амалдардың қатарына қоя білді. Даңқты сахаба хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) бір сөзінде: «Қандай да бір мұсылман өзге мұсылманға зәбір көрсетпесін. Өйткені, олардың ең әлсізі болған кедейлер де Алланың қасында ұлық болып табылады», - деп айтқан-ды. Міне, сахабалар бүкіл күш-жігері мен мүмкіншілігін мұсылмандардың арасын жік-жікке бөлуге емес, барынша ынтымағын арттырып, бірлігінің нығаюына жұмсады.

Олар барша адамзатқа құрмет көрсету арқылы өздері нағыз құрметке ие болды. Яғни, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген мақсат саналарында сайрады. Пайғамбар тәрбиесінен сусындаған олар өздерін айыптап, кінәні өз бойларынан іздеп, басқаларды өздерінен жоғары санады. Нақтылай айтқанда, ұлық болғанға, кішік болудың қандай екенін ардақты жандар көркем мінезімен де көрсете білді.    

Олар ақыретін ойлай отырып, дүниенің жауапкершілігін сезінді. Ақырет амалдарын әрдайым дүние істерінен жоғары қойды. Қайда болмасын үнемі Алланы еске алып, есімін ұлықтаумен өткізді. Себебі, Алла Елшісі (с.ғ.с.):«Қандай да бір жамағат бір жерге жиналғанда Алланы еске алып, оның пайғамбарына салауат айтпайтын болса, ондай отырыстар қиыншылықта, қиямет күні кемшілікте болады», - деген. Осы сөзге саңлақ сахабалар амал жасады. Әрбір басқосуларын дүниелік үшін емес, ақыреттің жемісі болуына көңіл қойды. 

Олар ақыретті жиі ойлап, көп жылап, аз күлді. Өйткені, Пайғамбар (с.ғ.с.): Қабірлерді зиярат етіңдер, ол ақыретті естеріңе түсіреді», - деп айтқан болатын. Қабірді зияраттап, өлімді көбірек естеріне алып, ақырет есебінің қалай боларын ойлаумен әр сәттерін өткізді. Өмірдің өткінші екенін шын сезінді. Соған лайықты көптеген дұғалар мен ғибадаттар жасады. Тіпті, құлшылықтарының алдында өздерін әлсіз сезініп, Алланың алдында тағат-ғибадаттарын жаратқанның разылығына лайықты жасай алмағаны үшін өздерін кінәлады. Сөйтіп, құлшылықтың сыртқы қимыл-қозғалысына ғана емес, оның шынайы жүректен жасалуына, ықыласпен орындалуына көңіл қойды. 

Ардақты сахабалардың бізге беймәлім сырларының бірі – қателік жасаған пенделерге де кешіріммен қарауы еді. Олардың күнәларының кешірілуін Алладан тілеп, жаратушы құзырына тәубемен оралуын қалайтын-ды. Бір сөзбен айтқанда, мұсылмандардың айыптарын, кемшіліктерін, қателіктерін жария етпей, жасыра білді. Мұсылман бауырын елге масқара етуді мақсат етпеді. Ал, хазіреті Әбу Бәкір (р.а.):  «Иә, Раббым! Менің денемді сондай үлкен ете гөр. Жәһаннамды жауып тұруына себепші болып, ол жерде ешқандай мүмінге орын қалмасын», - деп те дұға жасаған. Олардың күллі үмметтің тозақта азапталуынан аман болуын тілеп, жәннати күй кешуіне осыншалықты жанашырлық танытуына не себеп?! Оған себеп Аллаға және оның соңғы Пайғамбарына деген сүйіспеншілік еді. Бұл амалдары Алланың құлдарына және соңғы Пайғамбардың (с.ғ.с.) үмметіне көрсеткен шексіз мейірімдері болатын.

Олардың жүректерінде дүние сүйіспеншілігіне ешбір орын болмады. Нәпсінің әрбір қалауына жол бермей, дінді жүректерінде, дүниені қолында ұстай алды. Жүректегі дініне деген сүйіспеншілік, дүниеге иелік еткізді. Дүние малына жүректерін билетпеді. Сахабаның тәлімін алған табиғин Мәлик бин Динар былай дейді: «Менің ұстазым маған: «Егер Алла тағаланың сені жақсы көргенін және сенен разы болғанын қаласаң, нәпсіңнің қалауы мен өзараңа темірден перде қой!» -  дейтін».

Иә, олар адамзаттың қас жауы болған қызғаныш пен көреалмаушылықтан алыс болды. Дүниенің алдамшы екенін сезінді. Осының арқасында дүниеден өткен достарының намазында сап түзеп, сырқаттанған бауырларының хал-жағдайын білуден жалықпады.

Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) үлкен соғыстан шаршап-шалдығып келе жатқан сахабаларына: «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа бет алдық», - дейді. Бұған сахабалар таң қалып үлкен жиһадтың не екенін сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ол өз нәпсіңмен күрес», - деп жауап береді. Осы оқиғадан өнеге алған сахабалар соңғы деміне дейін өзгелердің кемшілігін іздеуге емес, өздерінің қателіктерін түзетумен болды. Бір сөзбен айтқанда, үлкен жиһад болған нәпсімен күрестің қандай болу керек екенін кейінгі ұрпаққа амалдарымен көрсете алды. Міне, бүгінгі мұсылмандар да сахабалар секілді шынайы иманның аясында ғұмыр кешіп, бауырының айыбын жаба-жасырып, өз бойындағы қателігін жөндер болса, қоғам өздігінен түзелер ме еді?! Шынында өзгенің айыбын іздейтін адам ешқашан өзінің бойындағы мыңсан қателігін көре алмасы хақ.  

Ал хазіреті Омар (р.а.): «Алланың мейірімі менің кемшіліктерімді айтқанға болсын», - деген екен. Саңлақ сахабалар мұсылман әрдайым өз айыбын көру арқылы ғана дүние және ақыреттік бақытқа кенелуге болатындығын көрсетті. Өйткені, өз нәпсісін тәрбиелеумен айналысқан адам өзге бауырына тілімен де, ісімен де зиян тигізбесі сөзсіз. Осы амалымен дүниеде һәм ақыретте де бақытты ғұмыр кешері шындық.

Сахабалардың бізге беймәлім болған сырларының бірі өздеріне дұшпандық жасаған жандарға адамгершілік танытуы. Олар ешкімге жаманшылық жасамай, керісінше жақсылықпен жауап бере білді. Осындай қасиеттерінің арқасында талай жандардың исламмен қауышуына жол көрсетті. Қаншалықты биік дәрежелерге қол жеткізген сайын соншалықты қарапайым ғұмыр кешкен жандар еді. 

Оларды ардақтауға лайықты жан екенін ескерген Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Менің сахабаларымды сөкпеңдер! Жаным билігінде болған Алла тағаламен ант етемін! Сендердің бірің тіпті Ұхуд тауындай алтын сарып етсе де олардың бірі жұмсағанның жартысын да сарып еткен болмайды», - деп айтқан.

Сөздің түйініне тоқталсақ, сырға толы сахабалардың осыншама адами құндылықтармен қарулануына Алладан шын қорқа білуі мен Пайғамбар өмірін өздеріне өнеге ету мақсаты негіз бола алды. Иә, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қандай тұлға болғанын замандас серігі әрі нағыз досына айналған сахабалардың бізге беймәлім осындай сырларынан да анық аңғарғандаймыз.

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
"Иманғали" орталық мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру