Ислам – барша адамзатқа тыныштықты, бірлік пен ынтымақты қалыптастыру мақсатында түсірілген дін. Алланың көркем есімдерінің бірі – «ас-Сәләм» - «бейбітшілік, тыныштық» деген мағынаны береді. Сол секілді «Ислам» сөзі де арабтың «тыныштық, бейбітшілік» мағынасын білдіретін түбірден шыққан. Ал мұсылмандар өзара амандасқанда, тыныштық тілеп сәлемдесетіні анық. Сондай-ақ, барша адам баласы, Жаратушының алдында тең. Хақ Тағала өзгелерге ісімен де, тілімен де, зиян келтіруді тыйып, адамдарды мәмілеге келіп, тату ғұмыр кешуге, бір-бірін қуаттап, қолдауға үндейді.
Бүгінгі таңда әлемдік БАҚ-да «лаңкестік» сөзі Ислам сөзімен қатар айтылып, жанкешті – террорлық әрекеттер мұсылман атаулысына телініп, тіпті, кейбір БАҚ-да «Мұсылман лаңкестері» тіркесімен айыпталып жатыр. Ендеше, осы мақаламызда Ислам мен лаңкестікті бір-бірімен байланыстыру қаншалықты негізді? деген сауалға жауап беріп көрелік!
Асыл дініміз соғыс атаулысына, қан төгіске шектеу қойған. Құран қағидалары да қақтығыс-шайқастардың алдын алуға насихаттап, бейберекет ұрыс-жанжалдарға жол беруді харам еткен. Ал қаруды Отанымызды алакөз дұшпандардан қорғау мақсатында ғана қолдануға болатынына рұқсат еткен.
Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді (Бақара, 190-аят): «Өздеріңе біреу шабуыл жасаса, Құдай жолында сендер де соғысасыңдар. Тек өздерің килікпеңдер. Анығында, Алла шектен шыққандарды ұнатпайды»,-деген [1]. Сондықтан да мұсылмандардың барлық әскери қимылдары тек қана жауап ретіндегі шара болып табылған-ды.
Тарихқа зер сала қарасақ, Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) қатысқан соғыстың барлығы дерлік қорғаныс, жаудың бетін қайтару мақсатында ғана болған.
Жалпы шариғаттың үкімдеріне келсек, асыл дінімізде нақақтан-нақақ, жазықсыз адамның өмірін қию – ең ауыр қылмыс һәм үлкен күнә деп қарастырады. Шариғат тұрғысынан кісі өмірі қасиетті, оны ардақтай білу – парыз. Пайғамбарымыздың (с.а.с) сөзімен айтсақ, адам жаны мен оның иелігі айлардың ішіндегі – мұххарам, ішіндегі (Меккедегі Қағбада), күндердің ішіндегі – құрбан, қажылық уақытындағы – Арафатта тұру сынды қастерлі. Адам жаны тұрмақ, жер бетіндегі тіршілік атаулысына, тіпті жан-жануар, жәндіктерді өлтіруге, тиісуге болмайды. Жан алу жаратушының иелігінде, бұйрығымен жүзеге аспақ. Бөгде жан иесін себепсіз жер жастандыру – Жаббар Иесінің орнатқан шариғатына үзілді-кесілді қайшы.
Осы орайда қасиетті Құранда (Исра, 33): «Бейкүнә адамдарды өлтіруші болмаңдар, ол – Тәңірі тыйым салған іс. Егер біреу нақақ өлтірсе, кек алу құқығы өлген адамның жақын туысына беріледі. Ол бірақ кек алуда шектен тыс шықпауы керек. Шыдығында, оған жәрдем болады», - деген аят жолында бейбіт адамға қол жұмсау, нақақтан-нақақ жер жастандыруға тыйым салынады.
Ислам шариғатының негіздері бойынша кісі өлтіруді бірнеше түрге бөліп қарастырады. Оның ішіндегі Ханафи мәзхабы бойынша ол бес негізден тұрады:
1) Әдейі /амд/ өлтіру;
2) Әдейі өлтіруге ұқсас /шибхи амд/;
3) Қателесіп өлтіру;
4) Қателесіп өлтіруге жататын өлім.
5) Өлімге себеп болған әрекет. Әдейі, қасақана қан төгуге Жаратушы тарапынан ақырет күнінде қатаң да қатал жаза бар [2].
Хақ Тағала Құранның Ниса сүресінің 93-аятында: «Кімде-кім мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы жаһаннам және ол онда мәңгі күйеді. Алланың қаһары мен қарғысына ұшырайды. Тәңірі оған ауыр азап дайындайды»,-деген.
Алла Тағала осындай аяттарымен бейбіт жандарға күш қолдану, лаңкестікке бару, зорлық-зомбылық жасаудың Исламға мүлде қайшы екенін айтып, қатаң ескертіп тұр. Өкінішке орай, бүгінгі таңда Ислам атын жамылған қаны бұзық топтар қаншама жазықсыз адамдарды ажал құштыруда. Жоғарыдағы аятта Жаратушы Хақ Тағала оларды қандай азап күтіп тұрғанын ашық баяндайды.
Жаратушының өз сөзімен жеткізсек, бір адамға қиянат жасау, жанын жазықсыз құрбан ету – күллі адамзатқа бағытталған қастандықпен тең. Бұған дәлел Құрандағы «Мәида» сүресі 32-аяты: «Осы себептен Біз Исрайл әулеттеріне: «бұрын өзі адам өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған нақақ адамды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең (өлімнен құтқарса), ол – барлық адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса), ол – барлық адамды тірілткенмен бірдей болады, - деп үкім шығардық»,-деген.
Сонымен қатар, «Бақара» сүресіндегі «Фитнатул – ашшаду мин қатл» аяты қазақ тіліндегі мағынасы: «Бұзақылық – кісі өлтіруден де жаман». Ал, бүлік шығару – кез келген айрандай ұйып, тату-тәтті өмір сүріп отырған елді, жамағатты талқандау, яғни адамдарға істелген жауыздық болып табылатыны анық.
Сондықтан да Исламдағы ең ауыр қылмыстардың бірі фитна болып саналады. Яғни алауыздық, бүлік тарату болып саналады. Мұсылмандардың арасында іріткі салған адам, оларға жау болып табылады, себебі ол ағайынды ағайынға, діндарды діндарға қарсы қояды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) «Дін дегеніміз – насихат» деген болатын, яғни «Мұсылман имамдарына» деген сөз тіркесін мұсылман басшылары мен ғалымдарының хақысын беру деп бөліп қарастырған. Басшылардың хақысын беру деген олардың жақсылығын айтып, кемшіліктерін жасырып халықпен патшаның арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына үлес қосу. Ал ғалымдардың хақысын беру деген оларды ғайбаттан қорғау және олар уағыз айтарда, жиналған жұрттың қандай тақырыпқа мұқтаж екендігін айтып, ғалымға кеңес беру [3].
Бұдан түйгеніміз асыл дініміздің әрбір дін өкіліне құрметпен қарайтындығын аңғарамыз. Сондай-ақ, ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Жаратушының алдында ешкім ешкімнен жоғарыда емес, төменде емес, тек тақуалық дәрежесінен басқа. Кімде-кім ізгі ниет пен татулыққа шақырса, ол адам екі дүниенің бақытына кенелетіні рас. Әбу Дауд Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) келесі сөздерін жеткізген: «Бүлік таратудан аулақ болғандар, шын мәнінде бақытты»,-дегені бейбіт өмір мен татулықтың бірден-бір дәйегі болса керек. Сондықтан да асыл дініміздің басты бағыт-бағдары ұжымдық деңгейде бейбітшілік ұялатып, ізгілік қарым-қатынастар негізінде кеңейіп, нығаюды ұйғарады.
Бұл қағидаларды мұсылмандар ғасырлар бойы сақтап келіп, осының арқасында басқа дінді ұстанушылармен бейбіт өмір сүріп жатыр. Ислам қоғамы әлемге өзінің толеранттылық, қайырымдылығымен және ізгілігімен танылып, Исламда мақсат қандай ұлы, таза болса, оған апаратын жол да сондай таза да, ұлық болуы тиіс.
Серік ТӘЖІБАЕВ
Әбу Ханифа Ғылыми зерттеу орталығының қызметкері, магистр
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1) Құран кәрім. Қазақша мағына және түсінігі., Алматы, 2002, Аудармашы Уақап қажы Қыдырханұлы.
2) Ш.Керім. «ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы». Алматы. Көкжиек баспасы. 2014-ж. 240-б.
3) Т.Айтбаев. Бүліктің ең жаманы – халықты өз әміріне қарсы қою. Намыс.кз.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
23.06.2015
13613
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру