Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Смайыл Сейтбеков: Дін және жастар

28.05.2015 6213 0 пікір

Дін адамзаттың пайдасы мен игілігін, мейірімділік пен әділдікті көздейді. Дінді Алла жіберіп, діннің қағидаларына сәйкес өмір сүруді адамнан талап етеді. Әрине Алла тарапынан жіберілмеген көптеген жасанды діндер бар. Адамзат үшін жіберілген соңғы дін – ислам. Ал ислам адамзаттың барлық мәселесіне жауап беретін дін. Ислам мұсылмандарға әрбір нәрсенің сұрауы мен жауапкершілігі барын ескертіп, тиісінше барлық мәселеге аса байыппен қарауды бұйырады. Мәселен, ата-анаға қамқорлық ету бұйырылып қана қоймай, отбасы мен перзентіне қамқорлық жасауды міндеттеген. Отбасы мен балаларына танытқан мейірімділігі Алла жолына шыққан жорықпен пара-пар сауапты іс деп бағалаған.

Дін адамның өмірге келместен алдыңғы жағдайынан бастап, өмірі мен тіршілігін және о дүниесіне қатысты жағдаяттың қалай болатынын Құран мен сүннет арқылы білдіреді. Адамның дүниеге келуі, балалық шағы, жасөспірімдік кезі мен жастық шағына қатысты тиісті жауапкершілікпен міндетемелерді орындауды ескертеді.

Ислам ғылым діні. Діннің басты талабының бірі сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу мұсылман болу. Құран сауатты мұсылман болуға үндейді. Құранда білім мен ғылымға қатысты 670 аят бар. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз бір хадисінде: «Ілім алу ер және әйел мұсылманға парыз» деген.

Дін жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеуді бұйырады. Дінімізде жастардың орны ерекше. Жастар қоғамның болашағы. Ал болашақты бекемге алу үшін жастарға аса мән беру керек.

Жастар демекші ислам тарихына көз жүгіртсек, алдымен жастардың дінге бетбұрыс жасағанын білеміз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да оларды мейріміне алып, түрлі жаман, күнәлі істерден алыс болуға тәрбиелеген.

Жас ұрпақ жыл мезгілінің көктемі іспетті. Адам ғұмырының ең бақытты да қуанышты, қызығы мен шыжығы көп сәт жастық шақ. Сол секілді ғұмырының ең жемісті кезі де жастық шақ. Пенде егін мен көкөнісін көктемде егіп, дұрыстап баптаса, жемісін жыл он екі ай азық етері хақ. Жаз бен қыста егілген егіннің жемісі де болмайды.

Жастар бір мемлекеттің ертеңгі құрушысына немесе бұзушысына айналады. Бір ұлттың ұлт болып қалуына кепіл тұлғалар. Жүрегінде иманы мен отанына, ұлтына деген сүйіспеншілігі бар жастар мемлекеттің тәуелсіздігі үшін ең үлкен кепілдік болмақ. Жас ұрпақты дұрыс тәрбиелесең, болашағың соншалықты зейнетті болмақ. Ал өзіндік ұстанымы мен пікірі болмаған жастар әркімнің жетегінде кетіп, елдің сорына айналады.

Имандылыққа бетбұру, дін ұстану тек жасы келген жандар үшін ғана парыз емес. Алла құлшылықты кемпір-шалға ғана бұйырмаған. Балиғат жасына толған әрбір мұсылманға парыз еткен. Алайда күші бойына сыймай, алып ұшқан жастардың көпшілігі дінді қартайғанда, бойдан қуат кеткенде ұстаймын деп ойлайды. Құлшылыққа асықпай, жастық шақтың қызығына тоймай уақытын бос нәрсемен өткізіп алады. Әрине барлық нәрсе шектеулі, өлшеулі.

Дін бойынша ажалдың жасы-кәрісі, ертесі-кеші болмайды. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Сондықтан бабаларымыз «ажал айтып келмейді» деген. Жастықтың буына алданып, мұсылмандық міндетін орындауды ұмытуға болмайды. Әрнәрсенің сұрауы бар. Ал әрбір пенде ақыретте 5 нәрседен сұралмайынша не жәннәтқа, не тозаққа бармайтынын ардақты Пайғамбарымыз ескертіп кетті. Сол сұрақтың бірі әрі бірегейі адамнан жастық шақтағы ғұмырын қалай өткізгенін міндетті түрде Алла сұрайтын болады. Бұл жайында хадисте былай дейді: 

عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ عَنِ النَّبِىِّ (صعلم) قَالَ  لاَ تَزُولُ قَدَمَا ابْنِ آدَمَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عِنْدِ رَبِّهِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ خَمْسٍ عَنْ عُمْرِهِ فِيمَا أَفْنَاهُ وَعَنْ شَبَابِهِ فِيمَا أَبْلاَهُ وَمَالِهِ مِنْ أَيْنَ اكْتَسَبَهُ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ وَمَاذَا عَمِلَ فِيمَا عَلِمَ .

 Абдуллаһ ибн Мәсғудтан риуаят бойынша Расулаллаһ (с.а.у.) былай дейді: адам баласы мына бес нәрседен сұралмайынша Алланың құзырынан ешқайда кетпейді:

1. Өмірін қалай өткізгендігі;
2. Жастық шағын қалай өткізгені;
3. Дүниесін қалай тапқанын;
4. Тапқанын қалай жұмсағанын;
5. Білгенімен амал етіп етпегенін (Тирмизи, Қияма, 2601).

Жастарға айтарымыз жастық шақтың қадірін біліңіздер. Уақыт қайтып артқа оралмайтыны белгілі. Сол үшін әрбір сәтті пайдалы іспен өткізген жөн. Жастық шақтың қадірі жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисте былай дейді: 

أن النبي (ص) قال لرجل : (إغتَنِمْ خَمْسًا قبل خمسٍ: حياتَكَ قبل موتِك ، وفَرَاغَك قبل شُغلِك ،  وشبابَك قبل هَرَمِك ، وصحتَك قبل سَقَمك

Бес нәрсе келместен алдын бес нәрсенің қадірін біл:

1. Өлім келместен алдын өмірдің;
2. Ауру келместен алдын денсаулықтың;
3. Шұғылданбастан алдын бос уақыттың;
4. Қарттық келместен алдын жастықтың;
5. Кедейлік келместен алдын байлықтың   (Байхақи риуаяты).

Дініміздің тарихындағы алғашқы мұсылмандардың басым көпшілігін жастар құраған. Олардың діндегі орны мен қызметі, атқарған елеулі еңбектері тарихта алтын әріптермен жазылып қалды. Жас сахабалар өзгелерге қарағанда әлдеқайда белсенді болып, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымызға қолдау көрсетіп, дінді жаюда үлкен жігерлілік танытқан.

Исламда шоқ жұлдыз атанған саңлақ сахабалардың басым көпшілігі сол кезеңдегі жастар еді. Алғашқы мұсылмандардың ішінде бірнешеуі ғана 50 жастан асса, біразы 35 жастан асқан сахабалар болып, басым көпшілігі 30-ға толмаған жастар болатын. Мәселен, Хазіреті Али ислам дінін қабылдағанда 10 жасында еді. Тарихтағы алып, қаһарман Алидің дастанға айналған ерліктері 20 мен 30 жас аралығындағы кезінде болды. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) асыранды баласы Зәйд ибн Харис 15 жасында мұсылман болса, Абдуллаһ ибн Мәсғуд пен Зубайр ибн әл-Аууам 16 жасында, Талха ибн Убайдуллаһ, Абдуррахман ибн Ауф, Әркам ибн Әркам және Сағд ибн Әбу Уаққас 17 жасында исламды қабылдады. Ал Мусғаб ибн Умайр 18, Абдуллаһ ибн Омар 13, Жағфар ибн Әбу Тәліб 22 жасындағы жігіт еді. Иә, айта берсек сахабаларды осылай санамалауға болады.

Жас сахабалардың атқарған елеулі қызметтерінен бірнеше мысал берер болсақ, 616 жылы Хабашистанға екінші көш болғанда көшті Жағфар ибн Әбу Тәліп бастап барады. Ол кезде оның жасы небәрі 25-те еді. Сол 25-тегі жас сахаба хабаш патшасы Нәжәшидің алдында қасқайып тұрып, исламды түсіндіруі тарихта алтын әріптермен жазылып қалды. Ал Мусғаб ибн Умайр 25 жасында Мадина қаласына ұстаз болып жіберіледі. Оның белсенділігі соншалық, 1 жыл ішінде Мадинада көптеген жанның ислам дінін қабылдауына септігін тигізді.

Мадиналық мәшһүр Зәйд ибн Сабит есімді жас сахаба небәрі 17 күн ішінде суряни тілін үйреніп, артынан ибрит тілін меңгеріп, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) уахи хатшысы болады. Шетел патшаларына хатты сол жазатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) 632 жылы қайтыс болғанда небәрі 21 жастағы жігіт еді. Ол Хазіреті Әбу Бәкірдің халифалық тұсында Құранды кітап халіне жинақтау ісінде комиссия төрағасы болып, үлкен жауапты қызметті абыроймен атқарады. Сол кезде оның жасы 22-де болатын.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) жастарға ерекше көңіл бөліп, қабілетіне қарай жауапты қызметтерді берген. Тіпті қайтыс болмастан алдын римдерге қарсы жасалатын жорыққа сақа сахабалар мен баһадүрлер тұрғанда 18 жастағы Усама ибн Зәйд есімді жас сахабасын қолбасшы етеді. Бұның бәрі ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жастарға деген сенімді ұстанымы еді. Жастарға қабылеттеріне қарай қызмет беріп, ерте есейтіп, ел үшін, дін үшін қызмет ететін білікті маман жасады. Олай болса, дінімізде жастарға үлкен үміт артылатынын ұмытпағанымыз жөн.

Қазіргі жастардың жағдайын ой елегінен өткізер болсақ, қандай баға бере аламыз? Бәрі біз ойлағандай болса, алаңдайтын қауіп жоқ. Алайда көңілімізді күпті етер жәйттер болса, онда зерделеп, шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Себебі жастар болашағымыз. Оларға жасалған қызмет ертең өз жемісін беретіне шүбә жоқ.

Жаһандану дәуірі біздің қоғамның жастарына әсер ептей қоймады. Жастардың болшағына және мемлекетке қауіп төндіретін басты проблемаларға қысқаша тоқталар болсақ:

Еліктеушілік: ұлттық құндылықтарымызды тәрк етіп, салт-дәстүрімізді аяқ асты етіп, батысқа еліктеушілік және түрлі ағымдардың жетегіне кету үлкен қауіп.

Имандылық тәрбиенің жетіспеушілігі: ата-бабаларымыз өз ұрпағын иманды етіп тәрбиелеуді басты міндет еткен. Жастайынан молдаға беріп, діни сауатын ашуға тырысқан. Ал иманды қоғамды дауда, жауда ала алмайтыны тарихи шындық. Олай болса, жастарға имандылық тәрбиені берейік.

Жаман әдетке үйір болу: жастар арасында белең алған ішімдік, есірткі, насыбай секілді зиянды әдетпен баршамыз күресуіміз қажет. Дін тұрғысынан алғанда мұндай жаман әдет Алла алдында күнә болып саналады.

Арсыз және бейәдеп фильмдер: жастардың санасын улау мәселесінде ең көп әсер ететін фактор батыстың арсыздық пен озбырлықты, қатыгездік пен тәрбиесіздікті бейнелейтін кинолар мен сериалдар. Бұларға да шектеу қоятын кез жетті.    

Ғаламтор: әрбір жастың қолындағы планшет пен смартфон оның ұстазына айналып барады. Ғаламтор мен әлеуметтік желіге тәуелділік ұлттық әрі рухани құндылығымызға үлкен зиян тигізуде.

Отбасы институтының әлсіреуі: нарықтық мына заман әрбір отбасыға түрлі проблемалар әкелгені белгілі. Соның салдарынан отбасы институты әлсіреп, ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керістер жастарға психологиялық тұрғыдан қатты әсер етуде. Мұның арты жас отбасылардың ажырасуына алып баруда. Ал дінде отбасы институты жайында қажетті ережелер мен қағидалар бекітілген. Бабаларымыз сол құндылық арқылы отбасы институтын жоғары деңгейде ұстай білді. Дінге негізделген отбасы институтын насихаттап, жастар арасындағы ажырасу мәселесін азайтуға жұмыстануымыз қажет. 

Әрине бұл айтылған мәселелер жастар арасындағы проблемалардың бір парасы ғана. Енді осындай індеттердің алдын алу үшін жастарды көркем мінезді болуға баулы қажет. Жастарды ұнамды мінездерге бейімдеу үшін мына нәрселерге ынталандырған жөн:

Ізгі жандар мен ғалымдарды үлгі тұтуға: жастарға белгілі бір өлшеммен дұрыс негіздерге сүйене отырып жол көрсетпесе, үлгі тұтуға лайықсыз адамдарға еліктеп өз өмірлеріне, қоғамға зияндарын тигізіп алуы бек мүмкін.

Лұқпан хакім ұлына былай деп өсиет еткен екен: «Ей, ұлым! Ғалымдармен бірге отырып, оларға жақын бол. Себебі Алла Тағала даналық нұрымен жүректерді оятады».

«Ей, балам! Ғалымдардың мәжіліс алқасынан қол үзіп қалма. Хакім-даналардың сөзіне көп құлақ сал. Расында Алла тағала өлген жерді нөсер жауынмен жан бітіргені тәрізді, даналықтың нұрымен өлген жүректерді тірілтеді».

Бос әрі бекер нәрсемен шұғылданбауға: қажетсіз, бос нәрсемен уақыт жоғалтпау. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла Тағала жомарт. Жомарттарды жақсы көреді. Көркем мінезділерді сүйеді. Ақымақтық, бос нәрселерді жек көреді», - деп бұйырған (Мустадрак риуаяты).

Ата-ананы қадірлеуге: ислам жастарға ата-ананы сыйлауды, қадірлеуді, қамқор болуды бұйырады. Керісінше ата-анаға құрметсіздік етудің ақыры екі дүниеде Алланың азабы мен қаһарына ұшырауға себеп болар ең үлкен күнә екенін қатаң ескертеді.

Үлкенге құрмет кішіге іззет көрсетуге: Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үлкендерімізге құрмет көрсетпей, кішілерімізге мейірімділік танытпаған бізден емес», - деген (Ахмад б. Ханбал риуаяты).

Туыстық қарым-қатынасты үзбеуге: Құран мен сүннетте туыстық байланысты үзіп, алыстаған адамға Алланың қарғысы болатын ескерткен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім ажалының ұзартылып, рызығының кеңеюін қалайтын болса, туыстық қарым-қатынасын үзбесін» (Сахих Хиббан риуаяты).

Өзгелерге қолымен де, тілімен де жәбір бермеуге: айналасындағы әлсіз жанның көңілін жаралап зиян тигізуге күнә.

Тазалыққа мән беруге: тазалық иманнан демекші дін әрбір адамнан таза жүруін талап етеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тазалыққа қатысты былай деген: «Расында Алла – көркем. Көркемдікті жақсы көреді. Алла – таза. Тазалықты жақсы көреді. Алла – жомарт. Жомарттықты жақсы көреді. Алла – қайырымды. Қайырымдылықты жақсы көреді. Аулаларыңды, қоршаған ортаны таза ұстаңдар және үйлерінде қоқыс жинайтын яһудилерге ұқсамаңдар».

Смайыл Сейтбеков,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы,
философия ғылым.кандидаты

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру