Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазір

26 Сәуір 2026

9 Зулқағда 1447 Хижра

  ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР

Әбдіжәміл Оразымбетов: «Молда боласың дегенде, алғашқыда бұл сөз маған ауыр тиді» (Сыр-сұхбат)

19.05.2015 4653 0 пікір

Әбдіжәміл Оразымбетов
ҚМДБ-ға қарасты имамдардың білімін жетілдіру институтының ұстазы 

– Әбеке,  имамдық   пен ұстаздықты  қалай  таңдауыңыз?

– Өзіңіз жақсы білесіз, Сарығаш ауданы, Ынтымақ ауылындағы медресенің ағайынды  Әбдісаттар  мен  Әбдіғаппардың  ұстаздары  Шәкір ишан есімді ел-жұртқа қадірлі, ескіше оқыған, шариғатқа жетік әкесі болды. Сол кісі әр жұма сайын уағыздан соң:  «Балаларыңызды медресеге оқуға беріңіздер. Сіздер дүниеден өткен соң, арттарыңыздан Құран оқып, дұға етіп тұрады»,– деп ауыл қарияларының құлағына әбден құяды екен.  Уақыт өте келе  Шәкір қарияның айтқаны әкеме де қатты әсер етсе керек, мектепті бітіретін жылдың дәл мамыр айының соңғы күндері мені шақырып алып: «Балам, сен молдалылықтың оқуын оқисың»   дегенде төбемнен жай түскендей болды. Шынымды айтсам, бұл сөз алғашқыда маған өте ауыр тиді. Өйткені, басқа  оқу орнына құжат тапсырып, бағымды сынап көрсем  деуші едім. Біраз уақыт қипақтап барғым келмей жүргенде өзімнен үлкен ағам: «Әкемнің айтқанын істемесең болмайды. Мінезін білесің ғой. Оқығың келмесе, түсе алмай қалдым деп ауылға қайтып кел» деп  кеңес берді. Бірақ, медресенінің алғашқы дәрісін тыңдаған  соқ-ақ қалдым. Осылайша Ташкент шаһарының жанындағы  Бекабад  медресесінің шәкірті атанып шыға келдім.  

– Қазір ҚМДБ-ға қарасты имамдардың білімін жетілдіру институтында ұстазсыз. Имам-молдалардың  білім алуға деген құлшынысын, ниетін қалай бағалайсыз?

– Әрине, екі  айда жан-жақты, шариғи терең білім беру  қиындау екені рас. Дегенмен, осы аралықта күнделікті имамдық қызметте бетбе-бет келетін маңызды деген мәселелердің шешімін айтып, бар білгенімізді үйретуге тырысудамыз. Жеке өзім тәпсірден, заманауи фиқһтан, көне түркілік жазудан (ұстаз әууалдан) шәкірттерге  сабақ берудеміз. Институтқа қабылданған имам-молдалардың жас ерекшелігі де әркелкі. Қылшылдаған жастан ақсақалдарға дейін. Соған қарамай, білсем, үйренсем деген ынта-ықыластары адам сүйсіндіреді.

– Сөз арасында көне түркілік жазу пәні деп қалдыңыз. Бұл сонда жаңа пән бе?

– Бір данышпан ғалымның: «Қытайлар 3 мың жылдық, еуропалықтар 700 жылдық тарихын оқи алады. Сондықтан бүкіл өркениет пен мәдениет соларда» деген тәмсілі санамда үнемі жаңғырып тұрады. Сол айтпақшы біз түркілер, қазақтар осыдан ең кемі 1917 жылға дейін жазылған кітаптарды, қолжазбаларды оқи аламыз ба? Саналы мамандарымызды есепке алмағанда, ешкімнің ондай құнды жәдігерлерге (мұндай еңбектердің дені шариғат тақырыптарын қамтыған) тісі бата бермейді. Ал, олардың дені ескі түркілік жазумен жазылған. Сондықтан, ескі діни кітаптардағы мәтіндермен діндарларымыз жақынырақ танысу мақсатында  аталмыш пәнді жаңа оқу жылынан бастап оқып келеді.

– 20 жылдан астам уақыт бойы шәкірт тәрбиелеп, әрі имамдық  қызметті  арагідік қатар алып келеді екенсіз. Өкішіке орай, осы уақыт аралығында бізге жат  уаһабилік ағымы да күшейіп, халқымыздың бірлік-ынтымағына белгілі бір дәрежеде қауіп төндіріп тұрғаны да жасырын емес. Оларды дәстүрлі діни жолымызға қайта тарту үшін имам-молдаларымызға қандай тиімді жолдарды ұсынар едіңіз?

– Жасыратыны жоқ, олар өздерінше жамағат болып қалыптасып та үлгерді. Оларды екі топқа бөліп, шартты түрде қарастыруға болады. Алғашқылары ағымның жетегіне ерте ілескендер болса, соңғылары әліде толық санасы улана қоймағандар. Біріншілерімен  осы саланың білікті, шетелдерде терең шариғи білім алып келген діндарларымыз айналысқаны жөн. Ал, қалғандарымен ағартушылық жұмысты  мешіт имамдары мен молдалары жүргізуде. Сондай-ақ, ата дінімізді ханафи мәзһабы  аясында берік  ұстанатын, ел мен жерге жаны ашитын, ұлтжанды жігіттеріміз имамдарымыздың жанынан табылып, көмек қолын созса  насихатымыздың нәтижелі болары сөзсіз.

Сұхбаттасқан Кеулімжай Құтты

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру