Күллі мадақ әлемдерді жаратқан Жаратушы Алла Тағалаға болсын! Адамзат баласына екі дүние бақытын көрсеткен ардақты елші Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) сансыз салауаттар болсын!
Бұл өмірге келген әрбір пенде өзінің артынан өшпес мұра немесе өшпес із қалдырып кетсем деп армандайды. Оған жетер жол Ислам шариғатында жатыр.
Соның бірі – имам Мүслимнен келген хадисте кездеседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері. Ал, қаланың өте жаман орындары – базарлары», – дейді. Мешіт – мұсылманның Жаратушысына құлшылық жасап, тәубеге келер, жанына жара салған хакім Абай айтқандай «қияметшіл дүниенің» кірінен тазарып, бар арман, үмітінің ақталуын тілеп, дұға жасайтын қадірлі үйі. Ал, мешіттің қабырғасынан діни уағыз тыңдап, білімін жетілдіріп, сауатымды арттырамын, ұстаздан тәлім аламын деген мұсылмандар үшін – тәрбие ордасы.
Хадисте айтылған базардың жаман орын болатын себебі – ол да оның өзіне қатысты қызметінен туындайды. «Базарға қарап тұрсам әркім барар, іздегені не болса сол табылар» дегендей, ол – елдің сауда жасайтын орны болғандықтан, базар психологиясының негізінде дүниеге құмарлық жатады. Кісі ақысын жеу, кісі үстінен пайда көру, таразыдан жеу, өтірік айту – бұл базар жұмысына тән әрекеттер.
«Мешіт» сөзінің қазақ тіліндегі қолданысы мен мән-мағынасына тоқталар болсақ, «мешіт»«сәжде», «құлшылық жасайтын орын» деген ұғымдарды білдіреді. Шариғи тұрғыдан алсақ, «Алла Тағалаға иман келтірген мұсылмандар намаз оқып, құлшылық жасайтын қасиетті мекен» деген ұғымға саяды.
Мешіт – мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешірім сұрап, тәубеге келер мекені. Оның сыртында, мешіт табалдырығын аттаған жан қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылғандай мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) келесі бір хадисінде: «Расында, мүмін-мұсылман мешітке келсе, Алла Тағала: «Пендем Мені зиярат ете келіпті, оның сый-сияпаты менің құзырымда, мешітке келген адамға жәннаттан басқа сыйлыққа еш риза емеспін», – деп айтады. Расында да мұсылман баласы мешітке күллі әлемді жоқтан бар етіп жаратқан Алла Тағаланың разылығын іздеп келеді. Пенденің мешіттен табылуы ол оның Жаратушысын табылуымен тең.
Олай болса, мешітке келген жамағат – Алланың қонағы. Алла Тағаланың пендесіне дұғада тілегенін беріп, құр қол қайтармайтынын ескерсек, мешіт жамағатының Жаратушы нұрына бөленері сөзсіз.
Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған.
Оның тарихы сонау Адам (ғ.с.) атамыздың дәуірінен бастау алады десек те болады. Айталық, қазіргі қасиетті Қағбаның тарихына қатысты мынадай дерек бар: «Адам (ғ.с.) жәннаттан жерге түсірілгенде Алла Тағалаға: «Уа, Раббым! Маған не болды, мен неге періштелердің дауыстарын да, сыбырларын да ести алмай қалғанмын?» – деп сұрағанда Жаратушы Иеміз: «Қателігіңнен, ей, Адам! Алайда жер бетінде Менің разылығым үшін бір үй тұрғызып, періштелердің Аршты айналып жатқанын көргеніңдей сол үйді тәуап ет, Мені есіңе ал», - деді» (ибн Зия. Қасиетті Мекке тарихы мен әл-Харам мешітінің тарихы. Бейрут 1997, 55 бет).
Міне, бұл деректен Аллаға құлшылық жасайтын орын тұрғызудың әу баста Жаратушының пәрменімен басталғанын байқаймыз. Демек, аталған деректерге қарай отырып, мешіт салудың тарихы, яғни жер бетіндегі ең алғашқы мешіттің Мекке қаласындағы қасиетті Қағба екенін білеміз. Бұл жайында «Құран-Кәрім» аяттарында былай делінген: «Адам баласы үшін (құлшылық жасау үшін жер бетінде) алғаш құрылған үй Меккедегі (Қағба). Ол өте берекелі және бүкіл әлем (адамзат) үшін тура жолдың бастауы» («Әли Имран» сүресі, 96-аят).
Дегенмен, қасиетті Қағбаның да бастан кешірген бірнеше өзіндік тарихы бар. Адам (с.ғ.с.) атадан басталған Қағбаның кейініректе Алла Тағаланың бұйрығымен әкелі-балалы қос пайғамбар Ибраһим (ғ.с.) мен Исмайылдың (ғ.с.) іргетасын қайта қалаған.
Күмбезі ұзақтан көз тартатын мешіттерді қай тұрғыдан алсақ та, әр пендеге жақсы ой мен ізгілікті амалдарды еске салатыны белгілі. Мешіттен аттап өтуге ешкімнің жүрегі дауаламайтыны да сондықтан. Алланың қаһарынан қорыққан жан құлшылық жолында жүрмесе де, дүниеден қайтқан аруақтардың рухтарына «Құран» бағыштатып, садақасын салып, басына саулық, отбасына амандық, ел-жұртына тыныштық тілейді, шын жүрегімен езіліп, шүкірлік айтады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Егер адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, Құран оқып, оны өзара талқылайтын болса, оларға міндетті түрде жан тыныштығы түседі және оларды рақымшылық бүркеп періштелер қоршауына алады. Алла оларды Өзінің құзырындағылар жанында еске алады» – деген.
Олай болса, мешіттеріміздің мұсылман жамағатқа толуы еліміздің мерейін, берекесін арттырар амалдардан болып табылатынын ескере жүргеніміз абзал.
Мансұров Батыржан Берденұлы,
ҚМДБ-ы Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
04.05.2015
15369
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру