Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жәннат әлемі – ақиқат!

17.04.2015 10073 0 пікір
Физикалық құбылыстарға, Ғалам құрылыстарына Құран көзқарасын қолдану тақырыбы өте маңызды және  күрделі екені мәлім. Себебі, Құрандағы Алла сөзін дұрыс түсініп, қате жібермеу мүмкінділігінен шектеулі екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Құран аяттарында берілген мәліметтер бұдан бұдан  1400 жыл бұрын жазылғандықтан, сөз мағыналарының тереңдігіне бойлау өте қиын. Дін және ғылым – ғалам сырларынан адамзат баласына толық мәлімет беріп түсіну мүмкіндігін жеңілдететін екі таным жолы. Ғалам құрылысын, ондағы болып жатқан құбылыстарды тану үрдісінде діни, оның ішінде исламдық көзқарас ғылым жетістіктерін қолдануға шек қоймайды. Құран аяттарының мағынасын түсіну үшін ақыл-ой елегінен өткізуге  де тыйым салынбаған. «Ант болсын! Сендерге біз жағдайдың бәрі ескертілген бір кітап түсірдік. Сонда да түсінбейтіндерің қалай?![1]»,  «Алла сөзі (Құран) – анық шындық[2]», – делінгендіктен, қазіргі ғылым жетістіктері шындық болған жағдайда Құран мәліметтерімен қайшылықсыз үйлесімді болады. Қасиетті кітап сырларының ашық мағыналары мен ғылыми зерттеу нәтижелері, анықталу жолдарының түріне қарамай белгілі бір ақиқатты суреттейді. Құран ғылыми трактат болмағанымен, аяттарында берілген ақиқат мағлұматтар құрамында көптеген ғылыми заңдылықтар данышпандылықпен көрсетілген. Бұл заңдылықтар тізбегі ғылым деңгейінің өркендеуіне сай,  Құран аяттарына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік тудырды. Құран аяттары қандай да болмасын құбылыстар нәтижесінің қорытындысын тұжырымдайды. Осы тұжырымдардың дұрыстығын заманауи ғылымдар жетістігінің дәрежесі өсуіне қарай осы заманғы ғалымдар XIV ғасыр уақыт өткен соң ғана көз жеткізіп, Құран аяттарының шындығын мойындауда. Ғылыми зерттеу – ақиқатқа жету жолы, ақиқат – Алла жолы. Ақиқатты іздеуші де осы жолда. «Ғалым сиясы мен азапталушы қаны көкте тең дәрежеде бағаланады», – дейді сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.).  

Галактика

Галактика дегеніміз не? Айсыз, бұлтсыз жаз түні аспанда созыла орналасқан жарық жолақты байқауымызға болады. Бұл жолақ қөзімізге көкте ұшқан құстарға ұқсас болғандықтан «Құс жолы» деп аталады. Оның түсі төгілген сүтке ұқсайды (сондықтан орысша «Млечный путь» дейді). Құс жолы – біздің Галактикамыз. Галактика – көптеген жұлдыздар жүйесі. Оның құрамына біздің Күн және Күн жүйесіндегі барлық планеталар кіреді. Күн-Галактикадағы көп жұлдыздардың бірі. Галактиканың бір шетінен екінші шетіне дейінгі аралықты өтуге күн сәулесіне 97,8 мың жыл қажет.

Ғалам

Ғаламның пайда болуы туралы не білеміз?  Ғалам сырларын анықтау жұмыстарымен астроном ғалымдар мыңдаған жылдар бойы айналысып келеді. Олар XX ғасырдың басына дейін «Ғалам мәңгілік, жаңадан жасалмайды және жойылмайды, өлшемдері өзгеріссіз сақталады» деген тұжырымды ұстаған. Бірақ, 1912-жылы Америка астрономдары ашқан жаңалықтар ғалымдардың Ғалам туралы көзқарастарын өзгертуге әсер етті. 1916-жылы Эйнштейіннің жалпы салыстырмалық теориясының ашылуына сәйкес Ғалам өлшемдері не кеңею, болмаса сығылу үрдісінде болатыны анықталды. Кеңею теориясы 1929-жылы белгілі американ астрономы Эдвин Хаббл еңбектерінің нәтижесінде  тұжырымдалды. Ғылымда осы күнге дейін толық анықталмаған «Үлкен (Ұлы) Жарылыс» гипотезасы пайда болды. Бұл теория бойынша Ғалам материясы әуелде бір нүктеге шоғырланып, өте үлкен жоғарғы температураға дейін қыздырылған. Қорытындысында өте қуатты жарылыс болған. Қатты қыздырылған  субатомды бөлшектер бұлттарының кеңеюінен біртіндеп атомдар, жұлдыздар, галактикалар, планеталар пайда болып, соңынан өмір туған. Сонымен, қазіргі ғылыми көзқарас бойынша, біз 15-20 миллиард жыл бұрын, материя түйінінен пайда болған, кеңею үрдісіндегі Ғаламда өмір сүрудеміз. «Үлкен жарылыс» теориясы әлі толық дәлелденбегендіктен, оған балама көптеген теориялар пайда болуда. Ізденушілер үшін, ерте кезден-ақ, мыңдаған жылдар бойы Ғаламды Жалғыз Жаратушы барлығын дәріптейтін қасиетті кітаптар болғаны аян. XIV ғасыр бұрын Құран Ғаламның пайда болуы туралы анықтама берген: «Көктер мен Жерді жоқтан бар етуші...[3]»; «Аспанды тұрғыздық, оны біз расында құдыретпен кеңейтушіміз[4]». Алғашқы аят «Үлкен Жарылыс» теориясын анықтаса, соңғы аят Э.Хаббл тұжырымына сай Ғаламның кеңею жағдайын анық баяндап тұр. Мұнда «аспан» сөзі бізден жоғары  тұрғандардың бәрін қамтиды. Яғни, ғарыш (космос) сөзіне сәйкеседі. Адам  баласына Алла тарапынан түсірілген Құран ілімі қазіргі заман ғалымдарының ашқан заңдарын толығымен үйлесіп, қуаттайды. Осы заманғы зерттеу құралдарының жетілдірілуі, техникалық ғылым саласының өркендеуі, Ғалам сырларын терең зерттеп, түсінуге жаңа мүмкіндіктер тудыруда. Физика ғылымында белгілі тұрақты сандар қатары анықталды. Бұл сандардың Ғаламның кез келген нүктелеріндегі мәндері өзгермейді, сондықтан ол сандарды «фундаментальді немесе әлемдік тұрақтылықтар» деп атайды. Мұндай атау бұл сандардың қоршаған ортаның құрамы мен құрылысына әсер етуімен ақталады. Ол сандар бүкіл әлемдік тартылыс (гравитациялық) тұрақтысы, Планк тұрақтысы, жарық жылдамдығы, протон, электрон массалары, Хаббл тұрақтысы (біздің дәуір үшін) т.т.  Кез келген ортада (планетада) тіршілік болған жағдайда аталған тұрақты сандардың мәні де тұрақты болуы шарт. Егер олардың мәндері берілген өлшемдерден ауытқыған жағдайда, Ғалам өзгеше жаралған болар еді. Онда Ғаламның неге өзгеше жаралғанының себебін сұраудың да реті болмаған  болар еді. Өмір –(тіршілік) Ғалам материясының өзгеру заңдылығы. Біздің галактикамызда да, басқа галактикаларда миллиондаған жұлдыздар қатарында көптеген планеталар бар. Біз өмір сүріп жатқан Жер шарынан шет Ғалам планеталаларында тіршілік, тіптен саналы ойлау қабылеті бар мақұлықаттар да  болуы әбден мүмкін.

Антроптық  үрдіс (процесс)

Табиғат құбылыстарының өзгерістеріне көзқарас XIX ғасырдың аяғынан XX ғасыр басталу қарсаңында күрт өзгеріске ұшырады, бұл барлық табиғи ғылымдар саласын түгелдей қамтыды. Космология мен физика ғылымдарының классикалық көзқарастан релятивистік тұрғыдан зерттеуге өту кезеңімен сипатталды.Классикалық көзқарас бойынша кеңістік пен уақыт ұғымын абсолюттау басым орын алған еді. Яғни, олар шексіз, біртекті және изотропты деп есептелді. Негізі, абсолютті кординат жүйесі бүкіл әлем тірегі болып табылатын нүктенің болуы, яғни Ньютон заңдарының орындалу шарты. Ал, релятивистік тұрғыдан қарау, әлем тірегі нүктесі ұғымы, абсолюттік кеңістік ұғымдары жаңа салыстырмалық теория шешімдерін қолдану арқылы жаңаша қарауға жол ашты. Бірақ, XX ғасыр бойы жүргізілген зерттеулер Ғалам құрылысын релятивистік тұрғыдан суреттеудің кемшіліктерінің басым екеніне көз жеткізді. Бұл көзқарас тек Ғаламның эволюциялық дамуын суреттеумен ғана шектелетіні анықталды. Адам өмірінің күрделі қатынастарда болатынын ескере отырып, тіршіліктің Ғаламның табиғи өзгеру нәтижелеріне сай тәуелділігін зерттеу барысында физика ғалымдарының осы ілімді жетілдіру мақсатында «Антроптық прицип» (АП) ұғымын енгізуге әкеп тіреді. Қазіргі космология ғылымының негізі ұстанымының бірі – антроптық принцип (АП.грекше anthropos-адам). Бұл көзқарастың әртүрлі анықтамалары бар. Бірақ, өте жиі қолданылатыны 1973-жылы гравитация теориясының маманы, ағылшын ғалымы Б. Картер ұсынған «әлсіз» антроптық процесс, шешімі: «Біздің бақылауымызға сай заттар біздің  бақылаушыларымыздың тіршілігіне  (өмір сүруіне) сай қажетті шарттармен шектелуге тиісті». Негізінде «әлсіз» АП анықтамасы бойынша:  «біз бар болғандықтан, біздің тіршілігіміз (өміріміз), барлығымыз анықталады. Бұл біздің жағдайымыздың артықшылығы». АП бұл анықтамасымен барлық ғалымдар келісуде. Себебі, біздің тіршілігіміз (барлығымыз) шындық, ал шындық – қашанда шындық. Адам баласы тіршілігі Ғаламда өздігінен пайда болуы мүмкін емес, бірақ біз, біздің Ғалам өмір сүруде. «Күшті» АП : «Ғаламның  өмір сүруі шарттарының параметрлері (өлшемдері) белгілі бір эволюциялық өзгеріс кезінде бақылаушылардың тіршілігіне қажетті жағдай тудыруы шарт». Басқаша айтқанда Ғалам, онда адам баласы пайда болуына сай әсем «құрастырылған». АП әрі діни, әрі ғылыми көзқарас жолын бір деңгейде қолдануға мүмкіндік береді. Діни тұрғыдан қарағанда  антроптық ілім сипаттамалары Бүкіл Ғалам, ғаламат түрде әл-Жаббар (Құдіретті), әл-Бари (Мәңгілік, Жоқтан бар етуші), әл-Ғалим (Білгір) Алланың гармониялық жобалы жаратуын қуаттайды. Ал, АП ғылыми негізі Ғаламда кездесетін басқа да көптеген планеталарда физикалық тұрақтылық параметрлерінің әртүрлі қисындастыру заңдылықтарына сай келетін мәндері болған жағдайда да тіршілік болу мүмкіндігін болжауға болатындығын анықтайды. Құран аяттары тұжырымдарымен, ғылыми түрде ашылған кей жаңалықтар тобын салыстыра зерттеу нәтижесінде, екі жолмен анықталған табиғи құбылыстардың нәтижелері бір-бірімен қайшылықсыз үйлесім табатынын көруге болады. Мұндай байланыс қарастырып отырған заманауи АП негіздерінің басқа да тіршілік әлемінің, оның ішінде өркениетті тіршілік болу болжамымен, Құран аяттары тұжырымдарының байланысын бағалап көрелік.              

1.«Әлсіз» АП негізі тек Ғалам эволюциясының белгілі бір кезеңінде, яғни онда тіршілік пайда болу шарттары орындалатын, тек сол Ғалам пайда болған дәуір үшін ғана орындалады. Қазіргі ғалымдардың пайымдауынша, Ғалам тек біздің дәуірімізде ғана «бақылаушыларды (куәларды)» тудыра алады. Ғаламның пайда болуы ғалымдар еңбектерінде тек болжамнан тұрады. Ал адам баласының тіршілік және өркендеу мүмкіндіктерін жасай отырып, Жер планетасы мен Жаннәт әлемін біздің дәуірімізде Алла Тағаланың жаратуын Құран аяттары нақты тұжырымдап баян еткен. Бұдан XIV ғасыр бұрын «Бақара» сүресінің аяттарында мынандай мәліметтер берілген:

Және де: «Әй Адам! Сен де жұбайың да жәннәтте тұрыңдар, ерікті түрде қалағандарыңша жеңдер де, мына ағашқа жоламаңдар. Онда жазықтылардан боласыңдар», – деген едік.

«Сонда Шайтан, екеуін ол жерден тайдырды. Ондағы нығметтерден де шығарды. Оларға: «Бір-біріңе қас болып, түсіңдер: Сендер үшін жержүзінде тұрақ және бір мезгілге дейін пайдалану бар»,– дедік.  Осы аяттардың ақиқи мәліметтерінің өзі «Жәннәт әлемінің» барлығына дәлел. Ал, «Хаққа» сүресінің  аятында  «Шүбәсыз ол Құран, анық шындық», – делінгенін ескерсек, бұл аят көзі ашық, көкірегі ояу мұсылмандарға кәміл сенім тудырады. Бірақ, біз әлі де болса басқа планеталарда бізге мәлім тіршілік болуы үшін, ғылыми тұрғыдан (АП) қойылатын шарттардың кейбіреуін қарастыра кетуіміз артық бола қоймас.

2. Атмосфераның болуы. Оның құрамындағы әрбір газдың атқаратын қызметі бар. Оттегінсіз тірі организмдердің тыныс алуы мүмкін емес, сондай-ақ жану мен тотығу процестері де жүрмейді. Жасыл өсімдіктер көмірқышқыл газын пайдаланып, органикалық зат түзеді. Ауа температурасының атмосферада таралуы жылу алмасу процесін жүзеге асырады. Атмосфералық қысым шектеулі болуы қажет. Су сұйық күйде, адам арқауына қуат беретін ас болуы шарт.

Осы шарттар туралы Құран сүрелері аяттары берген мәліметтер: «Олар, астарынан өзендер ағатын Ғадын бақшасына кіреді. Сондай-ақ, олар онда нені қаласа бар. Осылайша, тақуаларды Алла сыйлайды[5]». Сондай тақуаларға уәде етілген жаннаттың мысалы:     «Онда еш бұзылмайтын өзен сулар, дәмі өзгермейтін сүттен өзендер, ішушілерге дәмді арақтан өзендер және балдан өзендер, сондай-ақ, онда оларға әр түрлі жеміс әрі Раббыларынан жарылқау бар; (бұлар,) тозақта мәңгі қалып, қайнар су ішкізіліп, ішектері туралған біреумен тең бе?[6]»; «Оларға пейіште қызығатын ет пен жемісті молайтамыз[7]»;  «Олар ол арада дивандарға жастанған түрде отырады. Олар онда ыстық та, суық та көрмейді[8]».  Бұл аяттарда «Жәннәт» әлемінде адам тіршілігі үшін бар жағдай жасалғандығы және АП қойған шарттармен еш қайшылықсыз үйлесімде екенін көреміз. Бұл аяттар ғылыми көзқарастың (АП) дұрыстығын қолдап, қосымша «Жәннәт» әлемінде дыбыс толқындарының таралуын, гравитациялық күштердің де әсерінің барын суреттейді ( онда бір бірімен сәлемдесуі, тілдесуі, өзендердің ағысы, жеміс ағаштарының иілуі, төсеніште жату).

3. АП (ғылыми) планеталардың өмір сүруі үшін қоятын келесі шарттарын қарастырайық. Планетаның үстіңгі қабатында конвекция құбылысы болуы шарт, яғни ол өзін жарықтандыру, жылу беру көзін (жұлдыз) тұрақты орбита бойымен айналмалы қозғалыста болуы. Тұрақты орбитасының болмауы атомдардың да, планеталардың да өмір сүруін қабылетсіз етеді. Планеталар суық денелер болғандықтан, ондағы тіршілік үшін, тіршілік өркениетті болуы үшін өзіне жақын жұлдыздан (жарық және жылу көзінен) өзіне қажет жеткілікті энергия алып тұруы керек. Ал, енді осы шарттар жөнінде Құран аяттарының үкімі қандай?

«(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен азаптың тез келуін тілейді. Алла уәдесінен әсте айнымайды. Негізінде Алланың қасындағы бір күн, сендер санайтын мың жылмен тең)[9]», – деп,  болжамдағы планетамыз өзінің жылу және жарық көзін белгілі орбита бойымен айнала қозғалатынын тұжырымдап тұр.  Мұсылмандардың қасиетті кітабында, кейбір болашақтағы болатын уақиғаларды да баяндайтынын еске алып, Құран аяттарының бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір-бірін толықтыра, анықтай түсетінін, осы қасиетімен көптеген сұрақтарымызға жауап алуға жол ашатынын атағанымыз жөн. Иса (ғ.с.) пайғамбарымыз туралы: «Олай емес, Алла оны өз тарапына көтерді. Алла (Т.) өте үстем, хикмет иесі[10]», – делінсе, «Көктер мен жердің меңгеруі Аллаға тән. Және қайтар жер де Алла жақ[11]», – деп жазылған. Сол сияқты, «Ол сондай өте жоғары Алла (Т.), көктер мен жердің әрі екі арасындағы нәрселердің игілігі Оған тән. (Оның меншігінде). Сондай-ақ, қиямет мезгілінің мәліметі Оның қасында әрі Оған қайтарыласыңдар[12]» деген аяттар қиямет күні бәріміздің Алла алдына қайтатынымыз ескертілген. Алла Тағала кеңістік пен уақытты да жаратты. Ол Жаратушы. Алла Тағала кеңістік пен уақытқа тәуелсіз, сондықтан бәріміз де Алла алдына жиналамыз деген ұғымда біз Жер планетасынан тысқары, өзге, жаңа (біз үшін) планетада, Жәннәт әлемінде жиналамыз деген болжам жасауымызға болады.  «О күні жер басқа жерге, көктер де басқаға ауыстырылады. Әлем жалғыз, өктем Алланың құзырына шығады[13]»; «Ол жоғарғы орынға періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) мөлшері елу мың жылдық бір күнде шығады[14]» аяттарынан аңғарғанымыздай, Жәннәт әлемі Жер бетінен  періштелер және Жебірейіл періште 50 000 мың жыл ұшып жететін қашықтықта орналасуы мүмкін.  (Мұхаммед Ғ.С.) айтыңыз: «Көктер мен жердегі  ешкім келешекті білмейді, тек қана Алла (біледі). Олар қашан тірілтілетіндіктерін білмейді»,- де[15]. Аят көктеде өркениетті тіршілік барлығынан хабар береді. Осы аятты есте сақтай отыра, мақала ғылыми түрде сарапталған болжам екенін ескертуім дұрыс болар.  Құран – барша әлемді жаратқан Жаратушының адам баласы, ғалам, жан-жануарлар, табиғат тылсымдары туралы сырларды бүкіл әлем жұртшылығына паш еткен шындық кітабы. Өйткені, Құран адамзат, әлем, табиғат жайлы таңқаларлық түрде мәлімет берген, ал олардың дұрыстығы уақыт өткен сайын, адам баласының ғылыми деңгейі өсуіне сай анықталуда.  Әрине, бұл да Рақымды, Мейірімді Жаратушымыздың қалауымен, қолдауымен болатыны белгілі. «(Құран білдірген шексіз ақиқаттар арнасы болған) Әр хабардың (және маңызды мәліметтердің) жүзеге асатын бір заманы (мен мекені) бар. Таяуда сендер де шындықты білерсіңдер[16]», – делінген. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Ғылым жетілген сайын Ислам (Құран) адам затына ұғынықты бола түседі», – деген, яғни хадис Құран аяттарындағы ақиқаттар мен мағлұматтардың шынайы деректер екенінің дәлелі ретінде ғылым жетістіктерінің алатын орнының маңыздылығын көрсетеді. 

Қорытынды

Жер планетасы мен Жәннәт әлемі біздің дәуірімізде Алла Тағаланың қалауымен жаратылған. Бұл планеталарда адам тіршілігі үшін барлық жағдай тудырылған және  классикалық физиканың барлық заңдары бұлжытпай орында-лады. Кеңістік үш өлшемді (X,Y,Z). Жәннәт әлемі кез келген Галактика құрамында, соның ішінде біздің Галактика құрамында да болуы мүмкін. Жаратушымыз Аллаға ғана белгілі. Бұл орын – әр мұсылманның арманы. (Тозақ әлемін еске алмай-ақ қояйық). Жәннәт әлемі Жаратушымыздың қалауымен сырт көзден тасаланған. Ақиқат жолымен жүруде Жаратқан жар болсын. Қателік-күнәлардан сақтасын.

Аманкелді Дәріпбек Аязбаев


[1] «Әнбия» сүресі, 10-аят
[2] «»Хаққа» сүресі, 51-аят
[3] «Әнғам» сүресі, 101-аят
[4] «Қамар» сүресі, 47-аят
[5] «Нахыл» сүресі, 31-аят
[6] «Мұхаммед» сүресі, 15-аят
[7] «Тур» сүресі, 22-аят
[8] «Инсан» сүресі, 13-аят
[9] «Хаж» сүресі, 47-аят
[10] «Ниса» сүреі, 158-аят
[11] «Нұр» сүресі, 42-аят
[12] «Зухруф» сүресі, 85-аят
[13] «Ибраһим» сүресі, 48-аят
[14] «Мағарыжә сүреі, 4-аят
[15] «Нәміл» сүресі, 65-аят
[16] «Әнғам» сүресі, 67-аят

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. «Құран Кәрим». Қазақша мағына және түсінігі. Халифа, Алтай, 1991 ж.
2. «Құран Кәрим». Ратбек қажы Нысанбай ұлы. Алматы, «Жазушы», 1991 ж.
3. «Құрани Кәрім» Алауддин Мансур. Алматы-Бішкек
4. «Коран» – перевод с арабского и комментарии выполнены Д.Н. Богуславским. Стамбул, 2005 г.
5. «Коран»  – перевод с арабского и комментарии Н.О. Османова. Москва-Санкт-Петербург, «Диля», 2009 г.
6. Значение и смыл «Корана» в 4 томах. 4 том. Москва, ООО «Саурима», 2002 
7. Абай.  Қара сөз. «Көшпенділер» баспасы. Алматы, 2009 ж.
8. В.Бондарев. Концепции современного естествознание. Учебное пособие-М. Альфа-м,2003г.  8. Н.Д.Новиков. Как взорвалась Вселенная. Изд. Москва «Наука» 1988г.
9.Журнал «Земля и Вселенная» N6, 1993г.
10.Амангелді Дәріпбек Аязбаев.  http//muslim.kz/kk/article/783-albert-einstein-guran-oqygan-ba.html 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру