Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Батырбек УБАЕВ: ШАРИҒАТ ҒЫЛЫМЫНА ЖЕҢІЛ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

01.04.2015 5426 0 пікір

Шариғат ғылымына жеңіл қарауға болмайды

Құран мен хадистер алдымызда дайын. Олай болса, неге ең дұрыс үкімді өзіміз таңдап алмаймыз? Мәзһаб имамдары мен біздің арамызда не айырмашылық бар? Дәл осындай сұрақтармен қазіргі таңда дінге бет бұрған адамдар көп жолығады.

Әттең, шын мәнінде Құран мен хадисті шарттарына сай түсініп, өмірге ұштастыра алатын азаматтар шығып, бүгінгі күннің проблемаларын шешіп беріп жатса, қандай тамаша?! Әлі де арамыздан ғұламалар шығады деп үміттенеміз. Бірақ дін кім көрінгеннің ойынына айналмас үшін (бүгінде болып тұрғанындай), ижтиһад және оның шарттарын еске сала кеткенді жөн көрдік.

Себебі бұл шарттарға сай болмаған адамның шариғат үкімдеріне бас сұғуы екі дүниеде де обалы бар іс. Бұл дүниеде өзін де, өзгені де адастырады. Ал, ақыретте мұның есебі оңай болмасы анық. Сондықтан ижтиһад шарттарына сай бола алмағандар "Егер білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар!" – деген Алла тағаланың әмірі бойынша білімділерге еруге шақырамыз.

Ал, сіз қай топтасыз? Білім иелері – мүжтаһидсіз бе, әлде оларға еруші – муқаллидсіз бе? Мұны бірге қарастыратын боламыз.

 Ижтихад

 (Ижтиһад және  тақлид тақырыптары  Ибраһим әс-Салқинидің "әл-Муйәссәр Фи Усул-ил Фиқһ" кітабы бойынша дайындалды)

 Шариғатта ижтиһадқа "Дәлелден үкім шығару (истинбат) жолы арқылы жекелеген дәлелден шариғи амали үкімді табу үшін бар күшін сарып қылу" деген анықтама беріледі. Кімде-кім осы қабілетке ие болса мүжтаһид деген атқа ие болады. Енді осы анықтаманы біраз тарқата түссек:

"Дәлелдерден үкім шығару жолы арқылы" – өзгелердің соңынан еру немесе еліктеу жолымен үкім шығару және шариғи емес дәлел көздерінен үкім шығару жолы да ижтиһад ұғымына кірмейді. Ол фиқһ негіздерінде (усулул-фиқһ) бекітілген ережелер арқылы болуы тиіс.

"Жекелеген дәлелдер" – ізденушінің үкімді негізгі шариғи дәлел көздерінен шығаруы. Бұл дәлел кейде бірнеше мағынаны қамтитын Құран мен хадис мәтіні болуы мүмкін. Кейде қияс, кейде истислах, ал кейде истисхаб болуы мүмкін. Осы дәлел көздерінен басқа ғалымдардың сөзі немесе басқа да мәтіндерді күш сарып қылып зерттеуі арқылы шариғи-амали үкім шығаруды да ижтиһад қатарына жатқызбайды.

"Шариғи амали" – сөзі арқылы сенім жүйесіне және мінез-құлыққа қатысты үкімдер мен шариғаттан тыс басқа зерттеулер үшін күш жұмсаушылар мүжтаһид ұғымынан шығады. Мәселен, қандайда бір қиын математика есебін шешу, Алладан басқа тәңірдің жоқ екенін дәлелдеу немесе шыншылдықтың мұсылманға парыз екеніне үкім беру сияқты. Есеп шариғи болудан шықса, Алланың бір екендігін дәлелдеу сенімге қатысты (итиқади)болады да, ал шыншылдық мінез-құлыққа (ахлақи) қатысты болып "амали" болудан шығып қалады.

"Бар күшін сарып қылу" – ізденуші ізденіс кезінде барлық күшін салуы керек. Нәтижеде бұдан әрі қосар еш нәрсе қалмағанына және қарастырылған мәселенің ешбір тұсын көзден таса етпегеніне сенімді болуы керек. Әрі Құран мен хадис мәтініндегі мағынасы нақты, айқын үкімді түсінген адамды мүжтаһид қатарына жатқызбайды. Себебі ол күш жұмсаған жоқ. Мысалы: «Ниса» сүресі, 11-аяттағы: "Алла сендерге балаларың жайында,бір еркекке екі әйелдің мирасындай үлес бұйырады...", – деген аяттан алынған ер баланың мирастағы үлесі қыз баланың үлесінің екі есесі болатынын білуі сияқты.

Сонымен қатар шариғи үкім жайлы немесе үкімінің дәлелі мен үкім шығару жолы жайлы өзгелерден сұрайтын адам да ижтиһад жасаушы мүжтаһид қатарына жатпайды. Сондай-ақ, кімде-кім барлық күшін жұмсамай аз ғана күш жұмсаса ол да мүжтаһид саналмайды.

 Ижтиһад нысаны

Құран Кәрім мен хадис шәріптің мағынасы айқын, нақты мәтінінен үкім шығару ісі ижтихадқа саналмайды. Себебі бұл жерде соншалықты күш жұмсамай-ақ мәтіннің меңзеген үкіміне қол жеткізуге болады. Сондықтан "Ижтихадтың нысанына" шариғи үкімі жайында мағынасы нақты аят пен хадис жоқ әрбір мәселе кіреді. Яғни, Құран мен хадисте нақты көрсетілмеген мәселе.

Бұл  мәселелер екі түрлі болады:

Біріншісі – мәселеге қатысты аят пен хадистің бірнеше мағына қамтуы.

Екіншісі – мәселе жайында ешбір шариғи мәтін кездеспеуі.

Бірнеше мағына қамтитын Құран мен хадис мәтініне мысал ретінде «Бақара» сүресі, 228-аятын алайық.

"Талақ болған әйелдер үш (қуру) етеккір мерзімі күтеді..." Бұл жерде "мүштарак" яғни омоним сөз бар, әрі оның қай мағынасы мақсат етілгендігіне аятта ишара жоқ. Ол – аяттағы "қуру" сөзі. Бұл араб тілінде әйелдің етеккірі уақытына және екі етеккір арасындағы таза уақытқа да қолданылады. Осының нәтижесінде талақ етілген әйелдің күту мерзімі жайында мүжтаһид ғалымдар арасында көзқарас әркелкілігі туындады. Қанша күтеді?  Үш етеккір уақыты ма, әлде үш тазалық уақыты ма? Имам Малик пен Шафий «тазалық уақыты» деді. Имам Ағзам етеккір уақыты деген тоқтамға барды. Әрбір мүжтаһид ғалымды белгілі бір таңдау жасауға итермелеген өзіндік дәлелдері бар.

Ал екінші топтағы Құран мен хадистен басқа дәлелдерге келетін болсақ, олар – қияс, истислах, истихсан, истисхаб және ғұрып сияқтылар. Бұлар бар болмыстарымен ижтихад нысанына кіреді. Себебі, бұлардың дәлел ретінде қабылдануы мүжтаһидтер арасында әртүрлі бағаланады. Бұларды қолдануда әр мүжтаһид бір-бірінен бөлек жолдар ұстанады. Тағы бір себеп – мүжтаһидтердің өмір сүрген ортасының әртүрлі болуы. Осыдан барып олардың бір істің игілігін анықтауы, әдет-ғұрыптар мен зәру қажеттіліктерді белгілеуі бір-бірінен өзгеше нәтижеге алып барады. Осылардың барлығынан ижтиһад нысанының ауқымдылығы және күрделілігі айқындалады. Сондықтан ижтихадпен айналысатын мүжтаһидтің қабілеттілігі мен жарамдылығын белгілейтін шарттары бар.

 Ижтихад шарттары мен қабілеттілік нормалары 

Имам Шафий (р.ғ.) айтады: "Мына сипаттарға ие болған адамнан басқа біреудің Алланың дінінде пәтуа беруіне рұқсат жоқ. Яғни, Алла кітабы – Құрандағы аяттардың насих-мансухын, мухкам-муташабиһін, аяттардың түсу себебін, Мәкки-Мәдәни екендігін білу; бұдан кейін хадистердің де дәл осы мәселелерін білу; одан кейін араб тілі мен араб шайырларының жазбаларынан Құран мен хадисті түсінуге қажетті мөлшерде білуі керек. Бұған қоса бұларды ынсапты түрде әділдікпен қолдана алуы, халықтың даулы мәселелеріне басшылық ете алуы және бойында тумысынан біткен дарындылық болуы керек. Егер ғалымның бойында осылай болса, онда оған харам-халал жайында сөйлеуіне және пәтуа беруіне болады. Әйтпесе, оның пәтуа беруге құқығы жоқ".

Имам Шафийдің бұл сөзі мүжтаһидте болуы керек шарттарды қысқаша қамтуда. Енді осы шарттарға кеңірек тоқталайық.

Бірінші шарт: Құрандағы амали үкімдерді егжей-тегжейлі толығымен білу. Себебі, Аллаһ Тағала Құранды насихаттың және сенімнің негіздері болуымен қатар адамдарға заң шығарушы дереккөз ретінде де түсірді. Адамдар оны Алла тағаламен қарым-қатынас жасауда, өз араларында қоғамдық және халықаралық қатынастарда да басшылыққа алады. Сондықтан ақида, дағуат және қисса аяттарынан басқа бес жүз шамасындағы аят шариғат заңдылықтарының негізін қалап, жалпы принциптерін белгілейді.

Кейбір тақырыпта жалпылама біртұтас қарастырса, ал кейбір тақырыпта егжей-тегжейлі қарастырып нақты үкімдерін қояды. Осы бес жүзге жуық үкім аяттарын кейбір фиқһшы тәпсіршілер тәпсірлеуге ден қойды. Олардың бірі Құрандағы реттік жүйеге қарай тәпсірлесе, енді бірі тақырып-тақырып етіп қарастырды. Әрбірі аяттарды өз мәзһаб имамының көзқарасына сай түрде зерттегеніне қарамастан жазғандары өте бай фиқһи қазына. Мүжтаһид болатын кісі осы тәпсірлерді назардан тыс қалдыра алмайды.

Сонымен қатар Құрандағы үкім  аяттары бір сүреде немесе аз ғана сүреде реттеліп жинақталмаған. Әрбірі өзіне қатысты оқиға себебімен әр түрлі уақытта түсті. Одан кейін әлгі аяттар пайғамбарымыздың (с.а.у.) уахи басшылығындағы нұсқауымен реттестіріліп сүрелерге қойылды. Ізденуші адам бір тақырыпқа байланысты аяттарды бір орында жинақталған күйде таба алмайды. Түсу мезгіліне байланысты тәртіппен табуы да оңайға соқпайды. Ижтихадпен пәтуа беруге бел байлаған әрбір адам үшін осы аяттарды және олардың фиқһи мағынасын білуі керек.

Бұл іс әуелі аяттарды түгел теріп топ-топқа бөлуді қажет етеді, содан кейін үкім шығара алуы үшін тәпсірлеу керек. Одан кейін де ол аяттардың түсу себебін, аяттағы мағынаның айтылу себебін, аят пен осы аяттың тәпсірі жайында айтылған хадистердің арасын байланыстыруды меңгермейінше тәпсір жасау оңай болмайды. Бұған қоса мүхкам мен муташабих, насих пен мансух, захир мен хафи, мутлақ пен муқайяд сияқты Құранның әдеби саласына қатысты ғылымдарды меңгеруі тиіс.

Екінші шарт: Сүннеттегі (хадистегі) амали үкімдерді біртұтас қамтып, оның егжей-тегжейлі мәселелерін толық білу. Сүннетке пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөзі, іс-әрекеті және өзгелердің ісін қолдауынан туындаған шешімінің барлығы кіреді. Себебі сүннет – Ислам құқық негіздерінің Құраннан кейінгі екінші дереккөзі болып саналады. Мүжтаһид хадис фиқһының барлығын үйренуі тиіс. Пәтуа ісіне кіріспестен бұрын хадистегі ғибадатқа, құқықтық нормаларға және әр түрлі жағдайларға қатысты бөлімдерді меңгеруі қажет.

Хадистер бізге жету тұрғысынан барлығы бірдей нақтылыққа ие бола бермейді. Хадис шежіресіндегі (хадисті пайғамбарымыздан (с.а.у.) бері қарай жеткізушілердің тізімі) мәселелерге байланысты сахих (дұрыс), зағиф (әлсіз) сияқты сипаттамалар алады. Сондықтан бұл саладағы ғалымдар хадистің осы тұсына орасан зор көңіл бөлді. Хадис шежіресіндегі әрбір кісіні егжей-тегжейлі зерттеді. Хадистерді арнайы қойылған шарттар аясында топ-топқа бөлді. Олар хадисті риуаят еткен кезде оның дәрежесін, қай топқа жататынын баяндап, мутауатир немесе мәшһүр немесе ахад хабар деп айтып кетті. Сондықтан ізденуші бұл тұрғыда айтарлықтай қиындыққа жолықпайды. Тақырыптарға бөліну жағынан да анау айтқандай қиыншылық көрмейді.

Хадис кітаптарының көбісі фиқһи тәртіппен реттелген және фиқһ тақырыптарын арнайы баптарда қарастырған. Енді ізденуші осы хадистердің фиқһтағы мағыналарын арнайы жазылған түсіндірме кітаптары арқылы үйренуі керек. Бұған қоса мүжтаһид үшін хадистегі сөздердің мазмұнындағы жалпылық пен жалқылықты, шектеулі мен шектеусізді қайсысының үкімін жойғанын және қайсысының оның орнына қойылғанын білу шарт.

Үшінші шарт: Өзіне дейінгі бүкіл ғасырдағы мұсылман ғұламаларының ижмасымен қойылған шариғи амали үкімдерді білуі. Себебі осындай ижмамен (бүкіл мұсылман ғұламасының қолдауымен) шариғи үкім белгіленгеннен кейін бұл мәселеде жаңа ізденіс пен өзгеріс жасауға орын жоқ. Бір фиқһшы ғалымға ижмамен бекітілген мәселеде пәтуа сұралса, бекітілген ижмадан  хабарсыз болғандықтан бұл үкімге қайшы пәтуа беруі мүмкін. Шариғатта бұған рұқсат етілмейді.

Төртінші шарт: Ислам шариғатының көздеген мақсат-мұраты мен басты принциптерін толық білу. Себебі егер осылардың біреуінен хабарсыз болса, ізденіс жасауда кейбір мәтіндердің сырт мағынасына қарап, қатеге түсу ықтималдылығы басым болып, нәтижеде бұл принциптерге  қайшы пәтуа беруі мүмкін. Бұған шариғатта рұқсат етілмейді.

Бесінші шарт: Халықтың әдет-ғұрпын, хал-ахуалын және олардың игілігі мен зиянына алып баратын нәрселерді толық білуі. Себебі бұларды білмейінше дұрыс пәтуа беру мүмкін емес.

Алтыншы шарт: Араб тілін толық меңгеру. Морфология (сарф), синтаксис (наху) және араб әдебиеті арқылы сөздің мағыналық құрылысын (баян) біледі. Осы арқылы ижтихадта сөздің мазмұнына қатысты нақты шешім қабылдай алады.

Жетінші шарт: Дінінде және мінез-құлығында турашыл болу. Яғни жаман іс-әрекеттен аулақ болуы. Бұл шарт ғылыми тұрғыдан емес, бірақ пәтуасының қабыл етілуі тұрғысынан рөл атқарады.

Сегізінші шарт: Ақылының кәмілділігі. Дұрыс қорытындыға қол жеткізу өте қиын болғандықтан, парасаттылық пен даналыққа  жетпеген адам мүжтаһид бола алмайды.

Ижтиһад жасаудың үкімі 

Ислам шариғаты өмірдің барлық саласында, барлық уақытта өміршеңдігі, оған қоса заманның жаңарып, дамып отыратындығы, осыған сай жаңа шешімдерге қажеттілік туындауы ижтихадтың исламдағы маңызын ұлғайта түседі. Ижтихад жасаудың үкімі мүжтаһидтік дәрежеге жеткен адам мен ол дәрежеге жетпеген адам үшін бірдей емес.

а) Мүжтаһид дәрежесіне жеткен ғалымдар үшін ижтиһад жасау кей жағдайда парыз-айн, кей жағдайда парыз-кифая, ал кей жағдайда мұстахаб болады.

Яғни шариғи үкімі білінуі керек болған бір оқиғамен бетпе-бет келсе, онда мүжтаһидтікке лайық кісі болғандығы үшін ол басқа ешкімнің ижтиһадына ермей өзі ижтиһад жасауы парыз-айн болады.

Сондай-ақ кез келген бір мұсылман немесе мұсылман жамағаты шариғи үкімі анықталуы керек болған бір оқиғаға тап болса, мүжтаһидтікке лайық кісі сол елге мүфти болып сайланса немесе одан басқа лайық кісі болмаса тағы да ижтиһад жасау парыз-айн болады.

Егер осы жағдайларда бірнеше мүжтаһидтікке лайық кісілер болса, онда оларға парыз кифая болады. Іштерінен бірі пәтуа берсе, өзгелердің мойнынан міндет түседі.

Ал егер әлі кездеспеген, болашақта орын алуы мүмкін оқиға жайында "осылай бола қалса" деп сұрақ қойылса, онда пәтуа беруі жақсы (мұстахаб) болады, қаласа жауап бермейді қаламаса бермейді. Бұл пәтуаға зәрулік болмағаны үшін оған күнә жоқ.

ә) Мүжтаһидтік шарттарға лайық болмаған ғалымдар мен өзге халық үшін ижтихад жасау (өз бетінше Құран мен хадистен үкім шығару) харам. Себебі бұл адамдар шариғи дәлелдерді зерттеуге, ол жердегі Алланың үкімін түсінуге қабілетті емес. Олардың ізденістері Алланың үкіміне жеткізе алмайтындығымен қоса, адасушылыққа итермелейді. Сондықтан Аллаһ тағаланың "Егер білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар" («Нахл» сүресі, 43-аят) деген әміріне құлақ түріп, бұл адамдар өзге білетіндерден сұрауы тиіс. Сондай-ақ Аллаһ тағала пендесінің шамасы жетпейтін нәрсені жүктемейді. Құранда: "Алла адамға шамасы келетін міндетті ғана жүктейді"дейді («Бақара» сүресі, 286-аят)

 Тақлид және Муқаллид

Тақлид дегеніміз – дәлелін білместен өзге бір адамның сөзін айғақ ретінде ұстану. Мәселен, Әбу Ханифаның сөзі бойынша дәретте бастың төрттен біріне мәсіх тарту парыз деу секілді. Мұндай адамды муқаллид дейміз.

Тақлидтің үкімі:

Жоғарыда мүжтаһид дәрежесіне жеткен адам үшін туындаған мәселеге өзі ізденіп үкім шығару керектігі, өзгенің сөзін ұстануға болмайтындығы айтылды. Енді мүжтаһидтік дәрежеге жетпеген адам (мейлі ол адам халықтың бірі болсын, мейлі ғылымда белгілі деңгейге жеткен ғалым болсын) шариғи-амали үкімдерде өзгенің пікірін ұстануы дұрыс па?

Бұл мәселеде әр түрлі көзқарастар бар. Бірақ соның ішінде шариғи дәлелдерге сай болғаны төмендегі көзқарас:

"Мүжтаһид дәрежесіне жетпеген әрбір адам мүжтаһид имамдардың бірінің жолын ұстануы шарт. Жолыққан мәселелерін ғалымдардан сұрауы керек".  Себебі:

1) Құраннан дәлел: Құранда: "Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар"(«Нахл» сүресі, 43-аят) -дейді. Аллаһ Тағала білмейтін адамның білетін адамнан сұрауын әмір етуде. Бұл аят адамдардың ішінде білмейтіндер және білетін ғалымдар болып екіге бөлінетіндігіне дәлел. Әрі аталмыш аят білмейтін адам бір мәселеге жолыққанда өзі хабарсыз болған үкімін ғалымнан сұрап оған еруін міндеттейді. Егер оның сөзін қабылдамаса сұрауды міндеттеудің еш мәні қалмаған болар еді. Тақлидті, яғни ғалымдарға еруді тыйып, ижтиһадты әрбір адамға міндеттеу жоғарыдағы аяттың мазмұнына қайшы келуде.

2) Ижмадан дәлел: Сахабалар мен табиғиндердің ішіндегі мүжтаһид болмағандары бастарына бір іс түскенде өз араларындағы мүжтаһидтеріне жолығып, сол істің үкімін сұрайтын. Мүжтаһид сахаба мен табиғиндер осы іс жайындағы Алланың қойған үкімін айтып беретін,ешбірін сұрақ қоюдан тыймайтын. Ешбір дерек көзінде сұрақ қоюшыларға "өздерің іздеп тауып, үкімін біліп алыңдар" деп, әмір еткен оқиға кездестірмейміз. Шамасы жетпейтін адам ижтиһадпен міндеттелмейтіндігі және ижтиһадқа шамасы келетін адамнан сұрауы сахаба мен табиғиндердің түгелдей қолдауымен (ижмамен) бекітілген іс. Ендеше бүкіл адамды өз бетінше ижтиһадпен міндеттеу ижмаға қайшы іс.

3) Адам табиғатынан дәлел: Ижтиһад әрбір адамның қолынан келе беретін іс емес. Себебі шариғи дәлелдерді түсініп үкім шығару ерекше дарындылықты талап етеді. Бұл мүмкіншілікті Алла тағала құлдарының барлығына бермей, олардың ішінде аз ғана топқа тән қылады. Енді мүмкіншілік берілмеген адамнан сол істі талап ету шамасы жетпейтін істі міндеттеу болмақ. Ал бұл болса, Аллаһ тағала: "Аллаһ адамға шамасы келетін міндетті ғана жүктейді" («Бақара» сүресі, 286-аят) – дегені үшін шариғи тұрғыдан дұрыс емес.

4) Өмір заңдылығынан дәлел: Ижтиһадта шариғи және тіл ғылымына қатысты білімдерді меңгеру үшін ұзақ уақыт қажет. Барлық адамның осы жолмен айналысуы өмірдегі басқа зәру қажеттіліктердің тоқтап қалуына алып барады. Тіршілік көздерін меңгеруге кедергі болады. Бұл – өнеркәсіп, сауда-саттық, егін шаруашылығы сияқты қоғамдық жүйені сақтап тұратын өзге игіліктердің бұзылуы деген сөз. Бұлай істеу шариғаттың негізгі принциптеріне сай келмейді.

Батырбек УБАЕВ,

дінтанушы

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру