Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Абай танымын үлгі етсек...

01.04.2015 4711 0 пікір
Біздің елімізде 17 конфессияның өкілдері бейбітшілік пен келісімде тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың ішіндегі аса ірілері – ислам, православие және протестанттық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде елімізде тіркелген діни конфессиялар қазақ­стандықтарды бір мақсат, бір мүдде төңірегінде бірік­тіруге, мемлекеттіліктің ны­ғаюы­на және елдегі саяси тұрақтылықтың сақталуына қызмет ету керектігін айтты. 

– Біздің елімізде 17 конфессияның өкілдері бейбітшілік пен келісімде тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың ішіндегі аса ірілері – ислам, православие және протестанттық. Қазақстан аумағында тарихи жолмен қалыптасқан Ханафит исламы ұстамдылығымен және төзімділігімен, ислам құндылықтарын парасатты түсіндіруімен ерекшеленеді. Қазақстандағы тегі славян тұрғындарының көп бөлігіне тән православие басты мәселе ретінде адамның ар-ұяты мен адамгершілік таңдауын, ізгілік пен аяушылықты қояды. Соңғы жылдары Қазақстанда протестанттық шіркеуге барушылар қатары өскені байқалады. Протестанттық табысты және өнімді еңбекті, ұқыптылық құндылықтары мен қайырымды істерді адам өмірінің өзегі ретінде қарастырады. Осылайша, әр діннің өз қасиеті бар. Олар қашанда қазақстандықтарды біріктіріп, бейбітшілік пен келісім, қоғам мен экономиканы дамыту, мемлекетті нығайту ісіне қызмет етуі тиіс, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Біздің ел – зайырлы мемлекет. Бірақ дінсіз қоғам жоқ. Ал қоғам – мемлекеттің қозғаушы күші. Сондықтан екі тараптың өзара бірігіп әрекет ететін кеңістігін, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап, жетілдіріп отырудың маңызы зор. Дінтанушы мамандар ғана емес, саясаттанушылар да қоғамдық пікірдегі зайырлылық принципі таза діни нанымдардан бастау алғанын айтады. Өйткені сол бізге үлгі болатын батыстық зайырлы мемлекеттердің дені діни үлгідегі қоғамнан тұрады. Зайырлылық ұғымын өз наным-сенімдерінің жалпы көрінісіне ыңғайлағанын байқау қиын емес. Әсіресе, АҚШ-та. Америка президенттерінің «Құдай, Американы жарылқай көр!» деп ән салуы, ант берерде «Інжілге» қол қоюы  – сөзіміздің дәлелі. 

Жалпы, дін істері декларативті түрде мемлекет әсерінен тыс болғанымен, әр мемлекеттің өз діни саясаты болатыны ақиқат. Яки, мемлекет өз азаматтарының қандай діни моделді ұстанатынын айшықтап алуға тиіс. Қоғам қайраткері Амалбек Тшанов солтүстіктегі алып көршіміз Ресейдің саяси өмірінде православтық бояу қалыңдап бара жатқаны ешкімге жасырын емес екенін айтады. Қазір мұнда елдегі басты діндердің негізгі қағидаларын үйрететін пәндер жиынтығын мектепке енгізу (қазірше баланың таңдауы арқылы) тәжірибесі қарастырылуда. Олай болса, қазақстандық құзырлы орындар дәстүрлі дінімізді насихаттау ісін өз бақылауына алуы керек. Мемлекет дін істерінде өз ұстанымын жария етіп, ғасырлардан бері елдіктің іргетасы қызметін атқарған төл руханиятымызға ден қоятын уақыты жетті. Діні жойылған халықтың жойылуы тарихи заңдылық. Кез келген мемлекеттің дамуын, болашағын діннің дамуымен, ізгілендіруімен қатар қарайды. Зайырлы мемлекетте дін мәселесі дүниетанымдық плюрализмге (пікір алуандығына) негіз­деледі. Бұл үрдіс жалпы қағида есебінде барша елдерге таңылғанымен, дінді ұлттық мұраттарына қалай жаратуды әр қауым жеке-дара өзі шешіп келеді. Осыған орай, дін мен мемлекеттің қарым-қатынастары нендей тұғырға табан тірейді деген сауал бүгін де өзекті. 

– Қазақстанда зиялы қауымның дінге пәлендей әсері болып жатқан жоқ. Өйткені әлі күнге шейін кеңестік сана тұрғысынан шыға алмай жатырмыз. Қазақтың аға буынына қарағанда атеизмнің құрығында тәрбиеленбеген жастар дінді жақсы түсіне­ді, қатты қызығады. Бұл қуанышты. Біздің халқымыздың өмірін, тіршілігін діннен тыс елестету мүмкін емес. Кеңестік дәуірде дінімізге құрық салынғанда, ата-әжелеріміз Аллаға деген сенімін жоғалтпай, үйлерінде жасырын намаз оқыған. Ол кезеңде бабамыздың санасында діни құндылық басты орында болды. Ал бүгінде мемлекеттің дін туралы халыққа қарсы үгіті жоқ, бірақ діннің де елге деген зорлығы жоғы тағы анық. Біз осы ретте діндер тарихына жалпылама қарамай, «Біз кімбіз?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Мысалы, Түркияда түріктен өзге ұлт көп. Бірақ ол ел ислам дінін негізгі дін ретін бетке ұстайды, оны негізгі дін ретінде қабылдайды. Олардың бұл ұстанымы өзге діндерге қатысты ұстанымынан да анық аңғарылып тұрады. Қазақ өткен тарихында ислам дінінен іргесін бөлмеген ел. Біз мұсылман елі, мұсылман халқы болғаннан кейін осы мәселенің бетін ашып алуымыз керек. Дін мен мемлекеттің қарым-қатынасы мемлекеттің нығаюына алып келеді. Себебі, діннің негізін дұрыс түсіне алған адам ешқашан қайшы жолға бармайды. Дін сол кезде ғана мемлекеттің тыныштығы мен дамуына қызмет етеді. Халық тазалық пен айқындықты діннен іздейді. Соған қарап бет түзейді. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елде тіркелген, жұмыс істеп жатқан діни бірлестіктерге барлық жағынан үлгі болуы тиіс. Біз сол кезде ғана дінаралық үйлесімділікке, соның ішінде, мемлекет пен дін арасындағы үйлесімділікке қол жеткіземіз. Мұндай жағдайда діннің мемлекеттің саяси тұрақтылығы жолындағы еңбегі қалыпты құбылысқа айналады, – дейді Амалбек Тшанов. 

Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов дәстүрлі діндер арасындағы үйлесімділік жөнінен біздің ел әлемге үлгі болып отырғанын айтады. Қазақстан тәрізді зайырлы мемлекет үшін бұл тақырып бұрыннан да маңызды еді. Біз ендігі жерде діннің пайдаланып үлгермеген әлеуетін барынша жарқыратып көрсетуіміз керек. 

– Дін мен дәстүр бірлігі – өт­кеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Қазақстандықтардың басым көпшілігі ислам және христиан дінін ұстанатынын білеміз. Кім қандай дінді ұстансын, әркім өз дінінің құндылығын сақтап, дінаралық татулықты нығайтып, бір-біріне құрметпен қарап, діннің рөлін қоғамда көрсете білуі керек. Ислам дініне сәйкес, әрбір тұлғаның еркі мен мінез-құлқы оның осы өмірі мен ақыреттік өмірінің нәтижесін көрсеткені сияқты, қоғамның гүлденуі мен құлдырауы да оның мүшелерінің еркі мен өмір сүру салтын анықтайды, – дейді Камал Бұрханов. 

Дінтанушы ғалым Мұхиддин Пәттеев те рухани және материалдық деп екіге бөліп қарастырып жүрген қажеттілік шын мәнінде, бүтін екенін, оларды бір-бірінен бөліп-қараудың реті жоқ деген пікірге басымдық береді. Бірақ біздің елде күні бүгінге дейін «дін мемлекеттен бөлек» деген пікірді жақтаушылардың қатары азаймай отыр. 

– Зайырлылықты күшейту – дінді әлсірету деген сөз емес. Діни қызметпен жай ғана санасу емес, оның сапасы мен нәтижесін жіті назарға алып отырған жөн. Дін саласындағы қызмет бағыттарын күшейту керек. Тәуелсіздік алғанда жаһандық үдерістермен бетпе-бет алғанда абдырап қалдық. Себебі 70 жыл бойы аты жоқ, ғылыми түрде зерделенбеген дінмен өмір сүрдік. Біз әлемдік тарихта Қазақ елі болып бой көтергенде, ислам ді­ніндегі Ханафи мәзһабын ұстандық. Бүкіл салт-дәстүріміз мен құндылықтарымыз мәз­һабқа қарай дамыды. Мысалы, қазақтар кішкентай балаға көз тимесін деп баланың маңдайына күйе жағып қояды. Кезінде екінші Халифа көз тимеу үшін жас баланың маңдайына күйе жағып қойыңдар деп кеңес берген екен. Одан бас тарту – ата-баба құн­дылықтарынан бас тарту деген сөз. Біз сол дінімізге Абайдың, Шәкерімнің көзімен қарасақ, солар таныған деңгейде танысақ, ата жолымыздан адаспаймыз, – дейді Мұхиддин Исаұлы.

Алматы қаласы «Таугүл» мешітінің имамы Ермек Көкірекбаев ислам қазір  қазақ жерінде екі бағытта дамып келе жат­қанын, алғашқысы – мәдени-ағарту­шылық, екіншісі саяси-әлеуметтік бағыт екенін айтады. Бірінші бағыт – халықты жалпы мұсылмандыққа насихаттау, халық дәстүрлерімен ұштасқан исламның рухани мәнін түсіндіру. Екінші бағыт – саясаттанған ислам. 

– Бірақ исламның саяси мақсаттары мен оған жетудің әдіс-тәсілдерін қазақ қауымы қолдамайды. Сонымен бірге, ислам дініне бой ұсынуымыз дәстүрлі мәдениетіміз бен дүние танымымызды ығыстырып, схоластика мен мистиканың бел алуына ұрындырғанынан сақтануымыз керек. Біз мешіттер болғанын, медреселердің көптеп ашылғанын қалаймыз. Ислам дінінің де исламдыққа, сауапшылыққа, биік адамгершілікке насихаттайтын ықпалын сонымен бірге, ұлтаралық ынтымаққа дәнекер бола алатын қасиетін мейлінше икемділікпен бүгінгі өмірімізге жарата білуіміз қажет. Сонда ғана ұлттық рухты, этникалық ерекшелік пен рухани қазыналар жүйесін сақтап қалуға, оны келесі тарихи кезеңдерге өркендетуге мүмкіндіктер туады, – дейді Ермек Көкірекбаев. 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру