Алла Тағала жер мен көктегі барлық нәрсені адам баласының игілігі үшін жаратты. Сансыз нығметтер берді.
Бұл туралы қасиетті Құранда былай делінген: «Алла көктер мен жердегі барлық нәрсені өз тарапынан (сый ретінде) сендерге бағынышты етті. Әлбетте, ой жүгірте білген қауым үшін мұнда тұнып тұрған ғибраттар бар» (Жасия сүресі, 13-аят). «Аллаһ көк пен жердегі барлық нәрсені сендерге бағынышты етті. Сондай-ақ, сендерге ашық әрі жасырын түрде қаншама нығмет жаудырды. Мұны көрмедіңдер ме?!» (Лұқман сүресі, 20-аят).
«Алла сұраған нәрселеріңнің барлығын сендерге берді. Алланың нығметтерін санайтын болсаңдар, оларды әсте санап тауыса алмайсыңдар. Расында, адам баласы тым залым, жақсылықты білмейді» (Ибраһим сүресі, 34-аят).
«Алланың нығметтерін санайтын болсаңдар, мүмкін емес, оларды әсте санай алмайсыңдар. Расында Алла аса кешірімді, өте мейірімді» (Нахл сүресі, 18-аят).
Адам баласына берілген күллі нығметтің шынайы қожайыны – Алла Тағала. Бұл туралы Құран Кәрімде:«Нығмет ретінде сендерге жеткен барлық нәрсе Алладан келді» (Нахл сүресі, 53-аят) делінген.
Адам баласына мұншалықты мол нығмет тарту еткен Жаратушы Иемізге рақметімізді білдіріп, шүкіршілік ету әрбір пенденің борышы. Адам баласы өзіне бір шыныаяқ су немесе бір шоқ гүл сыйлаған жанға тым болмағанда бір ауыз рақмет айтуды борыш санайды.
Себебі, мұны адамгершілік пен ар-ұждан міндеті деп есептейді. Егер біз Ұлы Алланың бізге берген сансыз нығметтері жайлы сәл ғана ойланатын болсақ, оған қаншалықты қарыздар екендігімізді және қаншалықты алғыс білдіруіміз қажет екендігін түсінуіміз еш қиынға соқпас еді.
Жалпы, жасаған жақсылығы үшін кез келген пендеге рақмет айта білу – адамгершілік қасиет. Өйткені, жаратылғандарға рақмет айтуды білмейтін адам Жаратушыға да шүкіршілік етпейді. Дегенмен, зер салып, ой жүгіртетін болсақ, жақсылық жасаған адамға өзімізді борышты санау, оларға алғыс айту, жақсылықты жақсылықпен қайтару сынды т.б. әрекеттер жақсылықтың негізгі иесі Алла Тағала үшін де жасалу керек. Мұны ешқашан ұмытпауымыз керек.
Өйткені, Алла Тағала күллі ғаламды жаратқан кезде әрбір істі белгілі бір себептермен байланыстырған. Яғни, кез келген іс өзінен-өзі болмайды, белгілі бір себепке байланысты жүзеге асады. Міне, сол себептерді жаратушы – Алла Тағала.
Егер тек адамдарға ғана жақсылық айтып, Алланы ұмыт қалдыратын болсақ, бұл құдды өзіне өте құнды сыйлықтар тарту еткен кісіге емес, тек оны алып келген пошташыға ғана алғыс айтумен тең болмақ. Бұл – күлкілі тым орынсыз әрекет.
Сондықтан, нығметтерді бізге жеткізіп қана берген себепшілерге алданып, Аллаға шүкіршілік етпеу немесе ризықтың соңын қуып, Раззақты яғни, ризықтың асыл иесін ұмыту барып тұрған ақымақтық, жақсылықты түсінбестік болып табылады. Олай дейтініміз, адам баласы үшін Алланы ұмыту асқан ұят нәрсе. Бұл барып тұрған ғапылдық. Мұнымен қоса өзіне шынайы нығмет берушісін ұмытып, өткінші дүниелерге алдануы уақыт өте өзін өзгенің жетегінде құл болуға әкеп соғады. Ал бұл мұсылмандарға жараспайтын дүние.
Нығметтердің шынайы иесін танымау және оған немқұрайлылықпен қарау нағыз жақсылықты түсінбеу. Мұның соңы пендеге жақсылық әкелмейді. Бұл жайында Құран Кәрімде былай айтылған: «Расында, адам баласының Раббысына тым рақметі жоқ. Өзі де бұған куә» (Адият, 6-7 аяттар). «...Егер шүкір етсеңдер, нығметтерімді арттырамын. Ал күпірлік қылсаңдар, біліп жүріңдер, азабым өте ауыр болмақ» (Ибраһим сүресі, 7-аят). «Егер күпірлік ететін болсаңдар, біліңдер, Алла сендерге мұқтаж емес» (Зумәр сүресі, 7-аят).
Денеміздің әрбір мүшесі өз алдына бір нығмет. Олардың біреуінен айрылып қалғанымызды ойласақ, оның қаншалықты құнды екенін түсінер едік. Мысалы, күнделікті жұмысымызда бір күн бойы бас бармағымызды жоқ деп есептеп, оны еш қолданбасақ, оның жоқтығы жұмысымызға едәуір кері әсерін тигізеді.
Басқа мүшелеріміз де, тіпті мүшелеріміздің кішкене бөлшектері де осылай өзінің жоқтығын сездіреді. Міне солардың жоқ болғандары үшін қаншалықты қиналсақ, аман-сау орнында тұрғандары үшін де соншалықты шүкіршілік етуіміз керек. Себебі, қасиетті Құранда ақырет күнінде осы дүниеде бізге берілген барлық нығметтен жауапқа тартылатынымыз жайында айтылған: «Соңында, сол күні (дүниеде пайдаланған) нығметтерден міндетті түрде сұраласыңдар!» (Тәкәсур сүресі, 8-аят).
Ақыретті бір шетке ысырып қойып, тек дүние молшылығына қол жеткізу үшін жылтыраған дүниенің әшекейіне алданып, өмірді өткінші ләззаттардың соңын қуумен өткізген кісінің жағдайы қандай аянышты десеңізші!
Бесік пен табыт арасындағы нәзік байланысты ұғына алмай, басын бұрып алып, тоқтаусыз мазарға қарай тартатын өмір атты сапардың хикметі мен сырын түсінбестен жалғанды жауапкершіліксіз жалпағынан кешу – опық жегізбесе, жақсылық әкелмесі хақ.
Қасиетті кітабымыз Құранда өмірді босқа өткізуден сақ болу қажеттігі талай жерде ескертілген: «Бізді, сендерді босқа жаратты деп және Бізге қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма?» (Муминун сүресі, 115-аят). «Адам баласы өзін бос қоя берілемін деп ойлайды ма?» (Қиямет сүресі, 36-аят). Жаратушының жақсылығын ұмытып, соңында опық жеп жүрмейік бауырлар!
Ерғали Алпысбаев,
дінтанушы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
16.03.2015
5862
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру