Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Данияр ЖҰМАБАЕВ: ЖАТ ИДЕОЛОГИЯҒА ТОЙТАРЫС – ДІН НЕГІЗДЕРІН САҚТАУ

12.03.2015 4282 0 пікір

Бірлік бар жерде – береке, бейбітшілік бар жерде – тыныштық, татулық бар жерде – достық бекем болады. Сондықтан, Ислам – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақырады. 

Алтау ала болса, ауыздағы кетеді

Осы сөз бүгінгі қоғамға қарата айтылғандай көрінеді. Ислам діні топ-топқа, ағымға бөлінуді құп көрмейді.  Адамзат баласын сүйіп жаратқан Алла мұсылмандарды қоғаммен бірігіп өмір сүруге бұйырып, бөлінушілікке жол бермеуге шақырады. Сондай-ақ, Жаратушы Иеміз бірлік болмаған жерде адасушылық болатынын ескертіп: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», - деп бірлікке үндейді («Әли Имран» сүресі, 103-аят). Ардақты сахаба Әбу Зәрр (р.а.) риуаят еткен хадисте ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кім көпшіліктен (жамағаттан) сүйемдей жер алыстаса, ол өз мойнындағы Исламның арқанын алып тастағандай болады», - деген. Асыл дініміз Ислам көпшіл болуға, бірігіп ел болуға шақырып қана қоймай, жік-жікке бөлінуден сақтануға үндеген. Хазреті Омар (р.а.) бірде «Жәбия»» деген елді мекенде: «Әй, адамдар! Мен сендердің алдарыңда тұрмын. Кезінде Алла Елшісі біздің ортамызда осылай тұрып: «Сендерге сахабаларымды өсиет етемін және олардан кейін келетіндерді өсиет етемін... Жамағатпен (көпшілікпен) болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар. Өйткені, шайтан жалғызға жақын, екеуден қашық. Кім жәннаттың төрін қаласа, көпшілікпен болсын деп еді», - деген екен. 

Дін мен дәстүр рухани тәрбие негізі

Еліміздің ертеңі бүгінгі өскелең ұрпаққа тікелей байланысты. Ендеше, еліміздің болашағы жастар болғандықтан, олардың рухани тәрбиесіне ерекше мән беруімізді қажет. Хакім Абай: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі», - дейді. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болып өседі, құлша тәрбиелесең – құл болып өседі», - деген сөзінің астарында жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу жатыр.

Қазіргі уақытта тәрбие беру, имандылық пен ұлттық негізде жүйелеуді қажет ете бастады. Сол себепті, дәстүрлі ислами ілім мен ұлттық сипатымызды жастар бойына сіңіре алсақ, оның қоғамға әкелер пайдасы көп. Мәселен, ақпараттар тасқындаған заманда, жастарымыздың таза ислами білімі болса сырттан келген ақпараттарды «ішкі сүзгіден» өткізе алар еді. Демек, ішкі, сыртқы қорғаныс қабаты қалыптасар еді. Соңғы кездері елімізде дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарастарға үйлеспейтін түрлі пікірлер, ұстанымдар шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде. Әуеліде кемшілігі жоқ боп көрінген бұл ағымдар уақыт өте келе «жылтырағанның барлығының алтын емес» екендігіне көзімізді жеткізгендей болды. Бүгінде мектеп оқушылары мен студент жастар сол жат пиғылды ағымдардың қармағына тез ілініп, ата-анасына, ұстаздарына, елінің ұстанымына, ұлтының салт-дәстүріне қарсы шығып жатуы сол қорғаныс қабілетінің жоқтығынан болып жатқан жайттар. Сондықтан, жастардың рухани тәрбиесіне ерекше мән беруіміз қажет. Ол үшін ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат алуға кеңес бергені жөн. Сонда ғана бала ұлтының рухани тірегі, дінінің қорғаушысы болары ақиқат. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағымдар өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін. 

Жат ағымның мақсаты не?

Дәстүрден тыс діни ағымдардың түпкі ниеті біреу-ақ, ол - қарапайым адамдарды өз мақсат-мүдделеріне пайдалану, сол арқылы материалдық игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу. Ал мұның салдарынан түрлі діни ағымдардың жетегінде кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі әбден мүмкін.

Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұған қатысты: «Алла сендерден үш нәрсені ұнатады: Біріншісі, Аллаға ғана ғибадат ету, Оған басқаны серік қоспау. Екінші, түп-түгел Алланың жібіне жабысып, бөлінбеу. Үшінші, сендерге басшы болғандарға мойынсұну», – дейді. Алла тағала «Ниса» сүресінің 59-аятында: «Ей, мүміндер! Аллаға, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріңе бойсұныңдар», – деп бұйыруда. Міне, осы қағидатқа бабаларымыз қашан да берік болып, бөлінуге жол бермеді. 

Қандай жұмыс атқарылды?

Шынында діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдыруда. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді қазақ. Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімді кез-келген адамнан алмай, мешіт қызметкерлерінен сұрағанымыз абзал. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты ақпарт құралдары жұмыс жасауда. Дін істері комитеті мен діни басқарма тарапынан дұрыс-бұрыстығы зерттеліп бекітілген діни әдебиеттеріміз көп. Демек, діни қажеттілікті қанағаттандырарлық жұмыстар атқарылып жатыр. Аллаға шүкір, білікті білімді дінтанушылар, имамдар, ұстаздарымыз көбейіп келеді. Осының барлығы елдің игілігі мен халық мұратына жұмыс жасауда. 

Ынтымақ түбі - игілік

Қазақтың болашағы – тек бірлікте. Дана халқымыз: «Ынтымақ түбі - игілік», - деп бекер айтпаса керек. Ұлт пен ұлысты бауырына басқан бүгінгі қазақ елі берік ынтамағының арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Елдің жеткен әр жетістігінде ынтымақты ту еткен ел азаматтарының қосқан үлесі бар деп білген жөн. Ал, егер ел ішінде діни алауыздық туындап жатса, ынтымақты емес, бүлікті жақтаушы топтардың шырмауындағы жандардың әрекеті екені даусыз. Алла ондайдан сақтасын. Сол үшін жастарымыз бірлікті берік ұстап, ынтымақты ту етіп, имандылықты жанына серік етсе, кез-келген ағымға төтеп беріп, елдің рухани тірегіне айналары сөзсіз.

Данияр ЖҰМАБАЕВ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру