Адамзаттың асыл тәжі болған Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті мен хақ дінге бекем болған халқымыздың әдет-ғұрпы арасында бейне бір рухани үндестік бары белгілі. Халқымыз Хақ дін жолында, «Хаққа құл, расулға үмбет әзелден біз», – деп мұсылман екенін жалпы жұртқа паш ете отырып, жырға қосқан. Алаш жұртының Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншіліктері шын жүректен әрі алтындай саф болған. Бабаларымыздың ғасырлар бойғы жүрек үнін паш еткен өлең-жырларына үңілсек, олардың Алла Тағаланың: «(Уа, Мұхаммед, оларға айт:) «Егер Алланы жақсы көрсеңдер мені үлгі етіп алып, соңымнан еріңдер, сонда Алла да сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Алла Тағала тым кешірімді, әрі аса Рақымды», – деген бұйрығына иланып, бас игендігін көреміз. Демек, Алланы сүю – Пайғамбарды сүйіп, оның салған тура жолымен жүру деген сөз. Ол салған сара жол – Алла Тағаланың ризалығына жетелейтін ең тура бағыт.
Қазақтың «мұсылман емеспін» дейтіні жоқ. Тіпті кешегі атеистік жүйенің бұғауынан шыққан, дінін ұмытқан, ағымдарға еріп адасып жүрген кей азаматтарымыздың өзі екі сөзінің бірінде «шүкір, тауба» деген сияқты Хақ Тағалаға бойсұнуды білдіретін илаһи атауларды қолданып отырады. Міне бұл 14 ғасырдан бері рухына әбден сіңіп, салтымен бекіп, дәстүріне айналған Хақ тағала дінінің ұлттық болмысымыздан бөліп алғысыз орнығуының дәлелі еді.
Негізі бір сенімнің әуелі халыққа жетіп, сосын оның рухани әлемінен мызғымастай орын алуы оңай іс емес. Оның үстіне хақ дін Исламның жөні тіптен басқа. Хақ дініміз Ислам Алла Тағаланың күллі Адам баласына қалаған жалғыз діні болғандықтан да ол халқымыздың табиғи болмысымен өздесіп кеткен. Тіпті салты мен дәстүріне айналып, оның өзі мен мәні болып кеткен.
Ол сондықтан ұлтымыздың сөз мәнерінен де, іс жүйесінен де, рухани танымынан да үзіліссіз байқалып отырады. Мысалы, сөзінен көрініс табуы – «Құдай деген құры қалмайды». «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады. Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады». «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас». «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сияқы толып жатқан сөз шырақтары. Бұл Жалғыз Алла Тағалаға сенімнің, қажетті тек Алла Тағаладан ғана сұраудың керек екенінің сөз түріндегі мақал мен мәтелге айналған ақида (сенім) көрінісі болатын. Ісінен көрініс табуы – қай істі істесе де «Бисмилләһир Рахмәнир Рахим» деп Алла Тағаланың атымен бастап істеуі. Қазақ тамақ ішсе де, атқа мінсе де, үйге кіріп-шықса да осылай айтуды дағдысына айналдырған. Бұл хақ дініміздің қасиетті үкімдерінің істен толақ та анық көрініс табуы болатын. Ал, рухани танымынан көрініс табуына келетін болсақ, ол – қазақ тұтас ұлт ретінде өзін мұсылман халық сезінуі болатын.
Қазақ бұл істі ұлт болашағының негізі болып табылатын бала тәрбиесінен бастап жүргізуді көздеген. Ондай болса, оның болмысына сәби шағынан Ислам құндылықтарын толық сіңіруді ұлттық тәлім-тәрбие бағытының негізгі өзегі етіп алып, сонымен оларды бұлтарыссыз тәрбиелеп отырған. Онда да оны жалаң дін қағидалары ретінде ғана дәріптемей, әр істің істелу, сөз болса сол сөздің сөйлену барысындағы мақсатқа қарай кейде үкім ретінде, кейде тиым ретінде, ал кейде жәй мысал ретінде айтып, сіңіре, істете, атқарта білген.
Бір ғана «мынаны бүйтсем бола ма?» деп сұраған балаға, «жоқ» деп, үзілді-кесілді жауап бермей, «оны бүйтсең былай болады, әйтсең алай болады. Ал былай істесең оның нәтижесі мынадай керемет болады» деп, істің ығына қарай тәлімдеп отырған. Оның өзінде оны кейде толық, кейде жарты, кейде бұйрық, кейде талап, кейде тіпті міндет ретінде айтып, бірыңғай хаққа бағыттап отырған. Бұл барыста әрқашан баланың физиологиялық өсу, қабылдау деңгейін назардан тыс қалдырмаған. Міне бұл негізін Хақ тағала дінінен алған, тәрбие барысын баладан бастаған, ұлттық тәрбиеміздің салттан дәстүрге айналуының негізі еді. Сөзіміз жалаң ойдың ішінде жар тіреп қалмас үшін ағылшын саяхатшысы Д.Уарделлдің сөзін арқау еттік «Қазақтар – ер жүрек, еркіндікті сүйетін халық. Бірақ өзге көшпенділер сияқты елгезектеу. Олар достарына ақ көңіл де қонақжай, жолаушыға қайырымды, алайда, жауларына аяусыз. Оларға табиғат шешендік пен әзіл-мысқыл сезімін молынан сыйлаған. Балаларын шексіз сүйеді. Ұлға үлкенді құрметтеу, әкеге әкелік борышын сезіне білу қасиеті тән», – деген сөзі бар. Бұл қасиеттің барлығы Құран мен сүннеттен бастау алатынына сондай-ақ, біздің қанымызға сіңген ізгі қасиет екеніне өз басым шүбәсіз сенемін. Пенденің қателігі – діннің қателігі деген сөз емес. Бұл тұрғыда ғылымды сөйлетер болсақ: дін абсолютті болғанмен, адам абсолютті емес. Демек, асқазан тоқтығы, қайғының жоқтығы «көп айтса көнді, жұрт айтса болды» (Абай) деп, шыққан үнге сүрен қосып, шапқылап кетушілік жалпылама бір ұлтты пайдасыз пікірталасқа әкеп соқтырады. Ислам дінінің қадірі мен құны қазақ халқының өмірімен біте қайнасқаны сондай, күнделікті өміріміздің бір паршасы болып кеткен. Бұл дәстүр қазақ қанына әлімсақтан қалыптасқан. Ендеше жұртымыздың Аллаға, қияметке сенген кіршіксіз таза иманына ілімсіз ісіміз бен орынсыз мінезіміз арқылы сызат түсіріп алмайық. Хақ дінді көркем түрде, салтымызбен сабақтастыра отырып саф алтындай сақтай білсек, ұтылмасымыз анық. Қазақтың қос қанаты дін мен дәстүрі барда, сыңар қанатты құстың көкке самғары айдан анық. Жалғыз қанатты құстың жер сабалап қалатыны сияқты, осы екі құндылықтың бірінен айрылсақ, біздің де алысқа бармасымыз анық. Демек, қазақ халқы міне осындай – діні салтына, салты дәстүріне, дәстүрі қайтып айналып дініне қызмет еткен, солай еткізе білген, сол арқылы ғасырдан-ғасырға аман көшкен, қанша ма рет алапат жаудың табанында тапталса да өшіп кетпей бүгінге жеткен хақшыл халық.
Қажымұхан Қамбарұлы,
Әл-Мәдина мешітінің наиб имамы,
Нұр-Мүбәрак университетінің магистранты
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.02.2015
10772
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру