Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бурхан Абдулхаким: Имамдық - аса жауапты қызмет

30.01.2015 6312 0 пікір

Адамзаттың бұл дүниеде көп мұқтаждықтары бар. Ауырып қалса дәрігерге, үй салу үшін құрылысшыға, білім алу үшін мұғалімге, өмір сүріп жатқан ортасындағы тыныштық пен жайлылықты сақтау үшін әділ билікке мұқтаж. Бұлар адамның осы дүниедегі материалдық қажеттіліктері. Ал пенденің рухани әлемінің мұқтаждықтарын қамтамасыз ету міндеті жүктелген, адамның жан дүниесімен жұмыс істейтін ерекше қызмет иесі бар. Олар – дін адамдары, яғни имамдар. Жоғарыдағы мамандық иелері адамның материалдық мұқтаждықтарын қамтамасыз етсе, имамдар адамның ең тылсым тұсы - рухани әлемін дұрыстау жолында еңбек етеді. Имамдық қызмет Алла Елшісіне (ﷺ) пайғамбарлық міндеті жүктелген уақыттан бастау алады деуге болады. Иә, Пайғамбарымыз ең бірінші имамымыз әрі әміріміз еді. Ал, имамдар ақырғы Пайғамбардың (ﷺ) мирасқорлары мен ізбасарлары. Алла Елшісі: «Кімде кім адамдарды тура жолға шақыратын болса, ол адамның сауабы артынан ерген адамдардың сауабымен бірдей болады. Және олардың да сауабынан еш кемімейді!» деу арқылы имамдарды меңзейді, олардың еңбектерінің қаншалықты сауапты екенін атап өтеді[1].

Аллаға шүкір имамдықтың ауыр жауапкершілігін арқалаған дін адамдарының себебімен хақ дініміз халық арасында өз орнын, мән-мағынасын жоғалтпай қоғамдағы тұрақтылық пен адамгершілікті сақтауда зор үлесін қосуда. Осылай ғасырлар бойы жалғасып келеді.

Міне, XXI ғасырға да жеттік. Жалпы, өткен ғасырларға қарағанда біздің заманымызда имамдық жүгін алып жүру күрделірек болып бара жатыр десек асыра айтқандық болмас. Себебі, ол кездерде адамдар көбіне ауыл-ауыл, тайпа-тайпа болып өмір сүретін. Әр ауылдың өз молдасы бар, бәрі дерлік бір дінді ұстанатын. Имам шариғаттан не десе жұрт соған құлақ асатын, дін адамы ретінде оған бой ұсынатын. Оның үстіне ол заманда діни тұрғыда бүліктер (фитналар), теріс көз қарастар, жат ағымдар көп болмайтын. Иә, ол заман «жәннат» еді.

Қазіргі біздің қоғамдағы атмосфера мүлдем бөлек. Технология мен білімнің дамыған заманы. Дұрыс мағлұмат та, бұрыс мағлұмат та ақпараттық кеңістікте қолжетімді болған заман. Ортамыз да бұрынғыдай жалғыз дінді емес, өзге ұлт, сенім өкілдері араласқан күрделі қоғам. Адамдардың әсіресе жастардың дезинформациялану әсерінен дін туралы ойлары ауытқып тұрған кезең. Имамның әруақтарға Құран оқушы, жаман түс көрген кезде дем салушы, балаларға азан шақырып ат қоюшы ретінде рөлінің тым шектелген заманы. Иә, бұндай қоғамда жұртты дінге шақыру, дін адамы болып қызмет атқару үлкен міндеттемелер жүктейді.

Сонымен теледидарға телміріп, интернетке иіліп, дінді апиын деп түсінген идеологиядан шыққан қоғамды қалай хақ дінге шақыруға болады? Ол үшін дін адамдары қандай болуы керек? Ендеше осы бір мәселені ретімен қарастырып көрейік.

Тақуалық – имамдықтың өзегі.

Қандай қоғам, қандай ғасыр болмасын имам боламын деген адамға ең керекті болған басты қасиет ол – тақуалық. Адамды имамдыққа ақша, мал-дүние, не жұрттың алдында абырой жинау сияқты дүниелік ниеттер емес, Алладан қорқушылығы, Пайғамбарлардың ізбасары ретінде дінге қызмет етуге деген құштарлығы әкелу керек. Өйткені діннің өзегі – тақуалық. Ал, имам тақуалық жаршысы ретінде алдымен өзі осы қасиетті бойынан көрсетуі тиіс.  Егер имам тұлғасында дүниедегі барлық жақсы қасиеттер бола тұра, тақуалығында нұқсан болатын болса, ол адамнан жақсы дін насихаттаушысы шығады деп айту қиын. Былайша айтқанда жүрегінде тақуалығы болмаған дін қызметкері моторы жоқ машинадай. Алла сақтасын! Қарапайым адамның тақуа болу-болмауы өзіне қатысты мәселе болса, имамның тақуа болуы қажеттілік, жамағатқа міндетті түрде әсерін беретін жауапкершілік. Халықтың қалтасына қарап, жаназа күткен имамның халыққа берер пайдасынан зияны.

Расында Құдайынан қорқушы имам Одан басқа ешкімнен қорықпайды. Мешітке бірінші кіріп, соңынан шығады. Мұсылмандардың балаларына Құран үйретеді, мешіт қажеттіліктерін қолынан келгенше қамтамасыз етеді. Қажет болса ғибадат үйін өзі сыпырып, өзі дәретханасын тазалайды. Ол бұның бәрін жұрт көрсін деп емес, Алланың оған осы қызметі үшін үлкен сый дайындап, Пайғамбарлар, шахидтер арасынан тірілетініне сенеді. Және осы сенімі арқылы ол өз жауапкершілігіне алған халықтың да отыны адамдар мен тастар болған оттан құтқаруылына себепші болады. Тақуалық жел боп есіп оның имамдық кемесін күнаға, адасушылыққа толы дүние теңізінің ұзақ жолдарынан өткізеді.  

Білімді имам мыңды жығар, білімсіз имам кімді жығар?

Дүниедегі ең әсем әрі тозбайтын нәрсе бар болса ол – білім. Надан адам бір адамды, ал әр жерде жұртқа уағыз айтып жүрген надан имам бір қауымды адастыруы мүмкін. Сондықтан руханият сардары үшін ең маңызды болған қасиеттердің бірі ол – білімді болу. Көбіне дәрігерді тән емшісі, ал имамды жан емшісі деп салыстырып жатамыз. Бірақ имамдардың дәрігерлерден бір айырмашылығы, медицина қызметкерлерінің түрлері көп, ал имам әмбебап міндет жүктелген тұлға. Басы ауырған адам терапевтке, тісі ауырған адам тіс дәрігеріне, құлағы ауырған адам құлақ дәрігеріне барады. Ал, имамдарда мұндай жеңілдік жоқ. Дем салдырғысы келген адам да, түс көрген адам да, баласына Құран үйреткісі келген де, діни мәселелерді сұрап та сол бір молдаға барады. Осындайда имамның басында білім болмаса, алдына кеп тұрған адамдарға қандай жауап айтады? Сондықтан да, елді мазалаған мәселелерге мардымды, сауатты жауап беру үшін имам білімді болуы шарт. Білімді болу «Бұхари» мен «Мүслимді» жаттап алуды не Құранды Абдул Басит сынды оқу керек дегенді білдірмейді. Өзінің шама шарқына қарай және күнделікті жүйелі түрде білімін жетілдіріп отыруы қажет. Мәселен, Күніне кемінде екі пара Құран оқу; 5 хадис жаттау; ең азы 10 бет діни әдебиет оқу; жаттаған Құран сүрелерін қайталап отыру және шамасына қарай жаңадан сүрелер жаттау секілді жүйе қалыптастыру имамның міндеті болуы керек.

Құдайға шүкір қазіргі кезде білім аламын деген кісіге жол көп. Өзіміздің қазақ ғалымдарының жазып жатқан қазақша әдебиеттері де жеткілікті, ақпаратқа толы сенімді діни сайттар да жоқ емес. Тек жалқаулықты жеңіп уақыт бөлу керек.

Имам болсаң жан-жақты бол!

XI ғасырдың имамына тек Құран мен сүннет, фиқһ пен ақиданы білу аздық етеді. Тек мешітте уағыз айтып, намазда имамдық етумен шектелмей, қоғамдық мәселелерге де белсене қатысу  – заман талабы.

Тақырыптың басында айтып өткеніміздей өмір сүріп жатқан заманымыз өзгерістер мен қауіп-қатерге толы. Өз ортасына лайықты имам да діни мәселелерден басқа тарихтан (Қазақстан тарихы, әлемдік тарих), географиядан т.б. ғылымдардан сондай-ақ қоғамда болып жатқан оқиғалардан хабардар болуы керек. Ақпараттық технологиялар шарықтап тұрған ғаламтор әлемі де өте өзекті. Себебі, көпшілік әсіресе жастар ақпаратты көп жағдайда итнернеттен алады. Жат ағымдардың өз идеологияларын насихаттауда аса белсенділік танытып отырған бұл платформаны игеру имамның басты міндеттерінің біріне айлалуы тиіс-ақ. Ғаламтор жамағаты жат ағымның жетегінде кетпес үшін заманауи имам кибер әлемдегі насихатына білек түріп кіріскені жөн. Бұған қоса дін қызметкері «Алланың алдына қуатты мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда ұнамдырақ. Және бұл екеуінде де жақсылық бар»[2] деген Алла Елшісінің (ﷺ) хадисіне амал етіп,  бір уақытын спортқа бөлгені де дұрыс.

Психолог-имам – таптырмайтын маман.

Адамның руханият әлемін қамтитын дін саласында кісінің жан-дүниесін түсіне білу имам үшін үлкен артықшылық болып табылады. Имам халықтың адамы болғандықтан қарапайым қойшыдан бастап том-том кітап жазған академиктермен де жұмыс жасайды. Оларға дін қызметкері ретінде дінді уағыздайды. Яғни, ол қойшымен сөйлескенде қойшының дәрежесінде, баламен сөйлескенде баланың дәрежесінде, ал директормен сөйлескенде директордың дәрежесінде сөйлесуі керек. Міне, осындай кезде аталмыш адамдар не ойлайды? Не айтқысы келіп тұр? Қандай сөз айтсам оған әсерлі болады? деген сұрақтарды адамның ішкі күйін түйсіну арқылы қойшыға қойшының, бастыққа бастықтың «кілт сөздерін» тілге ала отырып үгіт-насихат жүргізсе, нұр үстіне нұр болатыны хақ. Сондай-ақ, жамағаттың ой-күйіне қарап уағыз жүргізу, намазда қарттар болса қысқа сүрелер оқу, жамағаттың, елдің жағдайын жасау үшін де халықтың көңілін сезіне білуі маңызды. 

 Бұған қоса Алла үйлеріне қол жайып көмек сұрап келетіндер де аз емес. Шыны керек олардың кейбірі шын халін айтып келетін болса, кейбірі есіктің сыртына мініп келген шетелдік көлігін жасырып, жағдайының жоқтығын айтып көмек сұраудан арланбайды. Әрине, алдайтын адам жылап-сықтап алатынын алып кетер. Дегенмен адамдарды жақсы тану, өтірік пен шынды ажырата білу қасиеті бұл мәселеде де көмекші болары сөзсіз.

Мәдениетті имам – ел үлгісі.

Имам дін және қоғам адамы ретінде киіну, ішіп-жеу, өзін ұстау, сөйлеу мәдениеттері жағынан баршаға үлгі болуы шарт. Білімді болу бір басқа, сол білімді жеткізе білу бір басқа. Жұма күні уағызға шығып, екі сөздің басын қосалмай, өз ойын жеткізе алмай тұратын болса уағыз тыңдаудың орнына телефондарын шұқылап отыратын жамағатқа ренжудің қажеті жоқ. Сол себепті әрбір имам әдемі, қысқа-нұсқа, көңілге қонымды етіп уағыз жүргізуге дағдылануы керек. Имам адамдарды тек қана тілімен емес сондай-ақ өзінің жүріс-тұрысымен, киімімен, амалымен дінге шақырады.

Алла Елшісі (ﷺ) Абдулла ибн Масғұдтан жеткен хадисте: «Алла әсем және әсемдікті жақсы көреді»[3] дейді. Сол себепті дін адамы әрқашан жұрт көзіне түсетін жерде таза әрі ұқыпты киініп, әсем болып жүруі керек. Сондай-ақ, имам қоғамның жауапты тұлғасы ретінде үлкен жиындарға, үкімет орындарына шақырылады. Ол жерде де діннің өкілі ретінде лауазымды адамдардың арасында өзін қалай ұстауды, не сөйлеуді, не сөйлемеуді жақсы білгені жөн.

Қазақстанның 75 пайызы мұсылман, 23 пайызы православ, тағы 2 пайызы басқа дін мен конфессия өкілдері саналғандықтан басқа дін өкілдерімен де қарым-қатынас мәдениетін білу имам үшін маңызды. Хақ діннің өкілі болса да имам олардың сенім-нанымдарын құрметпен қарап, үйлесімді түрде оларға қатынас жасауы имамның беделін көтеріп, мәдениеттілігін көрсетеді. Бұл ретте, Алла Елшісінің яһуди, христиан дін өкілдерімен жасаған жылы мәмілесі баршамызға үлгі болады.

Түйін.

Имамның бұл дүниеде көтерген жүгі ауыр. Бірақ, сол жүкті жауапкершілікпен, тақуалықпен көтерсе арғы дүниеде алатын сауабы да аз болмас. Ал, егер мансап, дүние үшін көтерсе, ахіреттегі күнәсі да жеңіл соқпасы анық. Алла Елшісінің (ﷺ)  өзі имамдарға: «Имам – жауапты, азаншы – сенімді. Уа Алла Тағала! Имамдардың тура жолға бастап, азаншыларды кешіре гөр!»[4] деп дұға қылған екен. Имам – ішінде жолаушысы толы үлкен автобус айдап келе жатқан жүргізуші секілді. Өз ісіне бейқам қарап, жолаушы тола автобусты аударып алған жүргізуші ең алғашқы соққыны өзі алады емес пе?! Сол үшін де өмір атты автобустың аударылмай, дүние жолаушыларының ахірет аялдамасына аман-сау, төрт көзі түгел жетуі үшін жүргізуші имамның мойнына артылар жауапкершілік аз емес!!!

 

Бурхан Абдулхаким

 

 



[1] Муслим 4831, 13-364.

[2] Бұхари.

[3] Муслим 131.

[4] Абу Дауд 517. Тирмизи 207.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру