Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Көгілдір түсті тәсбих

05.01.2015 6929 0 пікір
«Алланың рақымы. 2013 жыл». Көгілдір түсті тәсбих. - 1 орын

Сол жағымнан шыққан айқайдан селк еттім. Қатты қобалжығаннан беті қызарып кеткен құрбым көптен күткен смс-і келгенін қуана айтып жатты. Сол мезетте қасында отырған сұлу қыздар оның телефонына үңіле қалды. Үстел басында отырған басқа қыздар екі-үштен бөлініп алып, жарыса сөйлеп, ашуланып, қарқылдай күліп, бірінің сөзіне бірі құлақ аспай мәре-сәре болып жатқандай болды.

Өзім кейіннен сан рет өкінсем де,сол кеште мен олардың қатарына тағы да қосылдым. "Жастардың фешенебельді лаундж-бары" деп аталып кеткен мына жабайы орында арқаны кеңге салып, емін-еркін отыруға мүмкіндік бермей жатқан миыма ызам келді. Кенеттен тіпті бұл жерде не үшін отырғанымды да түсінбей дал болдым.

Алдымен біз өзімізді «сән-салтанатты өмір» сүріп жатқандай көрсету үшін көйлек пен басқа да қажетті әшекейлерді іздеп, дүкендердің табалдырығын тоздырамыз. Содан соң, өткен аптаны асүйде немесе көңілсіз кеңседе емес, Антальяның көгілдір теңіз жағалауында өткізгендей әсер қалдыру мақсатында сұлулық салондарына барып, бет-әлпетімізді адам танымастай жылтыратып бояп, әрлейміз. Соншама дайындалып, әуре-сарсаңға түсудің себебі болған жерімізге барамыз да, бір апта бойы, тіпті бір ай бойы жиған-тергеніміздің бәрін сол жерде құртып, темекінің ащы иісін үстімізге сіңіріп қайтамыз. Ақырында, апта бойы аузымыздың майын тамызып, өткен кештің қызықтарын бүге-шігесіне дейін талқылап  жүреміз.

- Ой, маған әлгі кейін клубта көрген жігіт хабарласты!!
- Менің құрбым оны танитын боп шықты. «Мерс» өзінікі емес, ол тек жүргізуші екен.
- Сен әлгі жігіттің ішкенін/билегенін/төбелескенін көрдің бе?
- Иә, оның досы маған қандай көздерімен қарағанын байқадыңдар ма?
- Анау бір жігіт есіңде ме? Не деген оңбаған! Қызының көзінше маған қырындап тұрды! Көрдің бе?
- Ой, мен оны танимын, қасындағысы қызы емес, оның әйелі ғой…
Бәріміз еріндерімізді жарыса созып: «Қо-о-ойшы-ы-ыыыыыы!»

Мен, былай айтқанда, бұдан ләззат алудан қалдым, тіпті ашуым келетін болды... Орындықтың арқасына шалқайып, тым болмаса, адамдардың маған сұрақ қойып мазамды алмағанына қуанайын дедім. Ешкім мені байқап та жатқан жоқ. Жоқ, дегенмен, байқағандар бар екен.

Қарама-қарсы үстелдің басында жиналған еркектердің арасында отырған бір жігіт. Он минуттан бері құдды бір жігіттің төресіндей керемет кербезденіп, көзқарасымен мені баурап алуға барын салып отыр. Әдетте бір қарағаннан лезде құрықтап алатын «сәнді» көзқарасы мен көз қысуынан нәтиже шығара алмаған ол, өз ойынша, "ауыр зеңбіргеін" іске қоспақ болды: «Бентли» деген брелок қыстырылған бір топ кілттерін шығарып, сол мезетте күзетшіге немесе қойма меңгерушісіне ұқсап қалды. Байғұс-ау, сол қылығымен күлкілі көрінетіні өзінің ойына да кіріп шықпайтын шығар. Осы жастардың, қыздар мен жігіттердің табиғаттарына сай өмір сүрмей, өздерін басқаша көрсетулері, адамдардың мән-мағынасыз әшекей-жылтырақтарын көрсетіп, бір-бірімен жарысуы... Соның бәрі, кем дегенде, түкке тұрғысыз, күлкілі болып көрінді...  Солардың ішінде өзім де бармын...
 
Белімді қысқанда демімді де қоса қысып, алқындыратын мына тар көйлек, жүргенде сегіз метрден астам ұзақтыққа қадам жасай алмайтын, асыға шешкенде аяғыңды қыздырып оттай күйдіретін, өкшесі өте биік әрі мүлде ыңғайсыз мына сәнді аяқ-киім, теріме шаншылып, шашыма қатты бұралып тағылған мына шаш түйреуіштер, теріні тітіркендіріп, қызартатын темірдей ауыр әшекейлер...

Кенеттен мен өзімді көзге қораш көрінетін бұйымдармен, кәмпит қабықтарымен үйіле безендірілген, төбесінде тұрпайы жұлдызы бар жаңажылдық шыршадай сезіндім... Айналамды қоршаған дәл сондай шыршалар. Сол мезетте бүкіл тұла бойым соның бәрінен жиреніп, мейлінше аулақ кеткім келді, барынша тезірек үстімдегі алабажақ киім-бұйымды тастап, жуынып, өз қалпыма келуге асықтым…

Небәрі қырық минуттан кейін мен, жуынатын бөлмемде, айнадағы келбетіме қарап тұрдым.

Шашыраңқы ойлар, бейне бір атойлап шабуылға шыққан аборигендер сынды, санамды сан саққа жетелеп, көкейімді тесіп жатқанша, мен шашымдағы түйреуіштерді, құлағымдағы сырғаны, аяғымдағы туфлиді шешіп жеңілдеп қалдым. Аяғымның басына қан жүгіріп, самай тамырым дүрс-дүрс соғып, өкпеме еркін толған ауа басымды айналдырды...

Ал, айнадағы бақытсыз келбетім болса ойға шомып кете берді...

Менде бәрі бар: жұмыс, сый-құрмет, құрбы-құрдас, ақша. Миллион болмаса да, жегенім алдымда, жемегенім артымда.  Миллион ақша иемденуге ешқашан ұмтылған да емеспін. 

Журналдарда жазылғандай тамақтанып, өзімді күтемін, Роберт Киосаки секілді ойлауға тырысамын (көбінесе тренд болғандығы үшін ғана). Кейде өзімнің адам екенімді сезіну үшін және өзімшіл екенімді бетіме басып, жиі мазалайтын ар-ұятыма қарсы шығу үшін үйсіз Тузиктер мен Шариктерге тамақ беріп, пырылдауық мысықтарды емдеймін. Менің қолымнан келер тағы бір "өнерім" - телефоныма тыным болмайтындай жағдай жасаймын да, қоңырау шалса, қайтарып тастаймын, ол тағы да шырылдайды, мен қайтадан басып тастаймын, ол болса, бәрібір шырылдап тұра береді. Бұл – әйелдер қауымының сондай  ермегі... Не жетпейді сонда?! Буырқанған сезім бе?

Жо-жоқ, біз ондайды көргенбіз. Қазір дәл сол клубта асқақтап жатқан сезімді сорпаны қытай таяқшаларымен жеумен салыстырғанда, екіншісіне қарағанда біріншісінің мәні шамалы. Хм... Мәні? Иә, маған жетпейтіні сол бір Мән! Мәннің орнында менің көкейімде паззлдың жетіспейтін бір бөлшегінің орны іспеттес қаңыраған бос қуыс. Ол қуысты ештеңемен толтыра алмайсың. Әдебиетпен де, музыкамен де, адамдармен де.

Ақындар өтірік айтады. Жай ғана жақсы адам болып, жамандық жасамау жеткіліксіз. Өйткені, олардың көпшілігі аса өнегелі жандар бола тұра, өздерін ешқандай себепсіз бақытсыз сезінген және әдебиеттегі бірегей туындылардың басым бөлігі қатты күйзеліс пен уайымның, қиындық пен жан жарасының әсерімен жазылған емес пе?

Ал, мен адамның толыққанды бола алатынына сенемін. Ішкі жан-дүниеңмен үйлесімде болып, бақыт табудың бір сыры бары анық. Өзіміз білместен, бәріміз соған ұмтыламыз. Бірақ, сол сыр қайда?

***

Орамалы бір шетке қисайған, маңдайы ұнға былғанған, қарнын газ пешіне тіреген күйінде, ас үйді қара түтінге будақтатып котлет қуырып тұр. Ең болмаса, осы қалған соңғы үш котлетті күйдіріп алмаудың амалын аңдып, дер кезінде суырып ала қою ушін олардың қаншалықты қуырылғандықтарын бақылап плитадан көзін алар емес. Қалған жеті котлет болса, мыжырайып, күйген кебіске ұқсап, тәрелкеде жатыр. Ол болса, котлеттерге қарауға да ұялады. Ол үшін тірі жан секілді сезілген котлеттер оның кесірінен «қарынды тойдыру» миссияларын атқарудың орнына қоқыс шелегіне түсіп, тіпті аш иттердің өзі жиіркенетін қоқыс орнында шіритін болды. Ол жылап тұр. Соңғы кезде ол жиі жылайтын болып кетті. Себеп іздесең, себеп көп. Бәрі де салмақты себептер: үздіксіз тамақ жей бергісі келеді; оның үстіне, тоңазытқышта жоқ нәрсені жеуге құмар; айнаға қараса, өзін кашалотқа ұқсатып, көңілі түседі; иіліп, бәтеңкесінің бауын өзі байлай алмайды; түнгі уақытта ол басын жастыққа қойған болды, біреулер есігін қағады.

"Әкеміз айтпақшы, бұл жел емес, бұл котлеттер менен кектерін алуға келіп тұр»... Ал болашақ әке болса әрдайым өзін өзі ұстай біліп, оны сабырлықпен жұбатып, көздерінің жасын сүрте отыра: «Мұндай күйде жүргеніңнің барлығы құрсағыңда өсіп келе жатқан сәбидің себебінен», - деп түсіндіретін.

Осы құрсақтағы бала мен жүкті әйелдің миы бір уақытта біркелкі домаланып жататын шығар, сірә. Қасыңда өзің сүйетін, әрі өзіңді сүйетін адамның болғаны қандай жақсы. Сол үшін бар күш-жігеріңді салып, алға ұмтыласың, барлық жағынан жақсы болуға тырысасың. Көрікті, ақылды, мейірімді, нәзік. Өзіңнің жалғыз емес екеніңді білесің. Аспашамның лампышасын ауыстыруға да шамаң келмейтіндей бола қаласың, өйткені, шаруашылық міндеттерді әділ түрде бөлу тұрғысынан қарағанда, бұл – кәдімгі ер адамның жұмысы емес пе? 

Ондай жұмысты табиғаты нәзік әйел (бұрын жол сөмкелерді өзі-ақ арқалағанына қарамастан әрине) мойнына алса, үлкен стратегиялық қателікке жол бермей ме? Ол: «Кешке қандай тамақ?» - деп қынжыла сұрағанда, сен тап бір шебер аспаз сияқты «шабытыңа» кедергі келтірмеуін алдын-ала өтініп, басыңды тік көтеріп асүйге жөнелесің. Асүйдің есігін жапқан бойда, сол «шебер» телефонға жүгіріп барып, анасынан борщтың дайындалуын айтуды өтініп, жалбарынады. Содан соң артынша үстел, плита және тоңазытқыштың арасында әбігерленіп ары-бері жүгіру басталады; ыдыс-аяқтар сылдырлайды, саусақ кесіледі, май быжылдап, өзімен қоймай қолыңды да күйеді, күйген майдан асүй қою түтінге толады. Десе де, борщ дәмді болып шығады. Негізі, тамаққа салынған дәмдеуіштен гөрі, оны дайындаудағы ынта-жігердің маңызы көбірек-ау осы.

Мүмкін, сол бір мән махаббатта шығар? Қазір, бір шаңырақтың астында тұрып жатқанымызға жарты жыл да толмаған уақытта, мұнымен келісуге болады. Бірақ, үнемі бұлай болмайтынын, бұл тәтті сезімнің мәңгіге созылмайтынын ішім сезетіндей.

Біреулердің қасындағы жұбайының түнгі қорылына бола, унитаздың жиегін көтермегеніне бола және тамақты шылпылдата жеу, шыныаяқтағы қантты үздіксіз араластыру, шұлықты әр жерге лақтырып кету сияқты басқа да бәрімізге белгілі әдеттеріне бола сүйіспеншілігін жоғалтатынын естідім. Ал, біреулердің сезімі жыл өткен сайын бірте-бірте байқалмай суиды. Онда неге адамдар бір шаңырақтың астында тұра береді? Бір кездері «қой аузынан шөп алмас» момын қыздың бетіне қияр маскасын жағып алып, күңкілдегеніне шыдайтындай ер адамның бір себебі болуы тиіс қой, ал бұрынғы момын қыз бұрынғы «ханзаданың» түнгі сағат үште футбол бойынша әлем чемпионаты болып жатқанда, теледидардың алдында отырып айқайлауына, әйелінің елу доллар тұратын інжу сығындысы мен жеті емдік майлар қосылған ылғалдауыш сабынымен шұлықтарын жуатынына шыдайтындай бір себебі болуы керек емес пе?..

Біреулерге «Неке деген – өмір бойы мойынға салынатын бұғау. Солай болуы тиіс» деген қағида  тәрбиемен құлағына сіңіріледі. Біреулерді ортақ мақсаттар біріктіреді. Біреулерге бала-шаға тұсау болады. Ал, кейбіреулер үшін бұл күнделікті дағдыға айналған, олар өзгерістен қорқады…

Ал, мен некені сақтаудың бір сыры барына сенемін. Жай ғана сақтап қалу емес, бақытты неке құрудың құпиясы. Ол – қандай әйел болмасын, қандай еркек болмасын, бәріне қатысты қолданылатын қағида. Ол қағиданың бары хақ.

***

Қызым алты айдан аса бастады. Ол отыратын болды, бар болғаны алты тісімен қолына түскен затты кеміреді, «ходунокпен» жүреді, сықылықтап күледі және «ана» дейді. Ол «ана» дегенде менің төбем көкке жетіп, қуанышым қойныма сыймайды. Ол шомылғанда қуанса, мен де онымен бірге уілдеп мәз боламын, тісі жарғанда немесе іші ауырғанда онымен бірге жылаймын, мұрны пысылдап, ары-бері аунағанына қарап, сағаттар бойы көз алмай ұйқысын қызықтап отыра беремін. Менің одан басқа ештеңем жоқ. Менің барым да, нарым да – қызым. Балалар – бұл өмірдің ғажабы. Оның үстінен аңқып тұрған сүттің иісін иіскеп тоймайсың, жібектей жұмсақ бұйра шашын сипай бергің келеді. Сәбиің ұйықтап жатып, сәл қолың тиіп кетсе шошып, титтей алақанымен саусағыңды қысқанда, қаншама адамдардың арасынан сені танығанда, саған қарап күлімсірегенде, ет-жүрегің елжіреп, ерекше тебіреніске түсесің. Қандай талпыныс жасасаң да, тек қана сол нәресте үшін, оған қалағанының бәрін, тіпті одан да артығын беру үшін барыңды саласың. Ондаған жылдардан кейін келетін болашақты ойлап, ешқандай себепсіз сары уайымға салынасың. Оның тағдыры қалай болар екен? Өмір жолында қандай адамдар жолығар екен? Оны алда не күтіп тұр? Оған қашанда қамқор болып, қорғап жүргің келеді. Әрдайым. Құлаудан, үшкір жерлерден, күйіп қалудан, шыбыннан, киімнің қысатын резеңкесінен, ботқаның түйірінен, аспандағы айды уәде ететін бейқам еркектерден, арам ниетті бақталас әйелдерден, шаршаудан, ауру-сырқаудан, уайым-қайғыдан және... және... тағы да басқа мыңдаған келеңсіздіктерден.

Негізінде, ана болудың пайдасы жетіп артылады. Ана бақытына жеткен әйел бұрынғыдан әлдеқайда жұмсақ, қайырымды, жанашыр бола түседі, қысқасы, өзінің әу баста жаратылған қалпына, табиғатына қайтып оралады. Құдайым-ау, бала туудан бас тартып жататын немесе балаларының тәрбиесі мен оларға қарауды бала күтушілерге табыстап жататын әйелдер қандай бақыттан құр қалады десеңші? Бәлкім, мен іздеген сол бір мән – балаларда шығар...

Тоқта! Бала сүйе алмайтындар қалай өмір сүріп жатыр? Біреулердің өмірлік мәні бар, біреулердің – жоқ болуы мүмкін емес қой...

Өмірдің мәні сол деп, байлық жинап, абырой-атаққа қол жеткізген кейбіреулер көп жағдайда соның бәрінен айрылғанда, өздерінің басына оқ атып, тіл тартпай кетіп жатады. Сүйген жарын өмірінің мәні деп білген адамдар олардың қазасын көргенде, қандай күй кешеді? Олар да өз-өзін атып өлтіре ме? Ал, балаларын өмірінің мәніне балаған жандарды өз ішінен шыққан есейген перзенттері қарттар үйіне апарып тастаса, не болады? Жоқ. Мен әлі таппаған, кедейлер мен байлардың, перзентсіз бен көп балалылардың, отбасылы адамдар мен жалғызбастылардың, ерлер мен әйелдердің - ешкімді шет қалдырмай бәрінің басын біріктіретін тағы да басқа Ең Басты Мән болуы тиіс. Оның бары хақ. Бірақ, мен оны әлі біле алмадым...

***

Есіктің баяу сықырынан қызым шошып оянды. Бұл мен ғой, балапаным. Сенің анаң. Тағы да кеш келдім. Сен мені сағынып, үйде күтіп жатырғанда, уақытымның басым бөлігін кеңседе бөтен адамдармен өткізіп жүрген менің "сенің анаң" атануға хақым жоқ шығар, сірә. Сені қорғаймын деп серт бергенім есіңде ме? Бірақ, бүгін тіпті өзімді де қорғай алмайтын дәрменсіз екенімді түсіндім. Мен дағдарып қалдым, балақай. Кешірші мені! Мүмкін, мен өзім де әлі бала шығармын. Бірақ, олай болса, бүгінгі жайттардан кейін өзімнің қалай өлетінімді армандауым керек емес пе, мені кебінге орап, көметіндерін, ал мені жәбірлеушілер мазарымның басында кешірім сұрап, жылап тұратындарын ойлауым керек және дәл осы мезетте ешкімді ойламауым керек... бірақ, мен ойлаймын, құлыншағым. Сені ойлаймын. Ойлап, жаным жабырқайды. Сені қалай тәрбиелеуді, саған нені үйретуді білмеймін. Саған дұрыс өмір сүруді қалай үйретуді білмеймін. Өйткені, қалай өмір сүру керектігін әлі өзім де білмеймін. Мен өзім іздеген, саған үйретуім керек болған сол бір мәнді әлі таппадым ғой... Ойым шым-шытырық. Ненің маңыздырақ екенін түсіне алмай басым қатты: үнемі қасыңда болып, қорғап, құшағыма алып, тамақ беріп, саған қамқор болу ма, әлде саған тамақтың, ойыншықтың, білімнің ең жақсысын беру үшін қасыңнан кету ме? Ауыр күрсініп, теріс айналдым... Қаншама өзгерістер орын алды. Көптеген жағдайлар басымыздан өтті. Өмір басқа жаққа бетбұрыс жасағандай. Мектеп, беделді ұйым, ақпараттық технологиялардың үлкен форумы, сүйікті кофеханам, достарым, құрбыларым ‒ бәрі-бәрі көз алдымнан жылжып өтті... Құдайым-ау, құдды соның бәрі менің басымнан өтпегендей... Қаншама кітап оқылды, қаншама лекция тыңдалды, қаншама конспект жазылды. Неге солардың өмірімнің мәнін түсінуге ешқандай көмегі болмай жатыр? Неге мен әлі күнге дейін үлкен қателіктерге жол беремін?.. Жаныма маза бермей, жегідей жеп жатқан басымды шапса ғой, шіркін. Сол Бір Мәнді білмей-ақ, оған ұмтылмай-ақ адамдар өмір сүріп, тіпті бақытты сәттерді де бастарынан кешіріп жатқан жоқ па?...

Суырманың бір жерінде анамның валерьянкасы бар еді, ұйықтай алмай жатырмын. Қараңғыда сол құтыны сипап таппақ болам, алайда саусақтарым домалақ бірдеңені іліп алды. Моншақ па, не өзі... Алып қарасам, менің алғашқы тәсбихім. Бұл мұнда қайдан жүр? Терлей бастаған алақанымда Жаратушымен арадағы болмашы ғана байланыстың белгісі – тазалықты, шынайылықты, жеңілдіктің көз жасын бойына сіңірген мата-мақта жібіне тізбектелген көгілдір түсті 33 моншақты ұстап тұрмын. Өне бойымнан бір толқын жүріп өтіп, толқығаннан жүрегімнің дүрсілі жиілей түсіп, көз алдыма көгілдір күмбезді мешіттің айдай жарық бөлмелері, күмбез астындағы арабтың өрме жазуы, алтын түстес жылтыр мен асыл ақ мәрмәрдан салынған таңғажайып өрнектер келді. Кеудемде бір сондай жанға жылы сезім тұтанып, құлағыма азаншының шартарапқа жаңғыра шыққан жүректерді тебірентетін дауысы келгендей болды. Құтылуға шақырған дауыс...

Тәсбихті алақаныма қысып, көп уақыттан бері бірінші рет көзіме жас алдым. Бәлкім, ұялғаннан болар. Көз жасым кеудеме толып, бүкіл жан-дүниемді тазартып, сыртқа ағылып жатқандай болды. Өмір бойы адасып, Одан басқа өзге жердің барлығынан іздеген мен не деген ақымақ едім. Өксігімді қолдарыммен басып тоқтаттым. Тұла бойым түгелдей әлсіреп, дел-сал күйде. Сыздаған жан жарасы басылды. Біз жалғыз емеспіз, қызым. Сенің ақымақ анаң жалғыз емес екенімізді ұмытқан екен. Өмірдің Мәнін, екеуміздің Бақытымыздың Құпиясын қай жерден іздеуді білетін сияқтымын…

***

Мен біреудің құлағымды тоқтаусыз қытықтағанынан ояндым. Бұрылып қарасам, екі қолын шаттана сермеп, кішкентай ғана алты тісін көрсете күліп балапаным отыр. Тамаша таң! Ақ перде арқылы жатын бөлмемізге түскен күн сәулесі кішкентай ғана періштенің ақ сары бұйра шашының арасына кіріп, қоңырқай көздерін бұрынғыдан да ашық және таза ете түсті. Терісі қардай аппақ аққұба қызым Қайта өрлеу дәуіріндегі суретшілердің суреттерінен түсіп келгендей. Менің қасымда оянса болды, мәз болатын кішкентай ғана, нәзік, адал нәресте. Анасының көзі ісіп, шашы таралмаған болса да, оған бәрібір. Ең бастысы, ол тағы да оянғанда, әйтеуір менің қасында екенімді көрді. Ал, мен екі есе бақытты сезіндім: «Енді жаңа өмірге қадам басамыз, құлыным... Сұрақтарыма жауапты қайдан іздейтінімді білетін тәріздімін».

Үйімде теологиялық кітаптар мен брошюралар көп болатын. Бірақ, ең бастысы –қайнар көз болмады. Негізі, ол бар болатын. Үлкендеріміздің бірі Түркиядан әкелген магнитті түймесі бар алтынмен өрнектелген қою қоңыр былғары мұқабалы Құранның түпнұсқасы. Мен оған әрдайым үлкен құрметпен қарайтынмын. Бірақ, осы күнге дейін оның бетін ашуды былай қойғанда, ұстап та көрген емеспін. Оған кедергі болған менің араб тілін білмегенім ғана емес. Бірақ, енді сол кедергілердің бәрі жойылып, әп-сәтте ізін суытты. Оны оқуға деген құштарлық оянды. Ол кезде мен тіл білмейтіндіктен, туыстарымның үйіндегі кітаптардың арасынан табылған Қасиетті Құранның орыс тіліндегі белгілі тәпсірімен шектелуге ұйғардым. Сөйтіп, бірден кітапқа ден қойдым. Қай бет екенін таңдамай, кітаптың  соңынан басына, содан соң басынан қайтадан соңына бірінен кейін бірін ретсіз аша бердім.

«Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты». («’Аләқ» сүресі, 96:1-3)

Жаратушының, Әлемдердің Раббысының, Тәңірдің бұл сөздерді өзіме арнап айтқанын түсінгенде, ерекше қайталанбас сезімге бөлендім. Тамағым кеуіп, жүрегім дүрс-дүрс соғып, көзім жазылған қатарларды бірінен кейін бірін асыға оқи түсті:

«Құраннан, мүміндерге, шипа және рахмет түсіреміз…» («Исра» сүресі, 17:82)

Оқуға кедергі келтіріп жатқан көзімнен аққан жасты асығып-аптығып сүртіп, тағы да бір бетті таңдамастан аша салдым:

«Біз адам баласының қайсысы жақсы амал істейді деп сынау үшін жер үстіндегі нәрселерді жердің көркі қылдық». («Кәһф» сүресі, 18:7) 

«Әркім өлімнің дәмін татады. Сендерді сынап, жаман-жақсы күйге саламыз. Сондай-ақ бізге қайтарыласыңдар». («Әнбия» сүресі, 21:35)

Жылдар бойы көкейімді тескен сұрақтарға бірінен кейін бірі жауаптар табыла бастады: 

«Біліңдер! Шын мәнінде дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән және өзара мақтанысу, сондай-ақ малдарды, балаларды көбейту ғана». («Хадид» сүресі, 57:20), 

«Шын мәнінде малдарың, балаларың бір сынақ. Үлкен сыйлық Алланың қасындағы». («Тәғабун» сүресі, 64:15)

Мен санамды көз алдыма темір ысырмамен бекітілген көптеген есіктерге бөлінген кең, ұзын дәліз деп елестететінмін. Әдетте мен сол есіктерді аша алмай, алдында отырып жылайтынмын. Ал, енді сол дәліздің бойымен жүйткіген желдей аяғым жерге тиместен зуылдай жөнелдім, ал, қаншама ғасырлар бойы шаң басып жатқан ауыр есіктер ойыншық қақпақтар секілді тарс-тарс етіп, бірінен кейін бірі айқара ашыла берді. Бірінен кейін бірі. Тарс-тарс! Тарс! Сөйтіп, дәлізге ақыры ауа кірді.

«Жаратқан білмей ме? Ол тым жұмсақ, әр нәрсені толық білуші». («Мүлк» сүресі, 67:14)

Мен Ислам жайлы көп білетінмін. Бірақ, енді ол туралы ештеңе де білмегенімді түсіндім... Кітап парақтары менімен бейне бір тілдесіп жатқандай болды. Оқыған сайын, санама дамыл бермеген сұрақтардың бәріне жауап таба түстім.

Мен оқып болғанда, ымырт түсіп келе жатты. Ал, іші күңгірт тартқан бөлменің дәл ортасында ұзақ ұйқыдан оянғандай, көзім жасқа толып мен отырдым. Намазға тұруға асықтым, өйткені, енді оның мүлде басқаша болатынын аңғардым.

Намаз. Сонша уақыттан бері оның таңғы шықтың дәміне ұқсас таза, нағыз дәмін енді ғана сезінгендеймін. Әр рукуғқа барған сайын жан жарам жазылып, сәждеге басым тиген сайын, жүрегім жай тапты. Намаз көңіліме майдай жағып, тыныштық сыйлады. Бұдан былай қалай өмір сүретінімді түсініп, кеудемді ерекше қуаныш сезімі кернеп, екі жағыма сәлем бердім.

«Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым.» («Зарият» сүресі, 51:56).

Құлшылық – бұл күнделікті қайталанатын дене қимылдарының жиынтығы емес. Бұл – жанға ләззат. Бұл – жүректерге шипа.

Мен өмір бойы іздегенімді таптым. Сол бір сырдың неде екенін түсіндім.
 
***

Далада сондай жылы, көктемгі ауа райы. Мұндай күнде серуендемесем дұрыс болмас. Кебіңкіреп қалған жолдарды күн көзі қыздырып тұр. Ауладағы балалар барынша айқайлап, шуласып, ойнап жатыр, кемпір-шалдар қақпаның алдындағы әдеттегі бақылау орындарына - орындықтарға, ағаштарға кеп жайғасып, қолдарына пістелерін алды. Мен үйден шықтым. Сол мезетте далада жүрген көршілер сәлеміме түзу жауап қайтарды және мен ойлағандай есінен танып, үркіп, ыршып түсіп, шоқынып, сөйлей алмай тілдері байланып қалған жоқ. Соны көріп, көңілім орнына түсті. Бүгін менің толыққанды хиджаб киген алғашқы күнім.

Қызық, мен үстімдегі киімнің көбейгеніне қарамастан, айтарлықтай жеңілдеп қалдым. Бөтен адамдардың сан қилы көзқарастары мен ойларының ауыртпалығынан арылғандай сезімдемін. Түрлі журналдардың, телевизияның, түрлі сән-салтанат бұйымдары мен басқа да мәнсіз дүниелердің бұғауынан құтылдым. Бұдан былай мен барлық артықшылықтарыммен, кемшіліктеріммен тек қана өзіме ғана тиесілімін. Маған ешкім сұқтана қарап, сынап-міней алмайды. Мен қорғандым.

Енді, бір өтінерім, менің сырт келбетіме емес, жеке тұлғам мен амал-әрекеттеріме назар аударыңыздар.

Көшелерде алма ағаштары енді ғана гүлдеп, олардың жұпар иісі жазғы жаңбырдан кейін басылған шаңның иісімен араласып жатты. Жаңа өмір бастауға лайық бұдан артық мезгіл таба алмассың, сірә.

Таксиді айтарлықтай тез ұстадым. Тек жүргізушінің жол бойы үндемей отырып, жақындағанда ғана: «Осы жерден түсесіз бе?» - деп сұрағаны әдеттен тыс болды.

Езуіме күлкі үйірілді. Жүргізуші маған «сіз» деп сөйледі. Мен дәл қазір, үстімдегі белгілі бір пішіні жоқ осы бір көйлекпен, сылдырлаған әшекейлер мен опа-далапсыз өзімді нағыз әйелдей сезіндім. Бәрі жол беретін және алдынан есік ашатын, құрметке ие әйел. Кейде жолыңда кездескендердің артыңнан айтқан сыпсыңы мен менсінбей тәкаппарлана қараған жүздері ар-намысыңның биік екенін білдіретін осы сезіммен салыстырғанда, мүлде маңызды болмай қалады.

Мен көліктен түскеннен кейін сан қилы адамдардың тобына арасына араласып кеттім. Артымнан дабыл қаққан көліктен ысқырықтар мен жамырай шыққан дауыстар естілді. Олардың маған шулап жатпағандарын білдім, сонда да сол дүрлікпені тудырған қызды көру үшін артыма бұрылып та қарамадым. Бірақ, оған шын жүрегіммен жаным ашыды, қолымды созып, өзіммен ерткім келді. Әдеп бар жерге, әйелге деген құрмет бар жерге, сүйіспеншілік пен отбасы бар жерге, әділдік пен сыпайылық бар жерге, оған қоса, нағыз адами құндылықтар бар жерге шақырғым келді. Десе де, кері бұрылмадым. Сөйтіп, мешітке кіріп кете бердім.

Осы жерге келгенде, жүрегімді тағы бір жанға жайлы тебіреніс шарпып өтті. Басқа ғимараттардың арасында жарасымды мәрмәрімен, күмбездері жарқырап, айбарлы, асыл мешіт тұрды. Өткен-кеткендердің арасында өзі сияқты қыздардың сәлеміне жауап беріп, оқта-текте мешітке көз тастап, күлімдеп, орамал таққан қыз басын төмен салып кетіп бара жатты. Оның жақында ғана осы жерден тағы бір сауық кешінен қайтып келе жатып, мешіт жаққа қарамауға тырысып, өзін іштей кінәлап, жазғырып өткені оның қасында бара жатқандардың ойларына да кіріп шықпайды. Ал, енді өзінің жаңа келбетіне қуанып, сүйсінген ол әр қадамын жеңіл басып: «Мынау мен! Шынайы мен! Мен қайтып оралдым! Енді мәңгілікке оралдым!» - деп бүкіл дүниежүзіне шаттана айқайлауға дайын тұрды.

Күн тамаша өтті.

***

Денемдегі псориаз асқынып, ал, шашымды бір шаштараз қия алмай  бүлдіргенінен емес, Жаратушы Иеміздің әміріне сеніп, мойынсұнғандықтан оранғанымды таныстарым түсінем дегенше бірнеше айдың жүзі өтті. «Саған осылай ыңғайлы ма?», «Осыншама киімді қабаттап кигеннен терлемейсің бе?» деген сұрақтар біртіндеп бәсеңдеп, бұл «тұрпайы өмір салтының» ұзаққа созылатынын ел-жұрт түсінді де, көңілім тыныш тапты.

Әрбір мұсылман әйелдің басынан өткізетін алғашқы сынақ кезеңі бәрінен де күлкілі (ол кезде сұмдық болып көрінеді). Адамдар жер-жебіріңе жетіп ұрысады, кекетіп-мұқатады, түсінбестік танытып, арандатады. Біреулер қатты қысымға түссе, біреулер онша қыспаққа алынбайды. Бірақ, әрбір мұсылман әйел хиджабтың – артықшылық қана емес, міндет екенін сол кезеңде түсінеді. Дөрекілік танытқан адамға айқайлап/күліп/басынан қойып қалғысы кеп тұрса да, ол алдымен адамдардың соған қарап, барлық мұсылман әйелдер жайында түсінігі қалыптасатынын ойлайды. Басындағы орамал оған не айтып, қалай әрекет ету керектігін есіне салып тұрады.

Біреудің артық беріп қойған қайтарым ақшасын алып кетпеудің, жүгі ауыр қарттың жанынан өтіп кетпеудің, біреу тіл тигізгенде ашуға бой алдырмаудың, түрлі күмәнді ой тудыратын адамдармен бірге жүрмеудің, әке-шешеге дауыс көтермеудің және тағы басқа көптеген нәрсенің маңызы бұрынғыдан да арта түседі.

Бұл әскери жауынгердің ар-намысы іспеттес. Ол әрдайым қорғап жүруді қажет етеді.

***

Өмір салтымды дінге сай құруға тырысып келе жатқаныма 2 жыл болды. Неше түрлі сынақтар артта қалды. Алғашқы мұсылманша әдеттер пайда болып, алғашқы болмашы білімге қол жеткіздім, алғаш рет өз-өзімді және қоғамды жеңдім.

Менің нем бар?

Менің сүйікті жұмысым бар. Онда жеке тұлға ретінде дамып, қабілетімді нығайта аламын. Оның үстіне, ол жұмысқа менің сырт келбетімнің ешқандай кедергісі жоқ.
Жайнамазыма менімен бірге отыратын және оған өмір мен ондағы нығметтердің бәрін Кім бергенін білетін қызым бар.

Менің бауырларым (бүкіл әлем бойынша екі миллиардқа жуық адам) бар. Егер қандай да бір қиындыққа тап болсам, солардың (Алла Тағаланың қолдауы мен жәрдемінен кейін) қолдауына, дұғаларына және көмегіне жүгіне аламын.

Не үшін және қалай өмір сүру керектігі жайлы білімім бар. Менің Исламым бар. Мен мұны Алла Тағаланың пендесіне берген ең үлкен Рақымы деп білемін.
____________________ 

Azan.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру