Адамзат баласын ізгілікке, адамгершілікке, имани негіздерге үндеуде діннің алар орны айрықша. Ғылыми атеизммен қаруланып, «Дін – апиын» деп уағыздалған заманда да халқымыз ата-бабамыздан жеткен қасиетті ислам дінінен безінген жоқ. Дәстүрмен астастыра отырып, рухани тіннен ажырамаған жұртымыз тәуелсіздік алған уақыттан бері сонау бір замандарда үстемдіктен туған олқылықтардың орнын толтырған. Елімізде мешіттер салынып, медреселермен бірге діни жоғары оқу орны да ашылды. Оған сонау Бейбарыс баба қорғаған Мысыр жұрты көмекке келген.
Біз елімізге сапармен келген Египет Араб Республикасының Уақыф Дін істері министрі Мұхамед-Мохтар ГОМААМЕН кездесіп, оған бірнеше сауал қойған едік.
– Министр мырза, алдымен елімізге келген сапарыңыздың жай-жапсарымен бөлісе отырсаңыз.
– Бұл – менің Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға жасаған алғашқы сапарым. Егер ойға алған мақсатты ортаға салсам, ол– екі бағытты құрайды. Біріншіден, Алматы қаласындағы Ислам мәдениеті жоғары оқу орнында Қазақстанға қажетті таза ислами, діни экстремизмнен ада білімдар мамандар даярлау ісі болса, екіншіден, мәдени-ғылыми қатынастарды өрістету. Осы орайда, сапарымның барысында екі ел арасында түрлі мәдени шараларды жүзеге асыру және қазақстандық дінтанушылардың кәсіби білімдерін жетілдіру мәселелері сөз болды. Соңғысында Мысырдағы айтулы білім ордасы Әл-Азһар көмекке келеді деген ұйғарым жасалды. Енді осы ЖОО-ның аса көрнекті ғұламалары, ғылым докторлары мен профессорлары Алматыдағы университет қабырғасында қазақстандық жастарға сабақ беріп қайтатын болады.
Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметі біздің елге имамдарды, дінтанушыларды білімдерін тереңдетуге жіберіп отыратыны жайында да келістік. Тағы бір айтайын дегенім, Қазақстан Бас мүфтиімен Египетке оқуға жіберілетін жастардың ресми арнайы жолдамамен келгенінде ғана қабылданатыны турасында да мәміле жасастық. Енді бұрынғыдай өз бетімен оқуға келгендер қабылданбайды, талаптанушылардың осы нәрсені қаперінде ұстағаны абзал. Әйтпесе білместікпен жолдамасыз ілім іздеп келіп тауаны қайтып қалады.
– Қазіргі күні исламды құбыжық етіп көрсету, ислам экстремизмі, ислам лаңкестігі, сепаратизмі сынды байламдарды жасау үдерісі тыйылмай отыр. Жалпы, ислам дініндегі толеранттылық турасында не айтар едіңіз?
– Өкінішке қарай, бұл – қазір әлемде етек алып кеткен қынжыларлық көзқарас. Ал шын мәніндегі мұсылман баласы кісіге зұлымдықтан, қиянаттан ада. Ислам дінінде біреудің өмірін қиюға, лаңкестік сынды әрекеттерге баруға тыйым салынған. Бұл жайында қасиетті Құран Кәрімде айтылған. Біздің дініміздің басты ұстанымы–төзімділік, өзгелердің сеніміне құрметпен, түсіністікпен қарау, адамзатқа зиян келетін істерден аулақ болу, дініне, түріне тіліне қарамай Аллаға жағатын іс істеп, қайырымдылық, ізгілікті ту етіп, дұрыс пейілмен жақсы амалдар жасау. Өйткені, әрбір пенденің иығындағы екі періште оның жақсы және жаман амалдарын жазып отырады. Сондықтан Алладан үміті бар пенде адамға зорлық жасамайды. Ал адамның өмірінің ұзақ, қысқалығы да Алла тағаланың қолында, оған қол сұғуға ешкімнің құқығы жоқ.
Бүгінгі әлемде дінді саяси бетперде етіп ұстанып, исламды теріс пиғылды, қасқөй, жаман ниетте етіп көрсету тыйылмай отыр. Түрлі лаңкестік, сепаратистік бағыттағы өздерін Ислам мемлекеті, Ислам халифаты немесе Ислам ұйымдары деп атайтын құрылымдар дінді өз мағынасында дұрыс ұстанбайтындар. Олардың түпкі ойларында саяси, экономикалық мақсаттар жатуы әбден мүмкін. Немесе олардың ислам дініне жаманат келтіру үшін арнайы ұйымдастырылған топтар болуы да ғажап емес. Осындай бұзық ниетпен құрылған топтар кейбір мемлекеттерді іштен ірітіп, лаң салып, соғыс өртін тұтандыруда. Ал бұл біздің асыл дінімізде мүлде жоқ, сұмдық қайшы әрекеттер. Яғни, бұл ұйымдардың барлығы өздерінің әрекеттерінде ислам атауын қолданып, исламның атына кір келтіруде. Жастар болса олардың дардай аттарына иланып, солардың шылауына арбалып жатыр.
Осыны халыққа бұқаралық ақпарат құралдары түсіндіріп отырса, өте жақсы болар еді. Сондықтан журналистер қауымының осы ретте арқалар жүгі қомақты деп білемін. Жалпы, адасудың, ислам дініне жат қадамдарға барудың артында білімсіздік жатыр. Исламды өз бейнесінде, оның қағидаттарын, Құран аяттарында айтылған ізгілікті ұғынбай, ілімсіз жетекке еру адам баласын адастырады. Менің ойымша, қандай бір көрініс берген экстремистік пиғылға қарсы күрес ілім-білім арқылы жүруі тиіс. Қарсы күрестің ең тиімді жолы жастарға исламды дұрыс ілім арқылы түсіндіру деп тағы да қайталағым келеді.
– Өзіңіз жоғарыда айтқан төзімділік, бір-бірінің сеніміне құрметпен қарау дегеніңізден шығады біздің еліміздің мемлекеттік саясатында осы қағидат берік ұсталады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу дәстүрге айналды. Сіздің осы тұрғыда қазақ жерінде әлемдегі түрлі дін көшбасшыларының құрылтайына қатысты пікіріңізді білсек деп едік.
– Алла тағала адамдарды түрлі тілде сөйлейтін, түрлі дін, түрлі мәдениет, түрлі ғұрыптарды ұстанатын етіп әдейі жаратқан. Мәселен, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.а.) Мединеде яхудилермен келісімге отырып, дініміз түрлі болғанымен бәріміз де адам баласымыз, біздер бейбіт қатар өмір сүруге тиіспіз деген. Ислам дінінде адамды түр-түсіне, тіліне, дініне қарап шеттету күнә саналады. Ал Қазақстан басшылығы, оның халқы осы ұстанымды, адамзаттық құндылықты сақтауда. Маған сіздің елдің діни толеранттылығы, оны халқына егіп отырған мемлекеттік саясат өте ұнады. Бір-бірінің сеніміне құрметпен қарау, оның жоғары билік тұрғысынан қолдау табуы – қазіргі заманғы жер бетіндегі мемлекеттер үшін ең бір таптырмайтын саясат дер едім. Осы сапарым барысында кездескен қазақстандықтардың барлығының жүздерінің ашықтығын, дос көңілді екенін көрдім. Және олардың барлығының Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімдері зор.
Съезге қатысты сұрағыңызға айтарым, шынында да, мұндай келелі басқосу өткізу Қазақстанның үлкен жетістігі деп ойлаймын. Қазақстан басшылығына осы ісі үшін алғыс айту ләзім. Түрлі дін өкілдері арасында үнқатысу орнатудың, олардың көзқарастарын тыңдап, ойларына құрметпен қарап, ашық алаңда пікір бөлісудің адамзат өркениеті үшін берері өте мол деп білемін. Бұл ретте, түсіністіктің маңыздылығы, әрбір дін өзінен басқа діннің де сондай қадірлі, сондай құнды екенін ұғынуында жатыр. Ал ол болмаған жерде, біреу өзінің сенімін екіншіден артық санап, менменсіген жағдайда әлемде үйлесімдік орнауы еш мүмкін емес. Сондықтан осы бір өте нәзік мәселеде толеранттылық аса маңызды. Астана съезі осындай түсіністік орнатуды мақсат етеді, ол сонысымен құнды.
Бұл шараның халықаралық деңгейдегі маңызын айналып өтуге болмайды. Діндер көшбасшылары съезінің алаңында дінге қатысты түрлі түйінді мәселелер, жан-жақты ойлар ортаға салынады. Ал діндер көшбасшыларының осындай пікірсайыстарда ой таразысына салып безбендеп, санасынан өткізіп түйген ойлары өз елдерінің басында тұрған билікке, оның саясатына ықпалын тигізеді. Мүмкін, ол әсер тіптен кейбір елде аз мөлшерде жүрер, бірақ бәрібір өз болашағын ойлаған ешбір мемлекет халқы ұстанатын діни сеніммен санаспай отыра алмайды. Алайда, дін ешқашан саясат құралына айналмауы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
23.12.2014
5267
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру