Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТӘУЕЛСІЗДІК ТУЫ МӘҢГІ ТҮСПЕГЕЙ

13.12.2014 4430 0 пікір

Өткенімізге көз салсақ – сүрлеуі мол соқпақтардан, ой-шұңқыры, қауіп-қатері көп көпірлерден де өтіппіз. Азанымыз – ақырын, жаназамыз – жасырын айтылған кездер де жазылыпты тарих бетінде. Ел тәуелсіздігіне қол жетіп, бостандықтың боз таңы атқан сәтте сағына қауышқанымыз – дініміз бен діліміз еді. Еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін ел еңсесін көтерген бұл күн баршамызға бағалы, мән-мазмұны терең мейрам.

Әуелі әлемдердің Раббысы, мейірімділердің мейірімдісі Алла тағаланың қалауымен тәуелсіздікке қолымыз жетті. Тереземіз теңесті, көк туымыз көкте желбіреді. Шаңырағымызды шаттық биледі. Бұл күн бізге төгілген тер, қайрат пен күш-жігердің арқасында келді. Елбасымыз сонау 1991 жылдың 16 желтоқсанын Тәуелсіздік күні деп жариялағанда алып дала төсін сағыныш араласқан қуаныш, шаттық кернегені де бар еді.

Иә, бабалардың аңсаған арманы да осы – ел егемендігі, ұрпақ келешегі. Бұл жолда, тарих бетін парақтасақ, талай азамат арманда, нешеме өрен қыршын кетті. Кешегі Алаш қайраткерлерінің көкейін кернегені де халықтың азаттығы, бас бостандығы. Алдымен Алланың, онан соң ел ертеңі деп ер жастанып, етігімен су кешкен ел ағаларының жанқиярлық ерлігі, азаматтық, перзенттік борыштарының нәтижесінде осы күнге жеттік. Тәуба, барына шүкір, жоғына сабыр қылған текті ұрпақ ендігі уақыттан ұтылмасын деп тілейміз. Атадан аманат болған бұл тәуелсіздіктің жүгі де, жауапкершілігі де салмақты. «Өмір – өзен. Оған түскендегі мақсатымыз ағыспен ағу емес, жағаны табу» дегендей, ендігі біздің мақсатымыз – болдық, толдық емес, ұлы нығметтің қадіріне, бақыттың бағасына жете білу.

Кешегі Кеңес кезеңінде елімізде саусақпен санарлықтай ғана мешіт болды. Онда да, саны бар, сапасы сын көтермейтін, күмбезі жоқ, не мұнарасыз мұңайған мешіттер еді көбісі. Ал бүгінімізге көз салсақ, Алланың жердегі үйі 2 500-ға жуықтады. Жаратушы Жаббар иемізге деген сүйіспеншілікті арттырып, иманның дәмін сезіндіретін мешіттердің көбеюі көңіл қуантып, жүрекке жылу сыйлайды.

Ислам – бейбітшілікті ту еткен, бірлікке бастайтын дін. Имандылықтың алтын ұясы. Ал Алланың үйін салушылар, Алла жолында қызмет қылуға ұмтылушылар туралы ардақты пайғамбармыз (с.а.с.) өз өсиеттерінде қалай сүйіншіленеді десеңізші?! Осындай озық үлгіні елбасымыздың өзі көрсетіп, әсем қала Алматының, Қарасай ауданы, Шамалған кентінде «Қарасай батыр» мешітін салдырғаны бүгінде ел жадында.

Елбасымыздың тікелей қамқорлығымен еліміз ұлттарды ұйыстырып, жұртшылықты жарастырған, бірлігі бекем мемлекетке айналды. Ислам дінінің көкжиегі кеңейді. Өңірлерде медреселер ашылып, білімнен шырақ жаққан жастарымыз көбейді. Алматының төрінен ілімнің орталығы болған Мысыр елі мен Қазақстанның ынтымақтастық қарым-қатынасының көзіндей болған «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университеті есігін айқара ашты. Онда әлемге аты машһүр «әл-Азхар» университетінің танымы терең профессорлары, озық ойлы оқытушылары дәріс беріп келеді. Ал ілім қуған жастарымыз «Әл-Азхар» секілді тамыры терең білім ордаларында оқып, бүгінде олардың алдыңғы буыны тәуелсіз Қазақ елінде дін насихатына атсалысып, тер төгуде.

Мұнарасы менмұндалаған мешіттермен қатар, асыл дінді ардақтаған ақпараттық басылымдар да көбейді. Бұл күнде бұқара халықтың «тілі, құлағы һәм көзіне» айналған «Ислам және өркениет» газеті, «Иман» журналы мен өңірлердегі мешіттердің ресми сайттары бұқараны білім нәрімен сусындатуда. Қаншама баспа үйлері дәстүрлі дінімізді дәріптеген құнды кітаптар басып шығаруда.

Мұсылмандардың ұлық мерекесі саналатын Құрбан айттың алғашқы күнінің мемлекеттік мереке болып бекітілуі де осы тәуелсіздігіміздің үлкен жемісі екені сөзсіз. Біз бұл орайда елінің ертеңі үшін аянбай тер төгіп, халыққа қалтқысыз қызмет қылған ел ағаларының қадірін, бағасын білуіміз де керек. Елбасымыздың өзі елдік мүдделерді өзіне мұрат тұтып, ел игілігі үшін аянбай қызмет қылды. Халқына сенім артты. «Сол жылдары ел тізгіні өзімізге тиген уақытта мен тек халықтың сеніміне сүйендім. Ел сенімі маған күш-қуат берді. Содан бері тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп келеміз» дейді елбасымыз. Сондай-ақ, кешегі күннің қыспағы жайлы да еске салады. Елдің болашағы саналатын жастарымызға айтқан сөзінде елбасымыз «Сіздер бақытты ұрпақсыздар. Себебі Тәуелсіз Отандарыңызда өмір сүріп жатырсыздар. Біз тәуелділікті көрген ұрпақпыз. Сондықтан Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы білеміз» деп жас ұрпақтың қаперіне тәуелсіздікті қадірлеуді және бір еске салады. Ұлылардың ұрпағы болған жаңа буын осы тәуелсіздікті қасық қаны қалғанша қорғайды деп сенім артады.

Әрбір саналы азамат осындай дербес елді аяғына тұрғызған елінің басшысын  құрметтей білуі керек-ақ. Ал асыл дініміз әрбір арайлап атқан күніміздің қадірін сезінуге, бейбіт ғұмырдың бағасын біліп, ел қызметінде жүрген жандарға құрметпен қарауға шақырады. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 59-аятында Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы ұлықтарыңа бойұсыныңдар. Егер өзара бір нәрсеге келісе алмасаңдар, оның жайын Алладан, пайғамбардан сұраңдар. Аллаға және қиямет күніне сенетіндерің рас болса. Бұл сендер үшін өте пайдалы. Нәтиже оның тиімділігімен көркем» дейді. Аят, байқасаңыздар, ел тізгінін ұстаған тұлғаларға бойұсыну туралы баяндайды. Әлбетте, шариғатқа қайшы әрекетке бұйырса, ол басқа. Ал, қалған жағдайда басшыға итағат ету – біздің мұсылмандық міндетіміз. Осы аят аясында ілгергі өткен ғұлама Абдуррахман Сағди былай дейді: «Алла тағала бізге ел билігіндегі адамдарға бойұсынуды бұйырған. Ел билігіндегілер: әкімдер, соттар және пәтуа шығарушылар. Өйткені, адамдардың дүниелік істері мен ақыреттік құлшылықтары тек басшыға бойсынумен ғана оңынан болады».

Ислам тарихында есімі ерекше аталатын Хасан әл-Басри атты ғалым елдік мәселесі жайлы: «Олар (басшылар) біздің бес түрлі бағытта басшымыз және қорғанымыз: жұма намазына, жамағатымызға (яғни қоғамымызға), мереке-айтымызға, мемлекет шекарасының қауіпсіздігіне және қоғам ішіндегі тәртіпке. Алламен ант етемін, дін аман тұруы үшін елбасы қажет. Тіпті, өктемдік етсе де. Алламен ант етемін, олардың өткемдіктерінен елге иігілі өте көп. Сондай-ақ, елбасына бойсыну құптарлық іс. Ал, елбасын тыңдамау Алланың берген нығметін қадірлемеу болып табылады» дейді. Мемлекет іргетасының мығым болуы да біздің бірлігімізде, тәртіпке бас июімізде екен, ағайын. Бұл ретте батыр баба Бауыржан Момышұлы айтқан «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген салмақты сөз – саналы адамға өмірлік сабақ.

Ал, адамзаттың ардақтысы әз пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Мұсылман баласы басшысының өзіне ұнаған және де жақтырмаған барлық әмірін тыңдап әрі орындауы уәжіп. Тек басшы күнә болатын істі әмір етсе ғана бастартады» деген. Тағы бір өсиетінде Алла елшісі (с.а.с.): «Кім маған бойұсынса әлбетте Аллаға бойұсынғаны. Ал, кім маған қарсы шықса, Аллаға күнә жасағаны. Кімде-кім өз басшысына бойұсынса, әлбетте маған бойұсынғаны. Ал, кім басшысына қарсы шықса, маған қарсы шыққаны» дейді. Ой жүгіртіп қарасақ, пайғамбарымыздың қалауы елдің тыныштығы мен бірлігі екенін көреміз. Иісі мұсылман баласы үшін сүйікті пайғамбар  Мұхаммедтің (с.а.с.) сөзінен асқан салмақты сөз болмасы хақ. Кешегі қысылтаяң уақытқа, діл мен діннің дәрменсіз қалған кезеңіне көз салып, бүгінгі шаттығы мол шаңырақта еркін құлшылық қылып отырған заманға бір қараған адам тәуелсіздіктің «Тәңірі берген тәтті сый» екенін ұғынары рас.

Бүгін біз кешегі тарихтың соқпағынан сүрінсе де, жығылмаған, дінін дәстүріне айналдырып, сенімін жоғалтпаған текті елдің тізгінін ұстап отырмыз. Баба мұрагерлеріміз. Шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр мекеннің мирасқорларымыз. Сондықтан да, ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ең алдымен өзіміз ұғынып, оны ұрпаққа жеткізу – парыз. Еліміздің еңсесін түсермей, өзге елмен тең ұстап, қаншама ұлттар мен этностардың басын қосып, бірлігі жарасқан, ұйымшылдыққа ұйыған мемлекет құру, оны ұстап отыру оңай іс емес екені баршамызға мәлім. Бүгінгі тұрақтылық пен тыныштықтың, бейбітшілік пен бірліктің мекеніне айналған республикамыздың ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні халық үшін ерекше күн, айрықша мереке. Әрбір ел азаматының жүрегінде осы күннің қадіріне жетіп, қастерлеу, Отанына деген сүйіспеншілік секілді сырлы сезім болуы керек. Алла бізді осы бірлігімізден ажыратпасын. Тәуелсіздігімізді баянды, құтты етсін.  

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, 

«Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру