Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мұхиддин Исаұлы: ЖҮРЕКТІҢ НҰРЫ – ИМАН

13.12.2014 5739 0 пікір

Имандылық сөзі иманнан шыққан. Иман – жүректегі нұр, имандылық соның сыртқы пішіні. Қазақтың адамгершілік ұғымын имандылық сөзімен беруінде ерекше мән бар. Адамгершілік – барлық адамның бойында бола алатын адамның адамдық болмысынан туған қасиет. Имандылық – әлемнің Жаратушысына деген имани сүйіспеншіліктен туған аса ізгі болмыс. Яғни, әрбір имандылықта адамгершілік бар болса, әрбір адамгершілікте имандылық болмауы да бек мүмкін.

Сондықтан қазақ халқы үшін имандылық – ауқымы аса кең. Қазақ иманын – өмір сүрудің тірегі, ар-ожданның асыл ақиқаты деп ұққан. Сол себепті жүректен иман шыққаннан кеудеден жанның шығуын артық санаған. Оған халқымыздың мына бір сөзі куә: «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы».

Бұл жерде қазақтың «арым» деп, отырғаны – иман. «Ұят кімде болса, иман сонда» деуі де осыған саяды. Ұятын сатқан жанды «иманын сатты», арсыз жанды «имансыз» деп сөзбен түйреген. Бұл –  қазақтың аса иманды момын-мұсылман екендігінің белгісі.

Яғни, қазақ жақсылық ұғымын «иман» сөзімен, бар жамандық ұғымын «имансыз» сөзімен айқындаған. Ақиқат осылай бола тұрса да кейбір азаматтар «атам қазақ әруақтарға табынған, мазарларға сиынған» деулері неткен жала десеңізші. Өткеніне түңіле қараған, ілгеріге үңіле қарап жарытпас. Әруақты сыйлау бар, табыну жоқ. Бүгінгі ұрпақтың кейбірі әруақты сыйлаймын деп, оған табынып жатса, ол – сол адамның кінәсі.

Құранда Аллаһ Тағала: «Берген нығметімді еске алыңдар. Уәдемді орындаңдар. Мен де серттеріңді орындаймын. Әрі менен ғана қорқыңдар», дейді («Бақара» сүресі, 40-аят). Біздің бабаларымыз шексіз ұлан-ғайыр далада еркін де азат ғұмыр кешіп, Аллаһтың уәдесін орындауға тырысып, тек жалғыз Жаратушыдан ғана қорқып, тағзым етіп, басқа жаратылыс атаулыға бас имеген. Аллаһқа тағзым етіп, одан ғана қорыққан басқалардан қорықпас.

Ал, Құдайдан қорықпаған, оған бас имеген сөзсіз бөгде заттарға бас иеді. Бұл айнымас шындық. Жаратушы адамды жаратқанда өзіне қорған тілер етіп жаратқан. Қазақта орынсыз қорыққан жанға «иманы қалмады», «иманы ұшты», «иманы түршікті», деуі, соның дәлелі.

Құранда «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Өздерің үшін ілгері бір жақсылық жолдасаңдар, оны Алланың қасында табасыңдар. Шынында Алла (Т.) не істегендеріңді толық көруші»  («Бақара» сүресі, 110-аят) делінген. Бұл аяттағы ізгі істер дегені – имандылық.

Осы имандылыққа айрықша көңіл бөлген қазақ:  «иманды адам, жүзін иманмен қаптап қойғандай, иманы бетінде үзіліп тұр, иманы жолдас болсын» деп, иманға қатысты сөз тіркестерін қолдануы, халқымыздың терең иманды болғанының белгісі.

Мұхиддин Исаұлы,
Нұр-Мүбәрак университетінің аға оқытушысы,
теолог Phd, 
дінтанушы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру