Серікбай қажы ОРАЗ,
наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан»
мешітінің бас имамы
ӨМІР ӨНЕГЕСІ: ТЕҢДІК ҺӘМ КЕҢДІК
Қандай заманда, қандай қоғамда болсын, адам баласының тіршілігін түзулеп, іс-әрекетін реттеп отыратын ережелер мен қағидалардың болатыны сөзсіз. Тіпті, сонау ерте замандардың өзінде қай халықты алып қарасақ та, өзіне тән өмірлік ережелері мен ұстанымдары болғаны тарихтан таныс. Шектен шығып, шеңберден асып кетпес үшін қатаң жаза мен ақиқаттан адастырмас анық үкімдерді пайдалана отырып, адамзат баласы Алла Тағала тарапынан өлшеніп берілген ғұмырды ғибратты өткерудің жолдарын жасады.
Осы жолдағы түрлі ережелер мен қағидаларды, ұстанымдар мен құндылықтарды біз бүгінде ЗАҢ деп атаймыз. Иә, заңсыз қоғамның құрдымға кететіні айдан анық.
Қылмыс атаулы өршіп, адами құндылықтар аяққа тапталмас үшін адамзат баласына анық жол нұсқау үшін түсірілген Алла Елшілерінің (ғ.с.) өнегелері мен үлгілерін бүгінде біз ЗАҢ етіп қабылдадық. Заң біздің құқығымызды қорғап, құндылықтарымызды қадірлеуге, қылмыстан тыйылуға, қоршаған ортамен көркем түрде қарым-қатынас орнатуымызды қамтамасыз етеді.
Осы орайда, аттың тұяғын, құстың қанатын талдыратын ұлан-ғайыр атырапты аманатқа қалдырған бабаларымыздың абақтысыз-ақ ғұмыр кешіп, айрандай ұйыған ынтымақты ел болғаны – Қазақ хандығының заңы қаншалықты қуатты екенін еске түсіреді. Сонау «Қасым ханның қасқа жолынан» басталып, «Есім ханның ескі жолымен» жалғасқан, кейіннен атақты Әз Тәукенің тұсында толықтырылып, «Жеті жарғы» болып қайта жарияланған қазақ заңының қуаттылығының арқасында қазақ халқы қаймағы шайқалмастан бүгінгі күнге келіп жетті.
Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен ата-бабаларымыздың сонда сүйенген заңы қандай болды деген заңды сұрақ туындайды санамызда. Әрине, Алланы бір деп, Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбардың Оның Елшісі екендігіне шүбәсіз сенген халықтың басты қағидасы – Құран аяттарындағы тыйымдар мен шектеулер шеңберіндегі құндылықтар болса, сүйенгені – сүннет болатын. Мысалы, үш жүздің биі қосылып, бұрынғы дала заңдарына жеті түрлі өзгеріс енгізілген «Жеті Жарғыда», ең алдымен, адам ғұмыры артық қойылады. Біле білсек, «Жеті Жарғыда» кісі өлтіруге тыйым салынып, қатаң жаза бекітілгені былай тұрсын, адам баласы аманат етіп берілген он екі мүшенің бірін зақымдауға жол берілмеуі туралы кеңінен айтылған.
Зинақорлық жасағандар мен неке бұзғандар үшін қатаң жаза тағайындалып, ұрлық-қарлықтың кез келген түріне ауырлығына айыптар бекітілген екен. Міне, адам баласының жаны түгілі, мал-мүлкі ардақталған қазақ даласындағы заңның түп-төркіні Ислам дінінде жатқандығының айқын дәлелі.
Қазақ қоғамында айтылған үкімдерді жүзеге асырушылар аузымен құс тістеген атақты би-шешендер болғаны белгілі.Әділдігімен атағы шығып, қара қылды қақ жарған билер үкімінің қай-қайсысын алып қарасақ та, атылмыш даудың шешімін асыл дінімізден тапқанына куә боласыз. «Жаным – арымның садағасы» деп өскен қазақ халқының ақиқатты, әділдікті барлығынан биік қойып, қастерлегені – мұсылмандығымыздың бір белгісі емес пе?!
Қасиетті Құран Кәрімнің «Исра» сүресінде: «Расында, адам баласын ардақты еттік», – дейді. Ал, адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің қоштасу құтбасында былай дейді: «...Сендердің мал-жандарың, ар-намыстарың да соншалықты қасиетті, зорлық атаулыдан қорғалған».
Ал, Алла Кітабы мен Елшісінің ізімен ізгілікке құрылған қазақ заңының бүгінгі жалғасы Ата Заңымызда адам құқықтары мен бостандықтарына былай деп анықтама беріледі: «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады». Мінекей, Ата Заңымыздың алға қойған асыл мақсаттарының бірі әрі бірегейі Ислам дінінің құндылығымен үндесе басталған.
Жалпы, Ислам діні бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі ретінде ең әділетті қоғамдық жүйені жақтауымен ерекшеленеді. Ондағы әділетті ұстанымдар өмірдің сан-саласын түгел қамтиды. Асыл дініміздің күн өткен сайын әлем жұртшылығының ықыласына бөленіп, ғаламды баурап бара жатқандығы да ондағы баға жетпес осындай құндылықтармен тығыз байланысты. Қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше жерінде Алла Тағала құлдарына әділетті болуларын бұйырады. Ақыретте өте әділдікпен үкім шығарылып, әрбір адамның амал-әрекеті таразыға тартылатынын ескерткен Алла Тағала әділдік танытқандарға сый барын айтып, сүйіншілейді. Әділ басшы, әділ саудагер, әділетті құлдарын жәннатқа кіргізіп, кісі ақысын жегендерге жаза барын ескертеді.
Сондай-ақ, Алла Тағала «Ниса» сүресінде: «Әй, мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер», – деп қатаң ескертеді. Бұзақылыққа, жемқорлық пен парақорлыққа тыйым салған аталмыш сүредегі қатаң тыйымды Қазақстан Республикасының Ата Заңынан да бірден табасыз.
Жалпы, қоғамдағы адамдар қатынасындағы, сауда-саттық жүйесіндегі, отбасылық және мұрагерлік жағдайларға байланысты баптардағы кез келген үкімнің бастауы асыл дінімізде жатқанын байқау қиын емес. «Маңдай тері құрғамастан ақыларын беріңдер» деп, жалшылар мен жұмысшылардың құқығын қорғаған Ислам дінінің әділетті қоғам құрудағы орны айрықша екені ешкімге жаңалық емес. Алайда, осы қасиетті Құран аяттары мен пайғамбар өсиеттерімен үндесе жатқан Ата Заңымызға лайықты дәрежеде құрмет көрсетудің кей-кейде кемшін түсіп жататыны жасырын емес.
«Басшыларыңа бағыныңдар» деген Алла Тағала. Бабаларымыздың «оттан да ыстық» деп бағалаған Отанымызды сүюдің бастапқы алғышарттары ұлттық рәміздерімізді қадірлеуден басталатынын ұмытпасақ.
Жаратушы Иеміз халқымыздың бүгінгідей бейбіт өмірін ұзағынан сүйіндіріп, баянды ғұмыр кешуді нәсіп еткей. Арманымыздың асқары болған Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
03.12.2014
4755
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру