Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МӘНІ ЗОР, МАҢЫЗДЫ ТҰЖЫРЫМДАМА

03.12.2014 4683 0 пікір

ДІНІМІЗДІҢ КӨРКЕЮІНЕ ЖАСАЛҒАН ЖАНАШЫРЛЫҚ

Имам-молдалардың айлық жалақы мәселесі талайдан бері түйінді қалпында еді. Бұл ахуалдың дәстүрлі дініміздің дамуына біршама кедергі келтіріп келгенін жасыра алмаймыз. Өйткені, діни арнаулы оқу орнын тәмамдап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жолдамасымен шалғай аудан, ауылдарға қызметке кеткен діндарлардың қаражат тапшылығынан кәсібін ауыстырған жағдайлар құлағымызға жиі шалынатын. Мұндай мысалдарды ҚМДБ мамандары да мойындағанын БАҚ беттерінен оқыған болатынмын.

Жуырда, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы қабылданғанын білеміз. Бұл құжат көптеген мұсылман бауырларымызды қуантып тастады.

Тұжырымдамаға назар аударайықшы: «Ал, екінші кезеңде, 2016-2020 жылдарға дейін келесі игі іс-шаралардың жүзеге асырылуы жоспарлануда. Оның мазмұны да елді елең еткізер жағымды жаңалықтарға толы.

Шалғай елді мекендердегі имамдарымыздың жалақыға тарығып, отбасын асыраудың қамымен кейде мешіттегі қызметін ақсатып жататыны көпшілік қауымға белгілі. Имам дін жолындағы қызметін тыйын-тебенге алаңдамай атқарса деген арман көкейімізден кетпей жүргені рас.

Қазақстандағы діни қызметкерлерді айлық жалақымен қамтамасыз ету мәселесін біржола шешу ұзақ мерзімді жұмыс болғанымен, жүйеге отырған соң діндарларымыз оның да қадірін сезінер деген үміттемін». Міне, Тұжырымдамадағы осы айтылғандар біздің көкейіміздегі түйткілді жағдайды сейілтеді деп сенеміз. Тәуелсіздік алған күннен бері көзіміз көріп жүрген «Сәдуақас қажы Ғылмани» мештінің имам-молдалары да мардымсыз жалақыны қанағат тұтып, қала тұрғындарының діни жоралғыларына барынша ат салысып келеді. Ал, әрбір обылстағы, аудан-ауылдардың имамдары да, азды қанағат тұтып жұмыс жасап жатқаны шындық. Міне, осы мәселе шешімін тапса, білікті мамандар белсене жұмыс жасайды деп үміттенемін. Бұл мәселе аталмыш тұжырымдамада қарастырылғаны ата дініміздің көркеюіне жасалған жанашырлық деп қабылдадым.

Елбасымыз әрқашан дәстүрлі дінімізді қолдаудан жалыққан емес. Әркез қол ұштарын созып, мүмкіндігінше құрмет көрсетеді. Мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айтты ұлттық мейрамдар қатарына қосып, бір серпілтіп тастады. Одан кейін Елордамыздың төрінен әлемде теңдесі кем Әзірет Сұлтан мешітінің ашылуына қолғабыс етті. Жат ағымдармен, лаңкестік пиғылдағы ұйымдармен күресте де Қазақстан билігі сергектік танытуда. Жергілікті әкімдіктердің жанында Дін істері басқармасы тұрақты жұмыс істеп тұр. Ондағы қызметкерлер де дәстүрлі дініміздің қанат жаюына өлшеусіз үлес қосып жатқаны рас. Осындай қолдау, қолпаштау барда, неден қаймығуымыз керек?

Ислам діні мақұлдайтын, құптайтын бейбітшілікті, татулықты ту етіп, ілгері қадамдарды жасай беруіміз қажет. Тек Алла алдымыздан жарылқап, ісімізді оңғарсын деп тілеймін.

Рахимов Шыңғыс қажы, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті алқа мүшесінің төрағасы, Зейнеткер

 

 

Мәні зор, маңызды тұжырымдама

қазақ халқы әлімсақтан Ислам дінін ұстанып келеді. Бабаларымыз тек қана Алланы мойындап, Пайғамбарымыз Мұхаммедке салауат айтқан. Құранның сөзін дәстүрімен, салтымен ұштастырған. Осы ақиқат болса да, бүгінгі әлемдегі діни ахуалдың күрделілігінен өзге ағымның жетегінде кетіп жатқан жастарымыздың қатары аз еместігі алаңдарлық жайт еді. Алайда, біздегі мемлекеттік саясаттың дұрыс жүргізілуінің арқасында, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргелі шараларының арқасында жат ағымдармен, бөгде пиғылдағы ұйымдармен, олардың өкілдерімен күрес бір жолға қойыла бастады. Бұл сөзімнің дәлеліне Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасын атар едім.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қабылдаған құжаттағы мына жолдардан бағдарлы істің ізін көреміз: «ҚМДБ жанынан арнайы ғылыми-зерттеу орталығын ашып, оған аудармашы мамандарды тартуды көздеп отырмыз. Дәстүрлі Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және Матуриди сенімі негізіндегі еңбектерді аудару жұмыстары жоспарға енгізілді.  ҚМДБ-ның жанынан баспа ашып, діни басылымдарды шығару жұмыстарын бір ізге келтіру арқылы діни ахуалды реттеу – басты назарымызда. Тұжырымдама қабылданды, енді бірқатар шараларға бел буып кірісетін боламыз. Келелі жұмыстар қолға алынып жатқанда білекті сыбанып кіріспесе болмасы анық». Міне, бұл ҚМДБ атқарар шаруаның бір парасы ғана. Өзге де алға қойылған мақсаттар барша мұсылмандардың көңілін қуантатыны анық.

Осыдан ширек ғасыр бұрынғы уақытты көз алдымызға әкелейікші. Қандай күндерді бастан кешіп едік. Алдымен, Алланы аузымызға алуға қорықтық. Одан кейін ,тәуелсіздігімізді алсақ та, Тәңірге тәу ететін, құлшылық қылатын мекендеріміздің саны аз еді, сол аздың өзіндегі жағдай мәз емес болатын. Іле-шала есін жия бастаған елдің жастары шет ел жағалап, білім іздеп кетті. Олардың қандай біліммен қаруланып келгенінен бейхабар болатынбыз. Арасында ата жолынан айнып кеткендері де баршылық-тын. Ал қазір ше?.. Мешіттердің саны еселеп артқан. Ондағы дін қызметкерлерінің ахуалы, әйтеуір, жақсы деуге келеді, жүйелі түрде, ҚМДБ тапсырмасымен жұмыс істеп жүр. Алдағы уақытта олардың айлық жалақы мәселелері де шешімін таппақ. Өз елімізде діни оқу орындары бар. Медреселеріміздегі білім берудің сапасын арттыру да ҚМДБ басшылығының жоспарында бар екен. Ал, әрбір мешіттерде сауат ашу курсытары жүріп жатыр. Астана қаласындағы тұңғыш мешіт – «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде, басқаны былай қойғанда, 35 ақсақал жыл бойы, аптаның бес күнінде тұрақты дәріс алып келеміз. Бұның өзі көңіл қуантатын жетістік емес пе?

Ең бастысы, Қазақстан зайырлы мемлекет болса да, халқының жетпіс пайызын мұсылмандар құрайтын болғандықтан, ел Үкіметінің Ислам дініне деген көзқарасы оң. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дәстүрлі дініміздің дамуына биік мінберден қолдау көрсетіп келеді. Әне, Астананың төріндегі, айшығы көз сүйсінтетін Әзірет Сұлтан мешіті соңғы сөзімді айқындай түседі.

Алла тағала осы жолымыздан айнытпай, елімізге берекесі мен нәсібін аямасын. Әмин!

Жұмабаев Сүйіндік қажы, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің алқа мүшесі, Зейнеткер

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру