Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Батыржан Мансұров: Ислам – білім бұлағы

25.11.2014 5315 0 пікір

Алланың құлы болған барша адамзат ақыл иесі болып табылады. Алла тағала Құранда: «Ақыл жүгірпейсіңдер ме?», «Пікір өрбітпейсіңдер ме?» деген секілді көптеген аяттар арқылы ой тастайды. Мына дүниеде ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратып, бақытты ғұмыр кешу үшін білім атты қазына қашанда қажет-ақ.

Ал адамның екі дүниеде бақытты болуын қалайтын асыл дініміз ислам ғылым-білімге үндейді. Мұның нақ дәлелін Пайғамбарымызға түскен Құранның мына алғашқы аятынан байқай аламыз. Алла тағала «Ғалақ» сүресі, 1-5 аяттарында:  «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен», - деп бұйырған. Сол себепті мұсылмандар Құранның бұлжытпас қағидаларын орындап, аяттардың қасиеттеріне ой жібертіп, ғылым-білімге, мәдениетке көңіл қойды.

Расында Құран аяттары, пайғамбар хадистері мұсылмандарды әрдайым білімге, ғылымға шақырады. Жаратқан Раббымыз: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят) - деп айтса, тағы бір аятта: «Алла иман еткендер мен ілім берілгендердің дәрежесін көтереді», («Мүжадала» сүресі, 11-аят) – дейді.

Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай дейді: «Ғылым үйрену – әрбір мұсылманға парыз». Және бір хадисте Алла Елшісі: «Кімде – кім білім іздеуге жолына шықса, Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым ізденушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер мен жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді. Қарапайым мұсылманнан ғалымның артықшылығы, айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Әлбетте, ғұламалар – Пайғамбарлардың мұрагерлері. Пайғамбарлар мұраға динар немесе дирхам қалдырған жоқ, ғылымды мұраға қалдырды. Кімде – кім Пайғамбардың (с.ғ.с.) мұрасын алса, мол үлесті алғаны болады», - десе, ал енді бір хадисінде: «Садақаның ең абзалы – бір мұсылманын білім үйреніп, кейін оны мұсылман бауырына үйреткені», - деп айтады.

Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білім алу жайында айтып қана қоймай, сахабаларына да өзі бастап із салған. Тарихқа үңілсек, Бәдір соғысында қолға түскен мүшріктердің бостандық алулары үшін Алла Елшісі (с.ғ.с.) әрбіріне он баладан сауат аштыруды талап еткен.

Иә, пайғамбар заманында оқу-білімге деген ынтызарлық жай ғана үйден басталып, кейін келе бере мешіт-медреселерден өз жалғасын тапты. Мұның нәтижесінде мұсылман әлемінен әл-Кинди, Бируни, Фараби сынды әлемді аузына қаратқан небір ғұламалар шыққан. Осылайша мұсылмандар ілім-білімде шоқтығы биік тұрды.

Алайда қазіргі таңда мұсылмандар білімде кенжелеп, енжарлық танытып барады. Мұнымен қоса, білімдегі біржақтылығымыз ғылым-білімге деген құштарлығымызды тосып жатқандай көрінеді. Оның бір ғана мысалы, мәселесі шешілген діни білімдерде әрі тарт та, бері тарт жағдайларға тап болып, талас-тартыстарға түсіп жататынымыз жасырын емес. Қасиетті Құранда Раббымыз былай дейді:  «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!» («Нахл» сүресі, 43–аят).

Мұсылман баласы жан-жақты болуы тиіс. Қазіргі технология дамып, ғылым қарыштаған заманда біз өзге озық мемлекеттермен тереземіз тең дәрежеде санасуымыз үшін әрине, сапалы білім қажет.Сол үшін алтын уақытымызды дін, мейлі дүниеуи саласында болсын пайдалы ілім-білім үйренуге жұмсау керек болады. Не десек те мұсылман баласы діни ілімімен дүниеуи білімін ұштастырған да ғана ұтары анық. Ал мұны өткен мұсылман ғалымдарымыз қалытастырып кетті. Әбу Насыр  Әл-Фараби философия ғылымын меңгеріп, жетпістен астам тіл білген жан. Ибн Сина медицина, физика салаларында өшпестей өзіндік із қалдырған.

Құранның бүкіл ғылыммен сабақтасып жатқанын қазір мойындап келеміз. Француз ғалымы, теңіз зерттеушісі Жак Ив-Кусто екі теңіздің қосылмайтынын зерттей келіп: «Жаңалық аштым», - дегенде мұсылман ғалымдары оған он төрт ғасыр бұрын жазылған Құрандағы: «Ағызған екі теңіз  қосылады. Екі арасында бөгет бар. Бір-біріне араласпайды. Ендеше Раббыларыңның қай нығметтерін өтірік дейсіңдер?» - деген аятты көрсетеді. («Рахман»  сүресінің 19-21-аяттар). Аталған аяттан Құранның ғылымға үндейтініне көз жеткізген Француз ғалымы Кусто ислам дінін қабылдаған.

Отырар жерінің перзенті, ислам ғұламасы, жерлесіміз имам Бурһан аз-Зарнужи «Тәлімгер тағлымы» атты еңбегінде былай деп жазады: «Кез-келген мұсылманның жағдай мен уақыт талабына сай өмірінде аса қажетті иман шарттары, құлшылық пен қарым-қатынас үкімдері, тұрмыс қағидалары сынды қарапайым ережелерді біліп жүруі керек. Мұсылман болу үшін дін негіздерінен иманға жеткізетіндей білім алу парыз. Ал Алла тағала парыз еткен амалдарды тану және оның шегін білу үшін фиқһ іліміне ден қою қажет.

Ислам дінінің мақсаты – адам баласын бұл дүние және ақыретте бақытқа жеткізу. Алла тағала Құранда: «Намаз өтелген кезде жер жүзіне таралыңдар да, Алланың кеңшілігінен несібе іздеңдер. Және де Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине, құтыласыңдар» («Жұма» сүресі, 10-аят), – дейді. Ал Байһақи риуаят еткен хадисте: «Тектеріңді жақын туыстарыңа барып тірелетінге дейін үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Араб тілін Алланың кітабын түсінетіндей үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Жұлдыздарды жер мен суда адаспастай етіп үйреніңдер, сосын доғарыңдар», – деп айтылған екен».

Хәкім Абай атамыз он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де - ақымақшылдық...», - дейді. Түркі әлемінің мақтанышы Махмұд Қашқари атамыз: «Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр», - десе, Шал ақын: «Білімің болсадағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей, - дейді. Осындай даналарын мақтан тұтатын халқымыз: «Білекті  бірді  жығар, Білімді  мыңды  жығар», - немесе «Оқу инемен құдық қазғандай», - деп білімнің оңай келмесін айтады. Қарап отырсақ, барлық ислам ғұламалары ілімнің кәусарынан сусындап, ұрпағына өшпестей мұра қалдырып отырған. Шынайы білім болғанда ғана өркендеп өсеріміз сөзсіз-ақ.

Батыржан Мансұров,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру