Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нұрлан РАМАЗАН: "Толық адам"

21.11.2014 4941 0 пікір

Алла Тағала адам баласын жаратқан сәтте оны ақыл нығметімен ерекшеледі. Жанқұтты шешен:«Ақылсыз адам жетім», – дейді.  Міне, осы ақыл-ой мен сана-сезім, парасат-пайымдылық біздерге көптеген жамандықтарды айналып өтіп, жақсылықтарға қол жеткізуге себеп болады.

Шәддад ибн Әус (р.ғ.): «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

عَنْ شَدَّادِ بْنِ أَوْسٍ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ :  الْكَيِّسُ مَنْ دَانَ نَفْسَهُ وَعَمِلَ لِمَا بَعْدَ الْمَوْتِ ، وَالْعَاجِزُ مَنْ أَتْبَعَ نَفْسَهُ هَوَاهَا وَتَمَنَّى عَلَى اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ

Нағыз ақылды – әрдайым өз-өзін есепке тарта отырып, ізгі амалдар жасап, өлімнен кейінгі өмірге қамданған адам. Ал нағыз бейшара – тойымсыз нәпсінің қалауына ерік беріп, соған қарамастан (о дүниеде ізгілермен бірге болармын деп) Аллаһтың мейірімінен үміт еткен адам – деп айтты»– деген. (Тирмизи, ибн Мәжәһ, Ахмад  риуаят еткен).

Әуелі, жоғарыдағы хадисті бізге жеткізген сахабаға тоқталата кетейік. Әбу Яғла Шәддад ибн Әус (Алла одан разы болсын) Бани наджар әулетінен шыққан ансарлық, пайғамбарымыз (с.ғ.с)-нің айрықша сахабаларының бірі. Ол сахабалардың ішінде өзінің парасаттылығымен, ұшқыр ойымен, зеректілігімен танылған кең пейілді  жан еді.

Шәддад ибн Әус (р.ғ) Шам елінде өмір сүріп хижраның 58-ші жылы 75 жасында Палистина шаһарында дүниеден озған. Ол  Алла елшісінің (с.ғ.с) елуге тарта хадисін жеткізіп, оның хадистерін имам Бухари мен имам Мүслим де риуаят еткенін ескерер болсақ, Шәддад ибн Әустің қаншалықты  ілім игерген кісі екеніне көз жеткіземіз.

Шын мәнінде әркез ақылға жүгінетін адам әр ісіне байыппен қарап, ой сарабынан өткізіп, оның нәтижесі мен салдарын ойлап, барынша қырағылық танытатыны хақ. Мұндай пенде бұл өмірдің қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр, өткінші пәни екенін ұғынып, шынайы һәм мәңгілік  бақыттың ақыретте күтіп тұрғандығына сенімі зор болады. Сондықтан, ол ізгі амалдарымен қоржынын мол сауапқа толтырып, өлімнен кейінгі өмірге қамданып, ешқашан да бақи дүниедегі  мәңгілік бақытты фәни дүниедегі уақытша жалған лаззатқа теңестірмейтіні һәм алмастырмайтыны да сөзсіз. 

Әнәстан (р.ғ) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с):

حُفَّتِ الْجَنَّةُ بِالْمَكَارِهِ وَحُفَّتِ النَّارُ بِالشَّهَوَاتِ

«Жәннәт – қиындықтармен қоршалған, тозақ – әуестік-құмарлықтармен (шахуаттар) безендірілген» (Имам Мүслим риуаят етті) дейді.

Демек, жұмаққа жету – жеңіл жол, оп-оңай олжа емес! Осы жолда нәпсі қаламайтын қиындықтар, әлбетте, жетерлік. Шынайы бақыт ізгі амал мен салихалы істер жасаумен, тер төгіп, сынақтарға сабыр қылумен бұйыратын бақ.

Ал тойымсыз нәпсінің жетегінде кеткен кейбір пенделер бұл өткінші жалғанның қызығына мастанып, ақыретін ұмытқандығына қарамастан,  о дүниенің мәңгілік рахаты мен Құдайдың мейрімінен үміт етеді. Мұндай адам қияметте сан соғып, бармағын тістеп қаларын ұғынса, жалғанды жалпағынан басып, менменсіп, көкірек соқпас еді, бейғам бір күйде жатпас еді. Әр күннің әр сағатынан мол үміт күтіп, өзіне де, өзгеге де жақсылық жасаушы момындардың қатарынан табылар ма еді.

Қасиетті Құран Кәрімде Жаратқан Иеміз:

حَتَّى إِذَا جَاءَ أَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ رَبِّ ارْجِعُونِلَعَلِّي أَعْمَلُ صَالِحًا فِيمَا تَرَكْتُ كَلاَّ إِنَّهَا كَلِمَةٌ هُوَ قَائِلُهَا وَمِن وَرَائِهِم بَرْزَخٌ إِلَى يَوْمِ يُبْعَثُونَ

«Ақыр олардың әрбіріне өлім келген сәтте: «Раббым! Мені дүниеге қайтар!. Мүмкін мен дүниеде қалдырған жақсы ғамал істермін. «Әсте олай емес. Рас бұл оның бір айтқан бос сөзі. Өйткені, олардың артында қайта тірілетін күнге дейін бөгет бар» дейді. (Мүминун сүресі, 99-100-ші аяттар).

Келесі аятта Аллаһ тағала:

أَمْ حَسِبْتُمْ أَن تَدْخُلُواْ الْجَنَّةَ وَلَمَّا يَعْلَمِ اللَّهُ الَّذِينَ جَاهَدُواْ مِنكُمْ وَيَعْلَمَ الصَّابِرِينَ

«Аллаһ сендерден күресушілер мен сабыр етушілерді айқындамай тұрып, Жәннатқа кіреміз деп есептедіңдер ме?», деп ескертеді. («Әли Ғимран» сүресі, 142-аят.).

Жалт-жұлт еткен пәни дүниенің қызығына беріліп, ақыретке дайындығын ұмытқан адамның мысалы жыртқыш аңнан қашып келе жатқан, бір ағаштың бұтағына өрмелеп шыққан кісі тәрізді. Әлгі кісі төменге қараса шұңқырды көреді. Оған құласа – бітті, ішінде аузын айқара ашып, жұтуға әзір ірі жыланды байқайды. Содан соң, жоғары жаққа зер салып, өзі ілініп тұрған бұтақтың түбіне қараса, қара және ақ түсті екі тышқанды көрді. Ол екеуі бұтақты үздіксіз кеміруде. Енді жан-жағына айналып бұрылса, қол созым жерде балға толған араның ұясы тұр. Балдан ауыз тиеді. Балды ұнатқандығы соншалықты өз-өзін тежей алмай жегеннің үстіне жей түсіп, өзін жұтып жібергелі тұрған шұңқыр мен түбіне жетер екі тышқан естен шығады, тарс ұмытты. Бұл мысалдағы шұңқыр адамды күтіп тұрған – қабірі, ал ақ және қара түсті екі тышқан адамның өмірін азайтып, күндерін кеміріп, тауысқалы жатқан – күн мен түн. Ұядағы бал – осы дүниенің ләззаты екен. Ал, парасатты адам шахуаттарға берілмей, атойлаған нәпсісін тізгіндеп ақыл мен арының алдында есеп береді.

Ардақты ағайын, қадырменді оқырман! Өзімізді қолға алып, амалдарымыз ақылдың адал таразысына салып,  ертеңіміз жайлы бір сәтке ойланайық!

Әбу Сағид әл-Худриден (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте: «Бірде Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітке кірген кезде ақсия күліп отырған адамдарды көріп: «Ләззат пен дүниеге құштарлықты жоюшыны (өлімді) жиі еске алыңдар! Себебі  қабір адам баласына әр уақыт:«Мен бейтаныстар мекенімін, мен жалғыздар мекенімін, топырақ мекенімін, құрт-құмырсқалар мекенімін», – дейді. Мүмін пенде жерленген кезде көр оған: «Менің үстімде өмір сүргендердің ішінде өзіме қатты ұнаған жандардың қатарынан едің, хош келдің, бүгін маған келдің және қойныма ендің, саған енді не істейтінімді көресің» дейді. Сөйтіп көзі жеткен жерге дейін қабірі кеңейтіліп, оған жаннатқа қарай есік ашылады...Ал егер күнәкар жаман адам немесе кәпір жерленсе, оған қабір: «Саған «хош келдің» деп айтпаймын, менің үстімде өмір сүретін пенделердің арасындағы ең жек көретіндерімнің бірі едің, енді бүгін маған келдің және қойныма ендің, енді саған менің не істейтінімді көресің» дейді. Сөйтіп қабірдің екі жағы сығылып, дене мүшелері бір-біріне жабысып, қабырғалары айқасады», – дейді, сосын Пайғамбар (с.а.с.) саусақтарын бір-біріне айқастырып: «Оны Аллаһ жетпіс улы жыланмен байлайды. Егер сол жыландардың біреуі жерге қарай демін жіберсе, ештеңе өспес еді әрі дүниеде ештеңе қалмас еді, онымен әбден есеп айырысқанша олар оны шағып азаптайды...», – деді», – деген.

Өмірдің мәнін өткінші дүниенің көзімен емес, ақылдың көзімен қарап, сын-сынақтың бәріне мұсылманға тән төзіммен шыдап, байыппен байлам жасай білу – сіз бенен біздің міндетіміз. Хазірет Әли (р.а) былай дейді: «Кейбіреулер бір нәрсе тілеп құлдық ұрады. Бұл –саудагердің құлшылығы. Баз біреулер қорыққанынан құлшылық жасайды. Бұл – малайдың құлшылығы. Тағы біреулер шүкірлік жасау үшін құлшылық етеді. Міне бұл – күллі жағымсыз істерден аулақ түрде жасалған, таңдаулылардың (хауастардың) құлшылығы». Шын момын жан құлшылығы мен тіршілігін қатар алып, әр сәт шүкір етуді ұмытпайды, әлемді жоқтан бар еткен Жаратушысының алдында болар күннің де бар екенін естен шығармайды.

Әз елші Мұхаммед (с.ғ.с.) шынайы момын жанның өмір жайлы ұстанымын, таным-түсінігін өз хадистерінде кеңінен баяндап кеткен. Суһайыбтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с.) : «Мүміннің ісі неткен ғажап! Шындығында оның барлық ісі қайырлы. Бұл мүміннен басқаға жазылмаған. Егер оның басында қуаныш болса, Аллаға шүкір етеді – сонысына сауап-сый алады. Егер оған бір жамандық төнсе, оған сабыр етеді – онысына да сауап алады. Алланың мұсылманға жазған әрбір тағдыры қайырлы» дейді (Мүслім риуаят еткен).

Ардақты ағайын. Шаттықта шүкірлік, сынаққа сабыр қылатын ізгілердің ізінен жаңылмай, бабалар салған сара жолмен, екі дүниенің бақытын іздеуден талмайық, шалдықпайық. Алладан сабыр, төзім тілеп, хәкім Абай айтқан «толық мұсылман – толық адам» қалыбымызды сақтап қалуға күш салайық.

Нұрлан РАМАЗАН,
 
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру