Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Батыржан Мансұров: "Рухани құндылыққа қол жеткізу – адамзаттың бақыты"

07.11.2014 4458 0 пікір

Рухани құндылық адам өмірінің дұрыс қалыптасуына алып баратын бірден-бір фактор. Себебі, мына дүниеде сенімі жоқ адам болғанмен, ешбір дінсіз қоғам жоқ екені баршаға аян.

Ал қоғамның мүшесі болып табылатын әрбір адам үшін діни құндылықтың орны ерекше. Бүгінде сол діни құндылықты дұрыс түсінбеудің салдарынан бір дінде жүрген жандар өз арасында әрі тартта бері тарт жағдайға душар болуда.

Алайда асыл дініміз сонау қараңғылық пен надандықтың құрсауында қалған адамзат баласына жарық сәулесін төгіп, қадірлі жаратылыс иесі екенін жадына салып келеді.

Өздеріңіз білесіздер, жер бетіне ислам келгенге дейін араб түбегі азғындықтың шеңберінде қалған-ды. Адамгершілік құндылықтар түгелімен жойылды. Арсыздық жайлаған сол кезеңде әйел-ана деген ұғым аяқасты тапталды. Әйелді затқа теңеп, құнды дүниеге айырбастап сала берді. Өріс болған қыз баласы дүниеге келді десе, жалған намыстан арланып, жерге тірідей көме салу ол қоғамға қиынға соқпады.

Мынаған қараңызшы, бір сахаба пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) келіп: «Иә, Алланың Елшісі! Біз қараңғы дәуірде қыз балаларды тірідей жерге көметін едік. Менің де бір қызым бар болатын. Бір күні мен оның анасына «Мынаны жақсылап киіндір, нағашысына алып барамын, – дедім.

Әйелім айтқанымды екі етпеді. Қызым шынымен-ақ нағашысына барамын деп қатты қуанды. Мен оны жетектеп алып кеттім. Алдын-ала қазып дайындап қойған шұңқырдың жанына әкеліп, оған: «Шұңқырға қара», – дедім. Ол еңкейіп қарай бергені сол еді, артынан итеріп құлаттым. Ол жанұшыра жоғары ұмтылды. Шығуға тырысып, жанталасып жатып:  «Көкешім, үсті-басың шаң болды ғой», – деп киімімді қағуға тырысты.  Мен оған қарамадым, оны тірідей топыраққа көміп тастадым», - деп әлгі сахаба сөзін тәмәмдады.

Исламға дейінгі надандық дәуірде орын алған осы оқиға айтылып жатқанда, Алла Елшісі және жанындағы сахабалар көз жастарына ие бола алмай, қатты егілді. Сол жерде отырған біреу шыдай алмай: «Пайғамбардың көңіліне қаяу салдың», – дей беріп еді, мейірім Пайғамбары әлгі адамға: «Тағы айт», – деді. Ол оқиғаны бастан-аяқ қайталап айтып шықты.

Міне, Исламнан бұрын адамзат осындай сорақы күй кешті. Алайда ислам әкелген адами ізгі-қасиеттер болашақ үшін жақсылықтардың  жаңғыруына жол ашты. Асыл дініміздегі адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, еңбекқорлық, отансүйгіштік мұның барлығы бақыттың биік шыңына жетеледі.Ислам сыртқы тазалыққа қалай көңіл бөлген болса, ішкі рухани тазалыққа да аса мән берген дін. Сол себепті мұсылмандар өз кезегінде алдымен жүрек тазалығына қатты көңіл бөлді. Сонан болар, асыл дінге ешбір күйе жұқтырмады. Шын мұсылмандықты көрсетіп, исламның атын әлемге жаңғыртумен болды.

Дана халқымыз ғасырлар бойы дінді рухани құндылықтың негізі санап келді. Нәтижесінде ар-ұят, адал-арам, обал-сауапқа аса мән берді. Ұлы иманды, қызы ибалы болып, ынтымағы жарасқан халыққа айналды.

Өкініштісі, қазіргі алмағайып заманда діни құндылықтың мақсат-мұратын айқындай алмау салдарынан дін ұстанған кейбір қандастар ай жарықта адасып, жарықтан қараңғылыққа ұмтылып әлек.

Соның салдарынан қоғам ішінде көптеген діни араздықтар туындап, елге, халыққа деген дұшпандық әрекеттер артып барады. Мұның барлығы діни құндылықтың қадіріне бармаудан тағы кеп шығуда.

Елбасымыз: «Біз діни фанатизм мен діни дүмшеліктен қатар сақтануымыз керек» - деген-ді. Ұрпақ тәрбиесі қашанда маңызды болып қала бермек. Жан-жақты жетілген ұрпақ қан ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық  жанға айналады. Түркі ойшылдарының ең атақтысы, әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби "Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы", - деп айтқан екен.

Адам – ардақты жаратылыс. Құранда «Исра» сүресінің 70-аятында жаратқан Алла: «Расында Адам баласын ардақтадық...», - дейді.Иә, адам жаратушысының сүйікті пендесі болуын қаласа, ең алдымен оның әміріне бағынып, айналасына мейірімді, кешірімді болады.

Ислам – әдептілік діні. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жақсы мінездерді толықтыру үшін жіберілдім», - десе және бір хадисінде: «Сендердің иман жағынан кәміл болғандарың мінезі жақсы болып, адамдарға жақсылық жасағандарың», - деп рухани құндылыққа аса көңіл бөлуге үндеуде.

Ислам ғалымдары тәрбиеде және көркем мінезде ислам дінінің байрағы болған және исламды дүние жүзіне осылай танытқан. Солардың бірі Ибн Ата былай деген: «Мінез жақсы болмағаннан кейін оқылған намаздың, тұтылған оразаның көп болуының маңызы жоқ».

Сөздің түйіні, мұсылмандық, рухани құндылық жақсы, көркем мінезден туындайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Мұсылман – өзгелерге қолымен де, тілімен де зиян бермейтін адам», - деп сипаттаған. Даналықтың дәйегіне айналған би-шешендерімізден: «Адамның басшысы - ақыл, жетекшісі - талап, шолғыншысы – ой, жолдасы - кәсіп, қорғаны - сабыр, қорғаушысы – мінез», - деген асыл сөз қалған.

Ислам адамзатты ғылымға, мәдениетке, өркениетке, болашаққа үндейді. Бүгінгі таңда осындай рухани құндылығымыздың әлсіреп, жік-жікке бөлініп, бір жұдырықтай біріге алмай жұтаңдықта күй кешуіміздің бір себебі діни сауаттылықтың дұрыс қалыптаспауынан екені сөзсіз. Ал рухани құндылыққа қол жеткізу қашан да адамзаттың бақыты болып қала бермек.

Батыржан Мансұров,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру