Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфтидің сұхбатынан түйген ойлар

03.11.2014 4549 0 пікір

ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Ержанқажы Малғажыұлы хазреттің «Хабар» телеарнасының «Көзқарас» бағдарламасында берген сұхбатында республикадағы діни ахуал және діни басқарманың сан салалы атқарып жатқан жұмыстары  жайлы салиқалы әңгіме өрбітті.  Жағымды жаңалық діни басқарманың негізгі құрамының Елордамыз Астанаға қоныс аударуы. Биылғы қажылық сапарының мұсылман қауымы үшін жоғары деңгейде ұйымдастырылуы, елімізден 5000 мың қажыларымыз парыздарын  ойдағыдай өтеп қайтты. Бұл сапар аясының алдында діни басқарманың өкілдері, қасиетті сапарға ниет қылған мұсылман бауырларымыз үшін, қажылық рәсімдерінің қыр сырын үйрету үшін діни сауат ашу курстары тұрақты жұмыс жасағанын, соның нәтижесі үлкен пайда бергенін атап айтты.  Биылғы 2014 жылды діни басқарма Дін мен Дәстүр жылы деп жариялады. Дін мен дәстүр сабақтастығы халқымыз үшін құстың қос қанатындай біте қайнасқан қастерлі ұғым. Кеше кеңестік кезеңдерде ата дініміздің құндылығын бұрмалаған идеология жүргізілген уақытта дінімізді, ұлттық дәстүріміз арқылы сақтап қалдық. Қазақтың ойшылдарының еңбектерін, мақал-мәтелдерімізді қараңыз, барлығында хадистен сүннеттен алынған діни тағылымдарды кезіктіреміз. Мақсатымыз ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазхабымызбен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді жарыққа шығару. Қазақ еліміздің бағыт - бағдарының дұрыстығын бабаларымыздың салып кеткен  сара жолын жалғастыру . Осы жұмыстың алғашқы бастамасы ретінде арнайы мамандардың басын қосып, "Дін мен дәстүр" атты кітап жарық көрді. Бұл кітап ел мұсылмандары және ғалымдарымыз, зиялы қауым өкілдерінен оң бағасын алды. Діни басқарманың үш бағыт бойынша белгілеген жұмысы нақты жүзеге асуда.

1) Діни үгіт насихатты күшейту,
2) Жат ағымдармен күрес,
3) Қайырымдылық іс шаралары.

Қоғамдағы дін және жастар тәрбиесі күн тәртібіндегі өткір де өзекті мәселе. Діни басқарманың тапсырмасы бойынша құрылған дінтанушы ғалымдарымыз, ақпараттық насихаттау жұмысымен тұрақты айналысуда. Еліміздің бүкіл аймағы облыс, қала, аудан, ауылдарға дейін қамтылуда. Қайырымдылық ізгілік жасау дініміздің талабы . Бұл діни басқарманың басты назарында. Еліміз бойынша қарттар үйінде, жетім балалар үйінде ағымдағы уақытта  бірнеше рет қайырымдылық іс шаралар өткізілуі тұрақты жолға қойылғанын ерекше атап айтты. Дана халқымызда "Қарты бар ел қазынасы бар ел" деген қанатты сөз бар. Біз қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Берекет қарты бар үйде дейді асыл дінімізде. Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің қарттар үйіне барып, қариялармен сұхбаттасу кезінде бес уақыт намазын оқитын екі қарияға  Меккеге қажылық парызын өтеуге жолдама беріліп, екі қарияда қажылық сапарын аман - сау өтеп қайтқаны өте көңіл қуантарлық жаңалық. Бұл қариялар қасиетті сапардан оралған соң, Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазретке үлкен рахметін айтып ақ баталарын берді.  Ол қариялардың қарағым бұндай жақсылықты туған баламыздан көрген жоқпыз деп айтқан жүрек түпкіріндегі күйзелістері көңіліңе кірбең келтіреді. Біраз уақытта Бас Мүфтиіміз осы қарттар үйінен Айымторы деген әжемізді діни басқарманың атынан қажылыққа жіберетінін хабарлады.     Хазіретіміз бұл амалдардың барлығын Алла разылығы үшін жасап жатқанын және  бұл үрдісті тоқтатпай жалғастыра беретінін жеткізді .    

Совет Тоғызбаев дербес зейнеткер,
Семей қаласы

  

Қазақтың  асыл  салт–дәстүрі мен  ислам діні  ғасырлар бойы тығыз байланыста болып, бірге жасасып, біте қайнасқанын жасыра алмаймыз. Ұлтымыздың бітім болмысында ислам дінінің тәрбиесі, мақал-мәтелдеріндегі рухани үндестікті, ерекше сабақтастықтың бар екенін қазақ жұрты жақсы біледі. Әңгімемізге  орай  қазір еліміздің  Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының  бастамасымен   «дін мен дәстүрге» үлкен көңіл бөлініп, қомақты жұмыстар атқарылып жатқанын  айта кеткен жөн.  Бұл бір жағынан жат ағымдармен күресудің ең тиімді тәсілі деп ойлаймыз. Жуырда осы  тақырып  аясында  «Хабар» агенттігінің «Көзқарас» бағдарламасына  Бас мүфти  Ержан қажы Малғажыұлы  еліміз бен дініміз үшін маңызды болған, ауқымы кең, тәрбиелік мәні бар сұхбат берді. Жарты сағаттық кездесу кешінде Бас мүфти елімізде жүргізіліп жатқан діни жұмыстар туралы сөз етіп, сонымен қатар біршама мәселелерге тоқтала өтіп, бұрын-соңды көңіл бөлінбеген «дін мен дәстүрге» қарқынды шаруалар жасалып жатқанын баяндады. Арнайы пікірлесу бағдарламасынан көптеген  игі  істер жүзеге асқанын аңғардық. Оның бірі, үстіміздегі жылда қажылық сапарға аттанған мұсылман бауырларымыздың  саны 2000-шы жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда бес есеге өскенін, діни басқармадан арнайы  қаржы бөлініп, дәрігерлер жасағын ұйымдастырып, халықтың қажылық сапарын сәтті ету үшін бар мүмкіндікті жасағанын ауыз толтыра айта аламыз. Қарттар үйіне жиі баратын  Мүфти хазрет ақсақалдырымыз бен әжелерімізге жыл сайын кіші қажылыққа бару мүмкіндігін сыйлап, осы  үрдісті  жалғастыруға ниетті екенін айтты. Бұл сауапты іс - қазақ жастары үшін, өскелең ұрпаққа өнеге.  Себебі қарттар мен жетімдер үйі қазақта бұрын болмаған. Осы жайлы Бас Мүфтиіміз тікелей эфирде қазіргі аудан-аймақтарда, қалаларда орналасқан мешіттер «қарттарға құрмет», «ата-ананы сыйлау» секілді тақырыпта қарқынды уағыздар жүргізіп, уағыздарды қазақтың шешендік сөздерімен, көркем  мақалдарымен әсемдеп айту арқылы ділімізбен дініміз бір екенін, оны бөліп қарау қате екенін насихаттауда.                                            

Қазақстан   мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен  «дін мен дәстүр» аясында кітап жарық көріп, Алла қаласа бұл еңбектің екінші томы-да таяуда баспаға ұсынылады. Сұхбат төңірегінде аз әңгімелер қозғалған жоқ. Мұның ішінде діни ағымдарға байланысты пікірлер де айтылды. Ержан қажы мұндай зиянды ағымдардан қазақ жастарымызды аман сақтау үшін, діни сауаттылықты арттыру, ақпараттандыру керектігін тілге тиек етті. Көп жағдайда қазір діни сауттылықты арттыруға халық үреймен қарайды. Мұның барлығы ағымдардан қалған қорқыныш деп айтсақ та болады. Дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етілген адам тура жолдан адаспайды. Ал тура жолдағы қоғамнан бейбітшілік пен тыныштық кетпейді.

  Ойымызды түйіндей келе  Бас мүфти сұхбатының салмағы зор және тәрбиелік сипаты басым екенін айтқымыз келеді.  Хакім Абай: «Пенде болсаң алдымен иманды бол, адамға Иман өзі ашады жол» деп исламнан алыстамаған. Алла Тағала Бас мүфтиіміздің ел-жұрт алдындағы риясыз еңбегіне табыс тілейміз. Жаратқан, дінімізге берік, дәстүрімізден таймауымызды жазсын. 

Райымқұлов Дүйсебай,
Алматы қаласы, Әуезов аудандық 4-ші жергілікті
өзін-өзі басқру басқармасының төрағасы

 

2014 жылды Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Айтып қана қоймай затын да ел-жұртқа көрсетті. «Дін мен Дәстүр» кітабын шығаруды қолға алды. Бұл іске бас мүфтидің жеке басының араласуы көп нәрсені шешіп отыр деп білеміз. Бүгінде дәстүрге қатысты салт-жоралғыларымыз мешітке қарай ойыса бастады. Адам есімін мешітте тергесек оның несі айып? Көп жағдайда қазақы ырым-жырымдарымен сәбилерімізге қолайсыз, болмаса алып жүре алмайтындай есімдер беріледі. Оларды сол азаптан кім құтқармақ? Әрине, мешіт. Мешітке келіп қайта ат тергеу керек. Мұның өзі хадисте бар нәрсе.

Қазіргі орта жастан асқандардың көбісі некеге тұрмаған. Осы дұрыс па? Бұрыс па? Әрине, оны да мешітке келіп оңдап алуға болады. Мұндай мәселелердің қай-қайсы болсын, Аллаға шүкір, мешіт шеше алады. Салт-дәстүр дегеніміз ұлттың өмір сүру тәлібі. Өмірге шыр етіп келген нәрестенің кіндігі кесілісімен-ақ ол ұлттық дәстүрімізге көміліп кете барады. Содан соңғы мейрамсуын ішкенше бұл дәстүріміз тоқтамайды. Мұнан былай о дүниеліктердің екінші өмірі басталады. Артында қалған ұрпақтары оларды ұмытпай,  артынан дұға бағыштап, хатым құран түсіріп отырады. Бұл не деген сөз? Бұл ертеңіңе ұмтылу үшін өткеніңді біл деген сөз! Дінсіз ұлыстың болуы мүмкін, дінсіз халықтың болуы мүмкін емес. Кез келген ұлыстың сенім-нанымы болады. Сол сенім-нанымы соқыр түйсіктен Бір Жаратқанды тануға алып келеді. Ол Құдай ма, ол Алла ма, ол Жаратқан ба, ол Бір ме? Бәрібір. Адам мойындайды. Түрлі атағанмен бір күштің барлығын. Сол мойындау олардың дәстүріне, сенім-нанымына тың серпін әкеледі. Біреуі жоғалып, екіншісі өмірге келеді. Халқымыздың «дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар» дейтіні содан болса керек. Қазақ мың өліп, мың тірілген халық. Қашанда өлмей қалған. Себебі біреу – дәстүрін сақтап қалған. Қазақ әу бастан мұсылман халық. Оның дәстүрі осы дінге арқа сүйеген. Рас, ол осыған дейінгі өзінің сенім-нанымын ала келді. Бірақ сол сенім-нанымдарын мұсылман дінімізге қайшы келмейтіндей етіп кіріктіре білді. Күні кеше ғана «Көзқарас» бағдарламасы бойынша бас мүфтиіміз сұхбат берді. Онда көптеген мәселе айтылды. Алайда соның бастысы біздің дәстүрімізден дін арқылы таймайтынымыз болса керек. Бәлкім, келер жылды да «Дәстүр мен Дін» жылы деп қалдыру керек болар. Ержан қажы Малғажыұлы сұхбатында дәстүр мен діл жөнінде айтып қалды. Мұны да жайдан  жай айтыла салды деуге болмайды. Дін, діл, дәстүр – бұлар бізді ұлт ретінде ұйыстырып, кірігіп тұрған үш таған, үш ұстанымыз болады. Олай болса келер жылды жалғастық ретінде «Дәстүр мен Діл» жылы деп жариялауға болар. Халқымыз бейбітсүйгіш халықтың бірі. Біздің өз жеріміз өзімізге жетеді.Қазақ болу деген сөз, салт-дәстүрді сақтау деген иыққа шапан іліп, басқа бөрік киіп жүру деген сөз емес.  Қазақ болу деген сөз ең алдымен ертеңін ойлау деген сөз.

Ертеңін ойлаған халқымыз өзінің тыныштығын ойлаған. Көршісінің тыныштығы арқылы. Имандылық, қазақы имандылық дегеніміз осы.

 

Төрехан МАЙБАС,
жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері,
Қарағанды қаласы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру