Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ: Қарт (әңгіме)

30.10.2014 5549 0 пікір

Жасы біразға келген ақсақалдың аядай бөлмені жалғыз өзі паналағанына да біраз жыл болды. Өзінен басқа ешкім жоқ. Үстіндегі киімі де неше жыл бұрынғы. Сызық түскен ескі күртеше. Қарағанға көнелігі бірден-ақ байқалады. Әрдайым өзімен-өзі сөйлеседі, күледі, езу тартады. Құдды біреумен сырласып жүргендей.

Сол әдеті бойынша ішіндегісін сыртқа шығарған болып өзімен-өзі қайта сөйлей бастады: «Ой, Алла! Мына жарық тағы да өшті-ау. Тағы да сол күндегі қараңғылық. Бұл қара түнек адамды үркітіп-қорқытқысы келе ме, қайтеді ей, өзі? Білмеймін, қараңғыдағы түріміз мынау, ал өлгеннен кейін қабірдегі жағдайымыз не болмақ сонда?!»

Алғаш аяқ басып келгелі бері қарияның бөлмесі еш өзгермеген, сол баяғы қаз қалпы. Баяғы сол ескі-құсқы заттар. Қаланың көрінісіне терезеден телміре қарап тұрған қарт жасының егде тартқанына қарамастан қабырғаны жағалай барып, үстел үстін сипалай түсті. Сосын қолына ілінген оттықты алып, өзіне сенімді болғысы келгендей:

– Әәә, оттық мұнда екен. Осы бір жерлерде майшам да болу керек. Құрыған неме, ең болмағанда мына шамды жағып, көз алдымдағыларды көріп отырайын… Тас қараңғыда қақиып отырғаннан гөрі мына шамды тұтатып қойғаным тіпті дұрыс болды-ау, өзі.

Маздай жанған шам бөлме ішін жарқыратып жібермесе де, қараңғылықты біраз сейілтіп, қарттың өмірге деген үміт отын қайта жаққандай болды.

Төсегіне келіп жантайған қарт баяғы оралмас жастық шағын есіне түсірді. Езу тартып бір мәрте күлімсіреп те алды. Өзін құдды біреу тыңдап отырғандай сезінді ме, жастық шағынан әңгіме қозғай түсті.

– Бала кезімізде дәл бүгінгідей жарық жиі-жиі өшіп тұратын. Сондай уақытта осындай аядай ғана бөлмеміздің пердесін ашып қоятынбыз. Айдың сәулесімен бөлме іші жап-жарық болып кететін. Иә, жарықтық әкем, анам, бауырларым бәріміз бірге алқа-қотан отырып әңгіме-дүкен құратынбыз. Ой, Алла! Сол күндеріміз қандай тамаша еді. Ең бақытты кезең де сол сәт пе еді, бәлкім?! Әкем де балалық шағын есіне түсіріп, ауылда жүргенде есектен құлап түскендігін, анам болса, тығылмақ ойнап жүріп, талға ілініп қалғанын көз алдымызға елестете отырып айтатын. Біз болсақ, ол кісілердің айтқан қызықтарына тоймай, рахаттана күлетінбіз. Бүгінгідей жарықтың жанғанына емес, керісінше сөнгеніне қатты қуанатынбыз. Жанып тұрған жарық-тың өшкенін асыға күтетінбіз. Неге екенін білемісің? Өйткені, бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз, бауырмалдығымыз осы кезде арта түсетін. Өзара жақындай түсіп, бір ата, бір анадан туғанымызды шын сезінетінбіз. Бір-бірімізге естен кетпес қызықшылығымызды, бастан өткерген кей қиыншылығымызды айтып оны да ортақ бөлісетінбіз. Ең керемет күндер еді ғой, сол уақыт. Амал не, ол уақыттар енді қайтып келмек емес. Ал, басқа күндері теледидарға телміретініміз сонша, бір-бірімізге жақын отырып, еркін сөйлесе алмайтынбыз. Көк жәшіктің қызығына алданып, арбауына қалай түскенімізді де сезбей қалдық. Ай, бұл технологияны қойсаңшы! Қалай, ә?! Адамдарды кәдімгідей бір-бірінен алыстатып барады, әсіресе, айрандай ұйыған жанұяларды. Теледидардың адам-дарды бір-бірінен алыстатқаны сондай, технологияны уысымызда ұстап тұру, оны қалауымызға бағындыру әсте мүмкін емес болып барады. Барлық жақсы деген қасиеттерімізден жұрдай болып, онан зәбір көргендей дереу қолымызды үздік. Бұрын-соңды ешнәрсе көрмегендей, теледидар дегенге жабыстық та қалдық. Шындап келгенде, сол теледидардағы футбол ойындары әйелдерімізден, бітпейтін қым-қиғаш сериалдар мен шым-шытырық кинолар балаларымыздан аса маңызды ма еді?! Өзіңіз, ойлаңызшы! Әрине, жоооқ. Қане, тағы бір ойлан! Өзіңді мәпелеп өсірген үйіңнен мына мен тұрған қарттар үйі ыстық па, не дейсің бұған? Әрине, тағы да «жоооқ» дейсің маған амалсыз. Міне, сол «теледидар» деген бәленің берген тәрбиесі қазір нәтижесіз емес. Бүгіндері адамдардың жүрегі қатайғаны сондай, балаларын, жанұясын, анасын, әкесін тастап кететін жағдайға жетті. Өтірікті шындай соғып, дүниесі бар болса да бауырларына, айналасына көмектеспейтін болды. Байлардан да ынсап кетті, мойнында кедейдің ақысы бар екенін ұмытты. Мен де, міне жападан жалғыз қалдым. Амалым құрыған соң барып қарттар үйін сағалап, осында келдім. Бұл қарттар үйі менің асты-үстіме түсіп, үлдемен-бүлдеге орап, қанша жағдайымды жасағанмен, адамдар арасындағы мейірімділік, кешірімділік, бауыр-ластық деген қасиеттердің орнын толтырып бере алар емес. Иә, осыны ойласам өзімді қоярға жер таба алмай кетем. Шынымды айтсам, өзімді қалай жұбатарымды білмеймін. Еһ, еһһ… Ой, Аллам! Менің серігімдей болған мынау шамым қандай әдемі?! Қызметін адал атқарып, тынбай жанып тұр. Жанған сайын өзі мейірленіп, еріксіз еріп барады. Еріген сайын сәулесі кәдімгідей жарқырай түседі. Жарқыраған сайын азаяды. Ей, қу дүние!

Қарт көп нәрсені осылай есіне түсірді. Сосын бір рухани күш-жігерімен дауыстай:

– Ей, хазіреті Омар! Саған Алла разы болсын! Сен қандай ұлы жан едің?! Өзіңнің жеке тірлігің үшін үкіметтің шамын пайдаланбай, жеке шамыңды жақтың. Харамнан және құлдың ақысын жеуден қорықтың. Мұхаммедтің адал үмметі болдың, Алла елшісінің ардақты сахабасы атандың. Иә, хазіреті Әбу Бәкір! Хазіреті Хадиша! Хазіреті Фатима! Хазіреті Зәйд! Сіздерді де сағындым.

Осы сөздерді айтқаннан кейін қарт біраз жеңілдегендей болып тоқтады, сосын өксік аралас даусымен қайтадан күбірлей бастады:

– Сенің әділетіңе, сенің мейіріміңе, сенің нұрлы жүзіңе жете алмаудамын, ей, Алланың елшісі Мұхаммед! Сенің жоқтығыңнан мына айнала қоршаған әлем қайғыруда. Сенің жоқтығыңнан әділетсіздікке ұшыраған адамдар қайғыруда. Адамзаттың бойындағы мейірімділіктің жоқтығынан бір-біріне қиянат жасауын қойғысы жоқ. Мына алдамшы дүниені, қолдың кірі байлықты бітпестей көреді олар. Көздері тояр емес. Қанағат, рахым азайып, тасжүрек, қатыгездік деген кеңге қанатын жайып барады. Міне, қартайған шағымда осындай арсыз істердің куәсі болып отырмын. Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын. Мен де бала сияқты болып барамын. Болмашыға ренжимін, сәл нәрсеге қарап көзіме жас аламын. Болмашы дегендерім көзге көрінбейтін арсыз әрекеттер ғой сол баяғы. Алайда осы болмашылар ертеңгі күні ұрпағымызға мұнан да зорын көрсетсе, біздің ақыреттегі халіміз не болмақ?!

Қарт терең күрсінді де, көзін жұмып үнсіз ойға шомды. Сол-ақ екен мана өшкен электр жарығы қайта жанып, бөлме ішін шайдай етті. Қарттың көзі жарықпен шағылысты ма, әйтеуір жанған жарықты анау айтқандай жақтыра қоймады.

– Әй, сен де. Неге жандың сонша асығып? Мынау шамның жарығымен, оның азғантай жылуымен сағынған жандарымды біраз есіме түсірдім, көңілім қалаған жандарым бір сәт дос болды маған. Рас, сен өшкенде мына бөлме қараңғыға айналды. Бірақ, сол қараңғылық менің жүрегімді айтарлықтай жылытты. Көңілім кәдімгідей жайланды.

Осылай жарыққа да мұңын айтты қарт. Сөйтті де баяулай барып жарықтың түймесін саусағының ұшымен басып:

– Өш, ей, жарық! Өш сен! Сөніңдер жалған жарықтар. Сен жанған кезде менің үміттерім шынымен сөне бастайды, – деп күбірледі.

Ауыр жүрісімен қайта келіп төсегіне жантайды. Әдеттегідей ұйықтар уақыт та таяды. Қарттың көңілін аулай қояр балалары, не немерелері де жоқ қасында. Күндегідей жападан-жалғыз өзі. Бір бөлмеде өзінен басқа жан жоқ. Қайталанып келер күндегі қараңғылық осы. Рас, қарияның ертеңге деген үміті болмаса, оның бұл жалғыздығы сейілмейді. Қайғылары жеңілдемейді, Жаратушысына қолын жайып жалбарын-баса… Иә, қарттың Жаратқаннан артық сүйенері де жоқ. Қайтадан Аллаға қолын жайды:

– Иә, Алла! Әрбір батқан кештерім секілді бұл кеште де менің Сенен басқа сыйынарым жоқ екенін, Сенен басқа дос жоқ екенін түсіндім. Алла! Мені қамқорыңа ал! Бауырларымды қорға. Оларға мейіріміңді жаудыр. Оларды кешір. Мені де кешір! Иманыңмен ал жанымды! Өлім сәті сондай жақын қалды.

Қарт көкке көтере жайған қолымен бетін сипады да, «Әмин» деп дұғасын аяқтады. Төсегіне жатқан сайын қайғысымен қатар, үміті де бірге жүретін-ді. Сол әдетінше қайғысын үмітіне жеңдірген болып: «Бисмилләһир рахманир рахим», – деді. Талықсыған көзі де дереу ұйқыға кетті.

…Алайда, қарт ұйқысынан сол күйі оянбады, дүниеге қайта оралмастан ақыретке қайғы-мұңын арқалап кете барды.

Дайындаған Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру