Смайыл СЕЙІТБЕКОВ,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы
ХАЛИФАНЫҢ ҚАЙЫРЛЫ АМАЛЫ
Сахабалардың бірі әрі бірегейі халифа Омар өз халифалығы тұсында жетімге қарайласуды үлкен бір міндет ретінде қараған. Халифа Омар халықтың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көріп-білмек болып көпшілік жүретін базарға, көшеге шығатын. Бірде алдынан жесір әйел кез болып, былай дейді:
– Әй, мүминдердің әміршісі! Күйеуім өліп, артында шеттей бала-шағасы қалды. Олар өздігінен азық табатындай жасқа жеткен жоқ әлі. Олар аштықтан бұратылып өліп қала ма деп қорқамын. Мен Хузайфа ибн әл-Ғифаридің қызымын. Әкем Худайбияда Пайғамбармен бірге болған еді, – дейді. Сол кезде Омар:
– Шағымын осылай жеткізе білудің өзі зор абырой? – дейді де, есігінің алдында байлаулы тұрған семіз түйесіне азық-түлік пен киім-кешек артып, оның бұйдасын әйелге ұстатады да:
– Мынаны игілікке жарат. Бұл таусылса, Алла бұдан да жақсысын береді, – деп шығарып салады.
Халифа Омар бір күні түнде қала көшелерін аралап жүріп, бір үйдің тұсынан өтіп бара жатып, жылаған балалардың даусын құлағы шалып қалады. Жылаған дауыс шыққан әлгі үйдің іргесінен сығаласа, бөлмеде жылаған 3 бала мен жасы келген әйелді көреді. Ортада қазан, астында от лаулап жанып жатыр. Алайда, қазанның ішінде қара судан басқа дәнеңе де жоқ еді. Омар әйелге жақын келіп:
– Апа, мына балалар не үшін жылап жатыр? – деп сұрайды. Сонда кемпір:
– Балалар аш, – дегенде Омар:
– Ошақтағы қазанда не бар? – деп сұрайды.
– Сылдыр судан басқа ештеңе жоқ. Балаларымды алдарқатып қазан асып жатырмын. Күтіп жатып, шаршап ұйықтап кете ме дегенім ғой, – дейді.
Балалардың аянышты халін көрген халифа Омар көзінен қалай жас ыршып кеткенін байқамай қалады. Дереу азық қоймасына барып, май, ұн, құрма, киім, шекерді қапқа нығырлай салып, үстіне ақша қосып, қызметшісі Әсламға:
– Әй, Әслам, қапты демеп жібер, – дегенде қызметшісі:
– Әй, мүминдердің әміршісі, қоя беріңіз, қапты мен арқалаймын, – дейді. Сонда халифа Омар:
– Жоқ, болмайды. Мен өзім арқалаймын. Өйткені, ақыретте олар үшін мен жауапқа тартыламын, – деп қапты арқалаған бойда әйелдің үйіне келеді. Келеді де өз қолымен ас қамдауға кіріседі. Қазанның астына от жағып, бықсыған отты үрлеймін деп, түтінге булығады. Ас дайын болғанда балаларды өз қолымен тамақтандырады. Олардың пыс-пыс етіп, тамақ ішкендеріне мейірлене қарап, қашан қарындары тойып, айғызданған жүздерінен күлкі шуағы ескенше қастарынан кетпеді. Содан кейін орнынан тұрып қызметшісі Әсламға:
– Ей, Әслам, бұлардың қасында не үшін отырғанымды білесің бе? – деп сұрайды. Ол:
– Жоқ, білмеймін, - деп жауап қатқанда Омар:
– Олардың аштықтан бұратылып, азан-қазан жылап жатқанын көрдім. Қашан қарындары тойып, шаттыққа кенелгенше жаным жай таппады. Енді ғана көңілім жайланды, – депті.
Ислам діні келместен бұрын арабтар жетім-жесірлерді адам санатына қоспай, оларға қарайласу былай тұрсын, мал-мүлкін тартып алып, аяушылық танытпаған. Ислам діні келген соң мұндай жаман әдет пышақ кесті тыйылып, керісінше жетімге қарайласу сауабы мол амалға айналды.
Мұсылмандар күнә істеп қоймау үшін жетімдерден бойларын аулақ салады. Сонда Алла артынан мына аятты түсіреді: «Мұхаммед, олар сенен жетімдердің жайын сұрайды. Оларға жетімдердің жағдайын жасау жақсылыққа бастайтынын айт. Тіпті, оларды қанатының астына алса, олар туыстарың болады. Алла бұзушыны түзеушіден айыра біледі. Алла қаласа, әлбетте, сендерді қор етер еді, – деп айт» («Бақара» сүресі, 220-аят). Яғни жетімге жәрдем берудің сауап екендігін баяндайды.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз өмірінде жетімдерге көп қарайласып, барынша қамқор болған. Жетімге қарайласудың қаншалықты сауап іс екендігін мына бір хадисінде айтып өтеді: «Кімде кім бір мұсылман жетімнің қамқорлығын өз мойнына алса, кешірілмейтін бір күнә жасамағанша, Алла оны жәннатқа кіргізеді» (Тирмизи риуаяты).
Бірде ардақты Пайғамбарымызға (с.а.у.) бір жетім бала келіп көмек сұрайды. Ол баланың сұраған өтініші өз жерінің шетінде көршісінің бір құрма ағашы өсіп тұрған екен, сол ағашты сұрап әперуін өтінеді. Мақсаты сол ағаштың көлеңкесін пайдалану, отыру, жанына кішігірім үй салу еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жетімнің сөзін жерге тастамай айтқан көршісіне барады да, жетім үшін сол бір құрма ағашты көмек ретінде беруін өтінеді. Ол мұсылман: «Маған бұның қайырымы ретінде не беріледі?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жұмақта осындай құрма ағашты Алла нәсіп етеді», - дейді. Әлгі кісі ойланып, құрма ағашын қимай тұрып қалады. Пайғамбардың (с.а.у.) ол кісімен сөйлесіп тұрғанын көрген өзге мұсылмандар қастарына жақындайды. Жетімнің көршісі пенделікке салынып, құрма ағашын бергісі келмеген соң Пайғамбырымыз (с.а.у.) кері бұрылып қайтады. Сол әңгімені естіген дәулетті бір сахаба Пайғамбарға жақындап: «Егер сол құрма ағашын мен сатып алып берсем, Алла маған жұмақта Сіз айтқан сол құрма ағашын береді ме?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иә», - деп жауап қатады. Осы сөзден кейін әлгі құрма ағаштың иесіне барып: «Маған мына құрма ағашыңды сат. Орнына анау тұрған құрма бауымды берейін», - дегенде әлгі кісі: «Сен қалжыңдап тұрсың ба?» - деп жауап қатқанда ол: «Мені білесің, танисың. Мен шынымен де құрма бауымды осы ағашқа айырбастамақпын»,- деп сатып алады да жетімге сыйлайды.
Иә, бұл әркімге бұйыра бермейтін имани жетістік. Демек жетімге жасаған қамқорлық жұмаққа жетелейтін амалдан екенін естен шығармаған жөн.
Жетімге қарайласу әрине үлкен сауапты іс. Жетімге материалдық тұрғыдан барлық адам бірдей көмек бере алмас. Алайда сауапты іс тек қаржымен ғана шектелмейді. Мәселен, жетімнің басын мейіріммен сипауда сауап болмақ. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Кімде кім Алла разылығы үшін бір жетімнің басын мейіріммен сипаса, оның қолына тиген шашының санындай сауап жазылады» (Ахмад риуаяты).
Олай болса, жетімін жылатпаған, жесіріне қамқор болған иманды бабалардың ұрпағы ретінде біз де жетімге қарайласуды мұсылмандық міндетіміз ретінде қарасақ, сауапты іс болмақ.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
23.10.2014
4938
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру