Сәбит Ибадуллаев
МҰСЫЛМАН ҮШІН МӘНІ ЗОР КҮНТІЗБЕ
Құдайға шүкір, биылғы қажылық айлары аяқталды. Миллиондаған мұсылмандар ұлық парызды ойдағыдай орындап, туған елдеріне қайтып, ағайын-туыстарымен арқа-жарқа қауышуда. Осылайша тағы бір құлшылық құрылтайы түрлі қиындықтар мен қатерлерге қарамастан, Құдай Тағаланың қалауымен, ың-шыңсыз, төтенше уақиғасыз бейбіт түрде тарқады.
Енді мұсылман үшін алдымызда қандай маңызды күн бар екен деп күнтізбеге зер салып қарасақ, мұсылман жаңа жылы таяп келеді екен. Иә, жыл сайын қажылық маусымы аяқталған соң мұхаррам айы келеді. Бұл ай мұсылман үнтізбесіндегі алғашқы ай. Енді бірнеше күннен кейін жаңа 1436 жыл басталмақшы. Һижра жыл санауын нақтылы қолданып жүрмеген біз үшін бұл таңсық әрі қызықты. Ал шынтуайтына келгенде, әрбір мұсылманның тіршілігі нақ осы һижра күнтізбесімен тығыз байланысты. Оның себептері көп.
Ең алдымен, әр мұсылман үшін аса маңызды ғибадаттардың орындалуы нақ осы күнтізбеге тәуелді. Мысалы, жыл он екі айда бір келетін ораза құлшылығының айы – рамазан қазірде қолданып жүрген миләди жыл санауымен есептелмейді. Оны күту үшін һижра күнтізбесіне жүгінеміз, жаңа айдың тууын күтеміз. Сондай-ақ бес парыздың бірі қажылық та осы күнтізбедегі зул-хижжа айында орындалуы тиіс.
Айта кетерлік нәрсе, ғибадаттардың нақ осы күнтізбемен келуінің өзінде де үлкен хикмет бар. Мысалы, ораза жылдың бір мезгілінде ғана қыста не жазда келетін болса, адамдарды жалықтырып жіберер ме еді, қайтер еді? Қажылық та сол сияқты.
Сондай-ақ мал-мүліктен зекетті шығарарда да осы күнтізбеге жүгінеміз. Белгілі мөлшерге жеткен мал-мүлік һижра күнтізбесімен бір жыл иелікте болғанда оның зекетін шығаруы парызға айналады.
Сонымен қатар исі мұсылманға ортақ Ислам тарихы да осы жыл санақпен есептелген. Соншалықты бай мол мұрамыз, жәдігерлеріміз, ескерткіштеріміз, тарихи тұлғаларымыз осы күнтізбемен даталанған көне қойнауларда жатыр. Ал ол замандарда миләди жыл санауы қолданылмаған.
Алайда уақыт өте келе Батыстың мәдениеті үстемдік құрып, мұсылман елдері миләди жыл санауына көше бастады. Кейбір елдерде һижра жыл санауы ішінара қолданылса да, ең басты күнтізбе григориан күнтізбесі болып қалды. Қазірде мұсылман жыл санауын ресми түрде пайдаланатын бір-ақ ел бар, ол – Сауд Арабиясы.
Қазақ жерінде де Ислам дінін қабылдаған ықылым замандардан бері һижра күнтізбесі кең қолданыста болған. Кейінірек орыс империясының қол астына өткен соң миләди жыл санауы басымдық алды. Алайда дін қайраткерлері һижра күнтізбесін ешқашан естен шығармаған. Кеңес өкіметі заманында да молдалар қайтыс болған мұсылманның жасын һижра жыл санауымен есептеп шығарып отыратын. Ұлттық һәм діни құндылықтар көзден бал-бұл ұшқан сол замандарда өзіміздің мұсылман әлемінің бір бөлігі екенімізді жадымыздан шығардық. Ақырында һижра күнтізбесі де ұмытылды. Соның нәтижесінде кейбір тарихи даталарды, ұғымдарды анықтауда қателікке бой алдырдық. Соның бір мысалы, қазірде жалпы жұрт миләди жыл санауымен алпыс үш жасқа жеткен кісіні «Пайғамбар жасына жетті» деп құттықтап, кейбіреулер оны тойлап та жатады. Пайғамбардың (с.а.с.) алпыс үш жыл жасағаны рас. Алайда ол алпыс үш жыл қазіргі жыл санауымен емес, һижра жыл санауымен есептегендегі алпыс үш жыл. Һижра жыл санауындағы алпыс үш жас қазіргі қолданыстағы миләди жыл санауымен есептегенде алпыс бір жылдан бір-екі ай артық.
Һижра жыл санауы Пайғамбардың (с.а.с.) өмір жолымен байланысты болғандықтан да маңызды. Һижра жаңа жылын атап өтерде, біз ең алдымен, адамзаттың ардақтысының (с.а.с.) өнегелі өмір жолын көз алдымыздан елестетеміз. Ғибраттануға, үлгі алуға тырысамыз. Оған салауат айтып, шапағатына құлшынамыз. Һижраның яғни Пайғамбардың (с.а.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аударуының себеп-салдарлары, мәні-мағынасы, қорытындылары туралы ой түйеміз. Алла Елшісінің (с.а.с.) «Мекке ашылғаннан былайғы жерде һижрет яки дін үшін үдере көшу болмайды» деген өсиетін еске түсіріп, ендігі жердегі нағыз һижрет ол күнә-қателіктерді, жаман әдеттерді, теріс қылықтарды тастау екендігін ұғынамыз. Ал ең үлкен жиһад әрбір мүміннің өз нәпсісімен күресі, өзін-өзі тәрбиелеуі екендігіне көз жеткіземіз.
Һижра жыл санауының ең басты маңыздылығы сонда – оны ғаламның Иесі Алла Тағаланың бекіткен. Сол себепті шариғатта қолданылатын күнтізбе осы. Құран Кәрімде былай делінеді: «Расында, Алланың құзырындағы айлардың саны он екі. Көктер мен жерді жаратқан күні Алланың Кітабында солай жазылған. Олардың төртеуі қасиетті айлар. Міне, осы тұп-тура дін» (Тәубе, 36).
Және де Құран Кәрімде аты аталған бірден-бір ай, ол – Рамазан. Хақ Тағала былай дейді: «Рамазан айы адам баласына тура жол және ақиқат пен жалғанды айыратын Құран түсірілген ай» (Бақара,185).
Олай болса әрбір мұсылман үшін мәні зор осынау күнтізбені, ондағы атаулы күндер мен айтулы мерекелерді жадымыздан шығармайық. Оны басқаларға түсіндіріп, ұмытыла бастаған осы құндылығымызды қайта жаңғыртайық. Дәріптеп, дәстүрімізге қайта енгізейік.
Қазіргі заманғы мұсылман ғалымдары Ислам әлемін һижра жыл санауын жаппай қолдануға және оны бірізді етуге шақырады. Миләди 2009 жылы маусым айында Тунисте өткен һижра жыл санауына арналған форумда Ислам ынтымақтастығы ұйымының сол кездегі төрағасы Акмалуддин Ихсаноғлы мұсылман елдерін ортақ һижра күнтізбесін қолдануға шақырды.
Биыл миләди жыл санауы бойынша 2014 жылдың 25-қазан күні һижри 1436 жылдың алғашқы күні яғни мұхаррам айының бірі болып есептеледі.
Жаратқан Иеден замана жылнамасындағы осынау жыл парағының күллі мұсылман үмбеті үшін құт-берекелі, бейбіт һәм бақуаттылық жылы етуін тілейміз.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
23.10.2014
6925
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру