Нұрбол Құдайбергенов
"Ислам және дәстүр" шығармашылық бәйгенің І-ші орын иегері
ИСЛАМ ЖӘНЕ ДӘСТҮР
– Құл... құл қуаллаһу... – деймін де, ұмытып қалам жалғасын. Оны әкем толықтырып:
– ... Әһәд! – дейді. Ә дегенде еске түсіп:
– Құл қуаллаһу ақат!.. Аллаһу самат!.. – деп Ықыласты ықыласпен оқып берем сосын. Бұл менің Фатихадан кейінгі жаттап жүрген сүрем еді. Шамамен алты жасқа таяған шағым. Әкем кейде осылай «емтихан» алатын. Әйтсе де, мен мұны «ат» ойнап жүріп жаттап үлгеріппін. Шындығында, ол әдеттегі «ат» ойыны емес, әкемнің Құдайға жасаған құлшылығы екен. Намаз деген! Әкем күн сайын бес рет құлшылық етіп, қоңыр дауысымен әуендетіп осы сүрені оқитын.
«Ассалаумағалейкум!». Үлкендерге осылай амандасу керек. «Бісміллә!» деген сөзді тамақтан бұрын, қол жуарда, киінерде, ойнауға баратын кезде – барлық кезде айту керек екен. Таңертең оянғанда бет-қолымды үш реттен жуу, анамның айтқанын екі етпеу, әпкеме қолғанат болу... Қысқасы, қаншама қағида! Оның бәрін пайғамбар үйретіпті.
Қыстыгүні еді. Үйдегілер бірнеше күннен бері ертерек тұратынды шығарды. Рамазан айы кіріпті, ораза ұстайды екен. Мен де ұстадым! Бірақ... Күніне бірнеше рет «ауыз бекітіп», үй ішімен бірге «ауыз ашамын». Қызық! Қызығы, дастарқан басында да пайғамбар айтты дейтін әңгіме естиміз. Балалық болар, ауылдың бас жағында Пайғамбар деген кісі тұрады екен ғой деп ойлайтынмын, сөйтсем, жержүзі дейтін «алып ауылдың» абызы екен ол кісі! Есейе келе білдік...
Көктем келді. Сүйінші! Жеңгем ұл тауыпты! Абыр-сабыр, ебіл-себіл, мәре-сәре! Қуаныш! Жеңешем мен кішкентай батырды емханадан әкелген соң, әкем азан шақырып, есімін қойды. Әбдірахман! Құдайдың құлы деген мағына беретінін, Абайдың сүйікті ұлының есімі екенін естідік.
– Әдемі ат қою – парыз. Бұл – ең жақсы есім! – дейді әкем.
– Рас, мырза-аға! Мәнді есім қойған жөн! Абай (Ибраһим), Ыбырай (Ибраһим), Шоқан (Мұхамед-қанапия), Мұқағали (Мұхаметқали), Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек аталарымыздың бәрі пайғамбарлар мен сахабалар есімін иемденіпті ғой, жарықтық! – деп қоштай кетті көрші әжей...
Ертеңіне әкем екеуіміз мешітке барып, пітір беріп қайттық. Сол күні пітірдің не үшін берілетінін білдім. Мешіттегі молда-ата жылы жүзді адам екен. Жымиды да: «Мә, шырағым, ала ғой!» - деп, қалтасынан құрт алып ұсынды. Имамның «Айналайыны» аузынан түспейді екен. Құдды әжем сияқты. Қуанышым қойныма сыймай тұр! Содан кейін-ақ мешітті жақсы көріп кеттім... Сонда деймін, мешіт ауылымыздың рухани-мәдени орда-орталығы болған екен ғой.
Жаз шықты. Жасым алтыдан асқан, биыл мектепке баратын жылым. Аға-әпкелерімнің шарапатынан шығар, өз есімімді жаза аламын, әріп танимын. «Кім боласың?!» деген сұраққа еш мүдірмей: «Ғалым болам!»-дей салам. «Ғалым болуға» үгіттеген де – үлкендер... Анам мұсылман баласы озат оқуға міндетті екенін құлағыма құятын. «Білім алу – парыз», – дейді. Парызды пайымдамаймын, әйтсе де, анам айтқасын жауапкершіліктің жеңіл еместігін ептеп сезетінмін. Мектепке дайындалып жүргенде, шілденің шіліңгірінде бір көшеде тұратын Мараттың сүндет тойы болды. Анама еріп мен де бардым. Сақалы салалы келген ата сөз алып, құтты болсын айтысты, лебіз-лепесін білдірді. Кейін жұртшылық назарын аударып былай деді: «Ағайын! Айтарым бар тағы. Осы біз ұрпағымызды сүндетке отырғызып, жақсылықтың дастарқанын жаямыз. Сүндет дегеніміз – пайғамбар жолы деген сөз. Әй, осы сүндет тойда ар-иманның тажалы болған арақ қоюды доғарыңдаршы. Заманға емес, жаманға еліктейміз біз. Қоймаңдар ендігәрі! Қонақтардан ұялған жақсы, әрине. Құдайдан ұялайық!» – деді. «Жөн! Жөн!» – дескен сөздер естіліп жатты... Шынында да, жөн екен! Рас, жөн екен! Есейе келе білдім...
Арадан бірер апта өтпей-ақ Марат екеуіміз бұрынғыдай қайта ойнайтын болдық. Шанышпақ, атыспақ, шабыспақ, алыспақ, тастамақ... Ойын түрі көп. Бірі болмаса, екіншісі бар. Әсіресе, күрестің орны бөлек-тұғын. Ағалардың айтуынша, ол – пайғамбар сүннеті. Үлкендер айтса, дұрыс болғаны. Иә, үлкендер сол кезде жер-жиһанның бар сырына қаныққан алыптардай көрінетін біз үшін.
Жаздыгүні той-томалақтан көз ашпаймыз. Тойдың бәрі біз үшін жасалатын сияқты. Тамылжыған тамыз айында екінші ағам үйленетін болды. Әкем де, анам да ағама ақыл айтудан жалықпайды. Қыздың төрт түрлі қасиеті қазақта «қыз сыны» делінеді екен: ата-тегі, ақыл-парасаты, сымбат-көркі және өнер-іскерлігі. «Екіншісіне мән бер!». Анамның сөзі. Сондай-ақ тегіне, сұлулығына, байлығына және имандылығына қарап үйлендіреді екен. «Имандысын таңда!». Әкемнің сөзі. Мен болсам, әйтеуір, тағы бір жеңгемнің болатынына марқайып жүрмін. Сөйтіп жүргенде «Ұлға отыз үйден тыйым, қызға қырық үйден тыйым» деген тағы бір мақалды жаттадым. Не керек, үйде ұлан-асыр той болды. Ағайын-туыс, жамағайын-жұрт жиналып, ақсақалдар ақ батасын берді. Жас қызын бергені үшін үлкендер құдаларға алғыс жаудырып жатты. «Тұзды көп сақтама – су болар, қызды көп сақтама – күң болар» деген, пайғамбар хадисінде де қызды қияға қондыруға асығу керектігі жазылыпты ғой, шіркін!» - десті бірі. Оған бірі таңырқаса, бірі білетін сыңай танытып, бас изесіп жатты.
Анамның қолы ұзарып қалды. Қуанып жүр. Ертеңіне мен «Кенжетай» атандым. Айдай әсем «жаңа» жеңешемнің таққан айдары ғой. Көрші балалар – «шырақ», «еркежан», «бикеш», «мырза жігіттер» де мәз онысына. Әне, әжем келінінің сәлеміне сүйсініп: «Көп жаса, шырағым! Егер әйел Алланың парыз еткен амалдарын орындап, күйеуінің ризалығына бөленсе, Жаннат қақпаларының қалағанынан кіретін болады! Біздің қазақ дана ғой, шіркін! Келіндеріміз ат тергеп, сәлем салады. Ошақ отын өшірмей, шаңырақ шаттығының шырақшысына айналады. Күйеуінің ғана емес, күллі әулеттің алғысын алып, ырзашылығына бөленіп жатады сөйтіп! Елдің анасы бол, қызым!» – деп, келіні дайындаған жылы сумен дәрет алып, намазына қамдануда.
Күз келді. Ауа райының жайсыздығынан ба, науқас әжем төсек тартып жатып қалды. Көңілін сұрап келушілер қатары сиремейді. Науқастың жайын білгенге Құдай Тағала есепсіз сауап жазады екен. Алайда, көңілім қош емес, жүрегім жай таппайды. Өйткені, әжемнің жағдайы күн сайын нашарлай түсті. Соңғы рет көргенімде, көз жанары солып кеткен-тін... Таң қалатыным, әжем әл үстінде жатса да, «Аллаға шүкірін» тастамады. Туыстар жиналған. Үлкендер иман үйіріп, куәлік-кәлиманы қайталатқызуда... Менің ең жақын жандарымның бірі түн жарымда жан тапсырыпты... Азан-қазан... Көңіл айтушылар көп болды. Түске таяу жаназа оқылып, жер қойнына тапсырылды менің әжем... Мұсылмандық жоралғылардың, дәстүр-салтымыздың кей түрлерін мен сол кезде көргенмін. Қазір сол күн еске түссе, еріксіз егіледі екенсің. Ыбырай Алтынсарин атамыз осы жайлы «Өлген адамды қазақтар әдетте үш-төрт сағаттан артық, ал көп дегенде жарты тәуліктен артық сақтамайды[1]», – деп жазыпты. Шариғатқа құлақ ассақ, асыққан абзал. Жалпы, қазақ қаралы хабарды жеткізу үшін жетпістен астам тіркес қолданады. «Бәріміз Алладан келдік, түбінде Оған қайтамыз»[2]. Сондықтан да қазақ «қайтты», «қайтыс болды» дер, бәлкім. «Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ!» - дейтін Абай өнегесі бар... Әлі есімде, іле жетісін, көп өтпей қырқын өткізгенбіз. Мешіттегі имам-ата жиылған қауымға уағыз-насихат айтып еді...
Иә, көп нәрсенің мәніне есейе келе үңілдік. Түйгенім, қазақтың күнделікті тыныс-тіршілігі, дәстүр-салты Ислам құндылықтарымен суарылыпты. Ұрпағына талшыбық кезден Құран сөзін ұғындырып, пайғамбар өсиеттерін өміріне өрнек етіпті. Ұлттық спорт ойындары арқылы аманат – денсаулықтың қадіріне жетуге жол ашып, ұлға отыз, қызға қырық үйден тыйым салу арқылы қоғам үйлесімін сақтапты. «Кез келген қоғамдағы салт-дәстүрдің, кісілік қалыптарының, діннің, заңның, яғни, кең мағынасында мәдениеттің негізі тыйым арқылы қалыптасады[3]». «Қыз сынын» түгендеп, келін түсіріп, «күйеуінен бөгде ер адамдарға қолының ұшынан басқа жалаңаш денесін көрсетпеуге; жалаң бас, жалаң аяқ жүрмеуге; ерлердің жолын кесіп өтпеуге; үлкендер отырған үйге кірмеуге[4]» бұйырыпты. Иә, қазақ сондай халық! Аналарымыз ақ жаулық киіп, қыздарымыз қымтанып жүреді. Қыздың арлы, ұлдың намысты болуына ерекше көңіл бөліпті біздің жұрт. Содан ба екен, ХІХ ғасырда елді зерттеуге келген орыс, француз, неміс, ағылшын, жөйттер алдымен халқымыдың ішкі рухани бірлік-бекемдігіне, дін-дәстүрінің беріктігіне таңданыпты. Мысалы, «Қонақасы – Тәңір ақысы» деп, қонақ келсе, құт келетінін білген халқымыз жайлы кезінде А.Ф.Баллюзек тамсана жазған-ды[5]. Сондай-ақ, біз асқан кешірімшіл халықпыз. Өйткені, «алдына келсе, атасының құнын кешеді». Бір ғана бауырмалдыққа қатысты түрлі салттар болған: жылу, жылулықан, немеурін, жұртшылық, қызыл көтеру т.б. Бәрінің мақсаты – ағайынға қол ұшын созу. «Осы қайырымдылық ісінің қазақтардың әдет-ғұрпына сіңіп кеткені соншалықты, одан бас тарту және кедей ауылдастың пайдасына жылу жинауға қатыспау – ауылдастардың барлығын сараңдық танытқан адамға қарсы қояды, олар бұл көмекке қайткенде де атсалысуды талап етеді, олай болмаған жағдайда рудан қуып жібереміз немесе мүлдем аластаймыз деп қорқытады. Ал мұндай шараның қазаққа қалай әсер ететіні белгілі, бұл өзінше жер аудару сияқты, себебі руластарының қауымынан аласталған адам барлық құқығынан айырылады[6]». Қазақ үшін бауырына көмектеспеу – қылмыс, үлкен қылмыс! «Кім бауырына көмектессе, Алла оның 70 ісіне көмектеседі» (хадис). Хадис – ғұрпына, сүннет – салтына айналған ел осындай болса керек, асылы.
Дінді білмегенді дымды білмейді деп ұққан ұлт дінсіз елдің діңсіз де екенін есінде мықтап ұстаған. Қазақтың дәстүрі мен дінінің ұштас-үйлестігін бірнеше арналардан көруге болады. Біріншіден, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – мақал-мәтелдерден білеміз. Сөздің қадір-қасиетін жете түйсінген қазақта мынадай мақалдар бар: «Құдайдан қорықпағаннан қорық», «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады», «Алла деп барсаң, аман келерсің», «Аққа Құдай жақ», «Құдайсыз қурай да сынбайды» т.б. Тізбектей беруге болар, сірә. Көп екен... Екіншіден, қазақ жерінде үстем болған заңдық жүйелерден көруге болады. Олар шариғат шарттарынан шықпапты. Әрідегі «Жасақ» заңы пен «Низам ережелері», «Қасымханның қасқа жолы» мен «Есімханның ескі жолы», берідегі «Жеті жарғы» – бәрі де қазақ бұғанасының бекуіне өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, Есім хан елдің Атазаңын Ислам құндылықтары негізінде жасады. Мысалы, жалпы қазақ құрылтайында қабылданған «Жеті жарғы» атадінінен безгендердің мал-мүлкінен айырып, Аллаға тіл тигізгендерді тасборан етуге, өз-өзіне қол жұмсағандарды бөлек жерлеп, ата-анасына қарсы шыққандарды қара сиырға мінгізіп, сабауға бұйырады. Үшіншіден, қазақтың ірі тұлғаларын тану арқылы көруге болады. Әлемнің екінші ұстазы – әл-Фарабиден бастап кешегі Алаш арысы Әлиханға дейінгі дін мен дәстүрді өміріне өзек еткен жүздеген есімді санамалалай аламыз. Бір ғана мысал, қазақтың нарғасқалары өз кітаптарын «Аса мейірімді Алланың атымен!» деп бастайтын. Әрісі Ахмет Йүгінекиді айтпағанда, берісі Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің беташары «бисмилләһ» болды. Өйткені, «сөздің басы – бісміллә, бісмілләсіз іс қылмау» (Дулат бабатайұлы) керектігін ұғынған-ды ұлт ұлылары. «Алланың алдында қабыл болатын шынайы дін – Исламды[7]» тіршілігінің тірегі, тағдырының Темірқазығы еткен ұлттар ұтылмады, ұйысты. Құбыласын тапқандар құрымайды екен. Сүннет салтымызға сіңіп кетіпті. «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» деген қазақ. «Әр үмбетке өздері ұстанатын салттарын бекітті[8]» Раббымыз. Л.Н.Гумилев айтпақшы, «Әрбір этностың өзіндік ішкі құрылымы және өзіндік қайталанбас қасиет-бітімі болады». Иә, қазақ-мұсылманның не мұсылман-қазақтың өмірі осылай өрнектеледі. Дәстүр-салтыма бекем болсам, жақсы мұсылман болады екем. Мұсылманшылығыма бекем болсам, сапалы қазақ болады екем. Аражігін айыруды өзі қиын...
[1] Ы.Алтынсарин. Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі. // Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 2-том: дүниеге келгеннен өмірден озғанға дейінгі (отбасылық әдет-ғұрыптар ертеректегі авторлардың еңбектері бойынша)/ Құраст. С.Әжіғали. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. 253-бет.
[2] Бақара сүресі, 156-аят.
[3] А.Сейдімбек. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау. Оқу құралы. – Алматы, «Санат». 1997. 241-бет.
[4] Наурыз: жаңғырған салт-дәстүрлер (Құрастырған – М.Қазбеков) Алматы: Қазақстан, 1991. – 256 бет.
[5] А.Ф. Баллюзек. Мейірбандық пен қайырымдылық, әдептілік пен ізеттілік ережелеріне қатысты әдет-ғұрыптар. // // Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 2-том: дүниеге келгеннен өмірден озғанға дейінгі (отбасылық әдет-ғұрыптар ертеректегі авторлардың еңбектері бойынша)/ Құраст. С.Әжіғали. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. – 416 бет. 234-бет.
[6] Бұл да сонда. 235-бет.
[7] Әли Имран сүресі, 19-аят.
[8] Хаж сүресі, 67-аят.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.10.2014
5534
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру