Бірлікке шақыру
Жарқыраған бұл қаланың қойнауында әдемі,
Қол алысып, төс қағысқан екі жолдас бар еді.
Бірі инжинер, бірі күйші боламын деп аңсаған,
Баяндайын оқиғасын үлгі алсын деп барша адам.
Кең даланың кеткен шақта сары түсі қалыңдап,
Алматыға келе жатыр жүйрік пойыз арындап.
Көзі оттай, сөзі шоқтай, биік тұтқан намысты,
Екі жігіт отарбада міне былай танысты.
«Атым Серік, мектеп бітті, орындалып қалауым,
Енді міне, Алматыға білім қуып барамын.
Техниканың тілін біліп, шығып шырқау шегіне,
Айтарлықтай еңбек етсем деп ем қалың еліме».
«Дұрыс мұның, асқақ екен алға қойған арманың,
Атым Сәкен мен де өзіңдей ұлы жолды таңдадым.
Құрманғазы, Абыл сынды ел қамында тербеліп,
Дәстүрге бір дабыл қақсам күй өнерін меңгеріп».
«Өзіңнің де өмірдегі ұстанымың ірі екен,
Олай болса мақсатымыз, мұратымыз бір екен.
Қанды қасап болса дағы тастамайтын бір-бірін,
Жолдас болып нығайтайық жұртымыздың бірлігін».
Міне осылай қол алысып, төс қағысты қос құлын,
«Азғырынды ақ сайтан» кеп бұзбаса екен достығын.
* * *
Айтқандай-ақ, екі жолдас тамсандырды талайды,
Сәкен шіркін күмбірлетті «Балбырауын», «Адайды».
Дос-жарандар «Серік мынау қалай?» дейтін шақ туды,
Сәкен болса қиқулатты «Қоңыр қазды», «Аққуды».
Бірі күлсе бірге күлді, қабақ шытса мұңайып,
Серттеріне бекем болды достық көңіл нығайып.
Ұлы мақсат алқабында құлдыраңдап қос құлын,
Тентек тебіз, бөгде белгі бұзбаса екен достығын.
Күннен –күнге қанат жайды қабілеттер желкені,
Осылайша дамып жатты елдің екі «ертеңі».
* * *
Сыр шертетін Алматының әдеттегі кеші еді,
«Серік, біздің басымыздың бағы қандай бес елі?!
Қазақпыз ғой, мұсылманбыз, бабаларда кешегі,
Діндеріне сондай берік болған екен деседі.
Хақты танып, ақиқатқа желкен ашып, тіріліп,
Намаз оқып, бір Құдайға құл болайық бүгіліп».
«Қайдан таптың, дін жайында дей алмаймын мол ұқтың...
«Тоқта, тоқта кеше ғана ауылдаспен жолықтым.
«Намаз оқып жүрмін» дейді жеті жылдан асыпты,
Сөзі майда, ісі мығым, көңілімді тасытты.
Соның сөзі шоқтай қарып, делебемді қоздырған,
Өзі менен төрт-бес көйлек бұрынырақ тоздырған.
Деді ол кісі: « Не ұқсаң да, сауабы көп жастай ұқ»,
Сен не дейсің, мүмкін болса намаз оқып бастайық?»
Жауап күтіп қыран көзін Серік жаққа қадады,
Көз етіңді суырардай міз бақпайды-ау жанары.
Серік састы, сергек тұғын көңіл дейтін әлемі,
Енжарлықпен қарамайтын сезімталдық бар еді.
Тас жұтардай тәуекелі қорқынышын жеңді ме,
«Жақсы» деді міз бақпаған мір жанарға сенді де.
Жаймашуақ тіршілікке тағы да бір леп кірді,
Екеуі де намаз бастап Хаққа қарай бет бұрды.
Кешірімді мінез бітті өзгелердің қатесін,
Жиі-жиі хабарласып қуантты ана-әкесін.
Намазбенен өріп жатты өмірлерін қос құлын,
Алағол бір арамза кеп бұзбаса екен достығын.
* * *
Сарқыраған ойнамалы жүйрік өзен сықылды,
Зулап аққан сынап уақыт тарих болып жұтылды.
Сәкен келді ауылынан жақындатып көктемді,
Бірін-бірі көрмегелі бірнеше ай өткенді.
Сәкен отыр досын күтіп, қара жолға телміріп,
Жүрегінің үміті мен қорқынышын тең қылып.
Үркек жүрек үлпіл қағып отырғанда шайқалып,
Бұған қарай келе жатыр кербез біреу тайпалып.
«Сақал өскен, балақ кескен кердең жүріс кім мынау?»
деп тұр Сәкен «Серік қой бұл тұрқы қалай сұмдық-ау?!»
Қапыда бір қақпан келіп қапқаны оны анық –ты,
Қарға аунаған түлкідей боп түрленіп –ақ алыпты.
Аман-саулық сұрасқан соң «Әңгіме бар маңызды»,
деп, Сәкенді оңашалап сөздің майын тамызды.
«Досым Сәкен, менің мына сипатыма таңданба,
Керемет бір «ахи» көрдім мен қалада болғанда.
Біздің намаз намаз емес, дін іші екен жаңалық,
Білмеппіз ғой жүр екенбіз кәпір заңға қамалып.
Айтып берді «ширк», «харам» біздегі үлкен індетті,
Өзі сондай тақуа екен, жақсы біледі сүннетті.
Соларменен танысқалы ажырады ақ-қарам,
Әйтпесе айтшы, айналамыз кәпірлер ғой қаптаған.
Ән де харам, күй де харам, домбыра да болмайды,
Имамдардың бәрі «жаһил» білмейді ғой ондайды.
Құран оқып бағыштайды, бет сипайды оңбайды,
Ақидасы дұрыс емес «бидғатшы» де ондайды.
Сенбесең сен «Алла қайда» деп сұрашы бар дағы,
Бәрі адасқан «Аспанда» деп айтқандардан қалғаны.
Мәуліт жасап Пайғамбарды тым асыра мақтайды,
Сақал өсір, балақты кес, дұшпандар көп жатпайды.
Домбыраңды сындыр ұрып, бас тарт «харам ағаштан»,
Біле білсең Шәкәрім де, Абайың да адасқан.
Бидғатшымен жолдас болма түсірмесін тұзағы,
Имамдардан мүлде аулақ бол ақидаңды бұзады.
Бидғат деген қаптап кеткен діннің іші таза емес,
Кәпір үйден тамақ ішпе, тамақтары таза емес.
Ата-анамыз кәпір екен «жаһил» амал істейді,
Тамақтарын ішпе олардың барлық ахи ішпейді.
Сәкен досым айтқанымның бәрін түгел ұғып ал,
Оқуымды тастадым мен, сен де оқудан шығып ал.
Ахи айтты: «Қаласаңдар демеушілер табамыз...»
Ойлан Сәкен Арабиядан діни білім аламыз.
Ертең келем өзің үшін жай жүрмейін тегі мен,
Көнбес болсаң «бидғатшысың» арласпаймын сенімен».
Сәкен қалды шара таппай мамыра ойы маужырап,
Тілші ағаға келе жатыр күйі болмай қалжырап.
«Намаз үйрен» деген сол ғой, бір білсе сол біледі,
Жұлым-жұлым ит талаған елтірідей жүрегі.
Алдына кеп жайып салды жүрегінің жүгі мұң,
Серік сөзін түгел айтты, қоса айтты қылығын.
«Ағатай-ау, көкіректің көксегені бұл емес,
Бабаларға тіл тигізді-ау, басқалары түк емес.
Қиын істі қисынына келтірмей ме ойлы адам,
«Елім» деген бабаларды адасқан деп ойламан».
Тілші аға қанаттанып сөз бастады шіңкілдеп,
Тобықтайын жұтқыншағы ары-бері бүлкілдеп.
«Бауырым-ау, біздер деген көріп жүрміз талайды,
Серік солай жүре берсін, тиіспей-ақ қой, жарайды.
Айтқандары дұп-дұрыс-ақ, бірақ сәл-пәл еркелеу,
Біздің қоғам дайын емес ашық айту - ертелеу.
Білесің бе Абай, Жамбыл хандар елді билеген,
Ақидасы дұрыс емес, иір-қиыр ирелең.
Ел сүйетін ер ғой даусыз, тау тұлғасын сомдаған,
Бірақ оның біреуінде таза «таухит» болмаған.
Болмаса рас, адасудан көз ашпаған қазағың,
Тоқсаныншы жылдан бастап келді бізге таза дін.
Ән-күй пайда берсе Расул көрсетер еді тегі бой,
« Әл-Харамда» отырып ап күй тартатын еді ғой.
Дін ұстансаң күйші болып жүре алмайсың шынымен,
Басқа кәсіп тауып алғын білемін ғой мұны мен.
Балақ кеспей, сақалды да қоймай қазір тұра тұр,
Оны істейтін күн келеді, сәл-пәл сабыр қыла тұр.
Адам көрсең сақалдыны ұрсып, сөгіп даттаған,
Сүйінбайда, Жамбылда да сақал бар деп ақтап ал.
Бұл пікірге келу үшін ағайының, айналаң,
Абайлардың өлеңдерін құрал етіп пайдалан.
Бұлай ілбіп жүре берсең мұңға мұң кеп жамалар,
Бір кісімен таныстырам содан барып сабақ ал.
Ертең келем мені күткін, ойлан інім жарай ма?»
Тауып айттым деп ойлады, қауып айтты алайда.
Сайтан салған сансыз ойын тұрмас әсте жайпамай,
Опасыздық, ойсыз қылық жасады аға байқамай.
Деді Сәкен: «Сенген кісің мынау болса не етерсің?
Қойдың кимін киіп алған көкжал қасқыр екенсің».
Кетті көкжал бүлкіл қағып құрамыз деп жасақты,
Жаймашуақ тірлігінің айдынына тас атты.
«Жо-жоқ, әсте сата алмаймын дінімменен ділімді,
Бірің - арлан, бірің – көкжал, өшірмек пе ең үнімі.
Кеше кім ең ұмытыпсың, ада тұрсың шүкірден,
Суын жұтып, шөл қандырған құдығыма түкірмен».
Бірліктері быт-шыт болды белі шықпай бесіктен,
Ақыры анық жауап алды сенімді бір мешіттен.
Үміт еткен аға ойы - сағым екен, бу екен,
Тас санаған тақуа емес, құм санаған қу екен.
Екі жаққа кетті айрылып үміт күткен қос құлын,
Қой терісін жамылған жұрт бұзды ақыры достығын.
Қоғам дерті асқынған соң тұрмас ешбір сыздамай,
Айтыңдаршы азаматтар ем табамыз біз қалай?
Түйін
Айналайын, бауырым-ау, үміттім,
Көктегі күн, ашық аспан тымық түн.
Тақияңа тар боп жатқан секілді
Қапасына қамалып ап күдіктің.
Қарт тарихты қанмен жазған түркі едік
«Измдерді» жүрмеуші бүркеніп.
Жүзге, руға топтасқанмен алайда
Дінге мүлде бөлінбеген жұрт едік.
Ең әуелі қамығып көр Абайша,
Аясаңшы, қайтпек жүрек қараса.
Мәтуриди мен Имам Ағзам адасқан
Деп айтасың дәтің барып қалайша?!
Небір көсем ел басқарған іңірден,
Небір шешен елге еңбек сіңірген.
Мәтуридиің сеніміне сүйеніп
Ханафидің қауызынан сімірген.
Тарих дейтін көз алдыңда таспа тұр,
Мен де сондай болсам ғой деп бас қатыр.
Әл-Ақсаны азат еткен Аюби
Ханафи боп өткен нағыз хас батыр.
Византия болған кезде тәтті арман,
Дінсіздерден азат етіп ап қалған.
Фатих Сұлтан бұл мазһабтың өкілі
Пайғамбардың хадисінде мақталған.
Дулат, Базар, Қабан жырау, Шал ақын,
Тұрмағамбет тыңнан сүрен салатын.
Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім мен Абай да
Мәтуридилік ғұламалар болатын.
Ахмет пен Мағжан, Сәкен, Бейімбет,
Еңбек етті жан шыққанша дейін деп.
Оята алмай кеткеннен соң Алашын
Қалдық біздер діннен біраз кейіндеп.
Ата-анаң жынды болса байлап бақ,
Деген жұртпыз қара сөзді қаймақтап.
Қаусаса да «уф» деп айтпа дейді Алла
Рахым жасап, еңбегіне сай мақтап.
Ұзын балақ Жәннат баққа кірмеген
Қыңыр сөзің балағыңды тіл деген.
Нұрлы ақылы тұмшаланған сәулесіз
Жанның сөзі Хақ мейрімін білмеген.
Жұрт емеспіз сақалдыны күндеген,
Елміз сақал құрметін шын біл деген.
Ақылдыға шыққан сақал жөн болса
Ақымаққа шыққан сақал жүн деген.
Дінің келді үнің елге естілді,
Кемсітпей-ақ, ренжітпей-ақ ешкімді
Бейбітшілік беріп тұрған шақта бұл
Бірлікпенен өткізсек қой бес күнді.
Қатты жаппа қайта келер есікті,
Бүлік қылдың, жұрт түңілдік десіпті.
Кеңес кезін үлгі еттің бе өзіңе
Бөліп алып билегеннен не шықты?!
Жыртығыңды берер дейсің қымтап кім,
Бірікпейсің басын бастап бұлтақтың.
Айнаға бір қарап алмай әуелі
Ел басына, дін басына мін тақтың.
Елді іріттің ерке сөзді есіп құр,
Бірігейік райыңнан қайт нешк бұл.
Оң жақ аю, сол жағыңда айдаһар,
Қыбыр етсе қылғытайық десіп тұр.
Үмітің жоқ неғыласың үріп құр,
Ісің паңдау, ойың опат шіріп тұр.
Шын жанашыр болсаң мынау халықты,
Арандатпай, алаламай біріктір.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.10.2014
5512
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру