Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ: БҮЛІК ПЕН ҚЫЗҒАНЫШ ҚАЙ ҚОҒАМҒА ДА ЗИЯН

20.10.2014 5001 0 пікір

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы

БҮЛІК ПЕН ҚЫЗҒАНЫШ ҚАЙ ҚОҒАМҒА ДА ЗИЯН  

Алла тағала «Әнфал» сүресінің 73-аятында былай дейді: «Ал сонда кәпірлер біріне бірі дос. Егер бірлеспесеңдер, фитна және зор бүліншілік болады».

Аталған аяттың мән-мағынасы түсінген адамға және өзі өмір сүріп жатқан қоғамға берер сабағы мол. Әсілі бұл аяттың ақиқатына бармай әрі тереңіне бойламастан өз ортасына, жазықсыз тіршілік кешіп жатқан қоғам мүшелеріне бүлікшілік арқылы зиянын тигізіп жатқандар қай қоғамда болмасын жетіп артылуда. Әсіресе, дін ұстануда көрсоқырлыққа салынып, өзара бөлініп алып, білімсіздік салдарынан қоғам ішін алатайдай бүлдіруі ақылға сыйымсыз нәрсе.

Құранда аталған «фитна» сөзіне көз жүгіртіп көрелікші. Фитна – бүлік тудыру, азғындау, адасу, өзінің ұстанымын күштеп өзгелерге енгізу деген мағыналарды қамтиды. Шынында бүлік адамдарды дұрыс жолдан тайдырумен қатар бұқара халықты тұрмысынан, салт-дәстүрінен айырып, қатыгездікке себепкер ететін құбылыс. Өйткені, фитна ниеті бұзық жандар тарапынан іске асатын теріс амал. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, сонау ықылым заманнан-ақ жер бетінде түрлі бүлік әрекеттер орын алғанын білеміз. Сол бүлік бүгінгі өркениетті дәуірде де өз ылаңын көрсетіп-ақ келеді. «Ат аунаған жерде түк қалар» демекші, бүлік орын алған қоғамда алауыздық орын алып, бейбіт тұрғындардың құтын қашырар пәлекеттер пайда бола бастайды.

Бұрынғы өткен бүліктердің барлығын саралай алмасымыз ақиқат. Алайда тарихтан сабақ ала білуіміз керек екені сөзсіз. Сонау саяси тұрғыдан орын алған келеңсіздіктерді айтпағанның өзінде адамзат баласын бірлікке шақырып, бейбіт өмір сүруге үндейтін дініміз Исламды іштей ірітуді мақсат тұтқандардың, яғни дін дұшпандарының жасаған бүлігі өз алдына жетіп артылады. Әу бастан-ақ сол дін дұшпандары бүлікшілік әрекеттерді мұсылманның қолымен жасатып бағуда.

Ал осы бүліктердің туындауына басты фактор ол - қызғаныш. Бұл сонау Адам ата мен қарғысқа ұшыраған ібіліс дәуірінен бастау алды десек қателеспеген болармыз. Өйткені, қызғаныш адамдарды өзара сүйіспеншіліктен, мейірімнен айырып қана қоймай араларына едәуір салқынқандылық туғызары хақ. 

Қызғаныш неден туады, ал қызғаныш нені тудырады?

Қызғаныш бұқара халықтың бірлігі мен бейбітшілігін, оның ішкі тұрақтылығын, экономикалық һәм рухани дамуын көре алмаудан туындап жатады. Ал мұнан туындаған қызғаныштың арты бүлікке әкеліп соқтырары айтпасада түсінікті. Бүлікті мақсат еткендер діни, саяси жағдайларды  жанына жалау ете отырып әртүрлі әрекеттермен қадам жасауы бек мүмкін.

Қызғаныш жөнінде хадисте не айтылған?! Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Қызғаныштан қашыңыздар. Өйткені, ол оттың отынды жалынымен жегені секілді, барлық жасаған жақсылықтарыңды жейді». Және бір хадисте: «Әрбір қателік пен күнәға негіз болатын мына үш нәрседен сақтаныңдар. Менмендіктен сақтан, өйткені, шайтанды Адамға сәжде етпеуді жақсы көрсеткен осы менмендік болатын. Кеудемсоқтықтан сақтан, өйткені Адамға жәннаттағы тыйым салынған жемісті жеуге итермелеген осы кеудемсоқтық болатын. Қызғаныштан да сақтан, өйткені Адам атаның екі ұлының бірін өз бауырын өлтіруге итермелеген де осы қызғаныш болатын», - делінген.

Шындығында қызғаныш сезімі жақсылық әкелмейді. Дініміз ислам адамзат баласын бүлік пен қызғаныштан барынша сақтануға шақырады. Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Фитна ұйқыда. Оны оятқандарды Алла қарғыс етсін»

Бүлік пен қызғаныштан сақ болу керек екенін ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мына хадисінде көрсетіп беруде: «Жуық арада бүліктер туындайды. Ондай жағдайда отырған кісі тұрғаннан, тұрған жүргеннен, жүрген жүгіргеннен қайырлы болады. Кімде кім бүлікке бет алса, бүлік өзіне баурап алады.  Кімде кім паналайтын жер тапса, сол жерді паналасын да бүлікке қатыспасын». 

Иманы кәміл жан бүлікке бас ұрмайды

Алла тағала құлдарына жаратушы алдындағы жауапкершілікті жүктегені секілді адам баласын қоғам алдындағы міндеттерін де орындауға шақырады. Мәселен, адам баласы қоғамға кері әсерін тигізетін істерді жасамауға және бейбіт халықтың берекесін алатын келеңсіз әрекеттерден барынша өзін және бауырларын сақтандыруға жауапты. Демек, бүлік жағдайын алдын алу немесе оның отын өшіру мұсылмандық міндеттеріміздің бірі болып табылады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Бүлік алған жағдайда кісінің амандығы үйінде отыруымен байланысты». Иә, бүлік қайдан бастау алса да иманы кәміл, ақыл иесі болған мұсылман баласы бұзақылыққа, бөлінушілікке апаратын кез-келген әрекеттен сақтанады. Сондай-ақ, жаманшылыққа үндейтін нәпсісінің бүлікке шақыруынан бас тартады. Алла тағала Құранда былай дейді: Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан сақтаныңдар. Сондай-ақ Алланың қатты азап иесі екенін біліңдер» («Әнфал» сүресі, 25-аят).    

Ал ақылын нәпсісіне жығып берген жан өзі зиян көріп қана қоймай көпшілікке де қатер төндіре түседі. 

Бүлік қалай шығады?

Ертеде құл сататын арнайы базарлар болған. Бір дәулетті адам өзіне дұрыс жұмыс жасайтын қызметкер сатып алу ниетімен құл базарына барады. Сонан не керек, базарда жүріп оның бір құлға көңілі ауады.

Сатып тұрған адамға келіп, құлдың бағасын сұрайды. Сатушы: «Мен мұсылманмын, сататын заттың айыбын жасырып қалу дұрыс болмайды. Мына құл өзіңіз көріп тұрғандай аса қуатты. Бір ғана айыбы бүлікші, фитна ұйымдастырудың қас шебері, егер осы мінінен қорықпасаңыз алыңыз», - дейді.

Дәулетті адам: «Қанша бүлікші болса да жалғыз адамның қолынан не келер дейсің, оның бер жағында, әулетім де мықты, бұған алдыра қоймас» деген оймен әлгі құлды сатып алады. Үйіне алып келіп, жұмысқа жегеді.

Арада бірнеше жыл өткен соң әулеттің ахуалын әбден біліп алған құл баяғы әдеті болған бүлікке бастайды. Үй иесінің ибалы, иманды жас әйелі бар екен. Бірақ араларында бала болмаған. Бай бірнеше күнге сапарға аттанады. Осы кезді пайдаланған құл әйеліне барып: «Ханым, байекең басқа әйел іздеп кетті, сізді тастамақшы», - дейді. Құлдың бұл сөзіне иланып қалған әйелі бұл қалай болды деп ойланып қалады. Құл қайта келіп: «Ханым, бұдан шығатын жалғыз жолды білемін. Сіз ол кісі ұйықтағанда қасына білдірмей барып, үш тал сақалын кесіп алып маған беріңіз әрі қарайғысын өзім қатырамын», - дейді. Әйел құлдың айтқанына ойланбай көне кетеді.

Ертесіне сапардан келген үй иесінің алдынан құл шығып: «Байеке, өзіңіз жоқта әйелің бір жігітпен көңіл қосты, олар сенің көзіңді жоюға серттесті. Бүгін түнде ұйықтаған болып жатыңыз, әйеліңіз пышақпен сізді бауыздауға келеді», - дейді дымын білдірмей. Бай сенер-сенбесін білмей, кеш бата ұйықтаған болып әйелін бақылайды. Құл әйеліне барып: «Ол кісі ұйқыға жатты. Үш тал сақалын кесуіңізге ең мүмкіндік уақыт осы», - дейді. Әйел қолына өткір пышағын алып күйеуіне қарай барады. Мұны байқаған бай орнынан тұра сөзге келместен атып тұрып, әйелдің қолындағы пышақты жұлып алып, жалма-жан оның өзіне сұғады. Құлдың бүлігі мұнымен де бітпеді. Дереу әйелдің жақындарына барып: «Не қарап отырсыздар? Қыздарыңызды күйеуі өлтіріп жатыр», - дейді. Оқыс оқиғаны көрген қыздың туыстары күйеуін дүрсе қояды.

Осы сәтті тиімді пайдаланған бүлікші құл байдың ағайындарына барып: «Қыздың туыстары жиналып алып, балаларыңызды өлтіріп жатыр», - дейді. Олар да дереу келіп келіндерінің ағайындарымен жаға жыртысады.

Міне бір құлдың әкелген бүлігі үлкен дауға ұласқан. Нәтижесінде айрандай ұйыған бір отбасының іштей берекесі қашып, екі рулы ағайынның арасына осылай жік түскен екен. Мұнан да ғибрат алуға болады. 

Бүліктен сақтанып, бірлікпен жүру береке

Бүгінгі күні кейбір дін ұстанған бауырлар түрлі мәселелерді алға тартып, жамағат арасында келіспеушілік әрекеттер туындатып жататыны жасырын емес. Әйтсе де «менің жолым ғана дұрыс» деген сыңар жақ пікірден туындаған келіспеушілік мәселелері қоғамды бүлікке апарары тағы ақиқат. Несін жасырамыз, имандылықты интернеттен яки бағыты бұлыңғыр кей сайттардан үйренген жандар сақал өсіру, балақ кесу, шұлыққа мәсіх тарту, мәзһаб ұстанбау, «әминді» дауыстап айту секілді тағысы тағы мәселелерді алға тарта отырып, Жаратқаны бір, пайғамбары бір, Құраны бір, ұстанған жолы айқын бірлікті көксеген мешіт жамағаттарының арасында бүлік тудыртып жатуы әсте мұсылмандыққа жараспайды. Тіпті олар халық арасында бет сипау, әруаққа Құран бағыштау, музыка тыңдау, келіннің сәлем салуын жоққа шығарып, «ширк, бидғат, харам» деген сөздерімен кері пікір тудыртса, ең сорақысы өзге елдерге жихадқа шақыру арқылы едәуір зияндарын тигізуде.

Иә, көңілі кірбің, жүрегі қыңыр жан бүлікке жақын келеді. Ал іздегенге әрбір нәрседен кінәрат табыла бастайды. Бұл жөнінде Құран былай дейді: «Ол Алла тағала саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар Кітаптың негізгі ірге тасы. Екінші ұқсас ұғымда аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі...» («Әл-Имран» сүресі, 7-аят).

Дініміз мейірімді, жұмсақ әрі бауырлас болуды көздейді. Ал қыңырлыққа салынып, аяқ астынан бәле іздеу – мұсылманды азғындыққа, бұзақылыққа, бөлінушілікке апарып соғады. Сол үшін бүліктен бойды алыстату нағыз тақуалықтың белгісі. Әрине, Құдайдан шын қорыққан пенде жаманшылыққа бой алдырмайды. 

Хазіреті Айша анамыздан (р.а.) жеткен хабарында Алла Елшісі (с.ғ.с.) намаздың соңында былай деп дұға ететін болған: «Аллаһым! Қабір азабынан, Мәсіх Дажжалдың, өмір және өлімнің, күнә және қарыздың бүлігінен сақтану үшін саған сыйынамын».

Қысқа ғана өмірімізде дінімізді дұрыс үйреніп, шынайы бақыт тапқанға не жетсін?! Әрине, түрлі бүлікке апарар жағдайлардан сақтану үшін Алла Елшісі (с.ғ.с.) көрсеткендей намаздарымызда дұғада болғанымыз жөн. Әрбір иманды жан сеніміне қарамастан бір-бірін бауыр етер болса, бірлігі беки түседі. Ал, тірлігі тағат-ғибадат, бірлігі ынтымақ болған елден бақ та, береке де кетпесі ақиқат.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру