Дін дегеніміз ұстараның жүзіндей нәзік нәрсе. Ол шектен шығып қатыгездік жасауды немесе өзім білемдікке салынып бұра тартуды қаламайды. Өйткені, дін «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегенге көнбейді. Асылында дін дұрыс ұстанса қасиетке, теріс пайдаланса қасіретке апарып соғары ақиқат. Соның бір айғағы бүгінгі күні дін ұстандым деп қаттылыққа бет алған кейбір қандастар өзіне де, дін атына да күйесін жағуда. Яғни, дінде фанаттық танытып құбыжық бейне жасап әлек.
Өткен 2013 жылы Атырау жерінде өткен «Дін және жастар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Дінді ұстанғанда шектен шығып кетуге жол бермеуіміз керек» дей келе: «Айналадағы адамдардың жағдайымен, халықтың әдет-ғұрпы, таным-түсінігімен санасқан дұрыс. Дініміз даналық жолын, орталықты ұстануға үндейді. Олай болмаған жағдайда, мұсылман жастарының арасында бөлінушілік, алауыздық орнайды. Ел бірлігі бұзылып, дініміз дүдәмал күй кешеді. Бұл – өте қауіпті», - деп айтқан-ды.
Қазақ халқының мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман екенін, бүкіл дәстүрі исламның негіздерінен алынғандығын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Діннің шеңберін білмей тым қатты ұстанам деп жүріп тура жолдан адасқан кей бауырларымыз түбінде өз қателігін түсініп дәстүрлі дінімізге, яғни қалыпты исламға бет бұруда. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Әй, үмбетім. Орта жолды ұстаныңдар. Дінді тым ауыр етпеңдер әрі тым жеңілдетпеңдер. Шектен, шеттен шықсаңдар, діннен шығып кетесіңдер».
Кей бауырларымыз дінді өздеріне тым ауырлатып тастаған. Тіпті жұрттың барлығы өздері секілді, дінді ауыр етіп ұстануы керек деп санайды. Адамдарды намаз оқымағаны үшін мұсылман санатынан шығарғысы келіп, талай жанның тыныштығын да бұзуда. Соңында пенденің діни тіршілігіне қарап, айыптағандары үшін ол жамағаттар өздеріне әртүрлі лақап алды. Мұның барлығы сайып келгенде дін ұстанымдарын дұрыс түсінбегендіктен туындап отыр. Әлгі жоғарыдағы хадисте айтып өткеніміздей шариғаттық кей үкімдерде шектен шықты. Негізіне келгенде біздің қазақтың қай үйіне барсаң да мұсылмандық жоралғының исі мүңкіп тұрады. Намаз оқымайтын қазақтың кез келгені Құран оқылғанда тыңдайды, бата жасағанда қол жайып әмин деседі, жатарда бісмілләсін айтады. Қысқасы, төрінде Құраны, аузында бісмілләсі бар қазақты қалайша көз қиып, қаттылыққа салынып кәпір деуге болады?!
Дінді қатты ұстап, фанаттыққа жол алу мұның барлығы сол білімсіздіктің кесірі. Дәл осы білімсіздіктің салдарынан кезінде халифа Осман (р.а.) сахабаның тұсында да бүгінгі күніміздегідей дінді қатты ұстанғандар фанаттыққа салынып ақырында ағымға айналып шыға келді. Оларды тарихта «харижиттер» дейді. Төртінші халифа Әлидің кезінде тіпті күшейіп, олардың саны 12 мыңға жетті. Осы тұста мына бір детальды айта кету керек. 12 мың адам патшаны кәпірге шығарып, оған бағынудан бас тартқан соң хазіреті Әли оларға ғалымдар арқылы әсер етуді ойлап, сахаба Абдуллаһ ибн Аббасты насихатқа жібереді. Ибн Аббастың түсіндіруінен кейін, 8 мың адам өз ойларынан бас тартып, тәубеге келеді де, өзгесі алған беттерінен қайтпай қояды. Онымен қоймай, өздеріне мойынсұнбағаны үшін сахаба Абдуллаһ ибн Хабаб ибн Аррат пен оның ай-күні жетіп отырған әйелін қинап өлтіреді.
Осы оқиғадан кейін хазіреті Әли шектен шығушыларға қарсы күш қолдануға мәжбүр болады. Исламтанушылар осы оқиғаны мысал ете отырып, мынадай тұжырымдар шығарады. Біріншіден, ол заманда да, бұл заманда да шектен шығушылар білімсіздерден құралған. Екіншіден, олармен күресудің ең бірінші һәм тиімді жолы – білімді адамдар арқылы дұрыс жолға шақыру. Үшіншіден, білім жеткеннен кейін де мемлекетке қарсы әрекет еткендерді заңды жолмен жауапкершілікке тарту керектігін алға тартады.
Хақ исламды қатыгез көрсетіп, дін ұстанғандарды фанатизмге тәрбиелеп жүргендердің бір ғана мақсаты халықты тілі мен тарихынан, діні мен дәстүрінен алшақтату. Тілі мен тарихынан, діні мен дәстүрінен айырылған мемлекеттің өзінен-өзі жоғалары айтпаса да түсінікті. Сол үшін діндегі қаттылық яғни, фанатизм қоғам үшін ең үлкен қауіп. Бір діннің ішінде жүріп топ-топқа бөліну, бір шаңырақ астында тұрып өзара мұсылман-кәпір деп жік-жікке айырылу дінді толық түсінбегендіктің белгісі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал... Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек. Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазһабына қарама-қайшы..», - дегенді.
Расында қазіргі жастардың көпшілігі интернет желілері арқылы ислам жайлы мағлұматтарды өз бетінше алып, өзіміздің қоғамда сәйкес келмейтін өзгеше пәтуаларды ұстанып келеді. Ақырында қазақ халқының дәстүрлі діни түсінігін «бидғат» немесе «ширк» деп жүріп адасқанын білмей жатады.
Иә, мейрімділікке жетелейтін асыл дініміз ешқашан қаттылықты қаламайды. Керісінше күллі адамзатты жақсылыққа, қай қоғамды болмасын бірлікке үндейді. Ал, мейірімділік адам бойындағы шынайылық пен сүйіспеншіліктен туындайтын жүрек мейірбандығы. Сол үшін Алланы бір, пайғамбарды хақ деген мұсылман баласы бір-бірлеріне мейірімділік танытуы тиіс.
Құран Кәрімде Жаратуышының құлдарына деген мейірімділігі мен рақымдылығы былайша баяндалады: «Алла құлдарына ерекше мейірімді» («Бақара» сүресі, 207-аят); «Күмәнсіз Алла адамдарға ерекше мейірімді және өте рақымды» («Хаж» сүресі, 65-аят) Сондай-ақ, Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар», - дейді.
Сөздің түйіні, Алла және оның пайғамбары адамнан қаттылықты емес осындай мейірімділікті қалайды. Демек, күллі адамзат баласына мейірімділік пен рақымдылық жасау – әрбіріміздің мұсылмандық міндетіміз екенін жадыдан шығармасақ болғаны.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.10.2014
4812
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру