Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Асылбек Байұзақұлы: «Хазреті Әли – бүкіл каллиграфтың әмірі»

11.10.2014 5792 0 пікір

Біздің заманымыздан 3800 жыл бұрын негізі қаланған каллиграфия өнері ақсүйектердің сүйікті ісі болған.  Әсіресе, Ислам елдерінде көркем жазатындар жоғары бағаланған. Ал Асылбек Байұзақұлы каллиграфия өнері бойынша Мысырда білім алған еліміздегі алғашқы маман. Хуснихат шебері Асылбек хаттат  Құрбан айтында Алматы қаласынан Астанаға арнайы ат басын бұрып, елорда жұртшылығына мерекелік көңіл-күй сыйлаған кеште өзінің тамаша туындыларымен бұқараны тәнті еткен болатын. Мерекелік кештен соң мешітімізге келіп, жамағатпен де жүздескен талант иесімен аз-кем дидарласудың сәті түскен еді. Оқи отырыңыздар. 

«Мұсылмандардың қағбасы – Меккеде, ілімнің қағбасы – Мысырда»

- Асылбек Байұзаұлы, күні кеше қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай жіберген шақыртуымызды қабыл алып, арнайы ат басын бұрып, елорда төріндегі «Хан-шатыр» ойын-сауық орталығында өткен мерекелік концертімізге қатыстыңыз. Көрерменнің көңілін көтеріп, тылсым сырға толы туындыларыңызбен ел-жұртты тәнті етіп, мерекелік көңіл-күй сыйлап кеттіңіз. Елдің ықыласын да көрген боларсыз. Әңгіменің басынан бастасақ. Бұл салаға қалай келдіңіз? Өнегелі өнердің сізді тартқан сыры неде?

- Асыл дініміздің жаухар өнеріне ес білгелі қызықтым десем де болады. Аллаға шүкір деймін, мен өскен үй Алматыдағы орталық мешіттің жанында болды. Сол мешіттің ауласында ойнап өстім. Ол кезде қазіргідей зәулім ғимарат жоқ, кішкене ғана ағаштан жасалған мешіт еді. Бәрі көз алдымда, сол маңда мектебім де орналасқан. Кейін мешітті үлкейтті, орталық мешітке айналды, маңдайшаларына үлкен жазулар ілінді, безендірілді, осының бәрін көріп есейдім. Өткен-кеткен сайын мешіттің мұнара, күмбездеріне, михраб, минбардағы жазуларға таңдана қарайтынмын. Сол әсем бұралған жазуларға құштар болдым, «мынау қалай бұратыла жазылған, бұны адамдар әдемі дауыспен оқиды, осыны бір адамдар жазған-ау, кім жазды, қалай жазды» деген сұрақтар мазалайтын. Содан көрген жазуларымды ұмытып қалмауға тырысып, үйге келіп, қалам-қағазымды алып, түсірем. Осылай-осылай оқушы кезден басталған еді. Кейіннен мектеп бітіріп, Алланың қалауымен, сол кезде енді ашылған «Нұр Мүбәрак» Ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» мамандығына оқуға түстім. Міне, сол жылдары осы тылсым өнермен жақынырақ танысуым басталды. Университет ашылғасын Мысыр елінен бізге Ахмад Әмір деген араб ұстаз келіп, сабақ берді. Ол кісі тек хадис пен тәпсірден ғана емес, осы Ислам каллиграфиясынан, хуснихаттан да дәріс жүргізеді екен. Менің алғашқы кәсби ұстазым осы кісі болды. Алла ол кісіге разы болсын. Үйреткені көп еді ұстаздың. Бізге каллиграфия пәні 2 курста енгізіліп, оны аттай екі жыл оқыдық. Және бұл пән жай ғана бір семестрлік оқу мен сынақ қана емес, үлкен мемлекеттік емтихан болып, ол сынақтан біріміз құлап, біріміз сүрініп, енді біріміз ілініп, кәдімгі күрделі сабақ болды. Ахмад Әмір бізге осы пәннен екі жыл сабақ беріп, келісім-шарттағы мерзімі тәмамдалып, еліне кетті. Алайда, ынтық болған өнерге, хуснихат ғылымына деген сезімім тоят ала алмай қалды. Оқуды бітірген соң, бір жыл имамдық қызметте болған уақытта әйтеуір бір қолым қалт етіп, реті келген кезде құрал-сайман, қалам-қағазымды алып, хуснихатпен айналыса бердім. Сол кездері осы салада арнайы ілім алсам, белгілі бір деңгейде меңгерсем деген ой мазалап жүрді. Алланың қалауымен бір күні Мысырға, Каир қаласына жолым түсті, сол елде алдын ала барып 3-4 ай дайындық курсынан өттім. Әлі есімде, сол уақытта күніне 14-18 сағат дайындалатынмын. Қалған 4-6 сағаты намаз, ұйқы, ас ішуге кететін. Сөйтіп, күз келді, емтихан тапсырдық, тарихы 1922 жылдан тарқайтын Халал аға деген каллиграфия институтына оқуға қабылдандым. Сол уақытта Еуропа, Азия елдерінен осы каллиграфия саласына келген жалғыз шәкірт едім. Өзімді сол институттағы бақытты шәкірттердің қатарынанмын деп ойлаймын, себебі, бізге сол кезде каллиграфия саласының хас шеберлері, майталмандары дәріс берді. Индонезия, Малайзия, Еуропа, Азия елдеріндегі, Парсы түбегіндегі, Араб мемлекеттерінің үлкен мешіттерінің, Мекке мен Медине қаласындағы мешіттердің безендірілуінде өз қолтаңбаларын қалдырған майталман мамандар ұстаздық етті. Ахмад Фарис, Ахмад Фахт, Абдулла Исмаил, Хишам Сабир, Абдулла Осман сынды ұлағатты ұстаздардың алдын көру, сол кісілерден дәріс алу мен үшін үлкен құрмет.

- Сіз өз елімізде жүріп, мешіт михрабтарындағы сырлы сөздерге ой жүгіртіп, осыны меңгеруге, бейнелеуге құштар болдыңыз. Кейіннен білім шыңдау үшін шетел астыңыз. Тарихтан мәлім, каллиграфия Ислам әлемінде кең тараған өнер. Осы мұсылман елдерінің ішінде таңдауыңыз неге Мысыр еліне түсті?

- Сұрағыңыз өте орынды. Араб халқында бір сөз бар. Қазақша айтқанда, «сапарға шықпас бұрын серігіңді таңда» деген мағына береді. Менің таңдауымда 22 араб мемлекеті болды, осы елдерге талдау жасап, тарихына көз жүгіртіп, энциклопедияларды ақтарып, біраз мониторинг жүргіздім. Араб елдерінде оқыған, білім алған имам ағаларымыздың ақыл-кеңесіне құлақ түріп, осы 22 елдің ішінен таңдауымда үш ел қалды: Мысыр, Түркия, Ливия. Түркия мен Ливияны ысырып қойып, Мысырға тоқтаған себебім, Египет – білімнің ошағы. Себебі, онда баршаларыңызға мәлім, «Әл-Әзһар» ислам университеті бар. Мысырдың тарихы, өркениеті, ғылымына бала кезден қызығатыным да рас еді. Мақсат-мұраттарым осы елге тоғысқасын, Мысырға аттануға бел будым. Жалпы, өздеріңіз де білесіздер, Мысыр елін – ілімнің қақпасы дейді. «Мұсылмандардың қағбасы – Меккеде, ілімнің қағбасы – Мысырда» деген жақсы бір сөз бар. Оның үстіне ислам тарихынан белгілі, бұл жер пайғамбарлар мекені деп те аталған. Сондықтан, діни-рухани, тарихи-мәдени жағынан да осы ел мені қатты қызықтырды. Сонымен қатар, бұл топырақта сонау замандарда Бейбарыс сұлтан, Қайтпай сұлтан, Шернияз сынды батыр бабаларымыз билеген. Бабалар ізі жатқан жер.

- Мысыр еліне аттанбас бұрын, өзіміздің отандық каллиграф шеберлерін іздеп көрдіңіз бе? Осы салада ой бөлісіп, тәжірибе алмасу үшін бұл саланы меңгерген маман бар ма деп ой жүгіртіп, сұрастырып қарамадыңыз ба?

- Алматы – алып шаһар. Арман-мұраттар мен тағдырлар тоғысатын қала. Іздестірдім барынша. «Нұр Мүбәрак» университетін оқи жүріп, екі жыл Ислам институтын да оқыдым, одан Иран мәдени орталығында парсы тілін меңгердім. Каллиграфия ғылымына қатысты әдебиеттер араб, парсы не түрік тілдерінде. Сол себепті маған осы тілдерді меңгеру қажеттілігі туындап, осы тілдерге үйреніп бастадым. Сосын осы каллиграфия саласында бұрын-соңды елімізде мамандар болды ма, болса қайдан іздеп жолықсам болады деп, біраз уақыт іздестіріп те көрдім. Өкінішке қарай, болмады. Ал исламтану мамандығында, араб тілін меңгерген, араб мемлекеттерінде оқып келген имам ағаларымыз баршылық, дегенмен, арнайы осы саламен айналысқан маман табылмады. Көпшілігі сол әріп айналасында қайтқан. Хуснихатпен терең айналысқан маман кездеспеді.

- Алғашқы сұрағымызға оралсақ, «Нұр Мүбәрак» университетінде каллиграфияны арнайы сабақ ретінде 2 жыл оқыдыңыздар. Емтихан тапсырып, жүйелі дәріс алдыңыздар. Сізден өзге курстастарыңыздан хуснихат өнеріне қызығушылық білдіріп, осы жолды қуғандар болды ма?

- Енді, бәрі бірдей хуснихат шебері болуы шарт емес. Топта 41 шәкірт оқыған болсақ, олардың арасынан құранға ден қойған мықты қари-хафиздер, хадис-тәпсір ілімін меңгерген дінтанушылар, теолог мамандар шықты. Ал осы 41-дің ішінен каллиграфия саласын таңдаған мен ғана болдым.

- Біз оқыған тарихта каллиграфияның мыңға жуық түрі бар деседі. Сіз соның 6 түрін меңгердіңіз. Осы жайында айта өтсеңіз...

- Пайғамбарымыздың заманында араб жазуы болған, сол кездің өзінде бұл жазудың 300-ден астам түрі белгілі еді. Енді, ойлай беріңіз, одан бері мың жарым жылдай уақыт өтті, олар бір-бірімен тоғысады, бірігеді, сембиоз болады, екі жазу қосылып үшінші жазудың түрін шығарады, бертін келе қаншама жазудың түрлері пайда болды. Нақты санын бір Алла біледі. Ал  мұсылман үмметі болып саналатын 1,5 миллион халыққа кең тараған 5-6 түрі бар. Қаншама түрлері бізге белгісіз күйде кетті десек те болады. Мәселен, өзіміздің киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі, қабырға-минбарларындағы жазу стилі – сиагет деп аталады. Бұл тек біздің Орта Азияға ғана тән түрі. Өкінішке қарай, бұл стиль бүгінде өлі жазуға жатады, ешкім оны жаңғырта да алмады. Тек тарих болып қалды. Алайда, үмітім де жоқ емес. Осы сиагат жазуына ден қойып, соны қайта түлетіп, жаңғыртып, жаңа ғасырға оралтсам ба деген ниетім бар.


«Алланың дидарынан артық байлық та, бақыт та жоқ»


- Ілім жолынан оралғаннан соң елдегі дін саласына өзіндік үлес қосып келесіз. Өзіңіздің қолтаңбаларыңыз қалған мешіттер жайлы, ірі туындыларыңыз туралы айтсаңыз...

- Осы азды-көпті уақытта еліміздің әр өңіріндегі облыстық, аудандық, ауылдық жердегі мешіттерді безендіріп келемін. Елбасымыз ашылу салтанатына қатысқан Қарағанды орталық мешітінің ішкі-сыртқы безендірілуін түгел жазып шықтым. Араб әмірліктерімен бірігіп салынған Өскемен орталық мешітін жаздық. Осы жерде айта кететін қызық жайт, Өскеменнің орталық мешіті екі елдің ынтымақтастығының арқасында салынып, ол Қазақстан бойынша сыйымдылығы жағынан 3-ші құлшылық үйі саналды. Қазақ елі тарапынан «осы мешіттің безендірілуін өз еліміздің азаматы салады» дегенде, Араб әмірлігінің өкілдері тәуелсіздік алғанына көп бола қоймаған жас ел санап, бірден келісе қоймады. «Ендеше біз алдымен мешіттің ішкі формасын, жазу стилін, эскизін көрсетейік» деп, әмірлікке жобаны жібердік. Араб ағайындар біздің жобаға риза болысып, орталық мешіттің түгел ішкі-сыртқы безендірілуі өз қолымнан өтті.Тағы бір үлкен жоба – Көкшетау қаласында салынып жатқан орталық мешіт. Алла қаласа, таяу уақытта ел игілігіне беріледі деген сенімдеміз. Биыл ғана Астанада, қателеспесем, сегізінші мешіт саналатын «Әлжан ана» айшықты құлшылық үйінің толық ішкі-сыртқы безендірілуі, минбар, михрабтарындағы жазуларды жазып шықтым. Дәл қазіргі уақытта Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің қайта жөндеу жұмыстарына атсалысып жатқан жайымыз бар. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта діни баспа ісі де жанданып бір жүйеге түсіп келеді, сол жұмыстарға мүмкіндігіміздің жеткен жеріне дейін араласып, үлес қосып келеміз. Қазір Аллаға сансыз шүкірліктер болсын, аудан, ауыл-аймақтарда мешіттер бой көтеріп келеді. Осы мешіттердің көз тартып, ел игілігіне арналуына өзіндік үлес қоссақ деген ниетпен, қал-қадарымыздың келгенінше  жазып беруге тырысудамыз.

- Бұл өнер адамды не нәрсеге тәрбиелейді?

- Сауалыңыз қисынды. Бұл – адам баласын төзімділікке, сабырлы болуға тәрбиелейді. Алла Тағала адам баласына қандай да бір жақсылық бермеді, сабырлылық, көркемдікке құштарлық, сұлулық, тазалық, жан тазалығы, тән тазалығы, махаббат, мейірім... осының барлығына біздің дініміз шақырады. Оның ішінде осы хуснихат – ең әуелі, сұлулыққа, көркемдікке және сабырлылыққа баулиды. Біз білеміз, діннің жартысы – сабырлылық. Діннің тең жартысы – тазалық. Осы екі сипат та каллиграфияда бар. Адамның санасы таза болмаса, таза, көркем жазу да шығуы екіталай. Санаим деген ғалым айтқан екен,«Егер адамның назары таза болса, ол тек тазалықты ғана көреді» деп. Егер адам баласының жан-дүниесінде бір кірбің болса, онда дүниедегі тек кем-кетік пен қоқысты көруі мүмкін екен. Араб халқында тамаша бір мақал бар. «Хуснихат – билеуші әмір адам үшін – кемелдіктің белгісі. Бай-дәулетті адамға ол бір – сұлулық. Ал пақыр адамға бұл – мал-мүлік» деген. Ал хазреті Әли (р.а.) ислам тарихындағы ең алғашқы хаттат болып саналады. Өйткені, сіздер білесіздер, ардақты пайғамбарымыз хат танымаған, оқи алмаған, жазбаған. Пайғамбарымыз уахимен жеткен бұйрықты айтып, оны жанындағы сахабалары хатқа түсіріп отырған. Ал, хазреті Әли – бүкіл каллиграфтардың әмірі. Сол хазреті Әлидің (р.а.) айтқан керемет сөзі бар: «Хуснихатпен айналысыңдар, бұл сендерге ризықтың көптеген кілттерінің бірі». Біз білеміз, ризықтың көптеген түрлері бар. Олар: шүкір, сабыр, Аллаһты зікір ету. Солардың бірі, осы – каллиграфия деп атап кеткен.

- Каллиграфия – етек-жеңімізді енді жиып, тәуелсіз ел болған болашағынан көп үміт күтетін қазақ қоғамы үшін тың сала. Осы салаға деген қоғам тарапынан қызығушылық болып, ұсыныстар түсті ме?

- Тәуелсіздік есігін ашқан жиырма жыл ішінде бәрі бірден қалыпқа түсіп, дамып кетпейді әрине. Каллиграфия елімізде кенжелеп тұрған сала екені рас. Ата дініміз бен баба дәстүрімен қайта қауышқан қазақ елінде хуснихаттың да өзіндік орны бар. иншаАлла, бәрі де реттеледі деген үміттемін. Және үміт етіп қана қоймай, осыған әрекет етудеміз. Үкімет береді деп отырмай, сіз болып, біз болып қолға алып, көтеруіміз керек. Халықтың игілігіне асып, жақсылыққа жарап отырған іске  мемлекет тарапынан да қызығушылық туып, қолға алынады деп сенеміз. Соның алғашқы бастамасы ретінде бүгінде еліміздегі ҚМДБ-ға қарасты тоғыз медресенің оқу бағдарламасына Білім және ғылым министрлігі тарапынан осы каллиграфия пәні енгізіліп, бекітілсе нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, алдағы жылы Алматы қаласы Ислам мәдениетінің астанасы болғалы жатыр. 2013 жылы Мәдина қаласы Ислам мәдениетінің астанасы болса, биыл көрші Қырғыз елінің орталығы Бішкек қаласы аталуда. Алла қаласа, келесі мәртебелі жыл Қазақ елінің еншісінде болмақ. Бұл – еліміз үшін абыройлы атақ. Осы үлкен айтулы жылға сәйкес каллиграфия саласының дамуына бір екпін беріп, халықаралық конференция, конкурс, жәрмеңке секілді шаралар ұйымдастырылса хуснихат өнерінің тынысы кеңейір еді деп ойлаймын. Мәселен, Қазан, Уфа қаласы, Грозный өз алдына дербес ел болмаса да каллиграфияны жолға қойып, бұл салада үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Ал олардың жанында біздің өз еркіндігіміз бар, ислам діні мен дәстүрімізге ешкім кесе-көлденең тұрып жатқан жоқ. Сол себепті, біз осы саланы жандармасақ ұяттау да секілді. Бізде барлық мүмкіндіктер бар. Тек осыны тиімді пайдаланудың тетіктерін тауып, дұрыс бағытқа қойсақ болғаны.

- Бір сөзіңізде хазреті Әлидің (р.а.)  хуснихат жайында айтқан тамаша сөзін еске салдыңыз. Яғни, хуснихат көптеген ризықтың кілті десек, бүгінгі нарық пен бәсекенің заманында нәпақаның көзі ретінде қарай аламыз ба?

- Мысыр, Түркия елінде білім алғанымда көптеген ұстаздардың алдында болдым. Сол кезде ұстаздарға айтатынбыз: «Ұстаз ақы, шәкірт ақы деген болады. Сіздердің бұл еңбектеріңізге қанша төлеймін, не төлеймін» деп. Сонда ұстаздарымыздың айтатыны:«Әлемнің әр бұрышынан келетін сендер секілді шәкірттерден ақы алар болсак, бұл кезде миллионер болатын едік». Ең абзалы – Алланың разылығы үшін еңбек ету. Ризық – Алладан. Алла өзі жеткізеді. Хазреті Әли (р.а.) бұл сөзді бекер айтпады. Алла жақсырақ білуші, ал өз басым осы каллиграфиядан дәріс беріп, осыдан байып кеткен адамды көрмедім. Ислам каллиграфиясы – Алланың разылығы үшін болған білім. Шариғи тұрғыда айтар болсақ, Алланың дидарынан артық байлықты, бақытты жоқ десем де болады.


Үш тағаннан тұратын тылсым өнер


- Тағылымы мол салаға баулыған ұстаздарыңыз жайлы айтсаңыз...

- Әңгімеміздің басында ұлағатты ұстаздарым жайлы айтып өттім. Мысырдағы оқуымды аяқтағаннан соң елімізге оралып, біраз медресе, мешіттерімізге еңбек етіп, қайта күш-жігерімді жинап, Түркияның Ыстамбұл қаласына барып, Хасан Челяби ұстаздың алдында сабақ алдым. Әлі де сол елде білімімді жалғастырудамын. Өзім ерекше құрмет тұтатын ұстазым Түркиядағы аты машһүр каллиграф, хуснихат өнерінің майталман маманы осы – Хасан Челяби. Ол кісі әрбір мұсылманның жүрегінде ерекше орын алатын қасиетті шаһарлар Мекке мен Мединедегі мешіттердің жазуларын жазған. Сауд Арабиясы королінің тікелей шақыртуымен үш жыл тапжылмастан Мединедегі Жұма, Құба мешіттерін, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітін, Меккедегі әл-Харам мешітін жазған кісі. Осындай зор құрметке ие ұстазымның қолтаңбасы Алматыдағы Орталық мешітке де тиді. Германия, Малайзия, Лондондағы, Америка құрама штаттарындағы мешіттерді де хусни жазуымен безендірген. Биыл ұстазым Алланың берген ғұмыры, 85 жасқа аяқ басып отыр, жуырда юбилейі болады. Осы жасына қарамастан Хасан ұстаз әлі де шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық етуде. Исламда «Құран Меккеде түсті, Каирде тиләуат етілді, Ыстамбұлда жазылды» деген қанатты сөз бар. Осы сөздердің астарына үңілсеңіздер, жауабын табасыздар. Каирде ең мықты хафиз-қарилер шығады, өйткені онда «әл-Әзһар» секілді беделді оқу орындары бар. Ал ең мықты каллиграфия орталығы – Ыстамбұлда. Осы каллиграфияны жетік меңгерген екі ұлт болса, соны бірі – түрік ағайындарымыз.

- Кешегі мейірім мерекесінен соң, мешітіміздің жамағатымен жүздестіңіз, баршамыз шығармашылығыңызбен жақынырақ таныстық. Бір әріпті салудың өзіне қаншама күш-жігер, неше ай кеткенін айттыңыз. Машақаты мен ләззаты қатар өнердің шын бағасын білгендейміз. Шыны керек, бұқара халық бір серпіліп қалды. Енді, сізді халық іздесе қалай табады? Арнайы ғаламтор бетінде ашқан ресми сайтыңыз бар ма?

- «Ел құлағы – елу» ғой,  біреуден біреу естиді, мешіттер көбеюде, рухани иммунитетіміз қалыптасып келеді, сұрағанның көңілін жықпауға тырысамыз. Әлеуметтік желілерде тіркелгенмін, туындыларымды жариялап тұрамын. Бірақ арнайы ресми сайт ашқаным жоқ, дегенмен сайтпен бірге өзге де тың жоспарларымыз бар, Құдай қаласа, уақыты жеткенде сіздермен бөлісуге әзірмін. Іздеп келушілер баршылық, шамамның келгенінше, уақыт ыңғайына қарай қандай да бір руханиятымызға пайдасы мол дүние болса, үлес қосуға күш саламыз.Және де халықпен жақын жүздесуім осы кешегі өткен «Хан Шатырдағы» мәдени-рухани кеште болды. Осы керемет кешті ұйымдастырып, сонау Алматыдан мені алдырып,«осындай асыл дініміздің үлкен бөлшегі болып саналатын Хуснихат өнерін халыққа жақынырақ көрсетейік, насихаттайық» деп бастама көтерген «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлына, барша елордалық дін қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Шыны керек, кешегі кештегі халықтың ықыласына риза болдым, дәл сол деңгейдегідей ел шоғырланып, ықылас танытады деп ойламап едім. Алла Тағала біз ойлағаннан да артығымен қылды. Ес білген баладан еңкейген қарияларға дейін, ақ жаулықты апаларымыз бен ағаларымыз келіп, «Мынау не мағына береді? Мұның сыры неде? Маған есімімді жазып берсеңіз. Құран аятын, пайғамбар хадисін жазып беріңізші. Дұға, тілек жазып берсеңіз» деген халықтың ықылас-ынтасын көріп қатты қуандым. Демек халқымыздың рухани иммунитеті көтеріліп келеді деген сөз. Себебі, бұл өнер қазақ халқына жат дүние емес, қанымызда бар нәрсе. Тарихтан мәлім, 1922 жылға дейін, Қазан төңкересінің алдында әкелеріміздің әкесі, аталарымыз осы араб жазуымен жазған. Құран мен хадис жаттаған. Шариғатын салтына айналдырып өмір сүріп келген еді. Араб  жазуы негізгі генетикалық тегімізде бар, соны қайт жаңғыртуымыз керек. Бабаларымыздан мықты-мықты қари-хафиздер де, хаттаттар да шыққан өз дәуірінде. Тіптен, берісі Орта Азия елдеріне, арысы араб елдеріне барып каллиграфиядан дәріс берген бабаларымыз да болған. Мәселен, Бабуршах бабамыз осы қазақ топырағынан шығып, Үндістанға барып, Моғолдар империясының негізін қалаған. Сол кісі өзі каллиграф болған. Оны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Бірақ, тарихи деректер сөзімді растайды. Сол Бабур бабамыз «Хатту Бабури» деген каллиграфия түрінің негізін қалыптастырған. Алайда, империяның құлдырауымен бұл жазу стилі де жоғалып кетті. Осы секілді жайттар айта берсек көп. Әлі ашылмаған, зерттелмеген дүниелер жетерлік бұл салада.Ал жалпы ислам мәдениетінде қазақ халқының алар орны мен қосар үлесі ұшан-теңіз деп айта аламын. Әлі де көп мұраларды зерттеп, ұлт руханиятының бөлшегі ретінде бүгінгі жаһандану заманында жаңғыртып, қоғамға енгізуіміз керек. Осы бастамалардың бірі ретінде кешегі "Хан Шатырдағы" құрбан айт мерекелік кешін атай аламын. Аллаға шүкір, халықтың назары, ынтасы, ықыласы ерекше. Осы дүниелерді қолға алып, ел-жұртқа дұрыс жеткізе білсек, бұл бастамалардың болашағы зор деп білемін.

- Каллиграфия саласын дамытып, хуснихатты меңгеру үшін қажетті алғышарттарды атасаңыз...

- Қандай дүние болмасын, таза ниет, ыстық ықылассыз іске аспайды ғой. Осыған қосарым, каллиграфия сабырлылықты қатты қажет етеді. Маған бірде Мысырға оқуға жүргелі отырған бір бала келіп осыны меңгерсем деген ниетін айтты. «Сіз жайлы естіп қаламын, жұмыстарыңызбен таныс едім. Оқуыммен қатар каллиграфияны алып жүрсем, осыған қандай ақыл-кеңес бересіз?» деп сұрады. Әлгі жігіттен: «Балық аулауды ұнатасың ба?» деп сұрадым. «Жоқ» деді. «Онда сен каллиграфиямен шұғылданбай-ақ қойғаның дұрыс болар. Балық аулау үшін де төзімділік керек. Балық қашан қарпиды деп қалтқыға қалғымай-мүлгімей қарап, күтіп отырудың өзі күш-жігер қажет етеді. Ал хуснихат балық аулаудан өткен төзімді талап етеді» дедім.Алғаш Мысыр елінде оқуда жүргенде тәулігіне 18 сағатқа дейін айналысатынмын. Тапжылмай ұзақ отырғандықтан аяқ ісіп, қан жүрмей қалатын да жағдайлар болады. Діттеген аят-хадисті кемеліне келтіріп жазбайынша ешбір жылжымастан жұмыс істеп, істі аяғына жеткізіп, сол жерде ұйқыға бас қоямын. Сол себепті әлгі балаға «сен өз салаң бойынша құраныңды оқып, біліміңді шыңда, тәпсір меңгер. Ол да үлкен мәртебе, дәреже. Бірақ, каллиграфия өте көп уақытты, ықыласты талап етеді. Балықтың түсуін күтіп, қалтқыға бір жарым сағат қарап, төзе алмасаң, хуснихаттың машақаты одан зор болады» деп шығарып салдым.Екінші мәселе, бұл саланы игерем деген адам үшін білікті ұстаздың орны айрықша. Тек қабырғаға қарап, немесе кітаптан қарап, көшіріп жазып меңгеріп кету мүмкін емес. Хазреті Әлидің тағы бір ғибратты сөзі бар. «Хуснихат жасырылған, құпияланған ұстаздың тағылымында» дейді. Егер оған бағыт-бағдар көрсетіп, тәлім-тәрбие беретін мықты маман, ұстаз болмаса каллиграф болып кетуі неғайбыл. Сол сөздің аяғында былай дейді: «Хуснихат – ислам діні қай жерге дейін жетеді, сол жерге дейін барады». Ал біз білеміз, ислам діні қиямет күніне дейін жасайтын дін. Яғни, каллиграфияның да ғұмыры ұзақ, иншаАлла, болашағы зор. Мен оған сенімдімін. Қазірдің өзінде небір дарынды іні-қарындастарымыз шығып келе жатыр. Қорыта айтар болсам, каллиграфия – үлкен сабырлылық, жақсы ұстаз, ыстық ықыласты талап етеді. Осы үш тағаннан тұрады деп есептеймін.

- Асылбек Байұзақұлы, салиқалы сұхбатыңызға, алтын уақытыңызды қиып, Астанаға ат терлетіп келіп, көпшілікті қуантып, бізге тамаша көңіл-күй сыйлағаныңызға көптен көп рахмет. Алла сізге разы болсын!

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ
ummet.kz 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру