Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы
Тіліміз дін мен дәстүрдің тірегі
Ғаламды жоқтан бар етіп, өзінің құдірет болмысымен жаратып, сән берген Алла тағала қандай шебер десеңізші. Сонау Адам ата мен Хауа анадан тараған адам баласы бүгінде өсіп-өніп дүниенің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып тіршілік кешуде. Қызығы сол олардың түрлері басқа, тілдері өзге.
Әрбір жанды-жансыз жаратылысты өз ерекшелігімен, қадір-қасиетімен жаратқан мейірімді Раббымыз адамзат баласын да түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлген. Бұл жөнінде қасиетті Құранда былай делінеді: «Көктер мен жерді жаратуы, тілдеріңнің, түстеріңнің алуан түрлі болуы да - Оның белгілерінен. Күмәнсіз, бұларда білгендер үшін белгілер бар». («Рум» сүресі, 22-аят.) Ал, «Хужурат» сүресінің 13-аятында құдіреті күшті Алла: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың», - дейді.
Ғалымдардың пайымдауынша, бір елдің толыққанды ұлт болып ұйысуы үшін мына бес тұғыр түгел болуы керек екен. Олар тіл, дін, дәстүр, тарих және атамекен. Енді осы аталғандардың ішіндегі тілдің дінімізде алар орнына аз-кем тоқталып көрелік.
Рас, тіл қай ұлттың, қай елдің де қастерлі құралы. Өйткені, тіл адамға ана сүтімен бірге еніп, өн бойында қалыптасады. Тіл - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып отыратын табиғи мұра. Демек, әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиісті.
Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді», - десе халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту - бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», - деп айтқан. Әрине, ұлыларымыздың тіл жайында қалдырған мысалдарын көптеп келтіруге де болады. Алайда айтпағымыз елін, жерін сүйген әрбір азаматтың жүрегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі болу керек.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы 2014 жыл – «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялағаны белгілі. Елдің имамдарына жолдаған Үндеуінде дініміз бен дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аударған-ды. Соның ішінде тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, дініміз бен ділімізді жаңғырту; имандылықты жырлаған қазақтың ақын-жазушылары, жыраулары, би-шешендері мен қайраткерлерінің тұлғалық қасиеті мен баға жетпес бай мұрасын насихаттау көрсетілген.
Иә, от ауызды, орақ тілді бабаларымыз сөз маржанын тере отырып, өз заманының мұңын жырлап, халықты имандылыққа, адамгершілікке, береке-бірлікке ұйытып отырған. Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жыраудың «Тілек» атты толғауы да осыған айғақ. Көркем сөз өнерiнiң майталманы, қазақтың ақтангер ақындары болған әйгiлi Бұқар жырау, Үмбетей жырау, Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы), Қабылиса жырау, Шортанбай Қанайұлы, Базар жырау, Абай Құнанбайұлы, Шәкірім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп, Әбубәкір Кердері т.б. бұлардың барлығы дерлік бұқара халыққа ислам дінін тілдің шеберлігімен жеткізген.
Бұған өткен тарих пен ескі әдебиеттеріміз куә. Тіпті, Мұхтар Әуезов өзінің зерттеуінде: «Қазақ ортасына ислам дінінің таралуына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан да мұсылманшылық діні де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. Бұған ескі әдебиеттегі толып жатқан қиссалар дәлел. Жарамазан өлеңі де сондайлық дін мағынасы мен дін үгіті болып шығып, бері келген соң қыдырма жарамазаншылар әнге салып айтатын болды», - деп жазады.
Қазақ халқында ауыз әдебиетінің орны ерекше, әсіресе қисса-дастандар. Сонан болар, сөз өнерін саралай білген ақындар жыр-термелерімен, толғауларымен халықты әрқашан ынтымаққа, бірлікке, имандылыққа шақырып отырған.
Бүгінде қынжылатын бір жағдайымыз бар. Кейбір қазақ жастарының Алла жолына бет бұрдым деп өз ұлтынан алыстап, дәстүрінен қашқақтап, тілін шұбарлап жататыны өкінішті. Олар дінді бір жақты алып, нанымымызға қайшылығы жоқ дәстүрімізді жоққа шығарып әлек. Нәтижесінде аға-іні, әпке-сіңлі деген секілді сөздеріміз дәрменсіз қалды. Оның бір көрінісі ерлер бір-біріне «ахи, брат» (мағ.: аға-іні) десе, намазхан қыздар жағы «ухти, сестра» (мағ.: әпке-сіңлі) десіп өз ана тілін ала-құла етуде. Солардың ахи-ухти дегенімен араб болып кетпесі немесе брат-сестра деумен орыс болып кетпесі ақиқат. Мұның ақыры тілді шұбарлап, қорлаудан басқа ешбір пайда әкелмейді. Ал, өз тілің өзараңда құрметсіз қалып жатса, оған не деуге болады?
Қорыта айтқанда, әр қазақ баласы өткенін ұмытпай тілдің қадірін бағалап, «тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген қағидатты жадында ұстауы тиіс. Бай әрі көркем тіліміз шеберліктің шеңберінде асыл дінімізді насихаттауға, дәстүрімізді дәріптеуге, ұлтымызды ұлықтауға, бірлігімізді бекем етуге қолданылар болса, ана сүтінің ақталғаны. Олай болса, әрбір имандылыққа бет бұрған ел азаматтары да анадан дарыған тілін сақтап, дінін мұрат тұтып, дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылығын қорғауы тиіс.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.10.2014
4351
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру