Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Орынбасар ДӘУРЕНБЕКОВ: «Мектеп бітіру кешінде дінге қызмет етуді Құдайдан сұраған едім»

18.09.2014 4851 0 пікір

Орынбасар Дәуренбеков,
Алатау аудандық
«Бекет ата» мешітінің Бас имамы 

«Мектеп бітіру кешінде дінге қызмет етуді Құдайдан сұраған едім»

Орынбасар Дәуренбеков – еліміздегі тәжірибелі әрі білікті де іскер имамдардың бірі. Алматы қаласы, Әуезов ауданындағы «Таугүл-3» мешітінде көп жыл қызмет етіп, оны республикамыздағы үлгілі ғибадат үйлерінің қатарына қосты. Осындай жарқын істерімен дінге зор жанашырлығын көрсеткен оны ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматы қаласы, Алатау аудандық «Бекет ата» мешітіне осы жылдың наурыз айында Бас имам қызметіне тағайындаған болатын. Арада жарты жылдай уақыт өткенде аудан мешітінің атқарып жатқан жұмысы және тыныс-тірішілігімен жақынырақ танысу мақсатында құлшылық үйіне ат басын әдейі бұрған едік. Біз барғанда Бас имам мешіт ауласы мен көше жақ сыртына асфальт төсетіп, жұмысшыларға нұсқаулар беріп, абыр-сабыр болып жатты. Бізді көре сала оларға кезекті тапсырмасын беріп, мешітті аралауға шықтық. Құлшылық үйінің ауласы мұнтаздай тап-тазалығы бірден көзге шалынды. Ауланы айналдыра қайың мен шырша отырғызылыпты. Мешіттің сол жақ қабырғасына аумағы 140 шаршы метр жерге жаңа бастырма жасалған. Жақын күндері оң жағына да дәл осындай бастырма салу көзделіпті. Сондай-ақ, құлшылық үйінің алдында тұрған Әбу-Ханифа медресесінің дайындық курсы ғимаратының бір жақ бөлігі жуырда 7,5 миллион теңгеге толық күрделі жөндеуден өткізіліпті. Екінші бөлігіне де жөндеу жұмыстары басталып кеткеніне куә болдық. «Ал, Құрбан айт мейрамына дейін қасапхана құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беруді көздеп отырмыз», - деді сөз арасында Орынбасар имам. Біз де осы сәтті пайдаланып Бас имамды әңгімеге тарттық (негізі бұл кісі сөзге өте сараң болып шықты. Мақтаныш етуді жаны қаламайтыны байқалып тұрды. Не істесе де Алла разылығы үшін атқарып жүргенін сезіндік). Алғашқы сұрағымыз діндардың ең алғаш діни білімді қашан, қалай алғаны жәйлі болды.

– Менің балалық шағым Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Күреңбел ауылында өтті. Өзіңіз жақсы білетін шығарсыз, кеңес үкіметінің тұсында жаңа жыл ерекше аталып өтілетін еді ғой. Мектеп бітіретін жылы сыныптастарыммен бірге жаңа жыл кешіне ерекше дайындалдық. Әркім әртүрлі киіп тігіп, әуре-сараңға түстік те қалдық. Ал, мен оған басыма сәлде, үстіме шапан іліп, молдаға ұқсап киініп барғаным әлі есімде. Содан не керек, үздік киім аталымы бойынша жүлделі үшінші орынды иелендім. Ал, мектеп бітірер күнгі кеште барлығымызды директор жинап алып:

– Балалар сендер таң ата қырға барып, күн шыққанша тілек тілесеңдер, барлық армандарың орындалады, - деді. Сол кезде директор ағайдың көзінен «Таң атқанша Құдайдан жалынып-жалбарынып сұрасаңдар, қалаған оқуларыңа түсіп, үлкен азамат боласыңдар» деп айтпақшы болғанын түсіндім. Себебі, ол кезде Құдайды ауызға алу кеңес үкіметіне қарсы келумен бірдей болатын. Содан ұстазымның айтқанын екі етпей бүкіл сыныптастарыммен үлкен дөңнің басына жиналдық. Сонда Жаратушы Иемнен: «Құдайдың құлы болып, асыл дінімізге қызмет етсем» деп тілеген едім. Ол кезде араб тілінің бір әрпін, не Құран оқуды да білмейтінмін. Осы оқиғадан кейін өмірім күрт өзгеріп сала берді.

Мектепті бітіргеннен кейін Өзбекстанға барып, хужраларда ислами білім ала бастадық. Өзбек тілін білмегенімізбен, барымызды салып, ілім алуға талпындық. Өзбек ағайындарға көп рахмет, бізді тамақтандырып, киіндіріп, мүмкіндігінше жағдай жасады. Сол уақытта еліміз егемендігін алып, қазақ жігіттері елге орала бастаған еді. Біз де көпшілікпен бірге Алматыға жетіп, алғашқы мүфтиіміз Рәтбек қажы Нысанбайұлы ашқан Ислам институтына 200 талапкер құжат тапсырдық. Солардың ішінен таңдалып алынған тек 30 жігіттің арасында мен де бар едім. Содан екі жылдық оқу орнын аяқтап, Түлкібас ауданына жолдамамен қызметке бардым. Онда жүріп, мешіт жанынан сауат ашу курсын ұйымдастырып, біраз жеткіншектерді оқыттым. Бүгінде солардың арасынан республикаға белгілі дін қайраткерлері мен имамдар шығып, еліміздің түкпір-түкпірінде ата дінімізге қызмет етуде.

Дегенмен, сонда да көңілім тыншымай, бірдеңе жетіспегендей күй кешіп жүрдім. Өйткені араб тілін жетік білмейтінмін. Содан «Құран тілін дұрыстап меңгерейінші. Ол үшін бір араб мемлекетінде білімімді шыңдайыншы» деп Құдайдан 3 жыл бойы тілек тіледім. Соңғы үшінші жылы Рамазан айында: «Уа, Алла Тағала! Келесі жылы оразаны бір араб елінде ұстауды нәсіп ете гөр», - деп жылап тұрып, дұға жасадым. Жаратушы Ием дұғамды қабыл етіп, Мысыр еліндегі «Әз-за-Казик» университетіне оқуға қабылданып, арманыма жеткендей ғажап күй кештім.

– Сонымен оқу бітірген соң, елге оралып, діни басқармаға қызметке тұрдыңыз...

– Иә, дұрыс айтасыз. Діни басқармада Бас мүфтидің көмекшісі болып, бірнеше жыл қызмет еткен соң , Нұр-Мүбәрак Мысыр Ислам мәдениеті университетіне оқуға түстім. Өткен жылы исламтану мамандығы бойынша магистратураны да ойдағыдай тәмамдадым. Оған дейін «Таугүл-3» мешітінде Бас имам болып қызмет атқарып келдім.

– Естуімше, осы құлшылық үйінің салынуына да себепкер болған сияқтысыз...

– Әрине, басы-қасында жүргенім рас. Алайда, жалғыз өзім не істей аламын?! Халықтың қолдауымен, жамағаттың табандылығының арқасында жатпай-тұрмай 3 жыл дегенде құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға берілді. Бірақ, бір жылдан кейін шатырынан су ағып, қайта жөндетуге мәжбүр болдық. Су қабырғасын да бүлдірген соң, қайта сылаттық. Алғашқы жылдары үсті-басымыз күйе-күйе болып көмір жағып қыстан қатты қиналып шыққан соң, пешімізді соляркаға ауыстырдық. Дегенмен, солярка да қыстың аязында қатып қалып, одан қала берсе жағымсыз иіс шығып, мешітке келушілерден ыңғайсыз болғандықтан 3,5 миллион теңге қаражат тауып, жылыту жүйесін газ пешке қостық.

– Сіз біраз жылдар «Таугүл-3» мешітінде Бас имам болып қызмет атқарып, ғибадат орнын ең үлгілі құлшылық үйінің біріне айналдыра алдыңыз. Сондағы жинаған тәжірибеңізді «Бекет ата» мешітінде қолданып жүрген боларсыз.

– Осы жылдың наурыз айында Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітіне бас имам болып тағайындала сала, жанталаса жұмысқа қызу кірісіп кеттік. Ең бірінші абаттандыру жұмысына ерекше мән беріп, өзіңіз танысып шыққан құрылыс жұмыстарын аяқтауға күш салудамыз. Өйткені, мешіт көпшіліктің жиналатын орны. Сәні мен салтанаты жарасып тұрса, келушілердің де қатары көбейетіні сөзсіз. Осы арқылы біз асыл дінімізді жеткілікті деңгейде насихаттай аламыз. Әрине, бар біліміміз бен жиған-терген өмірлік тәжірибемізді мүмкіндігінше іске асыруға тырысудамыз. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы республика имамдарының алдына үш бағыт бойынша (көркем уағыз, жат ағымдағы жастармен жұмыс және қайырымдылық) жұмыс істеуді тапсырған болатын. Күнделікті қызметімде осы үш тағанды басшылыққа алып келемін. Мысалы, «Таугүл-3» мешітінде жүргенімде қарттар үйіндегі 20 адамға санаторийге демалып қайту үшін жолдама сыйлаған болсақ, осында жүріп, аудандағы зағиптар үйіндегі жандарды өз қамқорлығымызға алдық. Сондай-ақ, жамағаттың ауызбіршілігін күшейту мақсатында спорттық түрлі жарыстар өткізіп, демеушілер арқылы бүкіл шығынын көтердік. Бұдан өзге де қайырымдылық бағытында бірқатар іс -шараларды жүзеге асырудамыз.

– Осы жылдың сәуір айында аудан әкімі Бағдат Сайланбайұлының мешіт имамдарымен кездескенінен хабардармыз. Сол кезде жеті мешіттің ең өзекті деген жеті мәселесін әкімнің алдына қойдыңыз. Осы мәселелер шешімін тауып жатыр ма?

– Құдайға шүкір, әкімнің алдына қойған қадау-қадау мәселелер біртіндеп, оң шешімін тауып келеді. Атап айтқанда, Қарасудағы «Мырзахмет» мешітінің тұсындағы Солтүстік айналым көшесі бойынан жаяу жүргіншілерге арнап, аспалы жолдың құрылысы басталды. Бұл өте қуантарлық жағдай. Өйткені, мұнда құптан намазына келушілер бірнеше рет жол-көлік оқиғасына тап болып, қайғылы жағдай орын алған болатын. «Көкқайнар» құлшылық үйінің кәріз құдығын қалалық кәріз жүйесіне қосу да жақын күндері біржолата шешімін таппақ. Басқа мешіттердің де түйткілді мәселелері жайлап реттеледі деген сеніміміз бар.

–  Атқарып жатқан сауапты қызметіңізге толағай табыс тілеймін. Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан
Кеулімжай Құтты

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру