Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ: Ислам діні рейтинг көтеру құралы ма?

05.09.2014 4013 0 пікір

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының баспасөз хатшысы

 

Өткен жолы бір кісі: «Қазір адамдар аяғымен емес, аузымен жүріп кетті ме, қалай өзі?» – деп сауал тастап еді күрсініп. Бұл бір күліп алғанға әдемі теңеу. Бірақ байбына барсақ, расында да күлкі емес, күрсіну керек дүние екен.

Таңғы асты ақпаратпен арпалысып ішіп, жаңалықпен тыныстап тұрған қазіргі қоғам естіген-көргеніне сеніп қалатын жағдайға жетті. Бұған бір дәлел: өткен жолы шаштаразға бардық. Әдетімізге салып, әңгімелесе кеттік. Қаланың жігіті ме, әлде діннен алыстау болды ма, әтеуір шаш қиятын азамат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын білмейтін болып шықты. Бас мүфти дегенді мүлдем естімепті. Мұның себеп-салдарын ойлануға мұрша болмады. Бірақ әлгі жігітпен әңгімеміз еш жараспай, қиюы келмей қойды. Діни басқарманы, мешітті білмейтін бауырымыз сұрақты төтесінен бір-ақ қойды: 

– Анау имамның тағдыры не болды?

– Қайсы?

– Скандал шығып еді ғой, бір имам туралы.

Біздің әңгімеміз осы жерде «түйісті», сөзіміз «жарасты», әрине, өкінішке қарай. Оның еліміздегі дін жайлы, Ислам туралы, мешіт, имам жайында бар білгені осы болды. Енді күлуге де, күрсінуге де рұқсат...

«Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жетеді», – дегеніміз осы ғой. Әсіресе, жақсы сөзден бұрын теріс пиғылды пікір тез тарап, санаға соққы жасауда. Дін тақырыбы сөз ұстар тілшілер қауымы тарапынан да талқылануда. Бірақ қалай?

Елбасы 2006 жылы әлемдік дін көшбасшыларының құрылтайында көкейде жүрген мәселені көтеріп еді: «Бұқаралық ақпарат құралдары басқа діндегілердің қасиетті сезімдерін қорлауды ұшындыра түссе, онда бұл журналистердің ерте ме, кеш пе өз нанымдарының қорлануымен бетпе-бет келетіні айқын болады. Біреу үшін қасиетті нәрсе басқа біреу үшін әзіл немесе келемеж тақырыбы болмауы керек. Бұл қарапайым қағида, өкінішке қарай, оны журналистер мен саясатшылар жиі бұзады».

Рас, біз кейде Ислам, имам, мешіт деген ұлы ұғымдарды сенсацияға айналдырып, өз дінімізді, өз наным-сенімімізді қалайша қорлап жатқанымызды білмей де, сезінбей де қаламыз. Жуырда беделді бір сайтта «Мешіттің бұрынғы имамына қатысты сот үкімі шықты» деген тақырыпта ақпарат жарияланды. Ол имамдыққа дейін де кейін де бірнеше мемлекеттік қызметте болған, түрлі салада жұмыс істеген. Мұндағы бар мәселе имам сөзіне тіреліп тұрғандай. Бұрынғы имамдық қызметінің қазіргі жағдайына не қатысы бар деген ойлар да мазалайды. Дін қызметкері «сүрініп» не «түшкіріп» қойса, соны сенсацияға айналдырып, арандатушы ақпарат таратуға бейім БАҚ өкілінің бұл әрекетін өзінің ар-ұяты мен намысына қалдырып қойғанымызбен, жұрттың жадында жағымсыз ой ұялайды екен. Алғашқы жалған ақпарат, теріс пікір тудыратын жаңалық қашанда бұқараның назарында, санасында қалады. Жүз аргумент немесе жүз факті сол бір өтіріктің орнын баса алмай қалатын жағдайлар да болады. Сот үкімі шықпай жатып, қастерлі ұғымдарды, дін қызметкерлерін жақсылыққа «қимай», жамандыққа жол ашуымыз, асығыстықпен байыбына бармай, арандатушы ақпарат таратуымыздың соңы өзіміздің опық жеуімізге, кіршіксіз дінімізге күйе жағып қоюымызға әкеп соғады. Ислам – кемел дін. Кемшілік – пендеге тән. Алайда пенденің аз-кем кемшілігін айдай әлемге паш ету абырой әкеле қоймас. Біреуді жамандыққа қисақ, мұсылманшылығымыз қайда қалмақ?! Біздің ниет – дін тақырыбын оқырман жинау яки рейтинг көтеру құралына айналдырмасақ, қадірменді қаламгер! Қалам түзелсе, қауым да түзелмек.  

  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру