Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Б.АБДУЛХӘКІМ: Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңғы күндері

28.08.2014 4909 0 пікір

Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)
соңғы күндері

Миләди жыл санағы бойынша 632 жылы, рабиул әл-аууал айының дүйсенбісінде жер мен көк арасында үлкен қайғы орын алды. Себебі, ол күні жаратылыстардың ең ардақтысы, адамдарды қараңғылықтан жарыққа шығарушы, ең көркем мінезге ие болған Алла Тағаланың ең сүйікті құлы Мұхаммед Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салған еді. Оның тірі кезі барша адамға қандай ғибратты болса, дүниеден өтер кездегі ақырғы сәттері де сондай ғибратты болды. Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірдегі соңғы күндері жайлы сыр шертетін көптеген риуаяттар бар. Олардың барлығы да бізге үлгі болары хақ. Солардың біреуі – Ибн Аббастың (Оған Алла разы болсын) риуаят еткен оқиғасы.

Укаша ибн Мухсиннің Пайғамбарға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасаған қулығы.

Ибн Аббас (Оған Алла разы болсын) айтады: «Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаза болатын күні жақындап қалғанда Біләлға (Оған Алла разы болсын) азан айтып адамдарды мешітке намазға шақыруын сұрайды. Азаншы Біләлдың азанын естіген Мединадағы барлық Мухажирлер мен Ансарлар мешітке жиналды. Сахабалар мешітте екі рәкағат намаз оқып болғаннан кейін Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінберге шығып, әуелі Аллаға мадақ айтып, сосын уағызын бастады. Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл әсерлі уағызынан мұсылмандардың барлығының жүректері елжіреп, көз жастары көл болды. Хұтпадан кейін Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сахабаларына қарап: «Ей, мұсылмандар! Мен сендерге Пайғамбар, әрі Алла жолына насихаттаушы болдым. Сондай-ақ, сендерге мейірімді бауыр, рақымды әке де болдым. Егер мен сендердің қайсібірлеріңе зұлымдық жасаған болсам, онда Қиямет келмей тұрып ол адам менен қазір шығып өз хақысын алсын»,- деді. Бірақ ешкім үндемеді. Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі сөзін екінші рет қайталаса да мешіттегі тыныштық бұзылмады. Бірақ, үшінші рет қайталаған кезде Укаша ибн Мухсин деген Сахаба орнынан тұрып, мінберде тұрған Пайғамбарға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  келді де: «Әке-шешем жолыңда құрбан болсын, ей, Алланың елшісі! Егер сіз осылай қайта-қайта айтып сұрамағаныңызда бұны айтпас та едім. Бірақ, Бәдір соғысы күні мен сіздің қасыңызда жүрген болатынмын. Бір кезде мен түйемнен түсіп сіздің түйеңізге келіп аяғыңыздан ұстамақшы болғанда, түйені ұратын қамшыңызбен менің белімнен салып қалдыңыз. Уа, Алланың елшісі! Сіз мені әдейілеп ұрдыңыз ба, әлде түйені жүргізу үшін ұрдыңыз ба,  білмедім», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Укаша! Алла сені қорғанына алсын! Алланың Пайғамбары сені қамшысымен әдейі ұрады ма екен?» деді де қасында тұрған Біләлға қызы Фатиманың үйіндегі қамшыны әкелуді сұрады. Біләл (Оған Алла разы болсын) дереу Фатиманың (Оған Алла разы болсын) үйіне жүгіріп кетті. Фатиманың (Оған Алла разы болсын) үйіне келіп есігін ұрғанда үй ішінен Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызының «Бұл кім?» деген дыбысы шықты. Біләл Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қамшыны әкелуін бұйырғанын жеткізді. Бұған Фатима (Оған Алла разы болсын) «Я, Біләл! Әкем ол қамшымен не істемек ойы бар?» деп сұрағанда Біләл мән-жайды айтып берді. Сонда Фатима (Оған Алла разы болсын) «Я, Біләл! Қандай адамның Алла елшісінен кек алуға жүрегі даулайды екен?» деп таңдана сұрады. Біләл (Оған Алла разы болсын) бұл сұраққа жауап бере алмастан қамшыны алып мешітке жүгірді. Алла үйіне жетісімен Біләл (Оған Алла разы болсын) қамшыны Пайғамбарға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берді, ал Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны Укаша ибн Мухсинның қолына ұстатты. Сол сәтте мән-жайды бақылап отырған Әбу Бакр мен Омар (Оларға Алла разы болсын) орындарынан бірдей атып тұрып: «Я, Укаша! Біз сенің алдыңда тұрмыз. Ұрам десең міне тәніміз, бірақ Алла елшісін (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұра көрме!» дейді. Сонда Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол екеуіне қарап: «Екеуің де отырыңдар. Алла сендердің ниеттеріңді білді (яғни, Пайғамбарды қорғау үшін өздерін құрбан етуге дайын екенін Алла біледі деген мағынада)»  - дейді. Олар отырысымен Әли ибн Әби Талиб орнынан тұрып Укашаға|: «Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) орнына мені ұр, міне арқам, міне ішім. Қалағаныңша ұр!» - деп, ол да Әбу Бакр мен Омардың айтқан сөзін қайталады. Бірақ, Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған да әлгі екеуіне айтқан сөзін айтты. Одан соң аталары үшін өздерінің таяқ жеуге дайын екенін білдіріп, Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хұсейн орындарынан тұрып: «Я, Укаша! Сен біздің Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері екенімізді білесің. Ендеше, бізді ұрғаның оны ұрғаның емес пе?» - дей бергенде Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелеріне: «Көзімнің қарашықтары, сендер де отырыңдар» - дейді де, Укашаға қарап «Я, Укаша! Хақыңды алу үшін мені ұрғың келсе, мына қамшымен ұр» - деді. Сонда Укаша ибн Мухсин қысылмастан осы сәтті күткендей: «Я, Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Сіз мені ұрғанда, менің денем жалаңаш болатын» - деп, Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арқасын жалаңаштауын меңзегендей болды. Сонда Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үндеместен үстіңгі киімін шешті. Осы сәтте мешітте отырған бүкіл Сахабалар шулап кетті. Ал, Укаша оның әппақ денесін көріп, сол сәтті күтіп тұрғандай Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашық денесін дереу құшақтап: «Кімнің сенен өш алуға жүрегі шыдайды, Я, Расуллаһ?! Менің бұлай істеген себебім, Сенің мүбарак денеңді құшақтасам, соның шарапатынан Алла менің денемді тозақ отынан сақтайма дегенім ғой»,- деп еңіреп жылап жібереді. Сол кезде Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сахабаларына қарап «Сендер жұмаққа кіретін адамды көргілерің келсе, мына адамға қараңдар» - деп, Укашаны көрсетеді. Осыдан кейін барлық Сахбалар Укашаны бірінен соң бірі құшақтап: «Сен қандай бақыттысың. Үлкен дәрежеге қол жеткіздің, әрі жұмақта Алла елшісімен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолдас болу мәртебесіне де ие болдың. Қандай үлкен жақсылық!»,- деп қуаныштарын білдіріп жатты».   

Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақырғы өсиеті.

Ибн Масғуд (Оған Алла разы болсын) айтады: «Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәңгілікке сапар шегетін күндері жақындағанда біз Айшаның (р.а.) үйіне жиналдық. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді көріп, көздері жасаурап «Сендерге Алланың мейірімі болсын. Қош келдіңдер! Барлықтарыңды Аллаға бағынуға және Одан қорқуға шақырамын. Расында сіздермен қош айтысып Алла Тағалаға қайтатын әрі Жәннат ал-Ма’уаға баратын күн жақындап қалды. Сол күн туып, мен жан тапсырған кезде менің денемді Әли жусын, және оған әл-Фадл бин Аббас пен Усама ибн  Зәид су құйып көмектессін. Одан кейін маған өз киімімді кебін қылып соған ораңдар, қаласаңдар йемендің ақ матаға орасаңдар да болады. Мені жуып, кебіндеп болғасын мәйітімді қабірімнің шетінде тұрған кереуетке қойып, бір сағатқа қалдырыңдар. Себебі, ол кезде үйге Жебрейіл, одан соң Микаил, Исрафил, сосын Әзрейіл періште әскерлерімен, одан кейін барлық періштелер бірінен соң бірі келіп жаназа намазын оқиды. Осыдан соң өздерің келіп топ-топ болып жаназа намазын оқыңдар»,-деді. Сүйікті Пайғамбарларының, анасынан да жақын болып кеткен адамның, өмірден озатын сәтінің жақындағаны естіген үйдегі Сахабалардың көздеріне амалсыз жас келіп, еңкілдеп жылай бастайды. Олар: «Я, Алланың елшісі! Сен біздің елшіміз әрі алға бастаушы Сұлтанымызсың! Егер сен о дүниелік болсаң, біз кімге барып жол табамыз?»,- деумен болды. Сонда Ол: «Мен сендерге жарқын жол тастап кеттім. Сондай-ақ, біреуі сөйлейтін, біреуі үндемейтін екі уағызшы қалдырдым. Сөйлеуші уағызшы ол – Құран, ал үндемейтін уағызшы ол – өлім. Егер бір мәселе туындаса Құранға жүгініңдер, ал егер жүректерің қатігезденіп кетсе, онда өлім және оның қиыншылықтарына ой жүгіртіңдер»,- деді.

Осыдан соң Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сапар айының соңынан бастап бас ауыруына шалдығып, он сегіз күн төсек тартып жатып қалды. Сахабалар Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көңілін сұрауға үйіне барып тұратын. Бірақ, дүниеден қайтатын соңғы күні таңға жуық Оның ауруы асқынып кетті. Сол күні таң намазында Біләл мешітке келіп азан айтып, сосын мешіт жанындағы Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінің есігіне келді де «Ассаламу алейкум, Алланың елшісі» деп сәлем берді. Бұған Фатима (Оған Алла разы болсын) «Я, Біләл! Расында Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзімен болып жатыр (яғни: ауырып, мазасыз күй кешуде деген мағынада) дейді. Сахаба Біләл (Оған Алла разы болсын) Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызының не айтқанын жөнді естімесе де мешіт жаққа қайта оралды. Таң кіріп, намаз уақыты өтіп бара жатқан еді. Біләл екінші рет Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйіне келіп сәлем береді. Бұл жолы ауырып жатқан Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) азаншы Сахабасының сөзін естіп, оған «Кіре ғой, Біләл. Мен өзіммен болып жатырмын. Дертім үдеп кетті (Пайғамбардың намазға шығуға мүмкіндігі жоқ еді). Әбу Бәкрге барып адамдарға имамдыққа шығып намаз оқуын айт» - дейді. Хәлі мүшкілдеп бара жатқан Пайғамбарды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрген Біләлдың түрі бозарып, екі қолын басына қойып, уайымнан «Мені шешем бұл дүниеге әкелмегенде ғой» деп айқайлап мешітте отырған Әбу Бәкрге келді. Әбу Бәкр Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне не бұйырғанын естіген соң ол михрабқа көз тастады. Пайғамбарсыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бос тұрған михрабты көрген Әбу Бакр де шыдай алмай өкіріп жылап жіберді. Оған қосылып барлық Сахабалар дауыс шығарып жылай бастады. Олардың еңіреп жылаған дауыстары Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құлағына жетті. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатимадан (Оған Алла разы болсын) олардың неге жылап жатқанын сұрғанда, ол: «Мұсылмандандар сені жоғалтудан қорқып жылап жатыр» деп түсіндірді. Сол кезде Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әли мен әл-Фадл ибн Аббасты (Оларға Алла разы болсын) шақырып, соларға сүйеніп мешітке барып екі рәкағат таңғы намазды жамағатпен оқыды. Намаздан соң сап-сап болып отырған мұсылмандарға қарап Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер Алланың қорғауындасыңдар. Сендерді Алла Тағаладан қорқуға және Оған бағынуға шақырамын. Расында мен дүниені тастап бара жатырмын. Бұл менің Ақыреттегі бірінші, ал дүниедегі ең ақырғы күнім» деді де орнынан тұрып үйіне қарай жүрді. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйіне қайта оралып төсегіне жатты.

Әзрейіл періштенің Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак рухын алуға келуі.

Алла Тағала адамдардың жанын алуға міндеттелген Әзрейіл періштеге: «Сүйікті құлыма ең әдемі кейіпте барып, оның рухын жұмсақ күйде ал. Егер ол саған үйіне кіруге рұқсат берсе, кір. Рұқсат бермесе, кірме» деген бұйрық берді. Сосын өлім періштесі дала арабы кейпінде Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінің табалдырығына келіп: «Ассаламу алейкум! Ей, пайғамбарлық үйі мен елшілік ордасының тұрғындары! Кіруге рұқсат па?» деп сұрады. Сыртта келіп тұрғанның кім екенін білмеген Фатима (Оған Алла разы болсын): «Ей, Алланың құлы! Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қазір ауырып, өзімен болып жатыр» деп жауап берді. Сосын Әзрейіл періште алғашқы айтқан сөзін тағы да қайталаған кезде оның дауысын Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) естіп қызы Фатимадан есік алдындағы кісінің кім екенін сұрады. Фатима (Оған Алла разы болсын): «Үйге бір дала арабы келіп ішке кіруге рұқсат сұрап тұр. Мен сіздің қазір ауырып жатқаныңызды, қолыңыз бос емес екенін айттым. Ол тағы да үйге кіруге рұқсат сұрады, мен жауабымды қайталадым» - дейді. Сол кезде Фатима (Оған Алла разы болсын) есік алдында тұрған дала арабына көзі түсіп кетті. Фатима (Оған Алла разы болсын) өлім періштесінің айбарлы кейпін көргенде терісі тітіркеніп, жүрегі қорқып, түсі бозарып кетті. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей Фатима, сен бұл адамның кім екенін білесің бе?» - деп сұрады. Фатима (Оған Алла разы болсын) оны танымайтынын білдіргенде Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Фатима! Бұл – ләззаттарды кетіруші, шахуаттарды кесуші, адамдарды бөлуші, үйлерді бұзып, қабірлерді тұрғызушы» - дей бергенде, Фатима (Оған Алла разы болсын) есік алдында тұрғанның адам кейпінде келіп тұрған өлім періштесі екенін ұғып: «Пайғамбарлардың соңы, тақуалардың тақуасы, тазалардың тазасы өлетін және аспаннан уәхи келуі тоқтайтын бұл қандай қасіретті күн еді. Осы күннен кейін ешқашан сенің сөзіңді де сәлеміңді ести алмайтын болдым ғой, Әкешім! Уа Аллаһым, қандай үлкен қайғы!»,- деп өкіріп жылап жіберді. Сол кезде Фатиманы (Оған Алла разы болсын) жұбату мақсатында Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жылама, қызым. Расында отбасымнан менімен ең әуелі жолығатын сен боласың (осы күннен соң Фатима анамыз алты айдан кейін көз жұмды)»,- дейді.

Сосын Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) табалдырықта тұрған Әзрейілге кіруге рұқсат беріп, оған: «Ей өлім періштесі, сен менің халімді білуге келдің бе? Әлде жанымды алуға ма?» - деді. Әзрейіл періште: «Сенің халіңді білуге, әрі егер рұқсат етсең рухыңды алуға келдім. Егер рұқсат бермесеңіз, келген жеріме қайтамын» - деді жылы лебізбен. Оған Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)|: «Жебрейіл періште қайда?» - деп сұрады. Ол: «Мен оны дүние аспанынан көрген болатынмын» деді. Осы әңгімеден соң көп өтпей-ақ бас періште Жебрейіл періште келіп Алла елшісіне (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлем беріп, бас жағына отырды. Оған Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен менің күнімнің жақындағанын білмейсің бе?» деп сұрады. Жебрейіл «Білемін» деді. «Алла Тағала маған қандай құрметтер дайындап қойды? Мені сүйіншілесі!» деп Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бас жағында отырған бас періштеден сұрады. Ол: «О Алланың елшісі! Расында жеті қабат аспанның барлық есіктері ашылып, періштелер сап түзеп сенің мүбарак рухыңды қарсы алуға дайын тұр. Сондай-ақ. Сенің құрметіңе барлық жұмақтар есіктері ашылып, хор қыздары әшекейленіп сенің рухыңды күтуде» - деп, Алла елшісін (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаны тәнінен шыққаннан кейін нендей жақсылақтар күтіп тұрғанынан хабардар етті. Бұны естіген Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға шүкір!» - деп, өз қуанышын білдірді де, Жебрейіл періштеден қайтадан: «Я Жебрейіл! Үмметімнің жағдайы Қияметте қандай болмақ?» деп сұрады. «Қуана бер, Я, Мұхаммед! Қиямет Қайым болғанда жұмаққа сен бірінші кірмей басқа Пайғамбарларға кіруге тыйым салынады. Сондай-ақ сенің үмметің жәннатқа кірмей, басқа Пайғамбарлардың үмметтері жұмаққа әсте кіре алмас»  - дегенде, Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзінде күлкі ойнап, қуаныш білініп «Қазір ғана жүрегім тынышталып, уайымым басылды!» деді. Сосын бағанадан бері өзінің әмірін күтіп отырған Әзрейілге қарап: «Ей, өлім періштесі! Маған жақында! (яғни: рухымды ала бер, рұқсат дегені)» деді. Осыдан кейін Әзрейіл періште өз жұмысына кірісіп кетті. Рухы кіндік тұсына жеткенде Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Я, Жебрейіл! Жан шығудың ең ауыр сәті қай кез?» деп сұрады. Бірақ, Жебірейіл Пайғамбардан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бетін бұрып ары қарап отырып алды. Сонда Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Жебрейіл! Менің жүзіме қарағың келмей ме?» - деп сұрады. Бұған Жебрейіл: «Ей, Алланың сүйіктісі! Сен өлім төсегінде қиналып жатқанда, сенің жүзіңе қарауға кімнің жүрегі дауалайды?» деп өзінің жаны шығып жатқан досына қарауға дәті бармайтынын жеткізді».

«Үмметім! Үмметім!»

Әнас ибн Мәлик (Оған Алла разы болсын) айтады: «Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаны көкірек тұсына жеткенде Ол: «Сендерді намаз оқуға шақырамын және өздеріңе бағыныштыларға  (отбасы, мал-мүлік, құл т.б.) ие болыңдар әрі оларға мейірім етіңдер» - деді де ары қарай сөйлеуге шамасы келмей қалды».

Әли (Оған Алла разы болсын) айтады: «Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңғы демі қалып, жаны шығайың деп жатқанында ернін екі рет қимылдатқанын байқап, құлағымды жақындатқанда оның бәсең дауыспен «үмметім! үмметім!» деп жатқанын естідім. Бұл соңғы Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы өмірдегі соңғы сәттері еді. Осыдан кейін Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак рухы Раббысының құзырына аттанды. Бұл Рабиул әл-Аууал айының дүйсенбі күні еді».

Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көз жұмғаннан кейін оны өзі қалағандай Әли ибн Әби Талиб жуындырып, ал әл-Фадл ибн Аббас пен Усама ибн Зәид екеуі сұй құйысып, көмектесті. Сосын Жебрейіл періштенің жұмақтан әкелген ақ матасына орап Айша анамыздың үйіне сәрсенбінің түн ортасында (кейбір деректерде сейсенбі түнінде) көмілді.

Бағзы риуаяттарда Айша анамыздың Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жерге көмілгеннен кейін қабір басында тұрып: «Ол жібектен киім кимеді, әрі басы жұмсақ жастыққа еш тимеді. Арпа нанына қарны бір тоймай, о дүниеге де аттанды. Кереуеттің орнына, қатты сабанды таңдады. Ақырет оты қатты ғой, соны ойлаған Пайғамбар көп түндерді көзін ілмей өткізді» - деп айтқаны жеткізіледі.   

 Аударған: Бурхан АБДУЛХӘКІМ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру