Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Оңғар Өмірбек: Мұса (аләйһис сәләм) пайғамбар тек мұсылмандар үшін қадірлі ме?

26.08.2014 13595 0 пікір

Құрандағы қисса 
Оңғар Өмірбек

МҰСА (АЛӘЙҺИС СӘЛӘМ) ПАЙҒАМБАР
тек мұсылмандар үшін қадірлі ме?

 

Құдыстан шығысқа, одан түстікке қарай тартылған жазық даладағы оқтай түзу жолмен жүйіткіп келе жатқан көлігіміз батысқа кілт бұрылды. Сағымды даланы өрлеген шағын жол бізді айналасы қоршалған кішігірімдеу ғимаратқа алып келді. Жолбасшымыз Амангелді Еренғайыпұлы:
– Бұл Мұса (а.с.) пайғамбардың кешені, - деді.
Аралап көрдік. Қарапайым, жұпыны ғана бір қабатты ғимарат. Оның ең үлкен бөлмесі намазхана екен. Имамы палестиналық араб Құран оқып, оны Мұса (а.с.) пайғамбардың рухына бағыштады. Садақамызды бердік. Өйткені, бұл кешен мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Иаһуди мемлекетінде олардың ұстанатын дінінің Тәурат түскен пайғамбары Мұсаның (а.с.) сүйегі жатқан бұл орынға мұсылмандардың ғана келіп, зиярат ететіні әрі хал-қадірінше қамқорлық жасап, ұстайтыны таңқалдырды. Біз мұсылмандар Алланы бір, пайғамбарларды хақ деп білеміз, түскен кітаптарға иланамыз. Соның бірі қасиетті Құранда: «Ей, Мұса! Шынында, сені адамдардан елшілікке және сөйлесуге таңдап алдым» («Ағраф» сүресі, 144-аят), - деп, «Алла Мұсамен тілдескені» («Ниса» сүресі, 164-аят), сипатталған ұлық пайғамбар өз кезінде Алладан қабірінің Құдысқа тас лақтырым жерде болуын сұрапты. Тілегі қабыл болған.

Әбу Һұрайра (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Егер сол жерде (Бәйтул-Мақдисте) болсам, сендерге жол жиегіндегі қызыл құм арасынан (Мұсаның) қабірін көрсетер едім», - дегенін жеткізген (Бұхари). Мұсылмандар үшін Мұса (а.с.) пайғамбардың алар орны ерекше. Себебі, сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Миғражға көтеріліп, Алламен тілдескенде намаздың парыз етілгені белгілі. Сонда ең алғаш 50 мезгіл намаз парыз етілгенде, Мұса (а.с.) Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға: «Бұл сенің үмметің үшін ауырлық етеді. Аллаға қайта барып, 50 уақыттың қысқартылуын сұра» деп кеңес береді. Бірнеше рет Алла Тағалаға барып оны 5 мезгілге кеміткені белгілі.
Ал, бес ұлы пайғамбардың бірі Мұса (а.с.) туралы қызықты да тағылымы мол қисса қасиетті Құранның жетпістен астам аятында баяндалғанын бәріміз бірдей біле береміз бе?! Алла Тағала:
«Бұл ашық баян етуші Кітаптың (Құранның) аяттары. (Ей, Мұхаммед! (с.ғ.с.)) саған Мұса мен Перғауынның қиссасын иланатын ел үшін ақиқатпен оқимыз», - деген («Қасас» сүресі, 2-3-аяттар).
Мұса (а.с.) – Алла Тағала тілдескен аса қадірлі де ұлық пайғамбар. Ұлы Жаратушы:
«(Ей, Мұхаммед! (с.ғ.с.) Кітаптағы (Құрандағы) Мұсаны есіңе ал. Рас ол ықыласты әрі (біз тарапынан) жіберілген пайғамбар еді», - дейді («Мәриям» сүресі, 51-аят).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жеті қат көкке көтерілгені туралы хадисінде Мұсаны (а.с.): «Бидай өңді, денелі», - деп сипаттаған (Бұхари, Мүсілім және басқалар жеткізген).
Мұса (а.с.) аса қуатты болған. Кейбір деректерде онда он кісінің күші болғандығы да айтылады. Оның тағы бір ерекшелігі – тілі тұтықпа еді. Перғауын: «Иә, мен осы өзі қор, сөзін түсіндіре алмайтыннан (Мұсадан (а.с.)жақсы емеспін бе?» - деген («Зухруф» сүресі, 52-аят). Сөйлесе тілі тұтығып қалатын. Әйтсе де бұл кемшілігі оның ұлық пайғамбар қатарына қосылуына бөгет бола алмағаны хақ. Ал өзі болса бұған қатысты:
«Бауырым Һарунның  тілі менен жатығырақ (түсініктірек)», - деген («Қасас» сүресі, 34-аят).
Мұса (а.с.) емін-еркін көсіліп сөйлей алмауы себепті Алладан інісі Һарунды елшілік міндетін атқаруы үшін өзіне көмекші етуін сұрағаны да сондықтан шығар.
Мұса (а.с.) жәйлі Құрандағы қисса екі кезеңді қамтиды. Біріншісі, Мұсаның (а.с.) Перғауынмен кездесуі, ал екіншісі Перғауын суға кеткен соң өрбіген оқиғалар.

Мысырдағы исраилдіктер 

Исраил ұрпақтары Жүсіптің (а.с.) кезінде Палестинадан Мысырға көшіп барып, сонда қоныстанып қалады. Тарихшылар, бұлардан Мысырға нәбәрі сексен алты адам келгендігін, осында өніп-өсіп көбейіп, бұл елден Мұса (а.с.) бастап қашып шыққанда жалпы саны алты жүз мыңға жетті, деп жазады.
Сол заманда Мысырды перғауындар билеген-ді. Ал, Жүсіптің (а.с.) кезінде Раян ибн Уәлид перғауын еді. Ол Жүсіптің (а.с.) діні басқа болса да ерекше даналығы үшін оны ел басқару ісіне тартқан еді. Жүсіп (а.с.) осы асқан даналығымен бүкіл елді ашаршылық-жұттан құтқарады. Сол үшін Жүсіптің (а.с.) кезінде исраилдіктер молшылықта ғұмыр кешіп, бұл елде зор құрметке бөленеді. Раян өліп, билік тізгінін ұстаған Қабус ибн Мусғаб нағыз Құдай атқан залым болып шығады. Ол Жүсіп (а.с.) өлген соң исраилдіктерге талай-талай зияндық жасайды. Перғауын Қабустың інісі Уәлид ибн Мусғабтың әйелі Әсия бинт Музахим иманды да ізгі жан еді. Әсия күйеуін кәпірлігі мен зұлымдықтары үшін ұнатпайтын. Тіпті күйеуі өзін құдай деп:
«Сендер үшін менен басқа тәңір барлығын білмеймін» («Қасас» сүресі, 38-аят), «Мен сендердің ең ұлы раббыларыңмын», - деген («Назиғат» сүресі, 24-аят).
Ол Алламен тәңірлік пен раббылықта таласқысы да келеді. Алла Тағала Құранда:
«Перғауын ол жерде зорлықшыл болып, елін топтарға бөлді. Олардың бір тобын жаныштап, ұлдарын бауыздап, әйелдерін тірі қоятын еді. Өйткені, ол бұзақылардан болатын», - дейді («Қасас» сүресі, 4-аят).
Ол адамдарды таптарға бөліп, исраил ұрпақтарын ең төменгі тапқа жатқызады. Перғауын бұларды барынша қорлап, құл ретінде ең ауыр азапты жұмыстарға салады. Ал әйелдерін күң етеді. Ал, үстемдік Мысырдың үстем таптарына тиесілі болды. Ал, исраилдіктер бұл азаптан арылар азаттықты аңсады. Олар перғауын сарайынан бір бала шығып, құтқарады деп үміттенді. Бұл үміт бұлардың біріне аян арқылы берілген деп те айтылады. Анығын бір Алла ғана біледі.
Тағы бір деректе: перғауын бірде түс көреді. Түсінде Құдыстан шыққан бір от Мысырға қарай жылжып, ондағы исраилдіктердің жұртынан басқа жердің бәріне жайылып өртеп жібереді. Перғауын бұл түсін білетіндерге жорытқанда олар: «Исраил ұрпақтарынан түбіңе жететін бір бала туылады», - дейді. Мұнан кейін перғауын қорыққанынан, исраилдіктерге қатысты бұрын соңды адам баласы естімеген аса қатал жарлық шығарады. Перғауын олардан туылатын ер балаларды түгел өлтіруді бұйырады. Осылайша перғауынның пәрмені бойынша жүкті әйелдер жіті бақыланады. Әйел қыз туса, нәрестесі тірі қалып, ал ер бала дүниеге келісімен, өлтіріледі. Аналарына да қысым жасалып әрбір босанған әйелге бұл туралы іле-шала хабарлауын міндеттеді, хабар бермесе оның көзін құртатын. Сөйтіп ана әрбір туылған баласының хабарын мысырлықтарға жеткізіп отырды. Бірақ, кейін перғауын құлдардың азайып кетуіне байланысты бір жылы туылғандарды өлтіріп, келесі жылы туылғандарды тірі қалдыруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, мерзімді жылы туылған ер балалар өлтіріледі. Һарун сәбилер өлтірілмейтін жылы дүниеге келсе, ал Мұса (а.с.) ер балалар өлтірілетін жылы туылады.

Мұсаның (а.с.) дүниеге келуі

Мұсаның (а.с.) анасы жүктілігін босанғанша жасырып, ұл туады. Мұны жақын туыстары ғана біледі. Жүкті әйел Алла Тағаладан: «Мұсаның анасына: «Оны еміз де, оған бір нәрсе болады деп қорықсаң, дарияға ағызып жібер. Қорықпа да уайымдама! Расында, оны саған қайтарып, пайғамбарлардан етеміз», - деп көкейіне салдық», - деген уахи келгенге дейін жасырып жүрді («Қасас» сүресі, 7-аят).
Мұнысы пайғамбарлық уахи емес, көкейге салу болатын.
Осылай жүргенде исраилдіктер қатаң бақылауға алынып, тінту жүргізіле бастайды. Бұл Мұсаның (а.с.) анасында үрей туғызып, ол ұлын сандыққа салып, Ніл өзеніне ағызып жібереді де, қызына соңынан қалмауды тапсырады.
«Анасы (Мұсаның) әпкесіне: «Оның соңына түс», - деді. Ол оны (перғауынның адамдары) сезбеген жақтан бақылады» («Қасас» сүресі, 11-аят).
Перғауынның сарайы өзен жағасында еді. Сандық перғауын сарайына ағып келеді. «Сонда перғауынның үйі өздеріне дұшпан әрі қайғы әкелуі үшін оны ұстап алды. Расында, перғауын мен Һаман және әскерлері қателесті» («Қасас» сүресі, 8-аят).
Оны перғауынның әйелі Әсияның кәнизактары ұстап алады. Әсия аса балажан әрі баласы да жоқ еді. Ол оның исраилдік екенін білсе де перғауыннан жасырып, күйеуіне: «Мені мен сенің көзқарашығымыз. Оны өлтірмеңдер. Бәлкім, бізге пайдасы тиер немесе бала етіп алармыз», - деді («Қасас» сүресі, 9-аят). Ал, перғауын: «Саған болса болар, (тек) маған емес», - деді. Өйткені, ол да сәбидің исраилдік екенін іштей сезеді. Әйтпесе өз перзентін кім дарияға тастайды?
Үйінде анасы алаңдаулы еді. Ол тек Мұсаны ойлаумен болды. Бұл туралы Алла Тағала: «Мұсаның анасының жүрегі боп-бос боп қалды. Егер жүрегін иман келтіргендерден болуға бекітпесек, оны білдіріп ала жаздады», - дейді («Қасас» сүресі, 10-аят).
Мұса (а.с.) перғауын сарайында қарны ашып шырқырап жылаумен болады. Оны емізуге қаншама әйелдер әкелгенмен ешбірін де ембейді.
Содан соң базардан сүт ана іздейді. Алла Тағала: «Оны емізушілерден тыйдық», - дейді («Қасас» сүресі, 12-аят).
Сонда Мұсаның әпкесі сарайға барып: «Сендерге оны бағатын, оған қамқор болатын бір отбасын көрсетейін бе?» - деді» («Қасас» сүресі, 12-аят). Оларға бір кедей үйде иісі жағымды бір әйел барын, одан барлық балалардың еметіндігін айтады. Осылайша Мұса өз анасын қайта табады. Әсия әйелге кісі жіберіп, перғауын сарайында тұруға ұсыныс жасайды. Бірақ Мұсаның анасы отбасы, бала-шағасы барын алға тартып ұсыныстан бас тартады. Содан соң амалсыз Мұсаны ақыға бағуы үшін оған табыстайды. Әсия Мұсаның анасына зор құрмет көрсетсе, перғауынның адамдары да оған тарту-таралғылар жасайды. Алла Тағала: «Сөйтіп, оны анасына көзайым болып, уайымдамауы, сондай-ақ, Алланың уәдесінің хақ екендігін білуі үшін қайтардық», - деген («Қасас» сүресі, 13-аят).

Мұса (а.с.) перғауын сарайында

Мұса перғауынның сарайында білімді әрі ақылды болып өседі. Алла Тағала:
«Ержетіп, (ересектермен) теңелген кезде оған хикмет, білім бердік. Игілік істеушілерді осылай сыйға бөлейміз», - деген («Қасас» сүресі, 14-аят).
Ол исраилдіктердің дініндегі мүмін еді. Мұса өзінің исраилдік екенін білді әрі мұнан өзгелер де хабардар болатын. Ол сарайда тұрып, перғауынның бір өкілі ретінде үкім жүргізді және барынша әділ болды.
Бірде түн ішінде жол бойында төбелесіп жатқан екі кісіні көреді. Бұлардың бірі исраилдік, ал екіншісі жергілікті мысырлық еді. Исраилдік мұнан көмектесуін сұрайды. Мысырлықтың әлсіз исраилдікті көз алдында ұрып жатқанына Мұсаның ашуы келеді. Мұса исраилдікті қорғап мысырлыққа жұдырық жұмсайды. Алла Тағала:
«Ол ел қаперсіз уақытта қалаға кіреді де, онда төбелесіп жатқан екі кісіні көреді. Бірі өз қауымынан, ал бірі дұшпан жақтан еді. Сонда өз қауымынан болғаны дұшпанына қарсы (шығуға) одан көмек сұрайды. Содан Мұса жұдырықпен (бір) соғып, оны өлтіріп қояды», - деген («Қасас» сүресі, 15-аят).
Мұса аңырып қалады. Өйткені оны өлтіру ниеті болмаған еді. Сонда ол: «Бұл шайтанның ісі. Өйткені ол ашық адастырушы дұшпан», - деді» («Қасас» сүресі, 15-аят). Ол жазатайым істеген күнәсі үшін тәубе етіп, Алладан кешірім тілеп:
«Раббым! Расында өзіме зұлымдык; істедім. Мені кешір», - деді. Сонда (Алла) оны кешірді. Өйткені Ол өте Кешірімшіл, аса Мейірімді» («Қасас» сүресі, 16-аят). Мұса (а.с.) мұнан кейін мұндай іс-әрекет жасамауға Аллаға уәде беріп: «Раббым! Маған берген нығметіңе серт! Енді күнәһарларға жәрдем етпеймін», - деді» («Қасас» сүресі, 17-аят). Ол түйсігі арқылы өз тәубесін Алланың қабыл еткенін сезінді. Әйтсе де, бұл қылмысы үшін жазаға тартыламын-ау деп қорқып, «қалада қорқып, алаңдаумен таң атырды» («Қасас» сүресі, 18-аят).
Ертеңгісін тағы да сондай көріністі көрді. Кешегі исраилдік тағы бір мысырлықпен төбелесіп жатты. Алла Тағала: «Қараса кеше өзінен жәрдем сұраған кісі тағы айқайлап жатыр. Мұса оған: «Сен анық адасқан екенсің», - деді. Сөйтіп екеуінің де дұшпаны (мысырлықты) ұстағысы келгенде, (исраилдік): «Ей, Мұса! Кеше бір адамды өлтіргеніңдей бүгін мені өлтіресің бе? Сен бұл жерде игілерден болмай бір зорлықшыл болуды қалайсың ба?» - деді» («Қасас» сүресі, 19-аят).
Өз қандасы Мұсаның айтқанын дұрыс түсінбегендіктен оның кешегі қылмысы әшкере болады. Мұсаның (а.с.) амалсыздан жасырынуына тура келгенде оған перғауынның әулетінен өзін жақсы көретін «бір адам қала шетінен жүгіріп келіп: «Ей, Мұса! Басшылар сені өлтіруге кеңесіп жатыр. Дереу (елден) шығып кет! Шындығында, мен саған жақсылық ойлаушыларданмын», - деді» («Қасас» сүресі, 20-аят).
Перғауын әу бастан Мұсаны жақтырмайтын, тек (әйелі) Әсияның өтініші үшін тірі қалдырған болатын. Сол елдің көсемдері де мұның исраилдік екенін біліп жек көретіндіктен, Мұсадан құтылудың орайлы сәті келді.
«(Мұса) қорқа бақылап қаладан шықты да: «Раббым! Мені залым елден құтқар!» - деп (дұға етті)» («Қасас» сүресі, 21-аят).

Мұсаның (а.с.) Мысырға оралуы

Он жыл шетте жүрген Мұса Мысырға жасырын барып анасы мен туған жерін көруге дайындалады. Өзімен бірге ерткен әйелі және екі кішкентай баласымен жолда адасып, түнгі салқында жаурайды. Кенет алыстағы тау беткейінен от көріп, жылыну үшін тамызық алуға сол отқа бару ниетімен Мұса (а.с.): «Тұра тұрыңдар. Бір от көрдім. Мүмкін сендерге бір шоқ әкелермін немесе сол жақтан бір жол сілтеуші табармын», - деп бала-шағасын сол жерге қалдырады («Таһа» сүресі, 10-аят). Осы жағдай: «Мұса (а.с.) мерзімді аяқтап, әйелімен жолға шыққанда, Тұр жақтан бір от көрді де, жұбайына: «Тұра тұрыңдар. Мен бір от көрдім. Мүмкін бір хабар немесе оттан шоқ әкелермін. Жылынатын шығарсыңдар», - деді», - деп «Қасас» сүресінің 29-аятында да баяндалған.
Отқа жақындаған Мұса керемет көрініске куә болады. Тікенекті зәулім жасыл ағаштың ортасынан шығып тұрған отқа жақындағанда оған тәңірлік үн естілді. Расында да бұл Тәңір мен оның пендесінің таңғажайып бір тілдесуі еді. Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Миғраждағы Алла Тағаламен тілдесуіне ұқсайды. Құранда:
«Ол (отқа) барған сәтте: «Ей, Мұса! Рас Мен Раббыңмын. Кебісіңді шеш. Сен қасиетті Туа ойпатындасың. Сені таңдадым. Енді уахи етілгенді тыңда. Рас, Мен Алламын. Менен басқа тәңір жоқ. Сондықтан маған құлшылық ет. Сондай-ақ, Мені еске алу үшін намазды толық орында. Әркім істегенінің қарымтасын алу үшін Мен мезгілін құпия еткен Қиямет анық келеді. Ендеше, сені Қияметке сенбей, көңілдері тартқанына ілескендер (Қияметке сенуден) қайтармасын. Онда құрисың», - деп дауысталды», - делінген («Таһа» сүресі, 11-16-аяттар).
Дәл осы көрініс Құранда тағы да былайша баяндалған: «Ол жерге келген сәтте, қасиетті жердегі ойпаттың оң жағындағы ағаштың жанынан: «Ей, Мұса! Рас, Мен әлемдердің Раббысы Алламын», - деп дауысталды» («Қасас» сүресі, 30-аят).
Алла Тағала осылай пайғамбармен тікелей тілдесіп одан: «Ей, Мұса! Оң қолыңдағы не нәрсе?» - деп сұрады («Таһа» сүресі, 17-аят). Әлбетте, Алла Тағала оның қолындағының не екенін жақсы біледі. Мұса (а.с.): «Ол асатаяғым. Оған таянамын. Онымен қойларыма жапырақ қағып беремін әрі онда басқа да қажеттіліктерім бар», - деп жауап берді («Таһа» сүресі, 18-аят). Алла Тағала: «Ей, Мұса! Оны таста», - деді. Ол (таяқты) тастады. Сонда ол жылан болып ирелеңдеді» («Таһа» сүресі, 19-20-аяттар).
Бұл жәйлі Құранның тағы бір аятында: «Таяғыңды таста!» Сонда ирелеңдеген жылан көріп, алды-артына қарамастан тұра қашты. «Ей, Мұса! Бері кел, қорықпа! Шынында, сен амандықта болғандардансың- (дедік)», - деп баяндалады («Қасас» сүресі, 31-аят).
Аса таяғы үлкен алып жыланға айналып, ирелеңдей бастағанда Мұсаның зәре-құты қалмаған еді.
Сол кезде Алла Тағала: «Оны ұста, қорықпа! Оны бастапқы (асатаяқ) қалпына келтіреміз», - деді («Таһа» сүресі, 21-аят).
Алла Тағала Мұсаға сол жыланды қолымен ұстауды бұйырады. Мұса амалсыз оның құйрығынан ұстағаны сол екен жылан әп-сәтте асатаяққа айналып, қайта қалпына келеді.
Алла мен пайғамбардың тілдесуі Жаратушы Иенің: «Қолыңды қойныңа тық! Аппақ кемшіліксіз басқа бір мұғжиза болып шықсын», - деп бұйыруымен жалғасын тапты («Таһа» сүресі, 22-аят).
Тағы бір аятта бұл туралы: «Қолыңды қойныңа тық. Зарарсыз аппақ болып шығады. Қорқыныштан салбыраған қолыңды жи! Бұл екеуі перғауын мен оның адамдарына Раббыңның екі бірдей дәлелі. Өйткені, олар бұзақы ел», - делінген («Қасас» сүресі, 32-аят).
Алла Тағаланың бұйыруымен Мұса қолын қойнына тығып шығарғанда, қолы көз қарықтырар аппақ нұр шашты. Мұнан кейін Алла Тағала:
«(Бұл) саған ұлы мұғжизаларымызды көрсету үшін (еді). Енді перғауынға бар. Өйткені, ол шектен шыққан», - деп міндеттеді («Таһа» сүресі, 23-24). Мұса Алла Тағаланың бұйрығына бойұсынып:
«Раббым! Көңілімді кеңейткейсің. Ісімді оңайластырғайсың! Тілімнің тұтықпасын шеше көр. Олар сөзімді түсінсін!» - деп дұға етті («Таһа» сүресі, 25-28-аят).
Расында, Мұса (а.с.) сөйлесе тұтығатын. Оның тілегі қабыл болып, адамдарға уағыз айтқанда тілінің мүкісі жазылып, жәй уақытта тұтығып қайта қалпына түсетін.
Мұса (а.с.) Алла Тағалаға: «Маған өз отбасымнан бауырым Һарунды көмекші ет. Ол арқылы (күш-қуатымды) нығайт! Сені көп дәріптеп, Өзіңді көп еске алуымыз үшін оны (пайғамбарлық) ісіме серік ет. Күдіксіз Сен бізді Көрушісің», - деп өтінді («Таһа» сүресі, 29-35-аяттар).
Тағы бір аятта Мұсаның Аллаға өтініші: «Раббым! Расында олардан кісі өлтірдім. Сондықтан олар мені өлтіре ме деп қорқамын. Туысым Һарунның тілі менен жатығырақ. Сондықтан оны көмекші етіп бірге жібер, ол мені растасын. Өйткені олардың (мені) жалғанға шығаруынан қорқамын», - деп баяндалады («Қасас» сүресі, 33-34-аяттар).
Мұсаның (а.с.) бұл өтініші де қабылданып, Алла Тағала: «Ей, Мұса! Сенің тілегенің берілді», - деді» («Таһа» сүресі, 36-аят). Осылайша, бауыры Һарун да пайғамбар болды!
Алла Тағала Мұсаға (а.с.) өзі берген нығметтерін былай деп есіне салады: «Негізінде, саған басқа да бір рет игілік еткен едік. Сол уақытта анаңның көкейіне: «Оны сандыққа салып, дарияға тастап жібер. Дария жағаға шығарып, оны өзіне де, Маған да дұшпан біреу тауып алсын» дегенді салдық. Сөйтіп саған көз алдымызда бағылуың үшін Өз тарапымнан махаббат салдым. Сол уақытта әпкең барып: «Сендерге оны бағатын біреуді көрсетейін бе?» - деді. Сонда сені, көзайым болып қайғырмауы үшін анаңа қайтардық. Сондай-ақ кісі өлтірдің. Сонда сені оның қайғысынан құтқарып, сынақтармен сынадық. Сондай-ақ (қаншама) жылдар бойы Мәдиян елінде тұрдың. Содан белгілі мерзімде қайтып келдің, ей, Мұса! Сені Өзіме арнадым», - деді («Таһа» сүресі, 37-41-аяттар).

Мұсаның (а.с.) перғауынға дағуаты

Мұса (а.с.) бала-шағасымен Мысырға келіп, анасымен сағыныса көріседі де туысы Һарунды ертіп алады. Алла Тағала:
«Өзің мен туысың екеуің мұғжизаларымды апарыңдар. Мені еске алуда селқостық танытпаңдар. Екеуің перғауынға барыңдар. Өйткені, ол шектен шыққан. Оған сыпайы сөйлеңдер, мүмкін насихатың (оған) ой салар немесе қорқар», - деді («Таһа» сүресі, 42-44-аят).
Ағайынды екеуі перғауын сарайына келіп есік қаққанмен күзетшілер ішке кіргізбейді. Мұса күзетшілерге:
«Мен елшімін», - дейді кіргізер деген үмітпен. Перғауынға әр елден елшілер келетін. Күзетшілер Мұсаны сондай елшінің бірі деп перғауынға кіргізеді. Мұса перғауынға: «Біз бүкіл әлемдер Раббысының елшісіміз», - деді («Шұғара» сүресі, 16-аят). Мұсаны (а.с.) перғауын шырамытқандай болады. Мұса (а.с.) өз талабын жеткізеді: «Исраил ұрпақтарын бізбен бірге жібер!» - деді («Шұғара» сүресі, 17-аят). Сонда ғана перғауын Мұсаны (а.с.) жазбай танып: «Сен Мұса емессің бе?» - дейді. Мұса (а.с.): «Иә», - деп жауап қатады. Перғауын ашуланып: «Сені бала етіп асырамадық па? Қаншама жыл қолымызда болдың. (Сөйтіп жүріп) істеріңді істеп кеттің. Сен (маған) қарсы шығушысың», - деп кінәлады («Шұғара» сүресі, 18-19-аят). Мұса (а.с.): «Мен ол істі істеген кезде қателескен едім. Сондықтан (сендерден) қорқып қаштым. Раббым маған даналық беріп, пайғамбар етті. Сенің маған міндетсінгенің Исраил ұрпақтарын құл етіп алғаның (ба?)», - деді («Шұғара» сүресі, 20-22-аят). Перғауын тәкаппарланып: «Әлемдердің Раббы деген не тәйірі?» - деді («Шұғара» сүресі, 23-аят). Мұса (а.с.): «Егер анық сенетін болсаңдар, Ол – жер-көктердің әрі оның арасындағылардың Раббысы», - деп жауап берді («Шұғара» сүресі, 24-аят). «Перғауын жанындағыларға: «Естімей отырмысыңдар?» - деді («Шұғара» сүресі, 25-аят). Мұса (а.с.) сөзін (одан әрі) жалғап: «Ол сендердің де Раббыларың, бұрынғы ата-бабаларыңның да Раббысы», - деді («Шұғара» сүресі, 26-аят).
Перғауын: «Нақ осы сендерге жіберілген пайғамбар (мүлде) жынды», - дегенде («Шұғара» сүресі, 27-аят) Мұса (а.с.): «Егер түсінетін болсаңдар, Ол шығыс пен батыстың және оның арасындағылардың Раббысы», - деп тіл қатты («Шұғара» сүресі, 28-аят).
Өзін тәңір санайтын перғауын таным-түйсігіне кереғар Мұсаның (а.с.) бұл дағуатынан абыройына нұқсан келер деп қауіптеніп:
«Егер менен басқаны тәңір етіп алсаң, сөзсіз сені түрмеге саламын», - деді («Шұғара» сүресі, 29-аят). Перғауынның бұл қоқан-лоққысына Мұса (а.с.):
«Егер саған ашық дәлел келтірсем де ме?» - деп (одан) сұрады («Шұғара» сүресі, 30-аят). Перғауын қасарыса: «Ал, шындықты айтқан болсаң, дәлеліңді әкел», - деді («Шұғара» сүресі, 31-аят).
Мәселе мұғжиза көрсетуге келіп тірелген еді. Олар:
«Кереметіңді көрсет!» - дегенде ол таяғын тастады, сонда ол (көпе-көрнеу) жыланға айналды және қолын шығарды. Ол қараушыларға аппақ (нұр болып) көрінді» («Шұғара» сүресі, 32-33-аяттар). Перғауын мен оның адамдары керемет мұғжизаны көріп, Мұсамен (а.с.) сайысуға қырық сиқыршысын жинады. «Сиқыршылар келіп перғауынға: «Егер жеңсек, бізге сыйлық бар емес пе?» - деді» («Шұғара» сүресі, 41-аят). Перғауын оларға: «Иә, рас. Сендер онда (маған) жақындардан боласыңдар», - деді («Шұғара» сүресі, 42-аят). «...олардың (сиқыршылардың) тастаған жіптері мен таяқтары, сиқырларынан оған (Мұсаға) ирелеңдеген жылан боп көрінді» («Таһа» сүресі, 66-аят).
Мұса (а.с.) асатаяғын жерге тастасымен үлкен жыланға айналып, әлгі сиқыршылардың ирелеңдегендерін жұтады. «Бүкіл сиқыршылар сәждеге жығылып: «Мұса мен Һарунның Раббысына иман келтірдік», - дейді («Таһа» сүресі, 70-аят).
Ибн Аббас (р.а.): «Перғауынның қауымынан сиқыршылармен бірге үш-ақ адам иман келтірді. Олар: перғауынның әйелі Әсия, жүгіріп келген кісі және перғауынның отбасынан иманын жасырын ұстаған бір кісі», - деген.
Өзінің рұқсатынсыз сиқыршылардың иман келтіргеніне перғауын ашуланып оларды жазалауды бұйырады. Ал, Мұса (а.с.) қауымын бастап Мысырдан қашады. Алланың мұғжизасымен Қызыл теңіз қақ жарылып қашқындар аман-сау одан өтісімен бұларды өкшелей қуып теңізге кірген перғауын мен оның қалың қолы суға кетеді.
Оқиғаның одан әрі қалай өрбігені қасиетті Құранның қиссасында баяндалған. Оны зерек оқырман еншісіне қалдырайық. Мұсаның (а.с.) көзге қораш аса жұпыны кешенінен өз дінінің кітап түскен пайғамбарына иаһуди елінің енжар қарауы құрметсіздік пе, әлде Оның (а.с.) сүйегі осында жатқанына сенбей ме, әлде басқа да себептері бар ма деген дүдамал ойлар көңілімізді құлазытып, неде болса өз ішімізде кетті.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру