Сыр-сұхбат
Бір мәзһаб ұстану – бірлігіміздің кепілі
Әбсаттар Сманов, Сарығаш медресесінің директоры:
«Ата-бабаларымыз осыншама ұлан-ғайыр жерді бір мәзһабты ұстану арқылы сақтап қалған».
– Әбсаттар аға, сіздің әкеңіз еліміз егемендік алған сонау 1990 жылдары, Сарығаш өңірінде алғашқы медресе ашып, халықтың діни сауатын арттыруға күш-қайратын аямаған жан. Сіз де әкеңіздің салып кеткен сара жолымен жүріп, Ташкенттегі Ислам институтын аяқтап, осы салада біраз жылдардан бері қызмет етіп келесіз. Осыған орай медреселердің қоғамда алатын орын мен маңыздылығы жөнінде айта отырсаңыз.
– Өзіңіз білесіз, Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда бірде-бір медресе болған жоқ. Ал, Бұхара шаһарындағы Мир-араб медресесіне республикамыздан екі жылда бір адамды ғана қабылдаған. Кей жылдары оның өзін қабылдамай қоятын. Осыдан барып, діни кадрлардың жетіспеушілігі айқын сезіле бастады. 1990 жылдардың басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып жатқан болатын. Алайда, жаңадан ашылып жатқан мешіттерде қызмет ететін мамандар өте тапшы еді. Осы кезде діни оқу орындарын ашу ең өзекті мәселе айналды. Ал, біздің медресе 1992 жылы ашылып, сол кездегі Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайлұы барып, жарғымызға қол қойып, батасын берген болатын. Дегенмен, ісіміз бірден алға басып кете қойған жоқ. Өйткені, діни басқарманың сол кездегі жарғысына сәйкес, оның діни арнаулы оқу орнын ашуға құқығы жоқ болып шықты. Содан тек араға 14 жыл салып, тек 2006 жылы ҚР ғылым және білім министрлігінен лицензия алып, заңды түрде қызмет ете бастадық. Ойлап қараңызшы, егемендік алғаннан кейін де тағы осыншама уақыт дін кадрларын дайындауда кешігіп қалдық. Мұндай келеңсіздіктердің кесірінен қаншама қаракөздерміз жат ағымның жетегінде кете барды. Әрине, ол кезде елімізде 2001 жылы ашылған «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті жұмыс істеп жатты. Дегенмен, бұл оқу орнының республикадағы діни маманға деген сұранысты толық өтеуге мүмкіндігі де жоқ еді.
Сирияда Саид Рамазан әл Бути деген Ислам дінінің үлкен ғұламасы өмір сүрген. Бүгінде ол кісі дүниеден өтіп те кетті. Сол ғалымның көзі тірісінде Өзбекстаннан ( көршімізде бүгінде мұндай түйткілді мәселе оң шешімін тауып келеді.) бір топ кісі ағымдармен қалай күресу жайлы одан кеңес сұрап, Сирияға ат басын тірейді. Алыстан келген жолаушылар көрсетілген мекен-жай бойынша Саид Рамазан әл-Бутидің үйін тауып, босағасын аттай бергенде алдарынан ұлы шығып:
–Әкем, қатты науқастанып, төсек тартып жатыр. Орта Азия деңгейіндегі сұрақтар бойынша мен жауап бере алатын шығармын, –деп жолаушыларға қарап айта беріңіздер дегендей сыңай танытады.
Мән-жайға қаныққан Саид Рамазан әл-Бутидің ұлы:
–Әкем, сәлафтары бар, тәкпіршілері бар басқа көптеген ағымдардың шейхтарымен айтысып-тартысамын деп бүкіл өмірін өткізіп алды. Мысалы, сәлафтардың көсемі шейх Албанимен қаншама рет айтысып, жеңгенінен хабардармын. Бірақ әкем одан көп пайда тапты деп айта алмаймын. Есесіне саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге, оқытуға арнағанда көп жетістікке қол жеткізер ме еді. Сондықтан сіздерге айтарым, уақытты босқа өткізбей көптеп шәкірт дайындауға кірісіңіздер»,––деп қелген қонақтарды еліне қайтарады.
Міне, тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан-ақ медреселердің санын көбейтіп, білім беру сапасына ден қойғанымызда бүгінгі мәселелердің біразы орын алмас еді. Дегенмен, Құдайға шүкір, бүгінде елімізде 1 университет, 10 медресе, 2 қарилар орталығы жұмыс істеуде. Болашақта одан шыққан мамандардың қызметінің жемісін көретініміз анық.
–Демек, елімізде түрлі діни топтар мен ағымдардың пайда болуы діни сауатсыздыққа барып тіреледі емес пе?
–Дұрыс айтасыз. Ағымдарға кіріп кеткендердің 99 пайызының діни білімі жоқ деп айта аламын. Қалған 1 пайызы да жарытып ештеңе біле қоймайды. Мұндай қорытындыға олармен сөйлесіп, сұхбаттасқанда көзім әбден жетті. Негізінен бала мектепте жүрген кезінде-ақ діннің ара-жігін ажырата білуі керек деп ойлаймын. Мектеп оқушысының миына салмақ салатын түрлі пәндердің орнына керісінше оны тәрбиелейтін, өміріне бағыт-бағдар беретін дін мен дәстүрді сабақтастырған пәнді оқыту анағұрлым тиімді болар еді. Мұны жайдан-жай айтып отырғаным жоқ. Осыдан біраз бұрын Ақтөбеде жүрген кезімде мектепті алтын медальға бітірген бір жігітті шешесі алдыма әкелді. Оқиға былай болған. Мектепті өте жақсы аяқтақтағаннан кейін көп қиналмай Ақтөбедегі бір жоғары оқу орнының студенті атанады. Сонда жүріп, бір ағымның қақпанына қалай түскенін де сезбей қалады. Жат ағымның жетегінде кеткенін анасы қалай біліп қойды дейсіз ғой? Ұлы мешітке барғанында бір мәселе бойынша имаммен пікір таластырып қалады. Имам бұл жөнінде құқық қорғау орындарына хабарлайды. Өз кезегінде олар аудандық әкімшілікті құлағдар етеді. Ал, әкімшіліктегі қызметкерлер жігіттің шешесін танитын болғандықтан, дереу анасына хабар берген. Шыр-пыр болған анасы баламды қалайша тура жолға саламын деп бізге әкеледі. Менімен болған сұхбаттан кейін ол өз көзқарасынан бас тартып, біраз жібіп қалды. Алайда, оны қайтадан өз мәзһабымызға, ата жолымызға бұру үшін тұрақты түрде онымен біраз уақыт жұмыс істеуге тура келді. Ал, мұның барлығын болдырмау үшін оны мектептегі кезінен-ақ тәрбиелеу керек-ті. Біз мынаны естен шығармауымыз қажет. Ата-бабаларымыз осыншама ұланғайыр жерді бір мәзһабты бекем ұстану арқылы сақтап қалды. Біріміз, сәлаф, екіншіміз тәкпір, үшіншіміз басқа сенімде болсақ, болашағымызды ойлаудың өзі қорқынышты емес пе?!
–Сіз басқарып отырған медреседе қыздар бөлімінің де ашылғанынан хабардармыз...
–Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды бойжеткен кезінде абыройымен ұзатқан адам жәннатқа кіреді»,– деген. Мұны естіген сахабалар: «Екі қыз болса ше?»,– деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) күлімсіреген күйі басын изеген. «Егер біреу болса ше?»деп сұрасақ та Расуллулаһ (с.ғ.с.) бізге: «Иә» деп жауап беретін еді» деген сахабалар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы айтқанын ескере отырып және ұлтымыздың аналарын тәрбиелеу мақсатында қыздар бөлімін ашуды дұрыс деп шештік. Осылайша қыздар бөліміне арналған ғимараттың құрылысы 3 жыл бойы жүргізіліп, өткен жылы іске қостық. 3 қабатты оқу орнының жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды. Соңғы үлгіде салынған ғимаратта шәкірттер үшін барлық жағдай жасалған. Әр екі бөлмеде жуынатын бөлмесі мен дәретханасы бар. Қыз-келіншектерге арналған осындай үлгідегі білім ордасы бүкіл ТМД аумағында жоқ деп айта аламын. Бүгінде мұнда I курста 46, дайындық бөлімінде 24 қыз білім алуда. Оларға нәзік жандылар ғана сабақ беруде. Онда тек бір ғана ер ұстазымыз бар. Ол әйел ұстаздардың тісі батпайды-ау деген пәннен сабақ береді. Жатын орын мен тамағы тегін. Қыздарымызға мемлекеттік үлгідегі дипломдар беріледі. Болашақта осы дипломдарымен қызметке орналасуына болады.
Қыздар бөлімін ашудағы басты мақсатымыз ибалы, инабатты, шариғатты жетік білетін болашақ аналарымызды тәрбиелеп шығару.
–Әбеке, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен құрылған республикалық ақпарат-насихат тобының белді бір мүшесі ретінде пікіріңізді ортаға салсаңыз.
–Республикалық ақпарат-насихат тобы құрылғалы бері Қазақстанның біраз жерін аралап, халықпен көптеген кездесулер өткіздік. Соңғы кездері Тараз қаласында болып, жоғары және орта оқу орындарының студенттерімен жүздестік. Олардың Исламға деген құштарлығы өте жоғары. Басқа қалаларда болдық. Имамдардың және осы ақпараттық топтардың қызметінің нәтижесі болар жат ағымдарда жүрген бауырларымыз райынан қайтып, қатарымызды толықтырып жатқанына куә болудамыз. Бұл өте қуанышты жағдай.
–Әбеке, жер-жерде жамағатпен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесіп, сұхбаттасып жүрсіздер. Жамағатты, жалпы ел тұрғындарын қандай мәселелер толғандырады? Көпшілікті елең еткізер елден ерек сұрақ қоятындар да бар шығар...
– Халқымыздың діни сауаты қанша жерден төмендеу дегенімізбен, оларды жастардың жат ағымдарға кеткені қатты толғандыратынына көзім жетті. Ал, елден ерекшелеу дейтіндей мына бір сұрақ есімде қалыпты. Бір кездесуде қалың жамағаттың арасынан бір жігіт тұрып: « Қазақстанда орын алып жатқан түрлі келеңсіздіктерге қарсы мысалы, девалвацияның орын алуымен, жаппай қымбатшылықтың басталғанын білеміз. Осыны болдырмау үшін минингілерге, демонстрацияларға шығуға таныстарым үгіттеп жатады. Менің алаңға шығуыма бола ма?»,–деген мазмұнда сұрақ қойды. Мен әлгі жігітке былай деп жауап бердім: «Шариғат билікке, басшылыққа қарсы шығуға қатаң тыйым салады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Араларыңнан шыққан мейіздей қара нәсілді басшы болса, соған да бағыныңдар»,– деген. Қазақстан президенттік басқарудағы ел болғандықтан, биліктің ең жоғары сатысы ол–Президент. Ал, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты әділетті басшы деп айтуға толық негіз бар. Бұл жөнінде бір тәжік азаматы маған: «Егер мен Елбасымен кездесу мүміндігіне ие болсам, ол кісіге әділ басшысыз деп айтар едім. Өйткені, 1990 жылдардың басында мыңдаған тәжік отбасылары Тәжікстанда басталған азамат соғысы кесірінен, Қазақстанды паналауға мәжбүр болды. Сол қиын-қыстау уақыттың өзінде жүздеген тәжік отбасыларына баспана берілді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хабашстанға қоныс аударған сахабаларының арасынан 13 отбасыға сол елдің патшасы Нажаши баспана берген болатын. Осыны ескерген Алла Елшісі (с.ғ.с.) оны әділетті патша деп атады. Ал, сіздердің Елбасыларыңыз қаншама тәжік азаматын баспанамен қамтамасыз етті десеңізші?! Тек ғана осы бір қасиеті үшін-ақ Нұрсұлтан Әбішұлын әділетті патша деп айтуға әбден лайық»,– деп ағынан жарылғаны бар. Сондықтан, қайрымды, әділетті Елбасысы бар елде оған қарсы шығып, бүлік бастау дұрыс емес»,–деп жауап бердім.
Сөзімді қорытындылай келе мынаны айтқым келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағалығына Ержан қажы Малғажыұлының сайлануымен, біраз игі істер атқарылып жатыр. Мың өліп, мың тірілген халқымыздың жарқын болашағы үшін, Ислам дінінің өсіп-өркендеуі жолында барлығымыз бірлесіп жұмыс істесек біз алмайтын қамал жоқ!
– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан:
Кеулімжай ҚҰТТЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
23.07.2014
4783
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру