Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

С.Тәжібаев: Ханафи мәзһабының көрнекті өкілі – Ибн ал-Абидин

11.07.2014 6687 0 пікір

 С.Тәжібаев 
"Нұр-Мүбарак" Египет Ислам мәдениеті университетінің
ғылыми қызметкері, оқытушысы

Ибн ал-Абидиннің толық аты-жөні – Мұхаммед Әмин Ибн Омар Ибн Абдул-Азиз әд-Димашқи. Ислам әлемінде – Ибн әл-Абидин лақабымен танымал болған фиқһ саласындағы Ханафи мәзһабының көрнекті өкілі. Туған жеріне келер болсақ батыс Азияда орналасқан қазіргі Сирия мемлекетінің Дамаск қаласында 1198 жылы дүниеге келген. Деректерге сүйенер болсақ Ибн ал-Абидиннің арғы тегі Имам Зейн ал-Абидинге тиелгендіктен пайғамбарымыз (с.а.с) ұрпағынан деген дәйектер бар [1/1-б.]. Демек, ғалымның текті ұрпақтан тарағандығы Ислам әлеміне белгілі болғандығы анық.

Ибн ал-Абидин әрқашан басшылар мен қарапайым халықпен жақсы мәмледе болған. Ол жастайынан әкесінің жанында сауда-саттықта көмек бере отырып қасиетті Құран Кәрімді жаттаған болатын. Бір күні, бала әкесінің жұмыс орнында қасиетті Құран аяттарын оқып отырады, сонда өтіп бара жатқан бір мұсылман оған бұл жерде дауыстап оқуға болмайтындығын және кейбір жерлерінде жіберген қателіктерін ескертеді. Бұдан кейін Ибн ал-Абидин Құранның дұрыс оқылу ережелерін әл-Қурра Саид әл-Хамевиден үйренеді. Ұстазынан тағылым алып, құранның дұрыс оқылу ережелеріне қатысты «әл-Мадания», «әл-Джзараия» және «әш-Шатибия» атты шығармаларын жаттап алады. Бұл кезде Ибн ал-Абидин 15 жасқа да келмеген еді. Құран оқу ережелерін жетік меңгеріп алған соң, ол Ханафи және Шафиғилық фиқһ саларын зерттеуге кіріседі. Ұстазы Ханафи ғалымдарының еңбектерінің түпнұсқаларын талдап, сондай-ақ Ханафи мәзһабының фиқһ саласындағы келісілген көкейкесті тақырыптарын анықтауды бұйырады.

Ибн-Абидин өзінің жастығына қарамастан, Ханафи мәзһабының басты имамдарының еңбектерін меңгеріп алады. Оның фиқһ саласындағы күш-жігері нәтижесінде 17 жасынан бастап аталмыш еңбектерге түсіндірме бере алатын деңгейіне жеткен болатын. Осы жастан бастап Ибн ал-Абидин өзінің құнды еңбектерін жазуды ұйғарды. Мұхаммед Әмин танымал ғалым Шакир ас-Сәлими әл-Аққадтан қатар білім алады. Ол онда фиқһ ілімінен басқа – араб тілі және қырағат, тәпсір ілімі, хадис ілімі, усул, сопылық және тағы да басқа ғылым салаларын терең меңгереді. Сондай-ақ «Бахру Роиқ» және «ал-Һидая» еңбектерімен жұмыс істеген. 1222 жылы ұстазы дүние салғаннан кейін Мұхаммед Саид ал-Халеби ащ-Шамиден тағылым алады. Ол ас-Салимиден тәлім алып жүріп «Қадария» тариқатымен танысқан болатын. Оның кейінгі ұстаздары: Ахмад ал-Аттар мен Әмир әл-Кабир әл-Мисри болды.

Оның ыждағаттылығы соншалықты қатар жүріп Дамаск қаласының хадистанушысы Мұхаммед әл-Қузбариден сабақ алып үлгеретін. Сөйтіп, хадис ілімі бойынша күәлігін алады. Содан соң ұстазы Халид ал-Бағдадиден сопылық пен тақуалық негіздерін меңгеріп, ұстаздарынының көзі тірісінде танымал ғалымға айналады.

 Кейбір Ислам ғұламалары Ибн ал-Абидиннің еңбектері Ханафи мәзһабының соңғы нүктесі деген пікір айтқандары да болған .

Ибн ал-Абидиннің ұстанған мектеп-мәзһабына байланысты тоқталар болсақ, пәтуәлық шешім қабылдаудағы Муфтиге арналған басты әдіснамалар мен сілтемелер берілген «пәтуә» шығару мамандығы бойынша жазылған «Укуд әр-Ресми Муфти» атты еңбегінде Ибн ал-Абидин өзін - Мұхаммед Әмин Ибн Омар Ибн ал-Абидин әл-Мәтуриди әл-Ханафи деп атап өткен. Бұған назар аударып қарайтын болсақ, Имамның сенім мәселесіндегі ұстанған мектебі, фиқһ саласы мәзһабынан алдын қойғандығын көреміз. Демек, мұнымен ғалымның сенім мәселесіндегі алғышарттарының маңыздылығын ерекшелеп көрсеткендігі айқандалады.

Мұнда ескере кетерлік жайт, қазіргі таңда көптеген Ислам дінін жетік меңгермеген мұсылмандар адасқан ағымдардың жетегіне еріп кеткендігі белгілі. Осыған орай өздерін Ханафилік ұстанымындамыз деп, әл-Мәтуриди мектебін мойындамағандарға бірден-бір делел болары анық.

Сондай-ақ, Ибн ал-Абидин фиқһ саласында қалам тербеген үлкен дін оқымыстысы болғаны анық. Фиқһ саласы демекші, фиқһ сөзінің Ислам әлемінде маңызды да, көкейкесті мәселелрін қамтыған «Фиқһ» сөзіне қысқаша ғылыми мәлімдеме бергеніміз жөн болар.

«Фиқһ» «الفقه» сөзіне қатысты Ислам ғұламалары түрлі анықтамалар берген.

Аллаһ Тағала қасиетті Құран Кәрімде (Һуд сүресі, 91): «Олар: «Ей, Шу′айб, сен айтып жүрген нәрселердің көбін түсінбейміз», – деді»,-деген сөздерін келтірсек болады.

Ал Ислам мәдениетінің терминологиялық жүйесінде фиқһ ұғымы шариғи құқықтану немесе ислам құқықтануы деп, ғылымның, пәннің атауын білдіреді.

Фиқһ ілімінде Ханафи мектебінің негізін құрушы – Имам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит (Аллаһ мейіріміне бөлесін). Имам Әбу Ханифа: фиқһ ілімі – адамның өзіне не тиісті және өзінен не талап етілетінін білуі, – деп анықтама береген. Бұл анықтама әуел баста өз ішіне ақида, этика және фиқһ нормаларын бірдей қамтитын жалпы анықтама болған. Ол уақытта жалпы анықтама берілу себебі – фиқһ ілімі басқа шариғат ілімдерінен бөлінетіндей, өз алдына жеке ілім болып қалыптаса қоймаған еді. Уақыт өте кәлам ілімі мен таухид ілімі имани мәселелерді, ахлақ пен сопылық этикалық-рухани тәрбие теориясын зерттеуге кірісе бастады. Фиқһ іліміне қатысты адамның өзіне не тиісті және өзінен не талап етілетінін білуі деген жалпы анықтамадан Ханафи ғұламалары ақида мен рухани тәрбиеге тән мәселелерді ысырып, оған құқықтық практика деген ұғымды қосқан. Сөйтіп, оның анықтамасын адамның өзіне тиісті құқықтары мен өзінен талап етілген міндеттерін білуі, – деп, фиқһ іліміне тән анықтаманы нақтылаған [2/29-б.].

Фиқһ ілімінің нақты анықтамасына назар аударайық: «Талдаушы дәлелдерден алынған шариғи (заңи) практикалық нормалар (үкімдер) туралы ғылым». Талдаушы дәлелдер дегеніміз – белгілі бір іс-әрекеттің үкімін арнайы қозғайтын дәлелдер. Олар бізге қатысты құқықтар мен міндеттерді тудырады. Мысалы, намазды арнайы атап, оны орындауға бұйырған дәлел – талдаушы дәлел болып, намаздың парыздығы – талдап айтылған норма ретінде саналатындығы анық.

Фиқһ – шариғаттың тәжірибелік бөлігі. Шариғат Аллаһ тағаланың құлдары үшін сенім мен амал тұрғысынан жүзеге асуын талап етіп бекіткен, Құран мен сүннетте көрініс тапқан заңдары мен нормалары. Сенім тұрғысынан жүзеге асуын талап еткен бөлігін кәлам немесе таухид ілімі, ал амал тұрғысынан талап еткен бөлімін фиқһ ілімі зерттейді.

Ислам әлемінде «Фиқһ» саласының  үлкен орнын ескере отырып, Ислам ғұламаларының ыждағаттылықтары нәтижесінде әлемге танымал еңбектері жарық көрді. Осы ғылым саласында «Факиһ» ғұламарының бірі – Имам Әбу Ханифа Нұғман бин Сәбит (Аллаһ мейіріміне бөлесін). Ғұламаның фиқһ саласындағы күш жігері өмірінің аяғына дейін жалғасты. Ол шәкірттер тәрбиелеп, оның берген пәтуалары күні бүгінге дейін күшін жоймағандығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ Ханафи мәзһабының Ислам әлемінде ғылым саласы тұрғысында қалыптасуы – Исламның негізгі алғышарттарынан болып табылатыны анық.

Абдул-Қадыр әл-Қурайшидің «әл-Джауаһир әл-Мудия» атты еңбегінде: «Әбу Ханифаның жазу жазатын ізбасарларының саны қырық адамға жететін, ал олардың ең танымал ондығының құрамына: Имам Әбу Юсуф, Зуфар, Дауд ат-Тағи, Әсәд бин Амр, Юсуф бин Халид әс-Самти және Яхия бин Закария кіретін» [3].

Ахмад әл-Макки әл-Хорезми ірі ғалымдарырың санатынан болған имамның сөздерін жеткізушілердің саны жеті жүзге жеткен және олардың барлығы Ислам ғұламаларынан саналып, жердің түпкір-түпкіріне Ханафи мәзһабын таныстырған.  

Осыған орай Ханафи мәзһабының көрнекті өкілдері өте көп. Мысалға айтар болсақ:  Имам Имам Әбу Бакр ас-Сарахси (483/1090), Имам әл-Баздауи (400/1041 - 482/1123), Ала-ад-Дин Абд ул-Азиз бин Ахмад бин Мұхаммед әл-Бұхари (730/1329), Хұсам ад-Дин ас-Сығнақи ( 711/1311-1312), Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1356) және Ибн Абидин сынды шоқтығы биік тұлғаларды айтпағанда, өзге де сандаған ғалымдар шыққан. Олар Ханафи фиһқ мектебі, таухид пен калам, усул, тәпсір, хадистану, араб тілі, логика және тағыда басқа ғылым салаларында жемісті еңбек еткен. Аталмыш ғалымдардың кез-келгеніне тоқталғанда кемінде бір кітап жазуға болады.

Осыған орай Ханафилік ғұламалар санатынан болған - Ибн Абидиннің еңбектері мен шығармалары туралы таныстырып өтелік. Дегенмен, Имамның еңбектері туралы деректер араб тілінде жазылған. Атап айтар болсақ: «Раддул-Мухтар ала әд-Дарул-Мухтар» атты еңбегі – «Хашия ибн Абидин» атауымен танымал, «Рафғул-Анзар амма аурадаһу әл-Халби ала әд-Дарул-Мухтар», «Укуд әр-Ресми Муфти», «Хашия ала ал-Мутаул фил-Балаға», «Хашия ала тафсир ал-Байауи», «Рахиқ ал-Махтум фил-Фараид», «шарх кәнз ад-Дақаиқ лин-Насафи», усул фиқһқа қатысты «ал-Асхар ала ифадат ал-Ануар», «Нузһа ан-Науазир ала Ашбаһ уан-Назаир» атты еңбектері ғылыми мәртебесінің биіктігін және дара тұлға екендігін айғақтайды.

Имамның ең танымал фиқһ ілімінде жазылған «Раддул-Мухтар ала ад-Дарул-Мухтар» атты еңбегі. Онда фиқһ ғылым саласының өзекті тақырыптары кеңінен талқыланған. Сондай-ақ әт-Тимурташи әл-Ғаззидің (1004/1595) «Тануир әл-Абсар» атты еңбегінің түсіндірмесі – Аллауд-Дин Хаскафидің (1021-1088/1612-1677) «Дарул-Мухтар» еңбегінің 5 томына түсіндірме берілген. Осыған орай 4-мәзһабты терең меңгерген Имам Саид Арваси (1281/1362) «Раддул-Мухтар ала ад-Дарул-Мухтар» еңбегіне қатысты: «Ханафи мәзһабы бойынша фиқһ ілімдері еңбектерінің ішінде бағалысы, әрі ең құндысы «Ибн ал-Абидин» еңбегі. Мұндағы әрбір дәлел сенімді дәйктерге негізделген...»,-деген.

Профессор Ш.Т.Керімнің «Сығанақ саңлағы» атты монографиясында: «Мұхаммед Әмин бин Омар бин Ахмад бин Әбдуррахим әл-Хусейн ад-Дамашқи, ибн ал-Абидин, оның «Хашия ибн Абидин» («ибн Әбидиннің жиегіне жазған шарх») атты кітабынан ас-Сығнақидың сөздерін ұшыратамыз. Ибн Абидиннің «Хашия ибн Әбидин» деген атпен танылған» «Раддул-Мухтар ала ад-Дарул-Мухтар» атты кітабы Алауд-Дин Мұхаммед әл-Хусни әл-Әсари әл-Хаскафидің (1088/1677 жылы қ.б.) «ад-Дуррул-Мухтар» («Таңдалған маржандар» атты еңбегіне хашия жиегіне жазылған») түріндегі түсіндірме»,-деген [4/86-б.].    

Ибн Абидин «Раддул-Мухтар ала ад-Дарул-Мухтар» шығармасымен айналысу барысында һижри жыл санағы бойынша ІІ-ғасырдан бастап өз кезеңіне дейін 320-ға жуық Ислам ғұламаларының еңбектерін зерделеген. Еңбектен Хаскафидің еңбектерін саралай отырып, өзге ғалымдардың еңбектерімен салыстырғандығы анық. Дегенмен, Ибн ал-Абидин «Раддул-Мухтар ала ад-Дарул-Мухтар» еңбегін өңдеп және көшірме жасап үлгергені жоқ. Имам Ибн ал-Абидин 1252 жылы Рабиғ ас-Сани айының 21-ші жұлдызында дүние салды. Алайда, ғалымның баласы – Алауд-Дин Мұхаммед (1244/1306) еңбегін аяғына дейін жеткізіп, әкесінің құрметіне кітаптың атын «ИБН АБИДИН» деп атады.  

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.  Ибн ал-Абидин. «Хашия ибн Абидин» Раддул-Мухтар ала ад-Дарул-Мухтар. Дарул-Фикр баспасы. Бейрут. 8-том. 2000.  

2.  Уаһба аз-Зухайли. «Усул әл-Фиқһ әл-Ислами». «Дарул-Фикр» баспасы. 1986 ж.

3.  Ислам энциклопедилық анықтамалық,«Аруна» баспасы. Алматы 2010. 591-б.

4.  Керім Ш.Т. «Сығанақ саңлағы». «Нұр-Мүбарак» баспасы Алматы 2012. 240-б.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру