Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бурхан Абдулхәкім: Ораза адамның уақыты қайда жұмсалуы қажет?

02.07.2014 6225 0 пікір

Жалпы, Рамазан айы – мұсылмандар үшін сауап жинауға арналған «бонус» айы деп айтуға да болады. Бұл айда жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да Алла Тағала екіден он есеге дейін көбейтіп береді. Жамандықтан сақтасын, шайтан байланып тұрғанда осы мерзімді пайдаланып жақсылықтарды жасап қалуға тырысайық.

Иә, оразада ауыз бекітеміз. Сондай-ақ, Құран оқып, Алланы көп еске алу керек екендігін де білеміз. Бірақ, соны қанша жасаймыз дегенмен нәпсі құрғырға ауыр тиіп бір күн істеп бір күн қалып, ақыры нақты жүйе қалыптастыра алмай «бонус» айды өткізіп аламыз. Өкінішке орай бұл көпшілігімізде кездесетін жағдай.

Ендеше Ораза айында Құран оқу, Алланы еске алу, жақсылықтар жасап, садақа беруді қалай күн тәртібімізге нәпсімізге ауыр тигізбей кіргізе аламыз? Қалай тиімді жүйе қалыптастырамыз? Енді осы тақырып аясында әңгіме өрбітейік.

Құранды бөліп-бөліп оқыңыз

Шіркін, бұл дінде Алланың сөзін оқудан басқа қандай үлкен нығмет бар десеңізші?!

Алдымен Рамазанда Құранды басынан аяғына дейін оқып шығудың сауабы мол екенін және Ақыретте Сізге шапағатшы болатынын біліп қойыңыз. Егер Құран оқуды білсеңіз, бұл айда Құранды хатым қылуды (басынан аяғына дейін оқып бітіруді) қолға алыңыз! Жұмысым бар, жанұям бар тағы да басқа бар, 10 парақтық бір параны бір күнде қалай оқимын дейсіз ғой? Тұра тұрыңыз! Егер уақытты дұрыс пайдалансаңыз бәрі де мүмкін, Алла қаласа.

Құран оқуда жүйрік болмасаңыз аузыңыз берік кезде бір отырғанда толық параны оқып шығудың қажеті жоқ. Бұл ауыз берік адамға қиынға түседі. Сондықтан да, Сіз Құранды бөліп-бөліп оқыңыз. Оны қалай істеймін? Оны былай жасайсыз:

Жалпы, бір пара екі хизбтан тұрады. Бір хизб шамамен 5 парақ. Яғни сіз күніне 10 парақ оқуыңыз керек. Ол үшін Сіз бір хизбты күндіз оқып, қалғанын түнде ауыз ашқаннан кейінге қалдырыңыз. Себебі, ол кезде сізде жеткілікті қуат болады.

Жеңілдеу болуы үшін күндіздегі бір хизбты екіге бөліңіз. Бір бөлігін таңертең ұйқыдан тұрған кезде немесе жұмысқа бара жатқанда қоғамдық көлікте шағын Құранмен оқысаңыз болады. Егер бұған ыңғайсыздансаңыз, жұрттың бәрі үзіліске шығып кеткен кезде (бәрібір түскі асқа бармайсыз ғой) жұмыста қарасаңыз болады. Әйтеуір өзіңізге ыңғайлы уақыт болса болды. Ал қалған хизбтың жарты бөлігін жұмыстан үйге оралып бір сағат мызғып алғаннан кейін ауыз ашар алдында оқысаңыз нұр үстіне нұр. Осымен сіз 5 парақ оқисыз.

Қалған бір хизбты ауыз ашып қуаттанып алған соң тарауих намазына дейін, немесе кейін оқып шығу Алланың жәрдемімен қиынға соқпайды. Ең бастысы осындай уақыттарда оқимын деп кесте жасап қойыңыз. Және соны бұлжытпай орындауды қолға алыңыз!

Ал егер Сіз арабша өте жәй оқитын болсаңыз, онда уайымдамаңыз. Бір пара емес күніне шама шарқыңызға қарап 2 немесе 4 парақ оқыңыз. Жаратушы Иеміз мейірімді, рақымды. Ол азда болса күнде үзілмей істелген амалды жақсы көреді.
Тіпті, арапша әріп танымайтын болсаңыз, Халифа Алтайдың қазақша мағынасын қолыңызға алып «бісміллә» деп қазақшасын оқып шығыңыз. Ол да сауап. Бірақ, ендігі жылы оразада араб тіліндегі Құранды оқуға тырысыңыз! 

Алланы еске алатын уақыттарды нақтылаңыз

Алланы еске алу деп – «Субһаналлаһ», «Субханаллаһи уа биһамдиһи субһаналлаһил Азим», «Ла һаула уа ла қууата илли Биллаһ» деген сияқты зікірлерді айтамыз. Бұларды да бір уақытта бәрін жинап айтудың қажеті жоқ. Онсыз-ақ шөлден қиналып жүрген нәпсіңізге ауыр тиеді. Онда былай істеңіз:
күнде бес зікірді әрқайсысын жүз реттен айтамын деп мойныңызға алыңыз. Оның ішінде әлбетте пайғамбарға (с.а.с) салауатты да ұмытпаңыз.
Мысалға, «Субханаллаһи уа биһамдиһи субһаналлаһил Азим» зікірін таң намазынан кейін, «истиғфарды» (Алладан кешірім сұрау) бесін намазынан соң, Пайғамбарға салауатты тарауихтан кейін деп өз-өзіңізбен келісіп алыңыз. Керек болса, нақты қай уақыттарда айтатыныңызды параққа түртіп қойыңыз. Тағы бір кеңес: зікірді Құран оқу кезінде арасына кіргізіп жіберсеңіз болады. Бір жағынан көңіліңіз бөлінеді, әрі жалықтырмайды.  

Ғибратты видеолар көріңіз, уағыздар тыңдаңыз

Негізі күннің аптаты ыстығында әлі кетіп ораза тұтып жүрген адамға әрі-бері жүре беру қиынға соғады. Осындай кезде ғибратты бейнероликтер, видеолар көрген, уағыздар тыңдаған ыңғайлы. Мұндай нәрселерді көбінесе жұмыстан шаршап, шөлдеп үйге оралған кезде немесе демалыс күндері көрген, тыңдаған жақсы. Қуат кеткен денеңізге, «су» деп шыңғырған миыңызға ауырлық түсірмейсіз. Жәй түймені басып құлағыңызды түріп отырасыз, болды. Әрі сауап жинайсыз, әрі біліміңізді арттырасыз.

Аз да болса садақа беруді әдетке айналдырыңыз

Әр садақа берген сайын бір пәленің басы қайтарылады. Сауап аласыз. Бірақ, садақа беру дегеніміз қалтаңдағы бар ақшаңды тіленшінің не мұқтаж адамның қолына ұстату деген сөз емес. Жоқ. Әркім қалтасының түбіне қарап шама-шарқына байланысты береді. Мысалы, жәй ғана мешітке кіріп бара жатқан жердегі апайға күнде 50 теңге садақа беруді әдетке айналдырыңыз. Ол аз ғой десеңіз 100 теңге беріңіз. Бірақ, күнде беруіңіз керек!

Сондай-ақ, мұсылман бауырларыңызбен көріскенде жүзіне күлімсіреңіз. Исламда ол да садақа. Егер қолыңыздан келсе әрине, 30 күн оразаның ішінде жағдайыңызға, қалтаңызға қарап бірнеше адамға ауызашар жасап жіберіңіз. Ауызашар жасаған ақша былай күндері түскі асқа да жұмсалатынын ескерсек, ақылға сиымды ұсыныс.

Шамаңызға қарап жақсылықтар жасаңыз

Жақсылық жасау үшін біреуге там салып берудің, не қажылыққа жіберудің қажеті жоқ. Сіз қарапайым мұсылман ретінде қолыңыздан келген жақсылықты жасайсыз. Амалдар ниетке байланысты.

Мәселен, Сіздің қолыңыздан мынадай игі амалдар келуі әбден мүмкін:

1. Рамазан айы аяқталғанша әр аптада бір діни кітап сатып алып бір мұсылман бауырыңызға сыйға тартып отырыңыз;

2. Әр тарауық намазына барған сайын намаздан үзілісте ішу үшін дүкеннен екі су аласыз, біреуін өзіңізге біреуін қасыңыздағы жолдасыңызға немесе жамағаттың біреуіне беріп отыру үшін;

3. Көлігіңіз болса, алыстауда тұратындарды тарауық намазынан соң үйіне жеткізіп салыңыз (ең болмаса өз шағын мөлтек ауданыңызға жақындауларын);

4. Білген ілімдеріңізді басқаларға жеткізіп жүруді әдетке айналдырыңыз;

5. Алла разылығы үшін құрма таратыңыз;

6. Жағдайы жоқ таныстарыңызға ең болмаса екі-үш күндік азық-түлігін жеткізіп беріңіз.

Осы және тағы да басқа. Бұл көлден тамшы ғана. Егер ойлансаңыз, сіздің қолыңыздан көп жақсылықтар келетіні анық.

Әрине, жоғарыдағы айтылғандардың бәрі тек Рамазан айында істелу керек, одан кейін білгенімді істесем болады деген сөз емес. Пенде Раббысын тек бір айда емес әрқашан есіне алып жүруі міндет. Ал, Рамазан айы – бізге жыл бойына қуат беретін рухани бұлақ көзі. Ендеше, ол бұлақтан нәр алып, су ішуден құр қалмаңыз!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру