Исламның бастапқы тарихы, соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) ғұмырбаяны – біз үшін қашанда үлгі. Алла елшісінің әрбір айтқан сөзінде, істеген ісінде баға жетпес өнеге бар. Дін ісінде болсын, дүние ісінде болсын, мейлі саудада, мейлі саясатта, яғни, қоғам өмірінің қай бөлігінде болмасын сүннет деп аталатын осы бір ұлы жолдан ғибрат іздеп, пайда алмаққа әрекеттенсек, оның нәтижесінің әлбетте жеңіс болатынына тарих куә. Жалпы, тарих ілімінің өзін жетістіктен жігер, қателіктен сабақ алу үшін зерттеп зерделейміз деп жатамыз. Ал нағыз шынайы, ақиқи, бұрмаланбаған тарих – Алланың пайғамбарының тарихын бағдар ете білсек, тіпті де қателеспейтініміз анық.
Сол сүйікті пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмір жолында ғұламалар ерекше атап көрсететін бір оқиға бар. Ол оқиға Худайбия келісімі деп аталады. Тап қазіргідей болашаққа деген үмітіміз бен күдігіміз санамызды сарсаңға салған сын сағаттарда, ертеңге деген сенімімізге, бүгінге қажет сабырымызға сеп болар ма деген ниетпен осы бір ғажайып уақиғаны қысқаша баяндап көрмекке бел будық. Бисмиллаһ!
Хижраның 6-жылы. Яғни, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) пен оған ерген азғантай мұсылманның өз туған шаһарлары Меккеден қуылып, Мәдинаны пана тұтып жүргендеріне 6 жыл ғана болған уақыт. Құрайыштар қастасып, төңіректегі өзге араб тайпалары менсінбей, яхудилер бұлардың қашан қырғынға ұшырап жойылып кетуін күтіп жүрген; шайқасса, бір жеңіп, бір жеңіліп, үміті мен күдігі арпалысып, жалғыз Аллаға ғана тәуекел етіп, Алла елшісінен ғана сүйеніш тапқан қиын-қыстау сәт. Осындай бір аумалы-төкпелі мезгілде мұсылмандарға күтпеген жерден үлкен бір жеңіс келді. Соғыссыз, шығынсыз келді. Бір қызығы, оны басында көбі жеңіс деп ойлаған жоқ, жеңіліс деп, шегініс деп білді. Бұл – Ислам үшін жаңа бір кезеңнің бастамасы болған Худайбия келісімі еді.
Әлқисса, Мәдинада жүрген Алла елшісі (с.а.с.) түсінде өзінің және сахабаларының әл-Харам мешітіне кіргенін, Қағбаның кілтін өз қолына алғанын, барлығы тауап етіп, кіші қажылық (умра) жасағандарын, кейбірі шашын қырғызып, кейбірі қысқартқанын көреді. Мұны естіген сахабалардың қуанышында шек болмапты. Олар бұл түсті Меккеге осы жылы кіретініміздің белгісі деп топшылаған. Сөйтіп, Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларымен бірге Меккеге қарай, «умра» сапарына аттанады.
Өшпенділіктері шегінен шығып тұрған Меккедегі құрайыш мүшріктері мұсылмандар жолғы шықты деген хабарды есіткен соң қарап қалсын ба? Дереу кеңес мәжілісін құрып, мәжілісте мұсылмандарды мүмкіндігінше Қағбаға кіргізбеуге шешім қабылдайды. Сөйтіп, Мекке мүшріктері өз араларындағы ең мықты жауынгер Халид ибн Уалидті (Халид ибн Уәлид – кейіннен исламға келген, «Алланың қылышы» атанған ардақты сахаба (р.а.) аттылы сарбаздарымен жол бөгеуге жөнелтеді. Бұл кезде мұсылмандар Меккеге жақындап қалған еді. Құрайыш әскері көз жетер жерге келіп тоқтап, екі жақ бір-бірінің аңысын аңдап тұрған сәтте Алла елшісі (с.а.с.) құрайыштарға өзінің келген мақсатын түсіндіру үшін әйгілі сахаба Османды (р.а.) елшілікке жібереді. «Оларға біздің соғысу үшін емес, умра жасау үшін ғана келгенімізді айт әрі оларды Исламға шақыр», – деп тапсырады. Сонымен қатар, Алла елшісі (с.а.с.) Османға Меккедегі иман келтірген ер-әйелдерге баруды, оларға мұсылмандардың жеңіске жететіні туралы қуаныш хабарын жеткізуді, Алла тағаланың Өз дінін Меккеде үстем ететінін, бұдан кейін меккеліктерден ешкімге иманын жасыру қажет болмайтынын хабарлауды бұйырады.
Османның өлтірілгені жайлы хабар тарауы және ризашылық анты
Осман (р.а.) елшілікке кетуін кеткенмен, күтілген мерзімде қайтып орала қоймады. Бұл жағдай сахабалардың көңіліне күдік ұялата бастаған. Тіпті, мұсылмандардың арасында оның өлтірілгені жайлы хабар да тарап кетеді. Мұндай суыт хабарды естіген Алла елшісі (с.а.с.): «Біз бұл адамдармен соғыспайынша, ешқайда кетпейміз», – дейді де, сахабаларын ант беруге шақырады. Сахабалар өре түрегеліп, Пайғамбарға (с.а.с.) соғыс бола қалған жағдайда қасық қаны қалғанша шайқасу үшін ант беруге кіріседі. Серт беру барысында Пайғамбар (с.а.с.) өзінің қолын ұстап: «Бұл Осман үшін», – дейді. Кейіннен, ант беру аяқталған соң Османның өзі де келіп, серт береді. Ал оның кешігу себебі, құрайыштар орын алған жағдайға қатысты өзара кеңесіп, істерін айқындап алу үшін және Пайғамбардың елшісін нақты жауаппен қайтаруды көздеп, елшіні ұзақ уақыт жібермей ұстап отырғаны еді.
Алла елшісі (с.а.с.) бұл антты бір ағаштың түбінде қабылдайды. Омар (р.а.) Пайғамбардың қолынан ұстап тұрады, ал Мағқил ибн Ясар Пайғамбарға (с.а.с.) кедергі жасамасын деп қолымен ағаштың бұтағын көтеріп тұрады. Алла Тағала: «/Ей, Мұхаммед!/ саған имандылар, ағаш түбінде серт берген кезде, Алла олардан разы болды. Ол /Алла/ олардың жүректеріндегіні білді әрі олардың үстінен тыныштық түсірді және оларды жақын бір жеңіспен марапаттады...», («Фатх» сүресі, 18-аят) – деген аятын түсірген «ризашылық анты» – осы.
Келісімнің түзілуі және оның тармақтары
Сахабалардың соғысқа әзір екенін аңдаған құрайыштар енді, керісінше, келісім түзуге асыға бастады. Құрайыш басшылары Суһайл ибн Амр деген адамды мұсылмандар тарапқа елшілікке жіберген. Оған Алла елшісін (с.а.с.) умра жасамастан Мәдинаға қайтуға көндіру қадап тапсырылды. Өйткені, осы жолы умра жасауға жол берсе, төңіректегі өзге араб тайпалары тарапынан: «Мұхаммед Меккеге күшпен кіріпті», – деген сөзге қаламыз деп қорықты.
Сонымен, мұсылмандар мен құрайыштар арасында екіжақты келісім түзу үшін Суһайл ибн Амр мұсылмандарға қарай бет алады. Суһайлдің келе жатқанын көргенде Пайғамбар (с.а.с.): «Міне, енді тірліктерің оңайласатын болды» , – деген екен (Пайғамбардың (с.а.с.) Суһайл есімді елшінің келгеніне қарай айтқан бұл сөзі: «Енді құрайыштармен бітім жасасуға болады», – дегенді аңғартып еді. Араб тілінде «сәһулә» сөзі – «жеңілденді», «оңайланды» деген мағыналарды білдіреді, ал «Суһайл» есімі осы сөздің түбірінен алынған). Суһайл келіп, Алла елшісімен (с.а.с.) ұзақ сөйлескеннен кейін, екі тарап ортақ келісімге тоқтайды. Келісімнің мазмұнына мынадай шарттар кірген еді:
1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл жылы Меккеге кірместен қайтады да келесі жылы мұсылмандар қалаға кіріп, үш күн тұрады. Оларға өздерімен бірге жолаушының қаруларынан – қындарына салынған қылыштарын ғана алып кіруге рұқсат етіледі. Үш күн ішінде құрайыштар оларға ешқандай қысым көрсетпейді.
2. Екі тараптың ортасында он жылға дейін соғыс тоқтатылады. Осы мерзім ішінде адамдарға тыныштық орнайды, екі жақ бір-біріне соқтықпайды.
3. Мұхаммедтің келісімі астына кіргісі келгендерге де, құрайыштардың келісімі астына кіргісі келгендерге де ерік беріледі. Екі жақтың әрбіріне қосылған тайпа сол тараптың бір бөлігі ретінде саналады, ал бұл тайпаларға жасалған кез-келген дұшпандық олар қосылған тарапқа көрсетілген дұшпандыққа баланады.
4. Кімде-кім құрайыштардан Мұхаммедке қамқоршысының рұқсатынсыз (яғни, олардан қашып) келсе, ол кері қайтарылуы тиіс, ал Мұхаммедтің жанындағылардан кімде-кім (одан қашып) құрайыштарға келсе, ондай адам кері қайтарылмайды.
Байқасаңыздар, шарттың екінші және үшінші тармақтары екі жақ үшін де тиімді болғанмен, бірінші және төртінші тармақтары мұсылмандарды ашық төменсіту еді. Келісімде екіжақты теңдіктің сақталмауы кез-келген мұсылманның қитығына тиетіндей-ақ әрекет болатын. Бұдан кейінгі орын алған оқиғалар тізбегі тіпті ашу шақырарлық. Мысалы, келісім-шартты қағазға түсіру үшін Пайғамбар (с.а.с.) Әлиді (р.а.) шақырып, оған: «Бисмилләһир-Рахманир-Рахим (Аса Мейірімді, Ерекше Рақымды Алла атымен)», – деп жазуды бұйырады. Мұны естіген Суһайл: «Алламен ант етейін, әр-Рахманның не екенін білмеймін (Әр-Рахман – Алла тағаланың есімдерінің бірі), әйтсе де бұрын жазып жүргеніңдей: «Бисмикә, Аллаһумма (Уа, Алла, сенің есіміңмен)!» – деп жаз», – дейді. Пайғамбар (с.а.с.) қарсыласпайды. Ары қарай: «Бұл – Алла елшісі Мұхаммедтің жасаған бітімі», – деп бастауын әмір етеді. Осы кезде Суһайл: «Алламен ант етейін, сенің Алла елшісі екеніңді білсек, Қағбаға кіруіңе кедергі жасамас едік және сенімен соғыспас та едік! Оның орнына Мұхаммед ибн Абдулла», – деп жаз», – дейді, қарсылық танытып. Пайғамбар (с.а.с.): «Алламен ант етейін, сендер жалғанға санасаңдар да мен Алланың елшісімін», – дейді де, Әлиге: «Алла елшісі» деген сөзді өшіріп, «Мұхаммед ибн Абдуллаһ» деп жаз», – дейді. Әли (р.а.) болса, “Алламен ант етейін, бұл сөзді өшірмеймін”, - деп бұлай істеуден бас тартады. Сахаба Алла атымен ант етіп қойғаннан соң, Алла елшісі (с.а.с.) оған әлгі сөздің қайсы екенін сұрайды да (өйткені Пайғамбар (с.а.с.) хат танымайтын еді), “Алла елшісі” деген сөзді жобалап өз қолымен өшіреді.
Осылайша, Пайғамбар барынша сабыр қылып, көптеген шегіністерге барды. Ал өзге сахабалар үшін Суһайлдың бұл әрекеті ашық басыну боп көрініп, өздерін әрең тежеп тұрған-тын.
Мұсылманның мүшріктерге қайтарылуы
Соққы үстіне соққы болып, сахабалардың еңсесін түсірген тағы бір жайт мынау болды. Келісімшарт жазылып жатқанда, кенеттен Меккенің төменгі жағынан кісендерін сүйреткен бір кісі шықты да, мұсылмандардың арқа тұсына жетіп жығылды. Бұл Әбу Жәндәл ибн Суһайл ибн Амр (Әбу Жәндәл ибн Суһайл ибн Амр (Алла оған разы болсын) – Пайғамбарымызбен (с.а.с.) келіссөз жүргізуші Суһайл ибн Амрдың баласы. Ол Исламды қабылдап, сол себепті құрайыштар тарапынан қысымға ұшыраған, оны Мәдинаға жібермей, азаптап, Меккеде ұстап отырған. Кейін Әбу Жәндәл бір шайқаста шәһид болады, аз уақыт бұрын оның бауыры Абдуллаһты та дұшпандар азаптап өлтірген еді) болатын. Мұсылмандардың Меккеге келе жатқанын естіп, үйінен қашып шыққан беті еді. Оны көрген Суһайл: «Ей, Мұхаммед! Бұл біз жасайтын келісімнің алғашқысы, оны бізге қайтарып бересің», – дейді шарттың 4-тармағын меңзеп. Пайғамбар (с.а.с.): «Біз шартнаманы әлі бекіткен жоқпыз ғой», – деген уәж айтады. Суһайл: «Алламен ант етейін, онда сенімен мүлдем келісім жасаспаймын!» – деп шорт кеседі. Пайғамбар (с.а.с.):«Осыны маған бер!» – деп сұрайды, ол: «Саған оны бермеймін!» – дейді. Пайғамбар (с.а.с.):«Жарайды енді, осылай етші!» – деп тағы өтінеді. Бірақ Суһайл: «Мен олай етпеймін!» – деп қасарысады да, өз баласы Әбу Жәндәлдің бетінен ұрып, жағасынан алып, мүшріктерге қайтару үшін сүйрей бастайды. Осы кезде Әбу Жәндәл бар даусымен: «Уа, мұсылмандар қауымы! Дінімді бүлдірулері үшін мүшріктерге қайтарыламын ба?! Менің не күй кешкенімді көрмей тұрсыңдар ма?» – деп, жан даусымен айқайлайды. Ол Аллаға деген сенімі үшін, иманға келгені үшін қатты азапталған еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны жұбатып: «Ей, Әбу Жәндәл! Сабыр ет және Алладан сый күт. Әлбетте, Алла саған және жаныңдағы әлсіз мұсылмандарға кеңшілік әрі шығар жол жасайды. Шындығында, біз мына адамдармен бір келісімге отырдық және оларға осы үшін сөз бердік, олар да бізге Алла атымен серт берді, сондықтан да оларға опасыздық жасамаймыз», – дейді...
Мұсылмандардың умра ихрамынан шығу үшін құрбандық шалуы және шаштарын алдыруы
Шартнама жазылып бітті. Сахабалар аңсаған, сағынған қадірлі туған жер Мекке иек астында тұр. Қасиетті Қағба, туған-туыс, кейбірінің әйел-баласы сонда. Алты жыл алыста жүрген сахабалар қаншама жолды артқа тастап келіп тұр. Бірақ, сол сағынған мекендеріне кірместен, сағынған жандарын көрместен, тәуап жасамастан кері қайтулары тиіс. Шарт солай. Қандай қиын жағдай десеңізші! Оның үстіне жаңа ғана, келісімге келу барысында мүшіріктің басынғаны тағы бар. Осының бәрі сахабаларға оңай тиген жоқ. Содан да, Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларына: «Тұрып, құрбандық шалыңдар, сосын шаштарыңды алыңдар!» – деген бұйрық бергенде бірде-бір кісі орнынан тұрмады. Пайғамбар (с.а.с.) бұйрығын үш рет қайталаса да олар қозғалмай отыра берді. Бұған қапаланған Пайғамбар (с.а.с.) әйелі Умму Сәләмәға кіріп, оған адамдардан көргенін айтып, бөліскен-тін. Сонда Умму Сәләмә: «Уа, Алланың пайғамбары! Соны қалайсыз ба? Ендеше сыртқа шығыңыз да олардан ешкімге ештеңе деп тіл қатпай, түйелеріңізді құрбандыққа шалуды өзіңіз бастаңыз және шаш алушыңызды шақырыңыз, ол шашыңызды алсын», – деп, көркем кеңес айтты. Содан кейін Пайғамбар (с.а.с.) сыртқа шықты да, олардан ешкімге тіл қатпай, жұбайының кеңес
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.06.2014
12803
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру