Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Құдайдан басқа панам жоқ немесе лирикалық шегініс

23.06.2014 5876 0 пікір

Күз кезі болатын. Жасым 6-да еді. Анам екінші рет тұрмыс құрып, басқа үйге көшіп кеткен, ағам қайтыс болған уақыт. Жалғыз апайым – Маржан Талдықорғанда училищеде оқып жүрген. Мен Үржардағы нағашы әжемнің қолында тұрамын. Көңілсіз бір кездер еді. Өмірдегі ең жақын адамдарымның барлығы алыста. Бірі о дүниеде, екеуі мен бара алмайтын аймақта. 

Сол бір күн әлі есімнен кетпейді. Бір күні Талдықорғаннан апайым келді. Мереке күндері болу керек, демалысқа келген екен. Әкейден қалған екеуміз ғана, көрісіп, көзайым боп, мәре-сәре болдық та қалдық.
Мен апайымның жанынан қалмаймын. Қайда барса да, еріп алам. Құшағына тығылам, айтқан әр сөзіне құнығып, тоймаймын. Бұл қанды қойсайшы! Жібермейді екен ғой. Әр қимылын жіті бақылап, түріне де құмарым қанар емес. Жалғыз қорғаным да осы апайым еді, қайтейін.
Сол күндері уақыт дариғаның ұшқыр болғаны-ай! Апайыммен өткен әрбір зуылдақ сәт мені тағы да жалғыздықпен бетпе-бет қалатын болашаққа қатыгездікпен сүйреп, жақындатып алып келе жатыр еді.
Жалғыз туысыңмен сағынысып қауышқан тәтті мезеттер келмеске кетті. Көзде жастың алғашқы ащы дымқылы мен иекте кемсеңнің алғашқы дірілі пайда бола бастайтын уақыт та жетіп келді.

Мен ол кезде мықты психолог болып алғам. Үлкендердің мені қалай алдағысы келіп тұрғанын, нені менен жасырғысы келетінін, не ойлап, не қойғанын беске біліп, көкейім сайрап тұратын ғой!

Қысқасы, апайым мен ұйықтап жатқан кезде, таңғы автобуспен оқуына тартып кетпек болды. Тапқан екен, алданып қала салатын баланы! Оның өзі сары бала болса…

Түні бойы ұйықтамадым. Апайымның бауырына тығыла түсіп, қимастықпен құшақтап шықтым. Таңертең апайым тез-тез жиналып, үйден шығып кетті. Бәрін айдан анық біліп жатырмын. Амалым жоқ. Үлкендерге не деп айтасың? Олардың өз шаруалары бар. Сенің сағынышың, сенің балалық қажеттіліктерің оларға керек пе еді?! Сен еріккен баласың, ал оларды үлкен шаруалар күтіп тұр!

Есік ақырын жабылды. Аулада күбірлескен біреу (нағашы ағам болу керек) Маржанды шығарып салып тұрды. Кетті. Мен көрпенің астында алғашқы жасымды төгіп алдым. Сосын…

Сосын мен Құдайға жалбарындым. Мәтіні әлі есімде. Дұғам: «Құдай, егер мені естіп тұрсаңыз, апайымды үйге қайтадан алып келіңізші! Ол кетсе, мен жылаймын. Маған Маржансыз өте жаман!» — деген сөздерден тұрған болатын.
Үш сағаттан соң апайым мінген автобус жол ортада бұзылып, Құдайдан тілеп алған Маржаным үйге қайтып келді. Сөйтіп, тағы бір күн қасымда болды.

Сол күннен бастап мен Құдайдың мейіріміне, Жаратқанның пендесінің дұғасын қабыл ететініне көзім де, жүрегім де анық жеткен еді. Содан бері мен анама да, апайыма да үміт артып, оларды тосуды доғарған едім.

Сол күннен бастап менің жалғыз қорғаным, жалғыз панам тек жаратқан Аллам болды. Осы күнге дейін. Ертең де солай болары хақ! Мен сол күннен бастап, кез келген пенде құдыреті шексіз, мейірімі шексіз Жаратушының назарында болатынын ұғынғам едім.

***

Бұл оқиға 1986 жылы болған еді. Арада 26 жыл өткен. Апайым Маржанның туған күнінде үйінде жиналдық. Анам бар. Маржанның қызы бар. Жездем және олардың келіндері бар.


Содан әркім тілек айтып жатыр дегендей. Кезек маған келгенде, мен Маржаннан сұрадым:


— Маржан, сен 86 жылы Үржарға күзде демалысқа келгенің есіңде ме? – дедім.


— Білмеймін, шала-пұла бірдеңе есімде бар, — деп жауап берді.


— Нақтырақ есіңе түсіру үшін былай сұрайын: сол келгеніңде, Талдықорғанға қайтып бара жатқанда автобус сынып, үйге оралып

едің ғой. Тағы бір күн болып, қайттың. Солай ма?


— А, иә, иә! Тура солай болған! Үйбай, ол сенің есіңде қалай сақталып қап жүр?! — деп апайым аң-таң болды.


— Қалай есімде сақталмасын, сені Талдықорғанға оқуға жібермеген мен болатынмын…


— Қалай?


— Құдайдан тіледім.


Сосын жоғарыдағы әңгімені айтып бердім. Солқылдап жылаған Маржанды сол күні әрең жұбатып алған едік…

 

Ақберен Елгезек,
ақын, «Ұлт» порталының редакторы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру