Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Б.Құрбанов: Арсыздыққа қарау, арсыздың ісі

17.06.2014 7590 0 пікір

Адам баласы әлсіз жаратылған. Бұл теріске шығарусыз ақиқат. Оның дәлелі мына фәнидің өткінші, ал ахиреттің мәңгі екенін біле тұра өзін жаратқан, жоқтан бар еткен Жалғыз Жаратушы Иесі Жаббар Хақтың бұйрықтарына біле тұра құлақ аспауы. Ішкі жамандыққа бұйырушы нәпсіні тыңдап, күнәлі іске аяқ басады. Сол сәтінде де адам бар жаманшылықты нәпсіден көріп, Раббысының алдында арын ақтап алуға ұмтылады. Амал қанша? Іс бітті, амалдар жазылды. Бірақ, тәубелерді қабыл етуші Рахман әрі Ғафурдің мейірімінен үмітті үзуге де болмайды. Себебі, қасиетті Құранда: «Алла өзіне серік қосуды кешірмейді. Онан басқаны қалаған адамынан кешіреді», – деп хабар береді. Десек те, кешірілуі үшін шариғи жазалары арнайы бекітілген күнәлар бар. Оның бірі – зина. Енді, зинаның түрлері мен үкімдеріне талдама жасап көрелік.

Алла Тағала Құран Кәрімнің «Нұр» сүресінің 30-31 аяттарында мүмін ерлер мен әйелдерге қарауы харам етілінген нәрселерге қарауға тыйым салып және одан көзді сақтауға бұйырды: «(Мұхаммед (с.ғ.с.)) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Расында Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы. Мүмін әйелдерге де айт: (Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін (бет, білезік және тобықтан басқа жерлерін) көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін (орамалдарын) омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін», – деп қатаң түрде ескерту жасайды.

Ғалымдарымыз әуреттің тік өзіне немесе айна арқылы немесе сурет арқылы қараудың арасын бөліп жарып қарастырмаған. Сондықтан, фақиһтар «Әуретке қарау харам» бабында, әуреттің өзі мен суреттің арасын ажыратып, әуреттің өзіне қарау харам, ал суретіне қарау мұбах (рұқсат) деп сөз қозғамаған. Олай болса, әуреттің дәл өзіне де немесе суретіне де қарау харам.

Әуреттен басқа ағзаларға қараудың халал-харамдығын қарастырайық. Шәһуат қозу мен іріткі (фитнә) болу себебімен әуретке қарау абсолютті түрде харам. Мысалы, бөтен әйелдің санына барлық уақытта, барлық жағдайларда, (шәһуатпен немесе шәһуатсіз) қарау харам. Бірақ оның жүзі мен алақанына шәһуатсіз қарау – мұбах (рұқсат), ал шәһуатпен қарау – харам. Ал енді, ашық-шашыққа, зинаға толы киноларды немесе суреттерді, асылында онда адамның өзі емес, бәлкім бейнеленуі болса да оны көретіндердің 98 пайызы шәһуатпен көреді, яғни шәһуаттарын арттырып, үлкен күнәға жетелейді. Сондықтан, әурет болып есептелмейтін ағзаларға шәһуатпен қарау харам бола тұра, әуреттердің фото суреттері мен бейне роликтарына шәһуатпен қарау қалайша мұбах (рұқсат) болсын? Әлбетте, оларға қарау – харам!

Алла Тағала «Нұр» сүресінің 31 аятында: «Зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ: Ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың (аға-бауырлардың) ұлдарына, әпке-сіңілілерінің ұлдарына, (мұсылман) әйелдерге...» – деп, мұсылман әйелдерге зейнеттерін көрсетулеріне рұқсат берілген махрамдарды (некелесуге тыйым салынған адамдарды) баяндап берді. Айтылған махрамдардың соңғысына, яғни «Әйелдерге» деген сөзге назар аударсақ, Ибн Кәсирдің тәпсірінде бұл аят былай деп тәпсірленген, мұсылман әйел өзі сияқты мұсылман әйелдерге зейнеттерін көрсетуге болады, яғни олардан зейнеттерін жасыру міндет емес. Бірақ, бөгде дін әйелдеріне көрсету – харам. Өйткені, бөгде дін әйелдері, мұсылмандардың әуретін көріп, оны өз ерлеріне сипаттап айтып беруі мүмкін. Міне, осы істің алдын алу үшін, мұсылман әйелдерге бөгде дін әйелдеріне әуреттерін көрсетуіне тыйым салынған. Басқа мұсылман әйелдердің әуретіне қарау жақсы іс балмаса да, бөгде дін әйелдеріне қатысты бұл үкім қатаңдау. Өйткені, мұсылман әйелдер басқа мұсылман әйелдердің зейнеттеріне қарау рұқсаттығын білсе де, оларға қараудан өздерін тияды. Ал, бөгде дін әйелдері олай емес.

Ибн Масғуд (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан: «Бір әйел басқа әйелге (әуретіне) қарамасын. Өйткені, жұбайына сипаттап айтып береді. Ал, жұбайы ол әйел туралы қиялдап, оны көріп тұрғандай болады» (Бұхари, Мүслім). Яғни, бір әйел басқа әйелдің жалаңаш денесін, әуретін көріп өз жұбайына сипаттап айтып берсе, оның жұбайы қиялында сол әйелді көріп тұрғандай болып, оны нәпсімен қалап, шәһуаты көтеріледі. Дәл осының алдын алу үшін Алла елшісі (с.ғ.с.) екі әйел бір-бірінің әуретіне қарамасын деп айтты. Сондықтан, ер кісі бөтен әйелдің әуретіне қарауы былай тұрсын, бөтен әйелдің омырауын бейнелеп, ол хақында қиялдану да харам саналады. Ал, теледидар немесе ұялы телефондағы жалаңаш әйелдердің суретіне қарағанымызда не нәрселерді қиялдап кетпейміз?! Бүгінгі күнде техника дамыған ғасырда, «арсыз әйелдердің» денесі мен әуреттерін суреттеп, олардың бейнелерін көз алдымызға ұсынады. Бір әйел екінші әйелдің әуретін, дене пішімін ауызша сипаттауының өзіне тыйым салынғанда, көгілдір экран арқылы бейнелерді ұсынудың қаншалықты ауыр күнә екендігін бағамдаудың өзі қиын емес сияқты. Мұның барлығы жаһандану уақытындағы бүлдіргі ақпарат көздерінің қоғамға салып отырған ылаңы. Тіпті, адамның көзі көріп, құлағы естімеген нәрселерді де өте мықты бейнелеп береді. Сондықтан да, Алла елшісі (с.ғ.с.) әуретті ауызша сипаттауға тыйым салған болса, оны суретке түсіріп алып басқаға көрсетуге рұқсат берер ме еді? Әлбетте жоқ. Олай болса, көгілдір экран артынан анық бейнеленіп тұрған әуреттерді тамашалау қалайша рұқсат болсын?!

- Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Алла Тағала әр адамның зинадағы үлесін белгілеп қойған. (Зина жасаушы) күмәнсіз оны табады және жасайды. Олай болса, көз да зина жасайды, оның зинасы – қарау. Қол да зина жасайды, оның зинасы – ұстау. Аяқ та зина жасайды, оның зинасы (зина жасалатын жаққа) – жүріп бару. Тіл де зина жасайды, оның зинасы – сөйлесу. Ауыз да зина жасайды, оның зинасы – сүйісу. Жамандыққа бұйырушы нәпсі оны армандайды, қатты қалайды (нәпсінің зинасы армандау және қатты қалаумен болады). Жыныстық мүше бұл зиналарды бекітеді немесе жоққа шығарады», – деп баян етеді. (Муслим) Егер зина жыныстық мүшемен іске асырылса, онда зина хақиқи (ақиқат, яғни зинаға барылған және орындалған) болып, оны істеуші үлкен күнә иесі болады. Ал егер, жыныстық мүшемен зина іске асырылмаса, онда көз, тіл және басқа ағзалардың зинасы мәжази (астарлы, яғни зинаға барылған бірақ орындалмаған) зина хәлінде қалады. Бірақ, мәжази зина үлкен күнә болып саналмаса да, Ислам шариғатында күнә болып есептеледі. Сондықтан, бейәдеп, арсыз фильмдерді қараған адам көз, құлақ және нәпсі зинасын жасаған болады. Ол да күнә болып саналады.

- Шариғатымызда «нәһий сұлтани» (ел басының тыйымы, яғни заң) деген қағида бар. Егер өкімет халықты ойлап бір заң шығарса, ол заң шариғатқа қарсы келмесе, оған амал қылу, ондағы бұйрықты орындау және тыйымдарынан тыйылу әр азаматтың міндеті, яғни әр азаматқа уәжіп. Бүгінгі таңда мемлекетімізде арсыз роликтерді сатуға, таратуға және насихаттауға заңды түрде тыйым салынған.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, мейлі ер кісі болсын, мейлі әйел кісі болсын бөгде әйелдің немесе ер кісінің әуретіне және жалаңаш денесіне немесе суретіне шәһуатпен қарауы Ислам шариғатында харам болып саналатын амалдардың бірі.

Хақиқи үкім Ұлы Жаббарға тән! Алла Тағала тура жолдан тайдырмасын!

Бауыржан Құрбанов
«Нұр-Мүбарак» Египет Ислам
мәдениеті университетінің түлегі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру