
Халық арасында ескерусіз қалып жатқан ысырапшылық күнәсінің күн өткен сайын етек жаюы қолымызға қалам ұстатпай қоймады. Осы орайда, мен мұсылманмын деген бауырларыма айтпағым: «Судың да сұрауы бар» деген қарапайым сөздің төркінін өмірден көріп, түсінетіндей дәрежеге жеттік. Сол сияқты бүгінгі тоқшылықтың киепетіне ұшырап, келешек ұрпаққа кесіріміз тимесе екен деп ойланамыз. Шариғатымыздың асыл қағидаларын терең ұғынғалы бері қазалы жерлерге барғанда дастарқанды қарапайым етіп жасау жайлы айтып келемін. Аста-төк ысырапшылдықтың өлікке де, тіріге де шариғатымызда пайдасы жоқ, керісінше зияны болуы мүмкін екендігін де уағыздаудамыз.
Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің, 31-ші аятында: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – деп берілген нығметті тұтынып, ысырап жасамауымызды ескертсе, Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінде: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», – дейді. Яғни, өзіңнің керегіңнен дәулетің артылып жатырса жағдайы жоқтарға, жетім-жесірлерге, медресе, мешіт сияқты орындарға жұмсау зор сауапты іс екен. Тәкаппарлыққа ұрындырардай сырт көзге көрсету, мақтану ниетімен қымбат киіну де ысырапқа жататыны ақиқат.
Бүкіл әлемге ойда жоқ жерден әңгіртаяқ ойнатып, құрығын салған экономикалық дағдарыс тұтас мемлекетпен бірге, оның бөлшегі іспетті әр шаңыраққа да сын деп түсінетін уақыт жетті. Үкіметіміз әр жанұяның қамын жеп, дағдарысқа қарсы қанша дайындық жасап, елге салмағын білдірмеу бағытында жарғақ құлағы жастыққа тимей жатқанда әр отбасы осыған өзіндік қам жасап, есепсіз әлектену мен бәсекеден аулақ болып, етек-жеңді жинайтын кез басталғалы қашан?! Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен «Ал құдай, аузыма сал құдай» деп бәрін үкіметке жаба салуға үйренген ел ішіндегі біз айтқалы отырған дерттің бірі – өлім болған үйдің ысырапшылдық әрекеті. Бір білеріміз – қазіргі садақалардың тойдан бір кем емес, орасан молдығы. Осыған қарап, «үрерге иті, сығарға биті жоқ» отбасы болмағандығына қуанып, риза боласың. Бірақ, олай жалған малдануға көңіл сене ме, «аттыға ерем деп жаяудың таңы айрылатын» жайттар ел ішінде жетерлік. «Көрпесіне қарап көсілуге» жағасына жайласқан бақталастық шіркінді қайда қоясың?
«Өлім байдың барын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз ащы да болса ақиқат. Бұл – өлімді сыйлау, өлген адамға құрмет көрсету мағынасында айтылған сөз. Сүннетте де «Өлмей тұрып даярлығыңды көріп қой» деген бар. Негізгі мақсат – мүрдені таза күйінде жер қойнына беру, садақаларын таратып, оның тірліктегі жақсы істерін айтып, құрмет көрсету. «Жүре берсең, көре бересің», қазір өлімнің де, өлікті жөнелту, артын күтуге қатысты қиюы қашқан мәселе көп. Қайсы бірін айтасың, сорақысы, адамынан айрылған үйдің белсенді бес жаны сол күннен бастап базар жағалар. Ала сөмкені толтырып, базар мен үй арасына жол қылар. Оның тіпті қайғыратын уақыты болмас. Аза тұтып, жақынын жоқтайтын жандардың уайымы «дастархан мәселесі» болады да шығады. Құстың сүтінен басқаның бәрін қойып, жайнатып жаймаса басы ауыратын халге жеткен. Осы кімге керек? «Ел сөйтіп жатыр ғой, мен одан қалмауым керек» деген ұстаным бәрінен жоғары тұрғаны ма? Нөпір халықтың алдына ас қойып, босаған аяқты жуып, «ертеңгі тамақты қайтеміз, ақшаны қайдан аламыз?» деген сансыз сұраққа шырматылар. Жасы келіп, жасарын жасап, асарын асап жатқан жан болса бір сәрі, он екіде бір гүлі ашылмай, біреудің жалғызы, біреудің жартысы кетіп жатырғанда жайланып отырып, ас ішу кім-кімге де абырой әпермейтінін ұмытқанбыз. Ас ішу өз алдына, төбе құйқаңды шымырлатар жоқтау айтып, қайғыдан қан жұтқанның көңілін аулауға келгендердің біразы шеті жоқ әңгімеге көңілді кірісетіні тағы бар. Сыры көшкен ескі сөмкеге өзімен жасты шүберекті салып әкеліп, соны шамасы келсе толтырып алып кетуді де тастай алмай жүрміз. Аурудан жаман әдет осындайда көрінеді-ау!
Шайтан ежелден адам баласын азғырып, оларды мақтаншақтыққа, тәкаппарлыққа, ысырапқорлыққа итермелеп келеді. Бұл туралы қасиетті Құранның «Исра» сүресінің, 26-27 аяттарында: «Туған-туысқанға, пақыр-міскінге, ғарып-жолаушыларға ақысын беріңдер, босқа шашылмаңдар. Ысырапқорлар, шын мәнінде, шайтан жақындары. Ал, шайтан Тәңір ісіне қарсы», – деп ескертіледі. Сондықтан мұсылман ісімен де, сөзімен де шайтанға қарсы болуға тиіс.
Мұсылманның ниеті мен мақсаты, ісі мен ойы Алла ризалығы үшін болуы керек. Сонда Құранда айтылған: «Олар (Құдай сүйген пенделер) қаражат жұмсағанда ысырап етпейді. Сараңдық та жасамайды, өз жөнімен ғана жұмсайды»[1], – деген мақтауға лайық болады.
Дүние салған жанның ағайындары негізінде бес нәрсеге міндеттеледі. Олар: мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын айту, жерлеу, қарызын өтеу. Қалғаны қосымша ғибадат, сауап істер. Мұндағы мәселе – сол абзал саналатын істерімізді парыз етіп немесе ысырапқа айналдырып алмау. Мәйіттің намазы шығарылмай, Құран оқылмайды. Ибн Мәсғұдтан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Расулулла (с.ғ.с.) жаназа намазында Құраннан бірдеме оқуды айтпады[2]», – делінген.
Мәйітке арнап қырқын және жылын беру үшін үлкен дастарқан жаю әдетке айналса да, ол міндет деп қаралмайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам Алланың алдында күнәһар, мәйітке қарыздар болып қалмайды. Дегенмен, жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екені даусыз. Қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітікке, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да, туған-туыс, жора-жолдастарын жинап, ас беруге де шариғат қарсы емес. Дегенмен, дінімізде шамаң жетпесе де, міндетті түрде қарызданып, артық шығын жұмсап, өлі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Садақаны әркім шама-шарқына қарай береді.
Жоғарыда баян еткен ысыраптар тек мәйітті қабірге аттандырғанға дейінгісі ғана. Ал, одан кейін, яғни мәйітті қабірге орналастырған соң, оның мазарын қасындағылармен жарыса үлкейтіп, зәулім етіп, әдемілеп салуға кіріседі. Олай етпесе, «бәрі жабылып жүріп бір бауырының мазарын үлкейтіп сала алмапты» – дейтін жұрттың өсегінен қорқады, мыс. Ақиқатында олай ешкім айтпайтыны анық.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде қабірге бор жағып, әсемдеуге болмайтыны айтылады. Біріншіден, тірілерге арналған дүниені ысырап ету дұрыс емес. Өйткені, Алла тағала: «…төгіп-шашпаңдар, Алла, ақиқатында, ысырапқорларды ұнатпайды»[3], – деп қатаң ескерту жасайды. Лаймен сылап қоюдың оқасы жоқ. Екіншіден, қабірге алтын жалатса да, оның өлікке ешқандай пайдасы жоқ екенін түсіну керек. Пайдасыз жұмыс жасау мұсылман қауымы үшін – харам. Үшіншіден, қабірдің үстіңгі жағы ашық қалдырылғандықтан, оның үстінен түскен жауыннан өніп шыққан өсімдіктер қабір ішінде жатқан мәйітке пайдалы деген ұғым бар. Бұл ұғым да Ардақты елшінің (с.ғ.с) хадисінен алынған.
Исламда жанды нәрсенің мүсіні – харам. Өйткені, ол мұсылманның діни сенім-нанымы мен көзқарасын бұзуға әкеп соғады. Өткен қауымдарда бір ізгі пенде өлсе, еске алып отыру үшін оның мүсінін және суретін жасайтын болған. Әуелде адамдар оған тек құрмет ретінде қараған екен. Кейінгілер дүниеден өткен ата-бабаларын көкке көтеріп, оларды артық мадақтап, сыйлауды шығарған. Ал, тағы бірнеше ұрпақ өткен соң, тіпті оларға сыйынатын болған. Міне, осы ащы тәжірибеден кейін Ислам діні жанды нәрсенің суретін сызып, мүсінін жасауға тыйым салған. Қабірге сыйыну әдеті де сол зираттардың құрылысын әшекейлеп жасау және сурет-мүсіндерін қоса орнатудан келіп шыққан.
Нағыз мұсылман – «Қанша мал-мүлік, дүние тапсақ та, ертең басқалар секілді біз де қара жердің қойнауына кіреді екенбіз-ау» деп ойлайтын, бұл дүниенің жалған екенін түсінетін адам. Сондықтан қабірдің басын біреу қызыға қарайтындай емес, бәлкім адамға ғибрат болатындай қарапайым етіп көтеру керек-ақ.
Сонымен қатар, үйлену тойлары да бір-бірінен асырып түсіруді қалаған халықтың арасында көп ысырапқа жол берілуде. Тіпті, қазақы дәстүр мен ділді желеу етіп, асыра сілтеп жатқандарды көргенде ақиретті ойлап, денең мұздап кетері шындық. Иә, ысырапшылдық – қазақты қашан жарытып еді? Жағадан алған қиындыққа мойымай, «бұдан да жаманымда тойға барғанмын» деп шіренуді азайтып, той мен садақаның ара жігін ажыратып алайықшы. «Дағдарыс келіп қалды!» – деген орынсыз үрейді ақыл мен сабырға жеңдіріп, отбасы шығынын азайтуды қолға алған дұрыс болар. Қолда барды қанағат тұтып, өзіңде жоққа ұмтылып, бәзбіреудің қылықтарын қайталаймын деп әуре болудың қажетсіздігі белгілі емес пе?
Сөзімізді қорытындылай келе, қазақилықтың қаймағын бұзбаған бауырларыма айтарым: ысырапшылдық – Алла сүймейтін іс екенін түсінетін уақыт жетті. Салт-дәстүрімізге, дінімізге қайшы әрекеттерге әуестеніп, мавзолейге ұқсатып мазар тұрғызып, қазалы жерлерде бұрын-соңды болмаған тағамдарды самсатып, шариғатымызға қарсы амалдар жасаудан тиылғанымыз жөн. Діннің талабын жүзеге асыруға көңіл бөлейік, бауырлар.
Жаманды санамалағанда бәрінен де жоқтың жаман екенін білмей айтқан жоқ. Шүкір, қазір бар заман. Олай болса, барды бағалай білейік. «Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар» қағидасы есімізде болса екен.
Алпамыс Тлеубергенов
Қызылорда қаласындағы «Айтбай» мешітінің Бас имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
12.06.2014
6876
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру