Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы исламдық қаржыландырудың өңірлік хабына айналатын болады

04.06.2014 4368 0 пікір

Алматы қаласын қаржы орталығына айналдыру туралы әңгіменің түп тарихы сонау 1995 жылдарға барып тіреледі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі оңтүстік астананың осынау мүмкіндігі туралы идеяны 1995 жылы Қазақстан банкирлер қауымдастығының өкілдерімен кездесуінде айтқан екен. Содан бері біршама іркіліс болғанымен, 2004 жылдың қарашасында Қазақстан қаржыгерлер конгресіндегі сөзінде Елбасы бұл идеяның өзектілігіне тағы тоқталып, нақты шараларды айқындаған. Содан бері біршама уақыт өтті. Әлбетте, Қаржылық орталық берік орнықты деп айтуға келмес. Дегенмен, ендігіде Алматы өңірлік қаржы орталығы ғана емес, Орталық Азиядағы Ислам даму банкінің өңірлік хабына айналуды мақсат тұтады.

Жалпы, Алматы қаласын өңірлік қаржы орталығына айналдыру туралы шешімге келсек, бұл негізінен Қазақстанның қаржы секторының Орталық Азиядағы аймақ елдерімен салыстыра қарағанда әжептәуір қарқынмен дамуында, сондай-ақ жалпы ішкі өнім құрылымындағы қаржылық қызметтер көрсеткішінің тұрақты өсімдегі маңызды мәнге ие болуында жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстан Орталық Азияда ғана емес, ТМД елдері арасында да шетелдік инвесторлардың ішкі жиынтық көлемі бойынша лидерлік ұстанымын жыл сайын нығыздап келеді. Сосын әлеуетті қаржыгерлердің сапалы кадрлық құрамын қалыптастыру да елімізде оңтайлы даму үстінде. Тәжірибе жағынан алғанда біздің қаржыгерлер өңірдегі әріптестеріне қарағанда оқ бойы озық. Ең ақыры Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында ең алғашқы болып исламдық қаржыландыру шараларын заңнамалық деңгейде бекіткен бірден бір ел. Сондықтан да, бұған дейінгі атқарылған шаралар нәтижесінде Қазақстан әлемнің жетекші исламдық қаржыландыру орталықтарымен, ірі исламдық қаржыландыру ұйымдарымен әріптестік қатынастар жолға қойылған десе де болады.

Осындай жағдайда Алматы қаласы Орталық Азиядағы өңірлік қаржы орталығы ретінде өз жұмысының қарқынын үдете түспек. Ендігі жоспарда Қазақстанның оңтүстік астанасын 2020 жылға қарай әлемдегі ең ірі қаржы орталықтарының қатарына қосу көзделеді. Мұндай жоспардың шет жағасын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 23 мамырда өткен Астана экономикалық форумында да айтқан болатын.

«2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақ аясында Алматы қаласының қаржы нарығын реттеу бойынша мемлекетүсті орган құру жоспарланған. Айта кетерлігі, жағымды инвестициялық климат, исламдық қаржыландыруды одан әрі дамыту, Орталық Азиядағы бірқатар елдердің жалпы шекаралары сияқты маңызды факторлар Алматының жаңа Жібек жолының қаржы орталығы ретінде қалыптасуы үшін сенімді негіз болып табылады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал 29 мамырда өткен Еуразиялық экономикалық одақ туралы тарихи шартқа қол қою барысында Алматы қаласының қаржы орталығы ретіндегі мәртебесі тағы бір мәрте келісілгендей болды. Аталған шарт аясында 2020 жылға қарай Алматы қаласында қаржы нарығын реттеу жөніндегі мемлекетүсті органды құру көзделеді. «Біз Еура­зиялық экономикалық комис­сияның Мәскеуде орналасуына келістік. Сөйтіп, Мәскеу Еура­зиялық экономикалық одақтың экономикалық орталығы болады. Басқа да ұсыныстар болған еді, бірақ мәселе осылай шешілді. Минскіде Еуразиялық сот орналасады. Біздің Одағымыздың құқықтық аспектілері де сонда шоғырланады. Ал Алматыда 2025 жылдан бастап Одақтың қаржы нарығын реттеу жөніндегі мемлекетүстілік орган орналасатын болады. Дегенмен, ұйымның қаржылық реттегіші ретіндегі құрылымын күтпей-ақ Алматыны Еуразиялық экономикалық одақ­тың қаржылық орталығы ретінде қарастыруды қазірден бастай бергеніміз абзал», - деген ұсыныс жасады Елбасы Н.Назарбаев.

 Алматы Азиядағы ірі қаржы орталықтарының ондығына кіруі керек

Тоқтала кететін жайт, 2004 жылдан бері Алматы қаласын өңірлік қаржы орталығы ретінде дамытудың бірқатар шаралары біртіндеп жүзеге аса бастады. Әлбетте, ілгерілету жұмысы қарқынды жүрмесе де, қозғалыс болды. Мәселен, Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығы туралы арнайы заң қабылданды, кейіннен ол заң күзеліп, түзелді. Соның ішінде жеңілдік берілетін салық түрлері, визалық режимді оңтайландыру мәселелері қарастырылды. Кейінне, 2007-2010 жылдар аралығында жаһандық қаржылық дағдарыс аясында геосаяси, геоэкономикалық қатерлер бұл жұмысты біршама шабандатып тастағаны да айқын. Сарапшылар, дәл осы себепке байланысты Алматының қаржылық орталық ретінде тиісті деңгейде дамымай қалғанын алға тартады. Дегенмен, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе отырып, нақты салмақты бастамаларды қолға ала бастады. Айталық, Алматы қаласының қаржылық орталық ретіндегі 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын қайта қарастыру туралы шешім қабылданды. Бұл құжат ағымдағы 2014 жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылдануы керек.

«Қаланың өңірлік қаржы орталығы ретіндегі даму тұжырымдамасын әзірлеуге барлық мүдделі мемлекеттік органдар қатысып жатыр. Бұнымен қоса, маңызды жұмысқа Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің, Азия Даму Банкінің сарапшылары, Дүниежүзілік банк пен Ислам Даму Банкінің өкілдері де атсалысуда. Бұдан бөлек, бұл бағыттағы шараларға қаржы орталықтарын дамыту саласындағы, жаһандық қаржы орталықтары мен исламдық қаржыландыру саласының жетекші консультанттары да тартылып отыр», - дейді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов.

Оның айтуынша, Алматыны қаржылық орталық ретінде дамыту бойынша бүгінгі таңда алдын ала қадамдар айқындалған. Оның ішінде жұмыс топтары жаһандық және өңірлік қаржы орталықтарының озық тәжірибелерін де сараптаудан өткізіпті.

«2004 жылы салықтық жеңілдіктер қамтылған ерекше құқықтық режим енгізілгені белгілі. Бұнымен қоса, Лондон, Гонконг, Сингапур мен Дубай секілді үлкен қаржы орталықтарының дамуын зерделей отырып, олардың тәжірибесін, өңірлік қаржы орталығын Қазақстанда дамыту барысында қарастыруымыз керек. Ал бұл тәжірибеге сүйенсек, бізде экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің деңгейі жоғары болуы керек», - дей келе ҰБ басшысы Қайрат Келімбетов жаһандық есепке сәйкес, Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдердің елулігінде екенін жеткізді. Бұдан бөлек, Бас банкир қаржы орталығына айналуы үшін Қазақстанда тиісті бизнес-орта қалыптасуы шарт екенін де алға тартады. Бұл ретте еліміздегі бизнесті жүргізу көрсеткіші - «Doing Business» рейтингін жақсарта түсу барынша маңызға ие болмақ. Өйткені, Ұлттық банк басшысының айтуынша, Сингапур мен Гонконг секілді жаһандық қаржы орталықтары «Doing Business» рейтингісінде 1-2-ші орындарда тұрса, Лондонның қаржы орталығы 10-шы, Дубай 23-ші орында. «Сондықтан біз әлемдік озық стандарттарға барынша жақындағанымыз абзалырақ», - дейді Қайрат Келімбетов.

Тоқтала кететін жайт, әлемдегі қаржы орталықтары өңірлік және жаһандық деңгейімен ерекшеленеді. Соның ішінде Алматы қаласы жаһандық қаржы орталығының көрсеткішінде 58-ші орында тұр.

«Қаржы орталықтарының бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі жаһандық индекс бар. Олардың әлемдегі саны – 83. Алматы қаласы осы индексте 58-ші орында тұрып, Мәскеу, Варшава, Манила секілді қаржы орталықтарынан басып озды. Осының өзі көрсеткіштің жағымды екенін аңғартады, алайда біз осы бағытта әлі де ауқымды жұмыстарды атқаруымыз керек», - дейді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуына қарағанда, алдағы міндет бойынша Алматы Азиядағы аса ірі қаржы орталықтарының ондығына кіруі керек.

«Әрине, біз Азиядағы индекстік көрсеткіш бойынша 13-ші орында тұрмыз. Сол тұрғыдан алғанда, міндетті толық орындауға мүмкіндік баршылық. Алайда, бұл ондыққа оңай енеміз дегенді білдірмейді», - деді Қайрат Келімбетов.

Алматы қаласын қаржы орталығы ретінде дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына келсек, Үкімет оны жан-жақты саралаған. Бұл құжатта оңтүстік шаһардың инфрақұрылымдық дамуы, ондағы бинес-ортаны, іскерлік климатты жақсарта түсу, тиісті мамандар даярлау үшін жоғары оқу орындарын жандандыра түсу қарастырылады. Жалпы алғанда, 2020 жылға дейінгі тұжырымдамада өңірлік қаржы орталығын дамытудың барлық мәселелері қамтылмақ.

«Сөзсіз, бұл қазақстандық экономиканың одан әрі әртараптануына, оның ішінде отандық қаржы секторының дамуына тың серпін береді», - дейді Ұлттық банк басшысы.

Шындығында, Еуропа мен Азияның ортасында орналасқан әрі жаңадан құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы реттегішіне айналған Қазақстан қаржы капиталдарының тартылыс орталығына айналатыны күдіксіз. Бұл ретте мұндай орталықтың дамуы Қазақстанның өзіне ғана емес, Орталық Азиядағы барша мемлекеттерге жағымды ықпал етпек.

Өңірлік қаржы орталығында исламдық қаржыландыруға ерекше назар бұрылмақ

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтың сөзіне қарағанда, алдағы уақытта Алматы қаласын өңірлік қаржылық орталық ретінде дамытудың жаңа тұжырымдамасында исламдық қаржыландыру мәселесі ерекше басымдықпен қамтылады. Брифингтегі сөз арасында Бас банкир жақында өткен Астана экономикалық форумы аясында ел Үкіметі Ислам Даму банкімен 2 млрд долларға дейінгі қомақты инвестиция тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізгенін атап өтті.

«Осы келісім аясында Ұлттық Банк Ислам Даму Банкімен келіссөздер жүргізіп, онда Алматы қаласы Орталық Азиядағы Ислам Даму банкінің өңірлік хабына айналады деген ортақ шешімге келдік», - дейді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, кездесу барысында исламдық қаржыландыру бағытында салық салу және заңнамалық мәселелер бойынша қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын жалғастыру үшін арнайы гранттар бөлу туралы келісімге қол жеткен.

«Сонымен қатар, Қазақстан үшін исламдық қаржыландыруда арнайы білікті кадрлар дайындау мәселесі де өзекті. Осы ретте Ислам Даму банкі исламдық қаржыландырудың әлемдік деңгейлік жүйесімен елу шақты мамандар дайындау туралы ұсыныс жасады. Бұл үшін де арнайы гранттар бөлінеді және қаржыландыру Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан да қоса атқарылады. Мұндай сертификатталған мамандар жақын аралықта әлемнің көптеген жетекші университеттерінде даярлықтан өтетін болады», - дейді Қайрат Келімбетов.

Айтпақшы, жақында ғана Ұлттық банктің әзірлеген сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелерін қамтыған заң жобасы Мәжілісте мақұлданған болатын. Бұл да Ұлттық банк ұстанымын нығыздай түссе керек. Аталған заң жобасының мақсаты исламдық сақтандыруды енгізу, ислам банктерінің қызметіне едәуір қолайлы жағдайлар жасау, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің тұрақтылығы мен қаржылық орталығын қамтамасыз ету болып табылады. Осымен қатар, заң жобасымен қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жолымен Қазақстанда толыққанды исламдық қаржыландыру жүйесін құруды қарастырмақ. «Заң жобасы аясында исламдық сақтандыруды енгізу және банктер қызметінде «тауар мурабахы» операциясын дамытуға қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Сонымен қатар, исламдық қаржыландыруды дамыту үшін исламдық сақтандыру енгізіледі. Әдеттегі сақтандыру исламның сақтандыру қағидаттарына қайшы келеді. Бұл исламдық қаржы жүйесіне қатысушылардың тәуекелдерін жабуға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты құжатта исламдық қаржыландырудың негізгі қағидаттарын заң деңгейінде бекіту және исламдық сақтандыруды ынталандыру қарастырылады», - деді Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев.

Оның сөзіне қарағанда, исламдық қаржыландыру жүйесінің қосымша бөлігінде «тауарлы мурабахты» жүзеге асыру шарттарын қамту көзделеді. Бұл исламдық қаржыландырудың мейлінше сұранысқа ие құралы болып табылады. «Тауарлы мурабах» айналым капиталын қаржыландыруға бағытталған өнім болып табылады және тауарлы материалдық қорларды сатып алу/сату арқылы жүзеге асады», - деді ҰБ өкілі.

Қазақстандық жүйе исламдық қаржыландырудан іркіліп қалмауы керек

Тоқтала кететін жайт, Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы сөз болғанда, Ұлттық банк басшысы оңтүстіктегі шаһар мәртебесіне «Лондон-сити» қаржы орталығының тәжірибесі үлгі бола алатынын айтқан еді. Ал сол әлемге әйгілі Лондон қаржы орталығының өзі исламдық қаржыландыруға басымдық беруге талпынатыны бесенеден белгілі. Айталық, былтырғы жылдың қазанында Лондонда өткен Дүниежүзілік ислам форумы барысында Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Лондонды әлемдегі ең ірі ислам қаржы орталығына айналдыру ниеті барын мәлімдеген-ді. Дэвид Кэмерон сол мінбердегі сөзінде Лондонның әлдеқашан ислам әлемінен тыс жердегі ең ірі ислам қаржы орталығына айналғанын атап өтті. «Мен Лондонның ислам әлемінен тыс жердегі ең ірі ислам қаржы орталығы ғана болғанын қаламаймын. Біздің Лондонның Дубай және Куала-Лумпурмен қатар тұратын әлемдегі үлкен ислам қаржы орталығының біріне айналғанын дұрыс көремін», - деп мәлімдеді Ұлыбритания Премьері.

Жалпы, Қазақстанға исламдық қаржыландырудың ене бастағанына 7 жылдың да жүзі болғаны есте. Алайда, ислам банкингі осы уақыт ішінде тамыр жайып кете алмай отырғаны да айқын. Мамандар бұндағы басты себепті түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігінен, сосын кадрлар жетіспеушілігімен байланыстырады. «Үкімет исламдық қаржыландыру аясында белгілі бір шараларды мақсатты түрде қолға алынғанда дағдарыс жылдарындағы күрделі мәселелерді бастан кешпес едік» деп ойлайтындар да жоқ емес.

Дегенмен, Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетовтың мәлімдемесіне сенсек, елімізде исламдық қаржыландыру аясы алдағы уақытта кеңеймесе кемімейді. Өйткені, шындығында, дағдарыс жылдарында да, одан ілгері һәм кейінгі кезеңдерде де ислам банктері беріктігін дәлелдеді. Әлемде жедел дамып келе жатқан қаржыландыру жүйесінің де дәл осы исламдық екенін британия Премьері жоғарыда мойындаған. Ендеше, қазақстандық қаржыландыру жүйесі де бұл бағыттан іркіліп қалмауы керек деп ойлаймыз.

 

Қасым ТОҚТАРОВ

 

bnews.kz

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру