Дiн – нәзiк дүние. «Әркiмнiң өз әкесi өзiне әулие» дегендей дiн туралы әр адамның өз iшкi пiкiрi, әлемi бар. Әрине, бiрақ сол жеке қағидалар ортақ, ең бастысы, сара, тура жол – Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті мен ата-бабаларымыздың шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүріне керағар келмеуі тиiс. Алайда бiздiң елде дiнге қатысты бiр «әттеген-айымыз» бар. Оның басы кешегi кеңестiк жүйеден сансырап шыққан, жүрегiнде коммунистiк рух әлi де мұқала қоймаған алдыңғы буын ағалардың дiн туралы iзденбеуiнде жатыр десек, артық айтқандық емес. Әлбетте, бұл басты себеп емес. Кiнәнi «iлiп жiберуден де» аулақпыз. Тек, сол өз танымындағы исламды ғана танитын, басқаны бiлгiсi келмейтiн бiздiң бүгiнгi әсiресе, зиялы қауым, жастар тартысып, таласып жатқан “қазiргi исламды” сыртынан бақылап отыруға машықтанып алды. «Қай жеңгенiң дұрыс» деген қағида бұл жерде жарамайтынын бүгiнгi жан-жақтағы жарылыстар көрсетiп отыр. Атырау, Ақтөбе, Алматы, Ақтау, Орал, Астана! Айнала... жау деп те айта алмайсың. Кiмнің кiммен не үшін алакөз болып жүргенi де түсiнiксiз. Ендi қайтпек керек? Бүкiл жаһанды аяғынан тiк тұрғызған уаһабизм-салафизмге дінге сауаты жеткіліксіз қазақ қалай қарсы тұрмақ? Жалпы бұған тарих не дейді?
Рас, кеңес үкiметi атеистiк санадан ғана тұрған жоқ. Луначарский бастаған кеңестiк бiлiм жүйесi дiннен құтылуға асығып, арнайы бiлiм, мәдениет, өнер саласында «темiр» жүйе жасағанын ешкiм де жоққа шығармайды. Сол жүйемен тұтас бiр дәуiрдiң ұрпақтары тәрбиеленiп шықты. Бiрақ кеңес үкiметiнiң жаны қысылғанда дiнге жүгiнгенiн тарихи деректер арқылы бүгiн бiлiп, қолмен ұстағандай дәлелдеп отырмыз. Соғыс кезiнде қатты қысылған Сталин: «Ал, Құдайларыңа сиыныңдар!» деп текке айтпаған. Ендi қызық дерекке мән берiңiз. Кеңес үкiметi дiн мәселесін үнемі назарда ұстаған. Әрине, дiндi дамытқысы келген жоқ, керiсiнше, қалайда тұсап, тіпті өшiруге қолдан келгенiн аянып қалмады. Патшалық Ресейдiң «бас ауруына» айналған қазақтар мен Түркiстан айналасындағы рухани орта қызылдар үшiн де үлкен жау болғаны бесенеден белгiлi. Осы тұста кеңес үкiметi бар бiлетiн айла-тәсiлiне көшті. Тіпті, шетелден «маман» да жалдаған.
«Пiр, ишан, ахун, қази, датқа, қалпе – кеңес үкiметiнiң қас жауы». «Бай мен молданы қу!» Осы ұранмен жасалған түрлі іс-әрекеттер оның нақты сипаттамасы ғана. Ал олардың қандай тәжiрибеге жүгiнгендерi – әлi зерттеле қоймаған тың тақырып.
Орталық Азия тарихында сопыларға қарсы бағытталған әрекеттер тек ХХ ғасырда – кеңес үкiметi тұсында ғана басталғанын тарихи құжаттар растайды.
Халықтың санасында берiк қалыптасқан дәстүрлi жолды құртпай, ол елдi жаулап алу мүмкiн емес едi. Осы тұста кеңес үкiметi сопылық доктринаға қарсы идеологиялық күш ретiнде уаһабизмдi шығарғаны – зерттеушiлер үшiн назар аударарлық дүние. Бүгiнгi тарихшылар, саясаттанушылар осы деректердi басшылыққа ала отырып, қазақ даласындағы рухани шапқыншылықты (экспансия) жiтi зерттеуi қажет деп ойлаймыз.
Мысалға, Шами дамулла тұлғасына үңiлу арқылы талай жәйттің басын ашуға болады. Ол кiм?
Әрине, Шами қызыл комиссар болған жоқ. Бiрақ уаһабилік пен коммунизмнiң өз ұқсастықтары бар едi. Екеуi де салт-дәстүрге қарсы болды. Бiреуi ескiлiктiң қалдығы десе, екiншiсi «ширк», Құдайға серiк қосу деп таныды. Осы пiкiр бұл екеуiн бiрiктiрдi. Ортақ жау – сопылық тариқаттар.
Шами Дамулла – отанынан (Сирия) уаһабилiк көзқарасы үшiн қудаланған адам. Ол белгiсiз жағдайда Орта Азияға келген. Бiрақ төңкеріске дейiнгi патшалық Ресей оны жолатпайды, Шыңжаңға қуылады. Онда тұтқынға алынып, Бейжiң түрмесiне қамалады. Бiрақ 1919 жылы Кеңес үкiметi Шамидi абақтыдан босатып, елге алып келдi. Неге?
Себебi, қызыл комиссарлар оның негiзгi идеясын «таниды». Батыстан ескертiлуi де мүмкiн, қалай шешiлсе де осы уақыт аралығында Шами Орталық Азияға ендiрiледi.
Зерттеушiлердiң айтуынша, Орталық Азия мен Кауказда сол кезде 80-ге жуық сопылық iлiмнiң шайхылары сотталған. Оның есесiне кейiнгi САДУМ-ның жасырын уаһабилiк көзқарастағы «қызметкерлерi» қалыптаса бастайды. Ондағы Шамидiң рөлi жете зерттеуді қажет етеді.
Шами дамулла 1932 жылы Қарақалпақстандағы Төрткүл деген жерде атылды. Жалпы, осы мәселеге Ресей ғалымдарымен қоса, Қазақстаннан шығыстанушы Ә.Мүміновтің де терең зерттеу жүргiзгенiн айта кеткен жөн.
«Жетi басты айдаһардай» бiр басын шапса, келесi басы шығатын уаһабиліктiң бiр басы Орталық Азияда дамып жатқанда дiннiң отаны – араб әлемi де өзiнше «жаңаруларды» басынан кешiп едi.
Таяу Шығыс – нағыз мәдениеттер мен дiндердiң тоғысқан ортасы. Мұнда да бiр «даңғойдың» керегi анық едi. Ағылшын тыңшылары арқылы ендiрiлген Абдул Уаһаб идеясын жақтаушылар ХХ ғасырда әбден пiсiп жетiлген-дi. Таяу Шығыста 1920-30 жылдары реформистiк бағыттағы ғұламалар (шартты түрде) сопыларға қарсы шыға бастады. Соның бiрi – Мұхаммад Абду Хасан әл-Банна едi. Ал 1950-60 жылдары Египетте, Палестинада, Пәкiстанда сопылық iлiмнiң жетекшiлерiне қарсы сот процестерi жүрдi. Исламтанушы Бақтияр Бабажановтың айтуынша, бұл кезде кейбiр фундаменталистер үкiметте, дiни құрылымдарда, тiптi армияда, сот және тергеу орындарында да ықпалды болған. «Олар «сопылар вестернизация мен модернизацияны қабылдамады» деген желеумен сопы тариқаттарына қарсы күрес ұйымдастыра алды. Оның үстiне соттар мен тергеу органдары жалған айыптар тақты», - дейдi ғалым. Мысалға, Египет президентi Гамаль Абдель Насер тұсында сопыларға қарсы бiрнеше сот процесi өткен, онда сопылар жеңiлiп отырған. Нәтижесiнде уаһаби-салафиттер күшейiп, радикалды әрекеттер көбейген. Мемлекеттiң негiзгi ресурстарын қолына ұстаған олар басқыншылық пен лаңкестікке ұрындырды. Абдель Насердiң өзi радикалдардың қолынан қаза тапты.
Сопылар жойылса, қоғамда дiни фундаменталистiк-радикалды бағыт күшейедi дейдi ғалымдар. Өйткенi тұрмыстық дәрежедегi дiни сұраныстардан бастап, рухани iзденiстердiң орнын басатын дiни идеологияның керектігі дәлелденген. Көршi Қытайдың өзi Шыңжаңда радикалдарға қарсы сопылық ағымдарды күшейттi. Ресей де осы ұстанымда. Бұл мәселенi қазақстандық мамандар да зерттей жатар. Жалпы сопылық негізінен 4 тариқаттан тұрады. Оның Нақышбандия тариқаты Орта Азия мен Қазақстанға кең тарағандықтан бұл аймақта Ислам дінінің орнығып дамуына сан ғасырлар бойы тиісінше ықпал еткен.
Ескеретін жәйт, сопылар мен уаһабилердің басы біріккен емес. Өйткені, ұстанымдары бір-біріне үйлеспейді.
Серiк Айдарәлиев,
тарихшы.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
04.04.2014
4975
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру