Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Батыржан Берденұлы: ӨТКІЗБЕЙІК ҚАРАҢҒЫДА БЕКЕР ЖАСТЫ

31.03.2014 6825 0 пікір

                                        

Асыл дініміз Исламда жастық шақ – Алланың адам баласына тарту еткен қайтып оралмас ең қымбат сыйы, ұлы нығметі деп бағаланады. Бұл жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде:

اغتنم خمس قبل خمس اغتنم حياتك قبل موتك واغتنم شبابك قبل هرمك وصحتك قبل سقمك وغناك قبل فقرك وفراغك قبل شغلك

«Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл (яғни пайдаланып қал): өліміңнен бұрын өміріңнің; қарттығыңнан бұрын жастық шағыңды; науқастықтан бұрын денсаулығыңды; кедейлігіңнен бұрын байлығыңды және шұғыл кезіңнен бұрын бос уақытыңды»[1] деп қартаймастан бұрын жастық шақтың қадірін білуге шақырады.

Иә, адамның өмірі санаулы уақыттан тұрары анық. Соның ішінде қиямет күні Жаратқанның алдында жастық шақтағы өткізген уақыттың сұрағы ауыр. Бұл турасында ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай деп айтқан:

لا يَزُولُ قَدْمَ ابْنِ آدَمَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عِنْدِ رَبِّهِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ خَمْسٍ: عَنْ عُمْرِهِ فِيمَا أَفْنَاهُ، وَشَبَابِهِ فِيمَا أَبْلاهُ، وَمَالِهِ مِنْ أَيْنَ كَسَبَهُ وَفِيمَا أَنْفَقَهُ، وَمَاذَا عَمِلَ فِيمَا عَلِمَ؟

«Қиямет күні пенденің екі аяғы бес нәрседен сұралмайынша қозғалмайды. 1.Өмірін қалай өткізгені. 2.Жастық шағын қалай пайдаланғаны. 3-4.Мал-мүлкінің қайдан және не нәрсеге жұмсағандығы. 5.Алған білімін қалай іске асырғандығы»[2].

Аталмыш хадис адам толықтай өмірін қалай өткізгендігінен сұралғаннан кейін, жастық шағын қалай өткізгендігі туралы ерекше сұралатындығын ескертеді. Өйткені, жастық шақта адамның күш-қайраты мен ерік-жігері толықтай бойында болады. Ол оны ісінің маңызына көз жүгіртіп, дініне, отбасына, халқына, жеріне, айналасына пайдасын тигізіп игілік пен ізгілікте жұмсауы мүмкін болған секілді талапсыздық, нәпсіқұмарлық, жалқаулық, еріншектік, немқұрайлылық, ысырапшылық сияқты т.б. күнәлі істерге де жұмсауы мүмкін.

Алла тағала Құран Кәрімнің бірқатар сүрелерінде уақытпен серт етеді.   Мәселен, «Аср» сүресінің әуелгі аятында Алла тағала кешкі аср, екінті уақытымен ант еткен. Мұның түбінде көптеген мән-мағына бар. Тәпсіршілердің айтуына қарағанда, аср уақытында толық бір күннің уақыты таусылып, келесі күннің уақыты басталады. Яғни бір күндік өмір уақыты «қайтып келмеске» кетті деген сөз. Екінші халифа хазіреті Омар (р.а.) әрбір күнінде істеген амалдарын тізбектеп жазып, аср уақытынан кейін кешқұрымда өзін-өзі тергейтін болған. Мұнысы «Қазір өз-өзіме жауап бере алсам, ертеңгі күні Жаратқанның алдында жауап бере аламын» – деген сенімі еді. Ал қазірде «Жаспын, баспын, өмір менікі, бәрін көріп қалуым керек, еркім өзімде, өмірім алдымда» – дегендер шайтанның қармағына ілініп, арам мен адалды, күнә мен сауапты ажыратпай, ынтасын желпіртіп, қымбатын немқұрайлы түрде арзандатып жүргендер. Алла тағала адамды жаратқан кезде ақылдылық пен парасаттылықты қоса жаратқан. Міне, сол ақылдылық пен парасаттылығымыз арқылы көптеген жамандықтар мен арам істерден айналып өтіп, істеген игілігіміз бен ізгілігіміздің жемісін жейміз.

Сонымен қатар, кез келген елдің елдігінің кепілдігі мен ұлт болашағы жастарға байланысты. Еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі иманды ұрпақтардың орны қашан да бөлек. Сондықтан да, жастарды тәрбиелеуде қоғамның бар күш-жігері жас ұрпақты білім айдынында еркін жүзіп, ғылым нәрімен сусындаған отансүйгіштікке, иманды­лық­қа, адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталуы керек. Тәрбиелі де білімді, сапалы да мәде­ниет­ті ұрпақ – мемлекеттің берік тірегі.

Ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады» дегендей елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастар саясатына әрқашанда үлкен маңыз беріп келеді. Пре­зиденттің халыққа жолдаған әрбір Жолдауында келешегіміз жас ұрпақты білімді, иманды, мәдениетті, денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеудің жолдары көрсетіледі. Сонымен қатар, Елбасымыз жастардың рухани бай, иман жүзді болып жетілуіне аса мән беріп елімізде жастарға рухани бағыт, күш беретін зәулім мешіттердің бой көтеруіне мұрындық болып келеді. Алысқа бармай-ақ, кешегі ел ордамыз Астанада тұрғызылған зәулім «Әзірет Сұлтан» мешіті соның айғағы.

Қазіргі таңда дінге бет бұрған жастар көбейді. Бұл бір жағынан қуантса, екінші жағынан ай мен күннің аманында адасып, шатасып жүрген жастардың қатары көбейіп, керітартпа ағымдардың жетегінде кетуі қатты қынжылтады. Бүгінгі күннің күттірмес мәселелерінің бірі жастардың діни сауатын ашып, оларды патриоттыққа және қазақ халқының мәдениеті мен озық салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу. Әлбетте, діни экстремизмнің алдын алу шаралары бәрімізге ортақ іс. Ата-бабамыз әрқашан біздерді: «Жау жоқ деме, жар астында» – деп ескерткен. Өңіріміздегі діни ахуалды бір сәт те көзден таса етуге болмайды. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» – деп бұға берсек, жат ағымдар құнарлы топыраққа түскен арам шөптей қаулап, белең алып, жуас түйені жүндегісі келетін жат пиғылды ағымдардың қатары көбейері сөзсіз. Ақын Міржақып Дулатұлының: 

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты, деген жырына құлақ түрсек игі болар еді.

Ең сорақысы – бұғанасы беки қоймаған теріс бағыттағы жастарымыз  қазақтың сан ғасырлық тарихы мен діни тәжірибесін және ата-бабамыздың ұстанып келе жатқан исламдағы Ханафи бағыты мен озық салт-дәстүрлерімізді теріске шығарып, мұсылман жамағатының арасына іріткі салуда.

Дін – дұрыс түсінген адам үшін бақытқа жетелейтін нығмет. Ал, қате түсінген адам үшін үлкен қасірет. Қазіргі таңда қой терісін жамылған қасқырдай діннің атын жамылып, өздеріне саяси ұпай жинауды мақсат тұтқан  арандатушы ұйымдар жастардың санасын улауда. Сол себепті, саналары уланған кейбір жастардың ауыр қылмысқа бой алдырғандары да аз емес. Сонымен қатар жастарымыздың діни сауаты таяз болғандықтан, теріс ағымдардың жылтыраған әзәзіл азғырушылық сөздері мен айдап салушылық үгіт-насихаттарына оп-оңай алданып қалып жатыр.

Ендігі кезекте, ел болып, қоғам болып бірлесіп жастардың арасында  Ислам дінінің гуманистік идеяларын насихаттау арқылы Ислам өркениетінің ұлтаралық келісім мен тұрақтылық кепілі екендігін жеткізу. Діннің қоғам өміріндегі маңызын түсіндіру, «толеранттылық», «ұлтаралық келісім мен тұрақтылық», «бейбітшілік» тәрізді жалпы адамзаттық құндылықтардың мән-мазмұнын ашу. Діни экстремизм, терроризм т.б. «измдердің» керітартпа ағымдарына қарсы рухани иммунитет пен қазақы мәдениетімізді қалыптастыру басты мақсатымыз болу керек.

Қазақтың әйгілі жазушысы Сәбит Мұқанов: «Жастық шағың – жарқын жаздың бейнесі, құтты жаздың ала алсаң жоқ бермесі», – деп тебіренсе, дана халқымыз «ел боламын десең бесігіңді түзе» – деп айтқан-ды.

Ендеше құрметті оқырман, жас буынның тәрбиесі мен еліміздің жарқын болашағы үшін әрбір ата-ана, ағайын-туыс, қысқасы бәріміз теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесімізді қосуымыз қажет. Жаратқан Иеміз әрқашан елімізге шуақты күні мен тұрақты тыныштығын нәсіп етсін! Әмин!  

 

Батыржан Берденұлы
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы 



[1] Аршиф мултақи әһлу әл-хадис – 5. Һижри 7-рамазан, 1429/ милади 7-қыркүйек, 2008. 60 том, – 287 б.  http://www.ahlalhdeeth.com

[2] Сүлайман ибн Ахмад ибн Айюб Әбулқасим Ат-Табарани. әл-Муғжаму әл-кабир. – әл-Мусал: Мәктәбәту әл-улуму уә әл-хикам, 1983. Х т. – 8 б. (№ 9772 хадис). – 340 бет. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру